Accessibility links

«Жемқорлықпен күресетін» тағы бір жоба шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы жемқорлықпен күресудің кезекті бағдарламасы жобасын ұсынды. Кей саясаткерлер оның іске асарына күман келтіреді.

Биыл шілденің 8-інде президентшіл «Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының жобасын таныстырды. Партия сайтында тұрған жобаға қарағанда, «бағдарлама ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы туралы жолдауын жүзеге асыруға арналған».

«ПАРА АЛМАУ МЕН БЕРМЕУДІ ҮЙРЕТУ»

«Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек «қазір президент әкімшілігі, қаржы полициясы және прокуратура бірігіп, президент тапсырмасы бойынша жемқорлыққа қарсы жаңа мемлекеттік стратегия жазып жатқанын» айта келе:

– «Нұр Отанның» бұл жолғы бағдарламасы жаңадан қабылданатын мемлекеттік бағдарламаға қолдау көрсету үшін жасалып отыр. Мемлекеттік бағдарламада жазалау сипаты басымырақ. Біздің қоғамда «сыбайлас жемқорлықпен тек мемлекет күресуі тиіс» деген көзқарас орныққан. Жаңа бағдарлама қоғамның жемқорлыққа қарсылық мәдениетін, яғни пара алмау және пара бермеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді, – деді Азаттық тілшісіне.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлыққа қарсы күрес форумында. Астана, 7 қараша, 2008 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлыққа қарсы күрес форумында. Астана, 7 қараша, 2008 жыл.

Саясат Нұрбектің айтуына қарағанда, «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы бірінші бағдарламасы – 2008 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа 10 мәрте күйрете соққы беру» бағдарламасы – коррупциямен күрес процесіне әсер еткен». Ол бағдарлама билікшіл басылымдарда «Жемқорлық – індет, жою – міндет», «Жемқорлық – құтайтпайтын жегіқұрт» деген айдарлармен насихатталып, «мемлекеттік мекемелер жемқорлықпен күрестің жаңа жолына түскені» сипатталған еді.

«ФИКС ИДЕЯ»

Саясаттанушы Талғат Мамырайымовтың айтуынша, «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы екінші бағдарлама қабылдауының бірнеше себебі болуы мүмкін.

– Біріншіден, жемқорлықпен күресуші партия ретінде халық алдындағы беделін көтергісі келетіні байқалады. Екіншіден, парламент мәжілісіне кезектен тыс сайлау болуы мүмкіндігін көрсетеді. Өйткені ендігі сайлаудан кейін саяси режим трансформациялана бастайды. Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасы енді «екінші Назарбаев» болмайтынын жақсы біледі, соған орай саяси режимді өзгерту, яғни парламент рөлін күшейту қамын жасауы мүмкін, – дейді Талғат Мамырайымов Азаттық тілшісіне.

Президент Назарбаевтың сөзі жазылған плакат ұстаған белсенділер Алматы қалалық сотының алдында наразылық акциясында тұр. 17 қыркүйек 2013 жыл.
Президент Назарбаевтың сөзі жазылған плакат ұстаған белсенділер Алматы қалалық сотының алдында наразылық акциясында тұр. 17 қыркүйек 2013 жыл.

Ал оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов «Нұр Отанның» жемқорлыққа қарсы бағдарламасын «бір адамның санасын мейлінше билеп алатын, бірақ белгілі бір себептерге байланысты орындалуы неғайбіл мақсатты білдіретін фикс идея» санатына жатқызады.

– Қазақстан билігі үшін фикс идея дәл осы сыбайлас жемқорлықпен күрес ұраны болғалы қаншама уақыт өтті. Президенттің әрбір жолдауының, сайлауалды бағдарламалардың басты ұстыны да – осы ұран. Бірақ нақты нәтиже жоқ, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Әміржан Қосановтың пікірінше, нәтиже шықпауына «жоғарыдағы шенеунік төмендегі шенеуніктің таза болуын тиімді қадағалай алмайтыны, шенеуніктердің рұқсат беру және бақылау жасау функциялары әлі де өркениетті деңгейде шектелмегені, биліктегі кадр мәселесінде демократиялық сипат жоғы себеп».

Ол «жемқорлықпен күрес» науқанын билік ішіндегі топаралық тартыстың бір көрінісі ғана деп біледі.

«60 ПАЙЫЗЫ ҚАНАҒАТТАНАТЫН ХАЛЫҚ»

Қазақстан «постсоветтік елдер арасында тұңғыш рет, 1998 жылы «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылдағанын» ұдайы мақтанышпен мәлімдейді. Ел үкіметі сайтындағы мәліметтерге қарағанда, бұл заң одан бері бірнеше рет толықтырылып, жетiлдiрiлген.

Қазақстанда жемқорлыққа қарсы президент қаулылары мен жарлықтары да жеткілікті.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы «Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесiн жетiлдiру шаралары туралы», 2002 жылы «Қазақстан Республикасы президентiнiң жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссия құру туралы» жарлық шығарған. Ол 2005 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейту, мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар қызметiндегi тәртiп пен реттiлiктi нығайту жөнiндегi шаралар туралы» да жарлық берген.

Мерекелік шеруге қосылған наразылар "Ұрлықты тоқтатыңдар", "Жемқорлық жойылсын" деген жазулар ұстап келеді. Орал, 1 мамыр 2014 жыл.
Мерекелік шеруге қосылған наразылар "Ұрлықты тоқтатыңдар", "Жемқорлық жойылсын" деген жазулар ұстап келеді. Орал, 1 мамыр 2014 жыл.

Қазақстан президенті «жемқорлықпен күрес – барша халықтың борышы» екенін жыл сайынғы жолдауында да ұдайы қайталап келеді.

Елде жемқорлықпен күрес арнайы үкімет бағдарламасына да айналған.

2006 жылы желтоқсан айында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» үкімет қаулысы шықты.

Қазақстан үкіметі бұл бағдарлама мерзімі аяқталысымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарлама» қабылдады. Бұл бағдарламада «мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына қанағаттанатын халықтың үлесi 2015 жылға қарай кемiнде 60 пайызды құрайтын болады» деп көрсетілген.

Үкімет бұл бағдарлама Қазақстан президентiнiң жарлығымен бекiтiлген «2020 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарын» жүзеге асыруға бағытталғанын, «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең ауқымды акциялар мен науқандар өткізуді көздейтінін айтады.

Қазақстан әлемдегі жемқорлық жағдайын саралаған халықаралық ұйымдардың есебінде коррупция көп таралған елдердің қатарында, тізімнің соңғы жағында (мысалы, былтыр 177 елдің арасында 140-орында) тұрады.

Елде әсіресе жоғары лауазымды экс-шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер «пара алды», «бюджет ақшасын талан-таражға салды және жымқырды» деген айыптармен жиі сотқа тартылып жатады. Қазақстандағы «жемқорлықпен күрес» науқаны жайлы мақалаларды арнайы парағымыздан оқи аласыз.

XS
SM
MD
LG