Жұма, 29 тамыз 2014, Алматы 15:57


ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан ұлттық валютасының құны неліктен төмендеп барады?

Қазақстанның Ұлттық банкісі таратқан ресми ақпараты бойынша, тамыздың 16 күні бір доллар 125 теңге тұрды. Соңғы күндері Қазақстанда АҚШ долларының өсуі үрдісі байқалып отыр. Осы аптаның өзінде доллар бағамы бірнеше сатыға көтерілді. Валюта базарындағы бұл ахуалдың себептері бірнешеу, дейді сарапшылар.

Кейбір экономистердің пайымдауынша, ипотекалық қаржы дағдарысын ТМД елдері ішінде бірінші болып Қазақстан сезіне бастады. Оның сыртында, теңгенің долларға шаққандағы құны құлдырап барады. Ұлтық банк мәліметінше, теңгенің әлсізденуіне елден капиталдың кетуі әсер етуі мүмкін. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, елден бірнеше миллиард доллар қаржы сыртқа шыққан. Қазақстанның экономистер қауымдастығы құрылтайшылар кеңесінің бастығы Арыстан Есентүгелов шетелдіктер мұнайға салған инвестициясын тез алып кететіні екіталай деп санайды:

- Резидент еместер, негізінен, шикізат секторында жұмыс істеп жатыр. Ал мұнай бағасы өсіп жатыр, әліде өседі. Бұл болып жатқаны - шетелдегі қор нарығының дағдарыстары - уақытша нәрсе.

Сарапшылардың пайымдауынша, негізгі проблема қазақстандық банктердің көбейіп бара жатқан сыртқы қарыздарында. Қазір Қазақстан банктері беріп жатқан несие пайызы да өскені байқалады. Ресей мен Украинада банк несиелері тұрғындардың депозиттегі ақшаларымен қамтамасыз етілсе, қазақстандық банктер шетелден молынан қарыз алып жаман әдеттенген, дейді сарапшылар.

2007 жылдың 1 тоқсанына шаққандағы мәлімет бойынша, жеке меншік сектордың сыртқы қарызы Ішкі жалпы өнімнің 95 пайызына жеткен.

- Ең қауіптісі - банктердікі. Олар қайда жұмсап жатыр, әңгіме сонда. Қысқа мерзімді несие алып, оны ұзақ мерзімді жобаға салса, ол өте қауіпті, - дейді экономист Арыстан Есентүгелов.

Ал, Ұлттық банк қадағалауынан босатылған Қазақстанның даму банкісінің басқарушы директоры Мүслим Бектепов бұны қате пікір дейді:

- Біздің банктің шетелден әкелінген инвестициясы үй салуға, спекуляцияға берілмейді, тек қана инфрақұрылым, энерго, көлік, өндірістік жобаларға беріледі. Сондықтан, біздің қаржы инфляцияға әсер етпейді.

Сарапшылардың айтуынша, теңгенің долларға шаққандағы құны құлдырап барады. Айта кететін жайт, Қазақстан билігіне жақын сарапшылар, керісінше, теңге нығаяды деген уәде берген. «Goldman Sachs» агенттігі шілде айында доллар құны 121 теңгеден 115 теңгеге түседі деп болжамдаған еді. Ал іс жүзінде доллардың биржалық құны 16 тамызда 125 теңгеге жетті. Кейбір сарапшылар ұлттық валютаның құнсыздануы мұнымен де тоқтамай, бір доллар 126-127 теңгеге дейін жетуі ықтимал деген болжам айтады.

Қазақстандағы әлемдік банк өкілдігінің сарапшысы Ілияс Сәрсенов Қазақстан тұрғындары үшін ақша құнының ауытқуы тиімсіз екендігін айтады. Себебі, Ұлттық банктің басты саясаты инфляциямен күрес болу керек, дейді ол.

Астана тұрғыны Айгүл Жанабаева соңғы уақытта өзінің еңбекақысы көтерілгенімен ақшаның құны жоқ екенін айтады:

- Қазір мың долларға дейін көтерілді, бірақ оның көтерілгенін, өмірдің жақсарғанын сезіп отырған жоқпыз, себебі, ақшаның құны төмендеп кетті. Азық-түлік, тұрмыстық техника, киім бағасы қымбаттады. Тамақтан, коммуналдық төлемнен ақша артылмайды.

Бірақ, тым абыржитындай ештеңе жоқ, дейді қаржыгерлер. Биржалық сарапшылардың пайымдауынша, көптеген банктерде шетелдік валютаға деген сұраныс өскені байқалып отыр. Бірақ, ұлттық банк доллардың нығаю жылдамдығын ұстап тұрғаны аңғарылады. Қазақстандық экономист Арыстан Есентүгелов қиыншылықтар шетелдіктер мен доллар құнына қатты байланысты емес деген пікірде. Проблема жергілікті үкіметтің бюджет қаржысын жұмсауында жатыр, дейді экономист:

- Кез келген жерге салады ақшаны. Басымдылық деген жоқ десе болады. Сол баяғы ауырған адам туберкулезбен әлі жатқандай. Арықтан ішкендер әлі сол суын ішіп жатыр. СПИД-пен ауырғандар әлі сол жерде ауырып жатыр. Ал, электрондық үкімет, сайлау дейді ме, құдай-ау, ақша деген бос кетіп жатыр.

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Редактор таңдауы

Биліктен кетіп бара жатқан Ауғанстан президенті Хамид Карзай (ортада) мен сайлауға түскен кандидаттар Абдулла Абдулла (оң жақта) және Ашраф Ғани (сол жақта). Кабул, 19 тамыз 2014 жыл.

Ұлықтауға 6 күн қалса да президент белгісіз

Ауғанстанның жаңа президентін ұлықтауға 6 күн қалды. Бірақ сайлау нәтижесі әлі күнге белгісіз. Кімнің президент болатыны анықталмаса да салтанатты шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Толығырақ