Жұма, 31 қазан 2014, Алматы 22:15


ӘЛЕУМЕТ

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Қазақстанда жыл сайын 500 әйел құрбан болады

Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда әйелдерге күш көрсету оқиғалары көбейгені байқалып отыр. Мамандар жағдайды түзеу үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін айтады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына арналған жиын. Алматы, 26 ақпан 2009 ж.Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына арналған жиын. Алматы, 26 ақпан 2009 ж.
x
Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына арналған жиын. Алматы, 26 ақпан 2009 ж.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасына арналған жиын. Алматы, 26 ақпан 2009 ж.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2008 жылы елде әйелдерге күш көрсету 0,2 пайызға көбейген, яғни 2007 жылы 32556 қылмыс тіркелсе, былтыр олардың саны 32632 болған.

Қазіргі таңда республикада «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру» туралы заң жобасы талқылануда. Мамандардың пайымдауынша, егер бұл құжат қабылданса, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қойылмақ.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысып жүрген мамандар бұл әлемнің әр елінде бар құбылыс дегенді айтады. Отбасындағы қысым елдің мәдениетіне, экономикасының дамуына немесе сенім-нанымына байланысты емес. Бұл құбылыс жекелеген адамдардың ерекшеліктеріне қатысты дейді. Алайда, әр адам мемлекеттің азаматы болғандықтан, оны қандай да бір қауіп-қатерден қорғау да мемлекетке жүктеледі.

Осы орайда ҚР ІІМ Дағдарыс орталығы одақтары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының әйелдер қоры (UNIFEM) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды тездетіп қабылдауға шақырады. Парламент депутаты, заң шығару және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитет мүшесі Жақып Асанов тұрмыстағы зорлық-зомбылықты мемлекет тарапынан қадағалау қажеттігін айтады. Оған себеп те жеткілікті көрінеді.

– Соңғы жылдары отбасында жәбір көру оқиғалары жиілеп кетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жыл сайын елде ондай мыңдаған оқиғалар тіркеледі. Алайда, ең өкініштісі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жыл сайын республикада 500-ге жуық әйел адам көз жұматындығы болып отыр. Бұл дегеніңіз масқара жайт емес пе? – дейді Жақып Асанов.

Жақып Асанов, Мәжіліс депутаты, 26 ақпан 2009 ж.
Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында қазіргі таңда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы» заң қабылдануы керек дейді депутат. Өйткені, арнайы заңсыз отбасындағы болып жатқан қысымдарды шектеу мүмкін емес дейді мамандар. Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша, полиция қызметкерлері отбасында белгілі бір қылмыстық оқиға орын алмайынша ешқандай шара қолдана алмайды. Сондықтан, бүгінгі құқық қызметкерлері отбасындағы зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға шарасыз болып отырған жайы бар.

– Ал қазіргі қаралып жатқан заң жобасында полиция қызметкерлерінің қолы ұзармақ. Ол бойынша, егерде жәбірленуші өзіне қатысты қандай да бір қысымның болғанын айтып шағымданса, полиция қызметкерлері жауапқа тартылатын азаматқа ескерту жасайды. Одан кейін оның іс-қимылдарына (мазаламау, телефон арқылы психологиялық қысым жасамау, аңдымау сынды) шектеу қояды. Ал егер сонда да ешқандай нәтиже шықпаса, соттың шешімімен оны қамауға алады. Тергеу жұмыстары барысында ол уақытша қамауда отырады. Ал тергеу жұмыстары 2 айдан кейде 1 жылға дейін жүргізілетіндігі белгілі, – дейді Жақып Асанов.

Депутат бұл шаралар кісіге қиянат жасамаған жағдайда қарастырылғандығын айтады. Ал белгілі бір дәрежеде зиян келтірсе бірден, тергеу ісі біткенге шейін қамауға алу көзделген. Арнайы заңның болмауы және отбасындағы қысымның қыспағында қалдыру сияқты түрлі себептердің салдарынан бүгінгі таңда республика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің саны нақтыланбай отыр.

Тіпті осы іспен айналысып жүрген мамандардың қолындағы ақпарат та біркелкі емес. Мәселен, депутат Жақып Асанов әйелдерге қатысты қылмыстың бұл түрі жылдан жылға ұлғайып бара жатыр десе, Ішкі істер министрлігінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімнің бастығы Мәншүк Қалиғожина керісінше, зардап шегушілердің саны азайып отырғанын айтады.

– Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау фактісі 2,7 пайызға төмендеді, – дейді ол.

Мәншүк Қалиғожина, ҚР ІІМ-нің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің бастығы. Алматы, 26 ақпан 2009 ж.
Қазақстандағы «дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы Зульфия Байсақованың сөзіне қарағанда, осы мәселеде нақты статистика жоқ екен.

– Тұрмыста зорлық-зомбылық көретін жандардың нақты санын айту мүмкін емес. Өйткені, олар арнайы органдарға барып тіркелмейді. Кей әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, ары қарай өмір сүре береді. Бұл барша шығыс қыз-келіншектеріне тән менталитет. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. Сондықтан, оларды арнайы заңмен жауапқа тарту керек деп есептеймін. Бұл құжат тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болар деп ойлаймын, – дейді З.Байсақова.

36 жастағы Арайлым күйеуімен ажырасып кеткендігін айтады. Оның басты себебі – отбасында ұрыс-жанжалдың жиі болатындығы, онымен қоймай жұбайы оны соққының астына алатын да кездер болған екен. Алайда, заңды түрде ажырасып кетсе де, Арайлым өзінің бұрынғы күйеуінен әлі де қысым көреді екен.

– Күндіз болсын, түнде болсын келіп мазамды алады. Әйтеуір қазір қол жұмсамайды. Дегенмен, қайта-қайта келіп, тыныш өмір сүруге мұрша бермейді, түрлі нәрселерді айтып қорқытып кетеді. Полицияға барса, олар ешнәрсе істей алмайтындығын айтады. Себебі, мен күйеуіммен заңды түрде ажырасып кеткенмін, – дейді ол.

Арайлым қаралып жатқан заң жобасының қабылданғанын қалайды. Өйткені, ол құжат өзі сияқты қыз-келіншектерге қорған бола алады деген үмітте.

Дағдарыс орталығы одағының зерттеулері бойынша,Қазақстанда әрбір үшінші әйел соққыға жығылады, ал әрбір бесінші әйел зорлаудың құрбаны болады екен, сондай-ақ адам саудасындағы «тірі тауардың» 80 пайызын да әйелдер құрайды екен.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар үшін арнайы дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Оған қоса Ішкі істер министрлігінде арнайы бөлімшелер бар. Алайда, арнайы заң қабылданбайынша, бұл қылмысты ауыздықтауға қоғамның қолы қысқа екендігін айтады мамандар.

Мәншүк АСАУТАЙ

1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.
Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
Пікір
     
Бұл форумда пікір әлі жарияланбаған. Бірінші болыңыз.

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Редактор таңдауы

Кобаниде өзбектердің де соғысып жүргені расталды

Сирияның Кобани қаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлары тобымен бірге соғысып жатқан өзбек жасағы қала ішінен «патриоттық» үндеу жасады. Толығырақ