Accessibility links

Мәскеу Ауғанстандағы ықпалын қайта күшейте ме?


Ресейдің 20 миллион доллар жұмсап, қайта жөндеп жатқан Ауғанстандағы мәдени орталығы.
Ресейдің 20 миллион доллар жұмсап, қайта жөндеп жатқан Ауғанстандағы мәдени орталығы.

Совет әскері жеңіліп, ауған жерінен кеткелі ширек ғасыр өткенде Мәскеу Ауғанстанға қайта оралды. Бұл жолы жауынгер енгізбейді, ондаған миллион доллар инвестиция салмақ.

Ауғанстанды кезінде Совет Одағы өзінің стратегиялық ықпал ету аймағы деп санады. Енді Мәскеу бұл елдегі экономикалық және мәдени ықпалын қалпына келтіруді көздейді.

СОВЕТТІК ҒИМАРАТТАРДЫ ҚАЙТА ЖӨНДЕУ

Кабулдың батысындағы СССР салған ғылым мен мәдениет үйі соңғы 25 жыл бойы қирап жатқан еді. Қабырғаларын оқ тескен ғимарат нашақорлар мен кезбелер паналайтын орынға айналған. Бұл ғимарат Ауғанстанға советтік биліктің енді ықпалы жүрмейтінін әйгілеп тұрғандай.
Ауғанстандағы СССР мәдени орталығының даладағы сахнасында тұрып жатқан босқындар. Кабул, 13 желтоқсан 2002 жыл.
Ауғанстандағы СССР мәдени орталығының даладағы сахнасында тұрып жатқан босқындар. Кабул, 13 желтоқсан 2002 жыл.


Енді Ресей үкіметі 20 миллион доллар жұмсап, үлкен ғимаратты қалпына келтірмек. 2014 жылдың соңында ол ғимарат Ауғанстандағы Ресей мәдени орталығы ретінде қайта ашылады. Кезінде Совет Одағының стратегиялық ықпал ету аймағы болған елге Мәскеудің қызығушылығы артқаны байқалады.

Ресей мәдени орталығы қазір Мәскеу қаржыландыратын Ауғанстандағы 150 жобаның бірі ғана. Советтік кезеңдегі жобаларды қалпына келтіріп, бұл елде экономикалық және мәдени ықпалын арттыру үшін Мәскеу ондаған миллион доллар қаржы жұмсамақ.

Соңғы екі жылда Мәскеу Ауғанстанға 100 миллионнан астам доллар бөлді, оның көбі тұрғын үйлерді жөндеуге жұмсалды. Бұл сома АҚШ, Қытай және Үндістан құйып жатқан миллиардтаған доллардың қасында жұпыны көрінсе де, АҚШ жүргізген 12 жылдық соғыстың аяқталған сәтіне тұспа-тұс келіп тұр.

Ауғанстанға қызығушылығы азайғандықтан, Батыс елдері азаматтық жобаларға қолдау көрсетпейтін шығар деген қауіп бар. Сондықтан Кабул Ресей сияқты аймақтық ойыншылармен байланысын күшейтіп, қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді ойлайды.

Совет Одағы Ауғанстанға басып кірген кездегі ауғандар өшпенділігі қазір ұмытыла бастады. Елдегі компаниялардың көбі Мәскеумен әріптес болуға ынталы.

Наджибулла Хушбин - Кабулдегі құрылыс компаниясының қожайыны. Оның айтуынша, «фирмасы бірнеше ресейлік компаниямен келісімге отыруға тырысады». Бірақ ол бұл жайттың анық-қанығын ашып айтпады.

«Біз Ресей инвестициясына үлкен үміт артамыз. Егер шетелдік компаниялар Ауғанстанға инвестиция салмақ болса, оларға шамамыз келгенше көмектесеміз» дейді ол.

МӘДЕНИ ЫҚПАЛДЫ АРТТЫРУ

Рахман Ватанваль - ауған астанасындағы «Mainawal Rahman Building and Construction» компаниясының бас директоры. Ол Ресейдің Ауғанстандағы құрылыс пен инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру ісінде тәжірибесі бар екенін айтады. Оның пікірінше, америкалықтар қаржыландырған жобалардың шығыны көп, басқарылуы тиімсіз болған.

«Ресейдің Ауғанстанға көмектесіп жатқанына қуанамыз. Олар - біздің көршіміз. Бұрын да олардың көмегі маңызды болатын, қазір де тиімді болып тұр» дейді ол.
Кабул қаласында СССР салған тұрғын үйдің бірі.
Кабул қаласында СССР салған тұрғын үйдің бірі.
Ауғанстан инвестицияларды қолдау агенттігі Ресейдің соңғы екі жылда Ауғанстанға құйған инвестициясының екі есе артқанын айтады және «осылай көбейе берер» деп үміттенеді.

Ресей мәдени орталығынан бөлек, Мәскеудің инвестициялық жобалары СССР-дан қалған тұрғын үй кешендерін қалпына келтіру, ескі зауыттарды техникамен жабдықтау, құрылыс пен энергетика секторларына жаңа нысандар салып беруге арналған.

Кабулде сол кезден бері сақталған, 30 жылға созылған қақтығыстан аман қалған сәулеттік нысандар әлі бар. Оған 1960 жылы тұрғызылған политехникалық университет кіреді, ал нан-тоқаш өнімдерін шығаратын кәсіпорын күн сайын ауруханалар мен мектептерге нан тасиды. Ол нысандар қатарында автомеханикалық инженерлік училище мен қала төбелеріне салынған хауыздар да бар.

Совет Одағының Кабулда қалдырған ізін советтік шенеуніктер мен ауған зиялыларына арнап салынған сұр түсті тұрғын үйлерден де байқауға болады. Олар тұрған жер әлі күнге дейін қаладағы ең тартымды аудан саналады. Төрт жатын бөлмесі бар апартаменттер қарапайым, әрі шағын, бірақ қазіргі құны 100 мың долларға таяйды.

Ресей советтік ескі инфрақұрылым жобаларын қалпына келтіріп қана қоймай, елдегі мәдени ықпалын да арттыруға тырыспақ. Кабул университетінде орыс тілін оқитын студенттер соңғы екі жылда екі есе көбейді. Олар Ресей стипендиясын алады.

Орыс тілін оқытуды осындағы Ресей мәдени орталығы ұсынған. 1980 жылы ғылым мен мәдениет үйіне совет және ауған азаматтары жиналып, совет әдебиетін оқып, коммунистік идеологияны тарататын фильмдер көріп, дәрістер тыңдайтын. Жаңа Ресей мәдени орталығында үлкен кітапхана салынады, орыс тілі курстары ашылып, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылады. Орталыққа ресейлік оқытушылар, суретшілер және іскер тұлғалар келеді.

САЯСИ БАЙЛАНЫС

Ресейдің Ауғанстанға қызығуы екі елдің арасындағы саяси қатынастардың жақсарған кезіне де сәйкес келді.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен амандасып тұр. Пекин, 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Ауғанстан президенті Хамид Карзаймен амандасып тұр. Пекин, 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
​Ауғанстан президенті Хамид Карзай жақында Ресейдің Қырымды қосып алғанын қолдайтынын білдірді. Ресейді Ауғанстаннан бөлек, Венесуэла мен Сирия сияқты елдер ғана қолдады. Мұның алдында, ақпан айында Карзай Қара теңіздегі Сочи шипажайына, қысқы олимпиаданың ашылу салтанатына барып қайтқан еді. Бұл олимпиадаға Батыстың бірқатар лидерлері бойкот жариялаған.

Мәскеу мен Кабул арасында экономикалық мүддеден басқа да байланыстар бар. Ресей есірткімен күресті күшейтіп, Ауғанстаннан келетін есірткі жолын бөгеуді көздейді. Бұдан бөлек, Мәскеу Орталық Азия елдеріне исламист содырлардың кіріп кетпеуін қалайды. Орталық Азияның пост-советтік елдері Мәскеуден әлі де қомақты қаржы мен түрлі нұсқаулар алып тұрады.

Бірақ Мәскеудің қызу түрде инвестициялық көмек қылу науқаны АҚШ-тың Ауғанстандағы соғысы тәрізді аяқталып келеді. Ал Батыстан енді көмек келуі екіталай, кейбір топтар осыны ойлайды.

Ауған саясаттанушысы Ахмад Саиди «Ауғанстан қайтадан АҚШ пен Ресей арасындағы бәселестік алаңына айналуы мүмкін» дейді. Оның ойынша, «Вашингтон Ресейдің осы елдегі белсенділігіне алаңдауға тиіс. Ресей аймақтағы Американың рөлі экономикалық және саяси тұрғыда әлсірей бастағанын сезіп отыр. Сондықтан Американың мүддесіне қарсы ықпал етуге тырысады».

Ал Кабулдегі халықаралық дағдарыс тобының аға сарапшысы Грэм Смит керісінше «Вашингтон Ресейдің Ауғанстандағы рөлін қолдауға тиіс» дейді.
Оның ойынша, «Егер АҚШ пен НАТО қырғиқабақ соғысты аңсауын қойса, Ауғанстан көршілерінің әрекеті олардың да мүдделеріне қайшы келмейтінін түсінер еді. Ресейдің ықпалы Ауғанстандағы жағдайды орташа, әрі ұзақ мерзімге тұрақтандыру үшін пайдалы».

Кабулдегі АҚШ елшілігі қандай да бір комментарий беруден бас тартты.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG