Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 22:55

АЙМАҚ ХАБАРЛАРЫ

Оралмандар наркодиспансердің құлағалы тұрған ғимаратын мекендеп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Базарқақпа ауылында 29 оралман отбасы бұрынғы наркологиялық диспансердің қирағалы тұрған ескі ғимаратында өмір сүруге мәжбүр. Олар Қазақстанға келген 10-15 жылдан бері осы жерде тұрып жатыр. Ал жергілікті билік мұнда тұрудың қауіпті екенін ескертумен шектеліп келеді.

Фарида Төлетаеваның отбасы құлағалы тұрған ғимаратты мекендеп отыр. 1 қазан 2010 жыл.
x
Фарида Төлетаеваның отбасы құлағалы тұрған ғимаратты мекендеп отыр. 1 қазан 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +
Наркологиялық диспансер ғимаратын 29 әулет мекен етіп жатыр. Өткен ғасырдың басында салынған ғимарат кезінде наркологиялық диспансер болған. Оның алдында аудандық психикалық аурулар ауруханасы жұмыс істепті. Соңғы рет оралмандарды бейімдеу орталығы орналастырылған.

Қазір мұнда 156 адам өмір сүріп жатыр. Олар отандарына оралғанда алдарынан шыққан тауқыметтер жайлы ақтарыла әңгімеледі. Тарихи мекеніне келіп, өгей ұлдың күйін кешіп жүрген отбасылардың бірі – Төлетаевтар жанұясы. 6 баланың анасы Фарида Төлетаева 1997 жылы отбасымен Өзбекстанның Науаи облысынан Қазақстанға қоныс тепкен. Ол жақтағы үйлерін сату мүмкін болмаған соң туыстарына тастап кетіпті.

– Үйлерімізді ешкім сатып алмайды да. Сосын бір ағайынымызға тастап кеттік. Квота ала алмай біраз жүрдік. Сосын Павлодар облысынан бір таныс тауып, сол арқылы квота мен Қазақстанның азаматтығын алдық. Алған ақша үйге жетпеді. Сол жүргеннен әлі далада қаңғып жүрміз, ешкімге керегіміз жоқ. Осында үреймен өмір сүріп жатырмыз. Мұнда бұрын наркодиспансер мен психбольница болғанын білеміз. Денсаулығымызға да қауіпті, амал жоқ, – дейді Фарида Төлетаева.

4 баласы Қазақстанда дүниеге келіпті. Оларға мемлекеттік жәрдемақы алады екен. Бірер жыл бұрын Сайрам ауданындағы «Шаңырақ» ауылынан жер алып, үй соға бастаған. Бірақ соның құрылысы созылып кеткенін айтады. 
Фарида Төлетаеваның үйінің қабырғалары жарылып
кеткен. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы
Базарқақпа ауылы. 1 қазан 2010 жыл.


– Соны бітіруге де ақша жоқ қой. Жұмыс жоқ. Күйеуім базарда арба айдап, зат тасиды. Мен өзбекке жалданып, картоп, пияз теремін. Бірақ оның өзі құр тамағымыздан артылар емес. Арманымыз бұл емес еді, бірақ амалымыз қанша, – дейді көп балалы ана.

Өзбекстанда егін егумен айналысқан отбасы Қазақстанға оралып, күндерін әрең көріп жүргендерін айтып ағынан жарылды.

Ең үлкен ауыртпалық Фарида Төлетаеваның 85 жастағы енесіне тиген сыңайлы. Кейуана 13 жылдан бері қыста суық тамның ызғарына, жазда тар бөлмедегі аптап ыстыққа төзіп күн кешіп келеді.

Бірер жыл бұрын жанарынан айрылып, жарық дүниені көруден қалған Минавар әжей екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда еңбек еткен екен. Елге оралғалы тыл еңбеккері ретінде екі рет медаль алғанын мақтан тұтады. 

– Ашаршылық жылдарды көрдік. Ол кезде бидайды қуырып, бір-бір қасықтан атала ғып беретін едік. Не көрмедік біз. Шалым соғысқа барып, аяқ-қолынан айрылып келді. Есіміз барда елімізді табайық деп, отанға қайттық. Осы тамды берді. Болады ғой енді. Елдің бәрі 15 жылдан бері отыр осында. Шық деп жатқан жоқ. Өкінбеймін өткеніміме де, бүгініме де, – дейді Минавар Нысанбаева. 
85 жастағы әжей Минавар Нысанбаева. Оңтүстік
Қазақстан облысы Сайрам ауданы Базарқақпа ауылы.
1 қазан 2010 жыл.

Ал әжейдің келіні өмір сүру күннен-күнге қиындап кеткенін, егер жағдайы жетіп жатса қайтадан Өзбекстанға көшіп кетуге де дайын екенін айтады.

– Өлместің күнін көріп келеміз. Балалар жиі ауырады. Олар осындағы жалғыз қазақ мектебіне барады, қалғанының бәрі – кілең өзбек мектебі. Үйдің ішінде кене, бүрге көп. Жылан шығады кейде тіпті. Қыста арқалап тасимыз отынды. Су жоқ. Өкінген кездерім болды көп, әрине. Егер жағдайымыз болса, кетіп-ақ қалар едік қайтадан Өзбекстанға, – дейді Фарида Төлетаева.

ЖЕР АЛУҒА ЗАР БОЛҒАН ЖАНДАР

Бұл аумақта таза ауыз су жоқ. Жақын маңдағы құдық қыста қатып қалғанда, тұрғындар өз күштерімен туберкулез ауруханасынан тарттырып алған суды ішеді екен. Тұрғындар бұрынғы наркодиспансер ғимаратында өмір сүрудің де қауіпті екенін түсінеді. Бірақ басқа барар жерлері жоқ.

Осыдан жеті жыл бұрын Өзбекстаннан отбасымен бірге көшіп келген Зухра Асанова жергілікті әкімшіліктен жер сұрап, талай рет құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырыған екен. Нәтиже жоқ. Тұрғындар үйіндінің астында қалып қоямыз ба деп қорқып күн кешсе де, барар жерлері жоқтығын айтады.

Бұл ғимаратты мекен еткен тұрғындар жергілікті билікке басқа түскен тауқыметтерін талай рет айтыпты. Одан бері бірнеше рет ауысқан басшылардың бірде-біреуі оралмандар мекеніне бас сұқпапты. Төзімі таусылған тұрғындар 2004 жылы президент Назарбаев Сайрам ауданына келген кезде оған да жолықпақ болған екен.

– Сол кездегі әкім бізге жалынды. «Жер береміз, там салуға көмектесеміз» деп уәдені үйіп төкті. Біз сеніп қалдық. Президент келер күні ауламызға милиция қаптап кетті. Біз, әрине, президентке жете алмадық. Ал әкім уәдесін ұмытып кете барды. Бізге ең болмаса жер берсе екен. Үй сұрап жатқан жоқпыз. Ауылдан жер алудың өзі қиын. Қымбат. Ақша жоқ. Жұмыс та жоқ. Өзбектерге жалданып жүрміз. Осы үшін келдік пе елге? Өкінеміз. Әрине, өкінеміз, – дейді Зухра Асанова.

– Міне, көршіміз – өзбектер. Жер де – осылардікі, су да – осылардікі. Бізге құдайдың қара жері де бұйырмапты. Біз оларға жалданып күн көреміз. Қайын атамның 3 баласы бар. Оған оралман ретінде бір жер ғана берді. Екі баласы қаңғып жүр. Ең болмаса жер берсе, там салар едік. Үйден талай рет жылан шыққан. Қайда барып күн көрерімізді білмейміз. Әбден шаршадық, – дейді оның көршісі Ақмарал Наурызбаева.

Әлі күнге аяққа шырмау салған кемшіліктерді ақтарған азаматтардың айтуынша, орталыққа орналасқан Иран, Пәкістан, Түркия секілді алыс шетелдерден келген азаматтарға мемлекет бір-екі жылдың ішінде үй беріп, олар көшіп кеткен. Қалғандары – жақын мемлекеттерден қоныс аударғандары ғана. Олардың арасында Қазақстан азаматтығын алып, мемлекеттік жәрдемақыдан мүлдем құралақан қалған Тәжікстаннан көшіп келген отбасы да бар.

ҮЙІНДІНІҢ АСТЫНДА ҚАЛЫП ҚОЮ ҚАУПІІ ЗОР

Әркім өз арбасын өзі сүйретіп жүрген жағдай. Бұл ғимараттың апатты жағдайда тұрғанын құзырлы орган қызметкерлері анықтап, ауыл әкімдігіне құжат қалдырған екен. Ол жерде мекен еткен оралман отбасылары да бұдан талайдан бері құлағдар.

Тұрғындар кез-келген сәтте далада қалып қоюы мүмкін. Өйткені апатты жағдайда тұрған ғимарат талап бойынша бұзылуы тиіс. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл ғимараттардың осыдан төрт жыл бұрын апатты жағдайда тұрғаны анықталған.

– Ғимаратты бұзу жөнінде жоғарыдан нұсқау бар. Халықты қаншама рет көндіруге тырыстық. Бірақ олар «барар жеріміз жоқ» деп отыр. Барактар қирап қалса, кім жауап бермек? Бұрында біз оларды көші-қон басқармасының жолдамасымен орналастыратын едік. Олардың там салуға жағдайлары жоқ шығар. Әркім өз жағдайын өзі жасауы керек емес пе? – дейді Қаратөбе ауылдык округі әкімінің орынбасары Нуриддин Сабиров.

Ғимаратты бұзу керегін аудандық әкімшілік те растайды. Жергілікті әкімдіктің оралмандарға үй беруге өкілеттігі де, мүмкіндігі де жоқ екен. Олар бұл азаматтарға тек жер телімдерін ғана бере алады. Оның өзі соңғы екі жылда уақытша тоқтатылған.

10-15 жылдан бері қирағалы тұрған ғимаратта өмір сүріп жатқан азаматтардың жағдайына қатысты Сайрам ауданының әкімі Уәлихан Қайназаров қазіргі қаржы дағдарысы заманында оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі мүмкін емес екендігін айтады. Әкім алдағы уақытта бұл мәселенің шешімін тауып қалуын жоққа шығармайды.

Ал облыстық көші-қон департаментінің басшылығы бұл азаматтардың баспана мәселелері жеке бастарының шаруалары екенін айтады. Олар миграциялық квотаға енгізіліп, мемлекеттен берілетін бір жолғы жәрдемақы алады. Қазақстан азаматтығын алған соң, оралмандар мемлекет тарапынан берілетін көмектен қағылады екен.

– Бұл азаматтардың ешкімнен артықшылығы жоқ. Қажет болса, жалпы тұрғын үй кезегіне тұрсын. Азаматтық алғаннан кейін олар сіз бен біз сияқты құқыққа ие. Олардың көзқарасы тұтынушы күйінде қалған. «Отанға келдік, Отан бізге міндетті» дейді-ау. Өздері келді ме, онда өз қиындықтарын мемлекеттің мойнына жүктемесін, – деп есептейді ОҚО көші-қон департаментінің бастығы Әбдібақыт Мақұлбаев.

Квота бойынша бөлінетін қаражат жан басына шаққанда 97 мың теңгені құрайды. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оралмандарға мемлекет тарапынан бір мезгілде төленетін жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар әр оралманға он айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада жол-көлік шығыны беріледі.

Кезінде қилы заманда ата мекеннен еріксіз ауа көшкен азаматтардың Қазақстан егемендігін алғалы ата қонысқа орала бастағаны белгілі. Сала мамандарының айтуынша, 20 жылдың ішінде атажұртқа ат басын тіреген азаматтардың қатары соңғы жылдары азайған екен. Бұрынғымен салыстырғанда, қазір квота мөлшері көп, ал келуге ниет білдірушілер саны керісінше аз екен.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген Қайдан: Жаңаөзен
07.10.2010 20:57
+0 / -0
Бұл келгендер оралмандар емес отандастар өз қандастарымыз жер беріп көмектескен дұрыс

Кімнен: Меней Қайдан: Қазақия
07.10.2010 21:02
+0 / -0
Оралмандар емес, Қандастар,Қандастар

Кімнен: Әсет Қайдан: Алматы
07.10.2010 22:49
+0 / -0
Мен түсінбейтін нәрсе, біздің аллаға шүкір, жеріміз үлкен. Алайда неге жер алу қиынға соғады? Бос жатқан жерлерімізді халықпен толтыруымыз керек емес пе? Ай қазағым-ау, халықты ойласам басым аурады...
Пікір алмасу

Кімнен: Арыс Қайдан: Шымкент
08.10.2010 11:49
+0 / -0
Сен өзің айдан жақында түскен болдың-ау, қалқам? Қашан бұл қазаққа "мә жерің" деп қойып еді мына билік? Анау Ұйғыр ауданына барсаң да осы, қазақтардың жері жоқ, ұйғырлардың "времянкасында" отыр олар да....Мұнда да солай. Және осылай бола береді де. Себебі болмайды ғой, болмайды. Біздер "қазақстандықтармыз", қазақтың жері, оның суы деп айтуға еш құқымыз жоқ. Анау Халықтар Ассемблеясы бекер отыр деймісің, "үй ішінен үй тігіп"? Бол-май-ды, түсінемісің, "мынау" тұрғанда, болдырмайдыыыыыы...

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
08.10.2010 00:43
+0 / -0
ұят тірлік қой...облыс әкімі үшін мақара, қайда қарап отыр өзі?

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
08.10.2010 01:28
+0 / -0
жер де су да өзбектікі деп дұрыс айтыпты, Сайрамда барлығы сол өзбектерге тиесілі екені мәлім.қазақтар соларға жалданып өмір сүреді.

Кімнен: Ақыл
08.10.2010 14:28
+0 / -0
Мына мақаланы оқып ұяттан жерге кіріп кете жаздадым...қайда барамыз, уа халайық?

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
08.10.2010 14:36
+0 / -0
Масқара! Кеше НАН келгенде осы ауылға қонаққа шақырулары керек еді...

Кімнен: Жарас Қайдан: ОҚО
09.10.2010 10:22
+0 / -0
Бәрінен де шынымен әжейге қиын болған екен. ол кісі осы жасқа келгенде осындай өмірді армандамаған болар. әкімдер соғыс көрген, аштық көрген адамды қорлап отырғандары сұмдық нағыз

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
10.10.2010 12:49
+0 / -0
Жер жоқ дегенге кім сенеді? Сон сылтау қылуға ұялмай ма

Кімнен: Altai Қайдан: Almati
10.10.2010 19:40
+0 / -0
NazarMazar ketpei dunie tuzelmeidi

Кімнен: Қаракесек
10.10.2010 19:45
+0 / -0
4-5 жыл бұрын полисия(РУБОП) қызметінде жұмыс істейтін ары тазалау бір танысым айтып еді, союз болып тұра бергеніміз жақсы еді, деп. Сол кезде оны қатты жек көріп кетіп, енді көрмейтіндей күйге еніп қатты ренжіп, жекіп едім. Келе-келе не үшін айтқанын түсіне бастадым. Ол сол кезде айтып еді прокуратура тарапынан тексеретін қызметкрлерін (ай ма тоқсан сайын ба білмеймін) отчетымызды тапсырарда мейрамханалатып, сауналату міндет, шаршадым, деп еді. Егемендігімізді алдық, кім енді кедергі? Өз қазағымызға көмектесуге. Менің ұсынысым: Жыл сайын Астананың туған күнін өткізуге арналған қыруар ақшаны осындай елім деп келген отандастарымызға көмектесу керек. Кәміл сенемін, осындай құр байбаламға кетіп жатқан қаражат жыл сайын 500 отбасына үй салып беруге жетеді. Қаракесек.

Кімнен: ҚАЗАҚ! Қайдан: ҚАЗАҚ!
11.10.2010 17:42
+0 / -0
бұл заманда НАН болмаса ән болмайды!

Кімнен: Мұхтар Қайдан: Астана
12.10.2010 17:58
+0 / -0
Мен бұл келіншекті танимын. Баяғы 70 жылдары көрші тұрып едік. Өзі шамасы менен 5-6 жас кіші, Шәкір деген ағасы бар еді, менімен қатарлас. Көп балалы отбасынан шыққан. Әкесінің аты Дахар, шешесінің аты Патшагүл. Байғұстар-ай үмітпен Атажұртқа келгенде, үміттерің ақталмай қалыпты ғой.

Кімнен: 1
12.10.2010 20:57
+0 / -0
Бүкіл ауданда тек бір ғана қазақ мектебі бар, басқаның бәрі өзбек мектептері. Қашанға дейін бұл мектептерде сабақ өзбек тілінде болады? Бұл мектептердің бәрі мемлекеттік ғой! Олардың бәрін қазақ тіліне аудару керек.Ол жерге әкімшілік(укімет) оралмандарды көбірек көшіріп, ақшалай, жермен, жұмыспен көмек көрсету керек! Қазақтардың санын ол ауданда арттыру керек! Сол жердегі өзбектер ертең бірдеме болса Өзбекстанның жағында болады Қазақстанды сата салады!

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
12.10.2010 23:07
+0 / -0
Біздің биліктің бәр кәсібі- ОБСЕ-ге төраға болдық деп мақтану және нешебір тақырыпты сылтау қып Астанаға саммит, конференция ұйымдастырып, сосын соңынан олардан сұхбат беруін сұрайды, біздің ел, астанасы, халқы жөнінде айтып жіберіңдерші,деп. Әрине, қазақтың ақшасына ұшып келіп-кетіп, 5 жұлдызды отельдерде тайраңдап жатқасын, бәрін мақтай жөнеледі. ОбСЕ-ге кім төраға болмай жатар, кешелері Литва болды, бізден кейін Украина болады. Біздің билік оралмандарды қайтсін? Қаракесек.

Кімнен: Көпкөрген Қайдан: Жоғарыдан
14.10.2010 00:10
+0 / -0
Мен осы күнге дейін ҚР өкіметіне "әй" деген қайратты оралман атқамінерді көргенім жоқ. Барлығын мына мен, жергілікті қазақ, оралмандарды жайғастырып, жағдай жасап күтуім керек пе? Баяғыда олар шекара асып жан сақтағанда осындағы қазақтар қызылдармен шайқасып, өз жерінде қан төкті. Ен қызығы,сайлау кезінде бірі қалмай оралмандар Назарбаевқа дауыс береді, сонда қалай? Түсінбеймін?
Пікір алмасу

Кімнен: Мұхтар Қайдан: Астана
14.10.2010 13:23
+0 / -0
Көпкөрген-ау, сенің көргенің құрысын! Сен сияқтылар оралмандарға жол беруші ме еді, сауаты мен ақылы сенікінен асып тұрса да?

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
14.10.2010 16:06
+0 / -0
Жоғарыдағы Көпкөрген өте дұрыс айтыпты...
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
14.10.2010 17:54
+0 / -0
Сенің де көргенің құрысын!
Заман тынысы!
Ер қанаты ат емес бауырым... енді иномарка!
Жүктеген адам: Жанашыр
7 мамыр 2012 жыл

Заман тынысы! Ер қанаты ат емес бауырым... енді иномарка! Жүктеген адам: Жанашыр 7 мамыр 2012 жыл