Accessibility links

Киіктің жаппай қырылуы миллиардтаған шығынға бағаланды. Кінәлілер әлі анықталмай отыр


Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы киіктердің жаппай қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бүгінге дейін белгісіз дерт баудай түсірген бөкендердің саны 12 мыңға жетті. Мамандар пастереллез кеселі киіктердің қырылуына себеп болды деген бір болжам айтады.


ҚЫЛМЫСКЕРІ ЖОҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хатшысы Равиль Мәжитовтың хабарлауынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 289-бабына сай, жануарлар әлемін қорғау ережелерінің бұзылғаны үшін қозғалыпты.

- Прокуратура қылмыстық істі қандай да бір белгілі тұлғаға қатысты емес, жануарлардың жаппай қырылу оқиғасына байланысты қозғады. Істі тергеу бүгінде ішкі істер департаментіне берілді. Бұл оқиғаға қатысы бар айыптылар тергеу барысында анықтала жатар. Әзірге киіктердің қырылуынан табиғатқа келген шығын екі миллиард теңгені құрап отыр, - дейді Равиль Мәжитов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

ПАСТЕРЕЛЛЕЗ КЕСЕЛІНІҢ КЕСІРІ

Мамырдың 19-ы күні «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының Қараоба, Жәнібек, Таловка елді мекендері аумағынан 200-ге тарта киіктің өлігін тауып алады. Сол күннен бері жабайы жануарлардың өлім-жітімі күрт көбейе бастаған. Бүгінге дейін баудай түскен бөкендердің жалпы саны 12 мыңға жетті.

Батыс Қазақстан облыстық санэпидқадағалау департаментінің бастығы Серікбай Иманқұл мамырдың 26-ы күні осы оқиғаға орай Оралда арнайы баспасөз-мәслихатын өткізді. Жиын барысында ол бактериологиялық және микроскоппен жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін жария етті. Серікбай Иманқұлдың сөзінше, пастереллез індеті киіктердің жаппай қырылуына бірден-бір себеп болған.

Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігі орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Қайырбек Мұсабаевтың сөзінше, «аталмыш аурудың қоздырғышы бұл түз тағыларының денесінде қашан да бар болады, ал киіктердің ағзасы шаршап, әлсіреген кезде кесірлі кесел қайта бой көтереді».

Пастереллез – үй жануарлары мен жабайы жануарлар арасында жиі кездесетін жұқпалы ауру, оның белгілері – геморрагиялық диатез, өкпе мен ішек құрылысының зақымданып, бүлінуі. Қоздырғышы пастерелл-микробтар болатын бұл індет әлемнің көптеген елдерінде кездеседі, мамандар бұл кеселдің кейде адамдарға да жұғатынын айтады.

КИІКТЕРДІҢ УЛАНҒАНЫ ШЫН БА?

Қырылған жануарлардың өліктерін жинастырып, залалсыздандыру ісімен айналысқан мамандар аса бір қызықты әрі тосын жайттың бетін ашты. «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Рамазан Ілиясовтың айтуынша, мамырдың 18-і күні, яғни, киіктер қырылмастан бір күн бұрын, сайын далада түтін тәріздес тұман пайда болған көрінеді.

- Сол күні аспанды көкшіл тұман басты. Бұл тұман сырт көзге қарағанда түтінге ұқсас. Сосын жақын маңда дала өртенген шығар деп ойладық. Бірақ, түтін иісін сезген жоқпыз, - дейді Рамазан Ілиясов.

Инспектордың сөзінше, қырылған жануарлардың аузы мен тік ішегінен күлгін-жасыл түстес көбік аққан көрінеді.

- Жергілікті ветеринар-дәрігерлер мұндай белгі жануарлар қатты уланғанда анық болатынын айтты, - дейді Рамазан Ілиясов.

Жәнібек ауданында болып қайтқан журналистер жергілікті орманшылар киіктердің пастереллез дертіне шалдыққандығы жөніндегі жорамалға сенбей отырғанын айтады. Орманшылардың дерегінше, жануарлар тікұшақпен даланы дәрілеу кезінде мөлшерсіз шашылатын улы химикаттардан улануы әбден мүмкін.

Ал 20 мамыр күні киіктердің жаппай қырылуының себебін зерттеумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды.

Облыстық аңшылар қоғамының төрағасы Юрий Чалусов құр болжам мен жорамалға сүйеніп, қорытынды жасауға болмайтынын айтады.

- Теориялық тұрғыдан бәрі де болуы мүмкін. Бұл кесел жұқпалы дерт немесе улану болуы ықтимал. Бірақ, осы оқыс оқиғаны зерттеп, тексеру үшін арнайы жасақталған комиссияның шешімін күтелік, - дейді Юрий Чалусов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Қазіргі күні экологиялық апат болған аумақта елуге тарта маман жұмысқа тартылып, он шақты арнайы техника апарылған. Олар қырылған жануарлардың денесін жинап, өлексені арнайы жерде залалсыздандырып, көзін жояды. Күні бүгінге дейін тоғыз мыңнан астам өлген киік жойылды.

2009 жылы Қазақстандағы киіктердің саны 81 мың басқа жеткен болатын. Ал Батыс Қазақстан облысында ақбөкендер саны 26 мыңға жеткенін мамандар басында қуана жарияласа да, бас-аяғы он күннің ішінде бұл өсім екі есеге дейін күрт қысқарды.
XS
SM
MD
LG