Accessibility links

Тәжікстанда туыстар некесіне тыйым салмақ


Тәжікстандық жас жұбайлар. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандық жас жұбайлар. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның кейбір облыстарында туыс адамдардың өзара некелесу жиі кездеседі. Бірақ дәрігерлер «бұл дәстүр генетикалық ауруға шалдыққан балалардың көбеюіне апарып соғады» дейді.

Азаттықтың Тәжік қызметі Хатлон облысы ауруханасындағы дүниеге науқас боп келген балалардың туыстарымен сөйлесіп, дәрігерлердің пікірін тыңдап қайтты.

Тәжікстанда немере туыс немесе бөлелерді бір-бірімен үйлендіру дәстүрі ежелден бар. Дәрігерлер осындай некеден туған сәбилер арасында науқастардың көп екенін айтады.

ГЕНЕТИКАЛЫҚ ДЕРТІ БАР БАЛАЛАР

Тәжікстан халқы өз әулетін тым жақсы көреді, бірақ оның ұлтқа тигізер зияны да көп. Орталық Азия елдерінде жиі кездесетін немерелес туыстардың бір-біріне үйленуіне тыйым салуға осының өзі негіз бола алады. Туыстар арасындағы некені құптамайтындар осы бір дәстүр кесірінен генетикалық дертпен туған сәбилер көбейіп, ұлттың жойылуына ықпал етуі мүмкін деген қауіп айтады.

Бұл тұжырыммен келіспейтіндер оны шектен тыс әсірелеу деп санайды. Олар туыс адамдар некесінен туған балалардың генінде ақау бар екенін дәлелдейтін ғылыми зерттеулер қажет дейді.

Соңғы бірнеше айда бұл мәселе төңірегінде қызу пікірталас жүрді, енді оны жаңадан сайланған парламент талқыламақ. Немере туыстардың үйленуіне қарсы заң жобасы әлі әзірленбесе де, үкімет мүшелері мен денсаулық сақтау өкілдері шара қабылдауға көшті.

Наурыздың 17-сі күні Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысында денсаулық сақтау аймақтық департаменті мүгедек болып туған сәбилерді тіркеу жұмысы аяқталғанын хабарлады. Бұл жұмысты атқару кезінде олар балалардың ата-анасының өзара туыстық байланысы бар-жоғына баса мән берді.

Хатлон аймағында дене немесе ақыл-ой кемістігі бар, 18 жасқа дейінгі 9700 бала тіркеуге алынған. Олардың 1546-сы өзара туыс жұбайлардың балалары болып шыққан. Кургонтеппа провинциясында дүниеге науқас болып келген балалардың 25 пайызы жақын туыстардың балалары екен.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тіркеуден бөлек, Хатлон денсаулық сақтау мекемелері ата-аналар мен елдегі жастарға өзара туыс адамдардың некелесу қаупі жайлы ақпарат береді. Кампанияның маңызын күшейту үшін насихат жүргізуге ықпалды имамдар да тартылған.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Қаңтар айында ел президенті Эмомали Рахмон «қандары бір туыс адамдардың өзара үйленуі көбейіп бара жатқанына» алаңдайтынын айтқан. Сол кездегі парламент өкілдері алдында сөйлеген Рахмон елде «мемлекет қамқорлығына зәру 10 мың мүгедек бала» бар екенін ескерткен. Олардың көбі - өзара жақын туысқандар отбасында туған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон парадта. Душанбе, 16 қараша 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон парадта. Душанбе, 16 қараша 2013 жыл.

Президент денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлікке осындай некелердің алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырған. Бұл мәселені талқылау 2013 жылы басталған еді, сол кезде бұрынғы депутат және туыс адамдардың бір-біріне үйленуіне үзілді-кесілді қарсы шыққан Саодат Амиршоева парламентке «туыстардың үйленуіне тыйым салатын заң қабылдайық» деп ұсыныс жасаған.

Бірақ, заң жобасы парламенттің талқылауына түспеді, мәселені толық зерттеу үшін құрылған жұмыс тобы бірнеше кездесуден соң белгісіз мерзімге тоқтатылған.

«Сол кезде билік бұндай тыйымға қажетті тетіктер қолымызда жоқ деп айтқан еді» дейді Амиршоева Азаттықтың Тәжік қызметіне. Оның сөзінше, «Тәжікстандағы осы бір дәстүрге президент араласпаса, ешкім ештеңе жасамайды».

Амиршоева «қазір елде туыстардың өзара некелесуі көбейіп кетті, бұрын бұлай болған емес» дейді. Тәжікстан Ислам орталығының жетекшісі Файзулло Баротзода Рахмонның ұсынысын «дана бастама» деп атап, «ұлттың білімін, денсаулығын, мүмкіндігін және өмір сапасын жақсартуға арналған шара» деп сипаттады.

ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ ҰСТАНЫМЫ

Бірақ, немерелес туыстардың үйленуін тоқтату бұл мәселені шешеді дегенге күмәнданатын діни тұлғалар да бар. Ықпалды дін қызметкері Нуриддин Туражонзода «мүмкіндігі шектеулі балалардың 3-4 пайызы ғана туысқан некеден туған» дейді. Туражонзода үйленуге бел буған жұптар алдымен генетикалық тексерістен өтсін, егер болашақ балаларына қатер бар екені анықталса ғана үйленуден бас тартсын дейді.

Күйеу бала (ортада) мен ақсақалдар неке рәсіміне қалыңдықтың келуін күтіп тұр. Душанбе, 4 нрауыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Күйеу бала (ортада) мен ақсақалдар неке рәсіміне қалыңдықтың келуін күтіп тұр. Душанбе, 4 нрауыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ол «ислам діні немелерес туыстардың үйленуіне тыйым салмайтынын» айтып, «ислам ғұламалары діни сенімі бір адамдардың үйленуін құптайды» дейді. «Біз бұндай тыйымға қарсымыз» дейді дін қызметкері.

Әлем бойынша, 1 миллиардқа жуық адам өзара туыстардың некесін құптайтын қоғамда өмір сүреді, бұндай некелер Тәжікстан мен Орталық Азияда кең тараған. Мұндай некеден ана құрсағынан дертке шалдығып туатын балалар саны көп кездесетінін медицина бұрыннан дәлелдеген.

Ұлыбританияда жасалған соңғы және ауқымды зерттеу – «Брэдфордта туған» жұмысы туыстар адамдардың некесінен туған сәбилер арасында мүгедек балалардың екі есе көп екенін растаған.

ДӘСТҮР

Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрге тыйым салу оңайға түспейді.

Хатлон облысындағы үй қызметіндегі әйел Зебо Каримова немерелес туыстардың некесі отбасын тас-талқан етуі мүмкін екенін өз басында өткен жайдан біледі. Оның Анисжон есімді бес жасар немересі сирек кездесетін, емі жоқ генетикалық сырқатқа шалдыққан. Анисжонның ата-анасы - туған бөлелер.

Сәби өмірге келген соң ері әйелін «ауру бала тудың» деп айыптап, ажырасып кеткен. Каримова болған жағдайға өзін айыпты сезінеді.

«Қызымды сіңілімнің ұлына ұзатқанда отбасылық байланысты нығайтуды көздедік, мұндай салдары болатынын білмедік» дейді ол.

Оңтүстіктегі Кургонтеппа аймағына, бұрынғы шөл далаға адамдар 1930 жылдары совет билігінің ықпалымен қоныстандырылған. Бұл өлкеде дәстүрді бұзуды жақтырмайды.

«Ерімнің туыстары отбасында бөгде адамның болғанын қаламай, бізді ажыратуға тырысты» дейді аты-жөнін толық атамаған Малика.

«Немерелес туыстардың некесін тыйғысы келсе, билік алдымен қоғамның санасын өзгертсін» дейді ол.

Фарангиз Наджибулла мен Орзу Каримның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG