Accessibility links

«Әл-Каида» Үнді түбегіне ойысты


"Әл-Каида" ұйымының өлген басшысы Усама бин Ладенді еске алып, құран бағыштап отырған Үндістанның Кашмир аймағындағы мұсылмандар. 6 мамыр 2011 жыл.
"Әл-Каида" ұйымының өлген басшысы Усама бин Ладенді еске алып, құран бағыштап отырған Үндістанның Кашмир аймағындағы мұсылмандар. 6 мамыр 2011 жыл.

«Әл-Каида» басшысы әз-Завахири Үндістан, Мьянма мен Бангладеште осы ұйымның қарулы бөлімшелері құрылғанын хабарлады.

Қыркүйектің басында «әл-Каида» басшысы Айман әз-Завахири Үнді түбегінде осы ұйымның қарулы бөлімшесі құрылғанын мәлімдеді. Интернетте жарияланған видеоклипте ол «Үнді түбегінде жиһадтың байрағын көтеріп, бүкіл аймақта исламның үстемдігін жүргізуге» уәде берді. Жаңа құрылған топтар «мұсылмандарды әділетсіздік пен кемсітуден құтқарып, Үндістанның Ассам, Гуджарат, Джамму және Кашмир штаттарында, Мьянма мен Бангладеште тұратын нағыз мұсылмандарға жақсы жаңалық әкелеміз» деді ол. Әз-Завахири осы видеода Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің туған жері – Гуджарат штатын екі рет қайталайды.

CNN телеарнасына берген сұхбатында премьер Моди үндістандық мұсылмандар терроршылардың «жетегінде кетпейді» деп сеніммен айтты.

Үндістан премьері Нарендра Моди.
Үндістан премьері Нарендра Моди.

«Ал басқаша ойлайтындар бос үмітке алданып жүр. Үндістан мұсылмандары – елдің толыққанды азаматтары, сондықтан олар өз отанына нұқсан келтіруді қаламайды» деді Нарендра Моди.

«Үндістан мұсылмандарының арасында «әл-Каидаға» қосылып жатқандар неге аз?» деген сұраққа үнді премьері: «Әл-Каиданың» терроры жекелеген мемлекетке немесе халыққа емес, жалпы адамзатқа қарсы бағытталған. Сондықтан біздің мұсылмандар адамзат пен хайуандардың арасында, әрине, адамзатты таңдайды» деп жауап берді.

Үндістандағы имамдар үкіметбасының бұл сөзін қуана құптап, Модиге «исламофоб» деп айдар тағып жүргендердің қателескенін айтты. Модидің исламды жақтырмайтыны туралы әңгіме 2002 жылы, ол Гуджарат штатын басқарып тұрған кезде шыққан. Сол әңгіменің соңы қақтығысқа ұласып, жүздеген адамның өмірі қиылған.

Үнді қоғамының барлық бөліктері Нарендра Модидің саясатын қолдайды. Сарапшылардың айтуынша, ол бұрынғы үкіметтің мұсылмандарға әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын көтеруге бағытталған бағдарламасын әрі қарай жалғастырып жатыр. Үкіметтің шаруашылықты дамытуды көздейтін экономикалық бағыты да бұған септесуі тиіс.

Ал «әл-Каиданың» жергілікті мұсылмандар туралы пікірі басқаша. Олардың ойынша, үнді түбегінде бұл ұйымды қолдаушылар көп. Осыған сүйенген әз-Завахири Делиге қарсы соғыс жариялады, Пәкістандағы «Талибан» қозғалысы бұл үндеуге қолдау білдірді.

Шуджа Наваз.
Шуджа Наваз.

«Атлантикалық кеңес» зерттеу орталығының сарапшысы Шуджа Наваздың айтуынша, әз-Завахири Ирак пен Сирияда әскери жеңіске жетіп, Батыстың саяси истеблишментін қорқытып, ақпарат құралдарын шулатып жатқан «Ислам мемлекеті» ұйымының «жиһадта» бірінші орында тұрғанын қаламайды.

– «Ислам мемлекеті» Еуропадағы және Солтүстік Америкадағы ықтимал жақтастарын өзіне тартатын күшке айналды, оның үгіт-насихаты дәл осы топқа бағытталған. Соның ішінде олар АҚШ және Британия азаматтарын кепілге алып, өлтіру арқылы тікелей насихат жүргізіп жатыр. «Ислам мемлекеті» ұйымы өте дарынды «шәкірт» болып шықты, ол өз «ұстазы» – «әл-Каидадан» да асып түсіп, бен Ладеннің 2000 жылдардың басында ойға алған жоспарын жартылай жүзеге асырды: олар өздері басып алған аймақта халифатқа ұқсас құрылым қалыптастырды. Бұл істе оларға «әл-Каиданың» одақтасы «Жабхад ән-Нусра» көмектесті, «Ислам мемлекеті» оларды өз жағына тартып алды.

АҚШ пен Еуропаға қарсы соғыста жеңіске жетеміз деген алыс болашаққа бағытталған бұлыңғыр жоспардың орнына олар өз жақтастарына нақты ұсыныс жасап, Таяу Шығыста өз мемлекетін құрып берді. Ал бұл Батысты қатты қорқытады, әз-Завахиридің де қалағаны – осы. Оның жоспары қарапайым: Батыс оның бақталасымен, ал бақталасы Таяу Шығыстағы екі өзеннің арасын жайпап жатқанда, ол Азияға қарай ойысып, жер шарындағы мұсылманы ең тығыз қоныстанған аймаққа тамырын жайып алмақ. Тек Үндістанның өзінде 175 миллион мұсылман тұрады, мұсылмандарының саны жөнінен бұл ел әлемде үшінші орын алады.

"Әл-Каида" басшысы Айман әз-Завахири.
"Әл-Каида" басшысы Айман әз-Завахири.

Әз-Завахири Азияның оңтүстігіне тән тағы бір демографиялық ерекшелікке үміт артып отыр дейді сарапшы Шуджа Наваз. Жиһадшылардың дені жастардан тұрады, ал мұнда тұратын халықтың көбі – жастар. Пәкістан халқының орташа жасы – 22 болса, Үндістан халқының орташа жасы — 26. Үндістандағы мұсылман жастарының бір бөлігі қазірдің өзінде радикалданып барады, соның бір дәлелі – мұнда «Үнді моджахедтері», «Худжи» және «СИДИ» студенттер қозғалысы деген жастар ұйымдары құрылған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, алғашқы екі қозғалыс Пәкістандағы кашмирлік терроршылардың 2008 жылы Мумбаи қаласындағы жарылыстарын ұйымдастыруға логистикалық көмек көрсеткен. Шуджа Наваздың мәліметтері бойынша, 1994 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан терактілерден Үндістанда 30 мыңға жуық адам опат болған.

– Дәл қазіргі халықаралық ахуал әз-Завахиридің қолайына келіп тұр. Жақында америкалықтар Ауғанстаннан кетеді, содан соң елде хаос басталып, ол біртіндеп Пәкістанның солтүстік-батысына, сосын Үнді түбегіне түгел жайылады. Исламшылар Ауғанстандағы президент сайлауына кедергі жасай алмады, енді олар әскер кеткен соң Кабулға берілетін қаржылай көмек тоқтайды деп үміттеніп отыр. Мұндай жағдайда елдегі экономикалық жағдай нашарлайды, ал бұл террористер өз жағына тартып жүрген жастарға бірден соққы болып тиеді, - дейді Шуджа Наваз.

Сарапшының айтуынша, Үндістан басшылығы әз-Завахиридің жоспарынан тіксініп қалды, дегенмен олар болашаққа оптимизммен қарайды. Бангладеш басшылығы да солай. Оларға елдегі мәдени-саяси плюрализм көмектеспек. Мұндай плюрализм Пәкістанда жоқ. Оның үстіне, радикалды бағыт ұстанатын ұйымдардың Дели мен Даккадағы үкіметтерге нақты ықпалы жоқ. Мұнымен қоса, ваххабизмді, фундаменталистік идеологияның басқа түрлерін қолдап отырған Парсы шығанағындағы мемлекеттер көбіне Үнді түбегін назардан тыс қалдырып келеді.

– Үнді түбегіндегі терроризм Дели үкіметімен қырғи-қабақ болып отырған ірі ойыншылар – Қытай мен Иранды «қыздырып» жіберуі мүмкін бе?

Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Шанхай, 22 мамыр 2014 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Иран президенті Хассан Роухани. Шанхай, 22 мамыр 2014 жыл.

– Қытайдың ондайға бармасы анық. Олар Қытай – Ауғанстан – Пәкістан – Парсы шығанағы экономикалық дәлізі арқылы экстремизмнің батыс Қытайға қарай ойысып, мұсылман ұйғырлардың сепаратистік қозғалыстарының делебесін қоздырғанын қаламайды. Меніңше, Иран да түбектегі жағдайдың тұрақсызданғанына мүдделі емес. Елге босқындар нөпірінің қаптағанын кім қалайды? Меніңше, Тегеранның қазіргі басты ұстанымы – экономика, нашарлап қалған экономикасын түзету арқылы ол аймақтағы және әлемдегі ықпалын арттыруға мүдделі. Кез келген саяси тұрақсыздық олардың саяси армандарын жүзеге асырмай тастайды, - дейді «Атлантикалық кеңес» зерттеу орталығының сарапшысы Шуджа Наваз.

Үндістан мен Қытай басшылары Нарендра Моди мен Си Цзиньпин жақында шекарадағы кикілжіңді тез арада реттеу туралы келісімге қол қойды. Конфликт түйіні шешілгенге дейін олар шекаралық ауданда оқ атпау туралы уағдаласты. Пәкістан армиясы елдің солтүстік-батысында экстремистердің қарулы топтарымен соғысып келеді.

Ал Иранға келетін болсақ, Американың Ауғанстандағы әскери операциялары басталған тұста олар ресми түрде Тегеранға жау саналатын «әл-Каида» ұйымының ондаған басшысын өзінде жасырып қалды. Молдалар «әл-Каида» көсемдерін өз ықтиярынан тыс қамауда ұстағанымен, олардың терактілерді жоспарлауына кедергі жасаған жоқ. Тек жақында ғана «қожайындары» «орта деңгейдегі бауырларының» (ресми құжаттарда «әл-Каида» мүшелері осылай аталады – ред.) отбасы мүшелерімен бірге Ираннан кетуіне рұқсат берген. Бұл мәліметтерді Американың барлау қызметі таратып отыр.

«Әл-Каиданың» Үнді түбегіндегі күресі сәтсіз басталды. 6 қыркүйекте терроршылар өз қатарына қосып алған пәкістандық әскерилердің көмегімен Карачидегі зымырантасығышты басып алмақ болған. Олар кейін бұл зымырантасығышты Үнді мұхитында күзетте тұрған АҚШ әскери-теңіз флотының кемелеріне шабуыл жасауға пайдалануды көздеген.

Пәкістан армиясы Солтүстік Вазиристандағы қарулы бүлікшілерге қарсы операция кезінде.
Пәкістан армиясы Солтүстік Вазиристандағы қарулы бүлікшілерге қарсы операция кезінде.

Диверсанттар Калашников автоматтарымен көзге түсіп қалады, себебі Пәкістан армиясында бұл қару түрін пайдаланбайды. Атыс кезінде бір офицер мен он содыр қаза тапқан, тағы төртеуі тірідей қолға түскен. Артынша полиция оларға жақтас болған Пәкістан армиясының үш офицерін тұтқындады.

Операция сәтті аяқталғанына қарамастан, Батыстағы әскерилер бұдан қатты секемденіп отыр. Себебі, «әл-Каида» ядролық қаруы бар елдер қатарына жататын Пәкістанның армиясына дендеп еніп барады. Содырлар арасында Карачи қаласы полиция басшысының ұлы да бар болып шықты. Ол экстремистік көзқарасы үшін армия қатарылған шығарылған екен. Мұның алдында Пәкістан барлаушылары әскери-теңіз флотының инфрақұрылымына шабуыл жасауды көздеп жүрген өзбекстандық содырлардың жолын кескен. Елдің Солтүстік Вазиристан аймағында тұтқынға түскен содырлардың қолында да Пәкістанның әскери нысандарының карталары бар болып шыққан.

Евгений Ароновтың мақаласы қазақшаға аударылды.

XS
SM
MD
LG