Accessibility links

Александр Дугиннің Грекиядағы одақтастары


Ресейдегі еуразияшылдық қозғалыс идеологы Александр Дугин.
Ресейдегі еуразияшылдық қозғалыс идеологы Александр Дугин.

Грекияда сайлауда жеңіске жеткен СИРИЗА партиясы басшылығымен Ресейдегі еуразияшылдық қозғалыс идеологы тығыз байланысты болып шықты.

Баспасөзде жарияланып кеткен электронды хабарламалар Грекияның жаңа премьері Алексис Ципрас пен Ресейдегі еуразияшылдық қозғалыс идеологы Александр Дугиннің арасында тығыз байланыс барын көрсетеді. Ресейлік олигарх әрі Украинаның шығысындағы сепаратистік қозғалыстың негізгі демеушілерінің бірі Константин Малофеевтің де Грекияның жаңа басшыларымен жақын екені байқалады.

Еуропадағы радикал қозғалыстар жөніндегі тәуелсіз сарапшы Антон Шеховцевтің пікірінше, Грекия билігіне келген әсіресолшыл СИРИЗА партиясы коалициялық үкіметтегі әріптесі «Тәуелсіз гректер» партиясымен бірлесіп Ресейді қолдауы гректердің ресейліктерге дәстүрлі іш тартуынан әлдеқайда ауқымды.

«Жалпы, Грекияда ресейшіл көңіл-күй кең тараған. Бірақ мына екі партия сыртқы саясат мәселесінде Ресейді ашық әрі жария қолдайды. Жаңа премьер-министр Алексис Ципрастың алғашқы ресми кездесуін Грекиядағы Ресей елшісімен өткізуін де Мәскеумен ынтымақтастығын нығайтуға тырысуы деп санауға болады» дейді Антон Шеховцев.

Грекияның жаңа премьері Алексис Ципрас.
Грекияның жаңа премьері Алексис Ципрас.

СИРИЗА партиясы мен Дугиннің байланысын көрсететін электронды хабарламалар «Шалтай-Болтай» деген атпен белгілі хакерлер тобының арқасында былтыр желтоқсан айында жарияланған. Бұл хабарламалар Александр Дугиннің ескі досы әрі еуразияшылдық қозғалыс жетекшілерінің бірі Георгий Гавриштің электронды поштасынан табылған. Ресейге бүйрегі бұратын Еуропа саясаткерлері, зерттеушілері және қоғам қайраткерлерін біріктіруге Дугин мен Малофеевтің барынша тырысқаны әлгі хабарламалардың мазмұнынан байқалады.

Шығыс Еуропадағы ақпараттық саясат проблемалары жөніндегі маман әрі блогер Христо Грозев 2013 жылға дейін бес жыл Грекияда тұрған Георгий Гавриш пен СИРИЗА партиясы функционерлерінің өзара хат алмасып тұрғанын ерекше атап көрсетеді. Дугиннің атынан әрекет еткен Гавриш «атлантизмге» қарсы тұруға қауқарлы еуразияшылдық идеологиясын қолдауға әзір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін іздеумен айналысқан.

Мұндай адамдардың бірі - грек ғалымы, СИРИЗА партиясының кеңесшісі әрі Ресеймен іскерлік байланысы бар Николас Лаос. Ол корпоративтік қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын ресейлік R-Техно компаниясының серіктесі. Тағы бір хабарламада «Тәуелсіз гректер» партиясының жетекшісі, жуырда қорғаныс министрі болып тағайындалған Панос Камменостың есімі аталады. Былтыр қазанның 25-і күні жолданған бұл хабарламада ықпалды блогер әрі СИРИЗА партиясының стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Димитрис Константакопулос Фракий университетінің профессоры Филиппос Цалидис екеуі құрған Афина геосаяси зерттеулер институты туралы жазады. Төменде осы хабарламадан үзінді келтірілген:

Солшыл СИРИЗА партиясы басшысы Алексис Ципрас (сол жақта) және «Тәуелсіз гректер» партиясы жетекшісі Панос Камменос. Афина, 26 қаңтар 2015 жыл.
Солшыл СИРИЗА партиясы басшысы Алексис Ципрас (сол жақта) және «Тәуелсіз гректер» партиясы жетекшісі Панос Камменос. Афина, 26 қаңтар 2015 жыл.

​"Тұрақты байланыс орнатайық деп қиыла сұрап жүрген Паностың құлшынысы бір ай бұрын мықты сияқты еді. Кейін ол жеке шаруаларымен (бізге «досымның үйлену тойына барамын» деген) Мәскеуге барып келді. Ал сосын жер жұтқандай жоғалып кетті. Жоқ болуының себебін қашан және қалай түсіндірер екен деп тықырши күтудемін».

Әлгі хабарламаны жолдағаннан кейін небәрі бір ай өткенде геосаяси зерттеулер институты бұрын Ресей сыртқы барлау қызметіне қараған, кейін президент әкімшілігі құрамына өткен Ресей стратегиялық зерттеулер институтымен (РИСИ) ниеттестік туралы меморандумға қол қойды. Оның директоры – сыртқы барлау қызметінің отставкадағы генерал-лейтенанты Леонид Решетников.

– Дугин жиырма жылдан бері Франция, Италия, Бельгия, Ұлыбритания елдеріндегі оңшыл партиялардың көптеген өкілдерімен тығыз байланыста. Олар бір-біріне лекция оқып тұрады. Оның кейбір кітаптары шет тілдерге аударылған. Көбі жасанды академиялық, интеллектуалдық сарындағы, элиталық дискурстар түріндегі сипаттағы ғылыми мақалалар болғандықтан, оның бұл қызметі жұрт назарын онша аудара қоймаған еді, - дейді Киевтегі «Петр Могила атындағы академия» университетінің профессоры Андреас Умланд.

Ресейлік миллиардер Константин Малофеев.
Ресейлік миллиардер Константин Малофеев.

Ұлтшылдық позициясымен танылған миллиардер-консерватор Константин Малофеевпен күш біріктіргенше Дугинге онша ешкім мән берген жоқ. Дугин былтыр ақпанда Малофеевке хат жазып, Батыс Еуропадан байланыс орнатуға адамдардың тізімін жолдаған.

Христо Грозевтің сөзінше, Дугин «Ресей саясатын қолдайтын саясаткерлердің элиталық клубын» құру үшін Малофеевке әлгі адамдармен байланыс орнатуды ұсынған. Антон Шеховцев былтыр мамырда Вена қаласында Дугин мен Малофеев Еуропаның әсіреоңшыл идеологияны уағыздайтын партия жетекшілерімен кездескенін айтады.

– 2014 жылдың мамырында Дугин мен Малофеевтің Австрияның Азаттық партиясы, Болгарияның «Шабуыл», Францияның ұлттық майдан өкілдерімен құпия кездесіп, келіссөз жүргізуі - екеуінің байланыс орнатуға тырысқанының айқын көрінісі. Олардың бәрі - әсіреоңшыл партиялар. Яғни, Ресейдің сыртқы саясатын қолдауда жалғыз Дугин емес, олардың бәрі бірігіп байланыс орнатуға тырысқан.

Бірақ Христо Грозев «әзірше Дугин мен Малофеевтің жоғарыда аталған партияларға қаржылай немесе материалдық көмек көрсеткенін дәлелдейтін тура айғақтар жоқ» дейді. Грозев Дугиннің грек саясаткерлерімен алыс-беріс хаттарындағы «мистицизм» деңгейіне қайран қалғанын да айтады. Оның айтуынша, Георгий Гавришпен бірге СИРИЗА партиясы мен Дугин адамдары арасында жиі делдал болып жүрген Николас Лаос үнемі тіміскіленіп, грек саясаткерлерінің арасынан «Ресей сыртқы саясатының қас дұшпандары» - масондарды іздейді.

Грекияның жаңа үкімет құрамының ант беру рәсімі. Афин, 27 қаңтар 2015 жыл.
Грекияның жаңа үкімет құрамының ант беру рәсімі. Афин, 27 қаңтар 2015 жыл.

Профессор Андреас Умланд Дугин идеологиясын «антибатысшылдықтың радикалды формасы» деп атайды.

– Ол Ресей халқын жаңа еуразиялық ұлт ретінде қайта түлетіп, әлемдік және Ресей саясатын түбегейлі өзгертуді көздейтін идеологияны уағыздап жүр. Ол «үшінші рейх», «Италия фашизмі», герман нацизміне қатысты екіұшты мәлімдемелер де жасаған.

Дугин Грекияның жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Никос Коциаспен де жақсы таныс. Пиреядағы университеттің профессоры Коциас 2013 жылдың сәуірінде Дугинді «Халықаралық проблемалар және еуразиялық доктрина» тақырыбында лекция оқуға шақырған. Дугин лекциясында «Мәскеудің Еуразия одағы жобасына Грекия тікелей кіре алмайды, бірақ Сербия сияқты елдермен бірігіп, Еуропа одағы аясындағы «еуропаның ұқсас елдерінің шығыс полюсындағы » орнын иеленіп, «Еуропа архитектурасын жаңғыртудағы» рөлін ойнауы тиіс» деп айтқан.

XS
SM
MD
LG