Accessibility links

Ресей мен Батыстың «санкция соғысы» және Қазақстан


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 18 қаңтар 2012 жыл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мәскеу, 18 қаңтар 2012 жыл.

Ресей министрінің «Мәскеуге қарсы Батыс санкцияларына Кеден Одағы шегінде жауап беруге мүмкіндік бар» деген сөзі Қазақстанда түрлі пікір тудырды.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров желтоқсанның 9-ы күні «РИА-Новости» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында: «Әзірге Батыстың Ресейге қарсы шектеу шараларына жауап беру мәселесі Кеден Одағының күн тәртібінде тұрған жоқ. Бірақ болашақта қажеттілігі боларын жоққа шығара алмаймыз» деді.

Ол Ресейдің Еуропа Одағынан тауар әкелуге тыйым салған амалын Қазақстан мен Беларусь қолдауға уәде бергенін де айтты.

«ТАМЫР БАСЫП КӨРУ АМАЛЫ»

Әлеуметтік желілердегі қазақстандықтар Ресейдің Батыс санкциясына қарсы шарасына Кеден Одағындағы өзге елдер де кірісер-кіріспесін қызу талқылады.

Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Марат Толибаев: «Лавров мырза Кеден Одағына мүше елдердің тамырын басып көргісі келетін сияқты. Өз басым Ресейдің Еуропаға қарсы салған санкциясына Қазақстанның қосылуына үзілді-кесілді қарсымын» деп жазады.

Ал Nurzhan Ibraev есімді қолданушы «осыған дейін бейтарап болған Қазақстанның мұнан кейін де бейтараптылық ұстанатынына» сенеді.

Улан Мустафин есімді азамат «Ресей сыртқы істер министрлігінің Кеден Одағы елдері атынан сөйлеуі – ерсі» деп біледі. «Ресейдің Батысқа салған санкциясын қолдаса, Қазақстаннан шетелдік инвесторлар кете бастайды» дейді Facebook қолданушысы.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кешегі мәлімдесесінен тіксінгендердің бірі – қоғамдық белсенді Айтқожа Фазыл: «Лавровтың мәлімдемесіне қарағанда, Беларусь мен Қазақстанды санкцияларға қарсы шараға қосу үшін Ресей құпия келіссөз жүргізіп жатқан ұқсайды» деп жориды.

«ҚАЗАҚСТАН ЖАНЖАЛҒА АРАЛАСПАУҒА ТЫРЫСАДЫ»

Саясаттанушы Андрей Чеботарев Ресей сыртқы істер министрінің сөзін «Ресейдің қалауы ғана» деп сипаттайды. Ол Сергей Лавровтың «Кеден Одағының құқықтық-нормативтік базасы одаққа қатысушыларға үшінші бір мемлекет жасаған экономикалық қысымға бірлескен қадамдар жасауға рұқсат береді» деген сөзіне де күмәндана қарайды.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

– Біріншіден, ол база Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) сай келе қояр ма екен. Екіншіден, меніңше, ол базада «ЕАЭО үшінші бір елге қандай да бір қарсы шара қолданады» деген сөздер жоқ, – дейді Андрей Чеботарев.

Оның пікірінше, Қазақстанға Ресейдің Батысқа қарсы санкцияларына қосылардай қажеттілік туып тұрған жоқ.

– Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын сақтап қалуға тырысып келеді. Ресейдің басқа елдермен саяси және экономикалық тартыстарына Қазақстанның мүмкіндігінше араласпауға ұмтылатыны – соның белгісі, – дейді сарапшы.

Ал Қазақстанның патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов «Қазақстанды бірде ана жақтан, бірде мына жақтан арандатқысы келетіндерге» наразы.

Қазақстанның патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов.
Қазақстанның патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов.

– Қазақстанның экономикалық мүддесіне басқа елдердің, мәселен, Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың призмасы арқылы қарамаймыз. Бүкіл әлеммен бұрын қалай қарым-қатынас жасасақ, солай жалғастырамыз. Біз тек өз еліміздің ұлттық мүддесіне сәйкес әрекет етеміз. Біздің мүддеміз көршілеріміздің бірінің әлдекіммен «сүзісіп» қалғанына еш тәуелді емес, – дейді ол.

Ғани Қасымов Ресей мен Батыс елдері арасындағы санкциялар тұсында «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымдарын ғана басшылыққа алу керек» екенін айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Батыстың Ресейге салған санкциялары туралы пікірін осыған дейін бірнеше рет айтқан. Ресей Украинадағы әрекетіне байланысты санкцияларға енді ғана іліге бастаған кезде президент Назарбаев «санкция қолдану кең ауқымдағы еркін сауда мен еркін нарық принциптерін жоққа шығаратыны» мәлімдеген. Ол «Батыстың БҰҰ-ны айналып өтіп, Ресейге салған санкциясы – тығырыққа тірейтін жол» екенін жуықта Франция президенті Франсуа Олландпен Астанада кездескенде де айтқан.

АҚШ пен Еуропа Одағының Ресейге қарсы санкциялары Кремльдің Украинаға тиесілі болған Қырым түбегін аннексиялауына байланысты наурыз айында жариялана бастаған. Содан бері Ресейге қарсы бірнеше мәрте санкциялар салынып, Украинаның шығысындағы дағдарыс созылған сайын жаңа шектеулер тізіміне кірген ресейлік азаматтар мен компаниялар көбейген. Бұдан кейін Ресей президенті Владимир Путин еліне қарсы санкция салған мемлекетерден азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тыйым салатын жарлық шығарған.

XS
SM
MD
LG