Accessibility links

Ауғанстандағы сайлаудың бірнеше сценариі


Хамид Карзайдың Кабулда ілінген портреті.
Хамид Карзайдың Кабулда ілінген портреті.

Президент сайлауынан соңғы дау елді тұйыққа тіреді. Жақын арада Кабулда жағдайдың қалай өзгеретініне қатысты Азаттықтың бірнеше болжамы бар.

Ауғанстандағы президент сайлауының түпкілікті нәтижелері әлі жарияланбаса да, оның легитимділігіне қазірдің өзінде күмән көп.

Маусымның 14-інде өткен сайлаудың екінші турына қатысқан екі кандидат Абдулла Абдулла мен Ашраф Ғани бір-бірін «нәтижені бұрмалады» деп айыптап, әрқайсысы өздерін жеңімпаз етіп жариялады.

Ғаниді жеңіске жеткізу үшін жаппай бұрмалауға жол берілді деп ашуланған Абдулла сайлау процесіне бойкот жариялады. Оның айтуынша, қарсылас кандидат кем дегенде 2 миллион адамның дауысын ұрлаған. Ал Ғани болса сайлаудың әділ өткенін, өзінің 1 миллион дауыс артық жинап, жеңіске жеткенін айтты.

Арыз-шағымдарды қарау мерзімі біткен соң 6-7 шілдеде сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындыларын жариялауы тиіс. Осы оқиғаның қарсаңында саяси ахуалдың қалай өрбитініне қатысты бірнеше сценарий бар.

БІТІМ

Екі кандидат та тұйықтан тез шығу үшін келісімге келуге ниетті екендерін халық алдында байқатып жүр.

Алайда екеуі де БҰҰ-ның араағайындық етуімен Ауғанстанның Тәуелсіз сайлау комиссиясымен жеке-дара келіссөз жүргізіп келеді. Биліктен кетіп бара жатқан президент Хамид Карзай да, оның екі орынбасары Юнус Қануни мен Карим Халили де кандидаттармен жеке-жеке сөйлесіп, оларды сабырға шақырып отыр.

Ашраф Ғани, Ауғанстан президенттігіне кандидат.
Ашраф Ғани, Ауғанстан президенттігіне кандидат.

Бұл кездесулерден айтарлықтай нәтиже шыға қойған жоқ. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, қай кандидат жеңіске жеткеніне қарамастан, билікті бөлісу туралы келісім жасалуы мүмкін.

Кабул университетінде саясаттанудан дәріс оқитын Насрулла Станикзай ел астанасындағы наразылық шараларына, этникалық топтар арасындағы шиеленістің күшейіп келе жатқанына алаңдайды.

«Соңғы оқиғаларды ескерер болсақ, олар келісімге келетін сияқты. Бұл заңға қайшы болғанымен, саяси тұрғыдан ең дұрысы – осы» дейді ол.

Бейресми нәтижелерге қарар болсақ, сәуір айындағы алғашқы турда Абдулладан 13 пайыз артық дауыс жинаған Ғани екінші турда да жеңіске жеткен сияқты. Мұндай жағдайда келіссөз нәтижесі қандай болса да, оған биліктің берілуі заңды.

Абдулла Абдулла, Ауғанстан президенттігіне кандидат.
Абдулла Абдулла, Ауғанстан президенттігіне кандидат.

Ондай жағдайда, Абдулла оңашада болса да жеңілгенін мойындап, қарсыласына жол беруі мүмкін. Бұған жауап ретінде Ғани оған премьер-министр орнын, ал оның жақтастарына үкіметтен лауазымды қызметтер ұсынуы ықтимал.

Ел тарихында мұндай ымыраласу бұрын да болған. 2009 жылғы даулы президент сайлауында Абдулла мен Карзай өзара келісім жасаған. Бұл келісімнің жай-жапсары ешқашан жарияланбаса да, Абдулланың екінші тур қарсаңында өз кандидатурасын алып тастауы екеуара уағдаластықтың нәтижесі болса керек. Жергілікті және халықаралық қауымдастықтың қатты қысымынан кейін Абдулла «сайлаудың әділ өтпейтінін білген соң додадан бас тарттым» деп мәлімдеген. Алайда, жұрттың көбі ол жеңілісін мойындағаны үшін жақсы «марапат» алған деп болжайды.

АЗАМАТ СОҒЫСЫ

Сайлаудағы итжығыстың кесірінен этникалық топтар арасындағы шиеленіс күшейіп барады, бұл Ауғанстанда 1990 жылдардағыдай этникалық қақтығыс басталып кете ме деген қауіпті арттырып отыр. Бақталас кандидаттардың арасындағы айтыс күш қолдану тақырыбына қарай ойысып барады. Абдулланың жақтастары «талап-тілектеріміз ескерілмесе күш қолдануымыз да мүмкін» деп ескертті.

Жартылай тәжік, жартылай пуштун Абдулла Абдулла тәжіктер қоныстанған елдің солтүстігінде қолдауға ие. Ал пуштун ұлтының өкілі Ашраф Ғаниді Ауғанстанның пуштундар тығыз қоныстанған оңтүстігі мен шығысы жақтап отыр. Сондықтан қақтығыстың басталу қаупі артып келеді.

БҰҰ өкілдерімен кездесіп тұрған Хост уәлаятының тұрғындары.
БҰҰ өкілдерімен кездесіп тұрған Хост уәлаятының тұрғындары.

Кабулда тұратын саяси сарапшы Зубаир Шафиқи қақтығыс болуы екіталай дейді.

«Халық соғыстан шаршаған. Оларға соғысты күштеп таңбақ болып жатыр, бірақ халықтың оны қабылдағысы жоқ. Жұрт Ашраф Ғани үшін де, Абдулла Абдулла үшін де азамат соғысын бастауға құлықсыз» деді сарапшы.

Ал Кабулдағы Халықаралық дағдарыс орталығының сарапшысы Грэм Смиттің айтуынша, саясаткерлер арасында келісім болмайынша, салыстырмалы түрде бейбіт өмір сүріп жатқан солтүстік аймақта қақтығыс қаупі артады.

Ғанидің екінші вице-президенттікке ұсынып отырған үзеңгілесі – өзбектердің бұрынғы дала командирі Абдул Рашид Дустум. Ал Абдулланың ең басты жақтастарының бірі – Балх уәлаятының губернаторы Атта Мұхаммед Нур. Бұл екеуі – бітіспес жаулар. Олардың солтүстікке бақылау орнатуға ұмтылысы қантөгіске ұласып кетуі әбден мүмкін.

«Солтүстіктегі топтар қазіргі оңтүстіктегілер сияқты соғыса бастаса, онда бұл соғыстың масштабы артып, солтүстікке де жайылады» дейді Смит.

Кейбір сарапшылар тіпті пессимистік көзқарас танытып, егер билікті бөлісу туралы келісім болмаса, Ауғанстан бөлшектеніп кетуі мүмкін деген болжам айтып отыр.

«Егер ымыра болмаса, онда солтүстіктегі кейбір аймақ орталық үкіметтен тәуелсіздігін жариялауы ықтимал. Олар қазірдің өзінде америкалықтарға осы ойларын айтып қойған» дейді Кабулде тұратын саяси сарапшы Ахмад Саиди.

КАРЗАЙДЫҢ ҚАЛУЫ

Кейбір сарапшылар қазіргі қалыптасқан жағдайға президент Хамид Карзай кінәлі дейді. Олардың айтуынша, президент билікте қала беру үшін бұл итжығысты әдейі ұйымдастырып отыр.

Абдулла мен Ғани бір келісімге келе алмайтын болса, Карзай мәселенің шешімі табылғанша билікте қала беруі мүмкін. Конституция бойынша Карзайдың мерзімі мамыр айында аяқталған, алайда ол президенттің міндетін атқарушы ретінде қызметін әрі қарай жалғастырып келеді. Екі вице-президентімен бірге қарсылас кандидаттардың арасында араағайын қызметін атқарып отырған ол ақтық шешімге ықпал ете алатын бірден-бір тұлға.

Ауғанстан президенті міндетін атқарушы Хамид Карзай дауыс бергенін көрсетіп тұр. Кабул, 14 маусым 2014 жыл
Ауғанстан президенті міндетін атқарушы Хамид Карзай дауыс бергенін көрсетіп тұр. Кабул, 14 маусым 2014 жыл

Абдулла «үкіметтің әкімшілік ресурстарын пайдаланып Ғаниге көмектесіп отыр» деп, «келесі үкіметке бақылау орнату мақсатында сайлауды әдейі шиеленістірді» деп қазіргі президентке айып тақты.

«Бұл сценарийді Карзайдың өзі жасаған. Карзай келесі үкіметтің әлсіз, беделсіз, әрі заңсыз болғанын қалайды» дейді сарапшы Саиди. Оның айтуынша, қазіргі президент осы сәтті пайдаланып бес жылдың ішінде қайта сайлауға түспек ниетте.

Ал басқа бір сарапшы Шафиқидің сөзінше, Карзай ел тарихындағы тұңғыш демократиялық жолмен билік тапсыру рәсімінің сәтті өткеніне мүдделі.

«Ол билікті өз қолымен табыс етіп, елде демократияны күшейткен Ауғанстанның алғашқы басшысы ретінде тарихта қалғысы келеді» дейді сарапшы.

Фруд Бежанның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG