Accessibility links

Сайлау нәтижесі «қағаздағы жеңіс» аталды


Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаушылар сайлаудан кейінгі мерекелік шараға қатысып тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаушылар сайлаудан кейінгі мерекелік шараға қатысып тұр. Астана, 27 сәуір 2015 жыл.

Батыс басылымдарының көбі кезектен тыс президент сайлауындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісін алдын ала болжанған «қағаз жүзіндегі жеңіс» деп атайды.

New York Times газетінің жазуынша, дауыс беру барысында жұртты сайлауда кімнің жеңетіні емес, кезектен тыс бұл сайлаудың жалпы не үшін өткізілгені туралы сұрақ көбірек қызықтырған.

Ұлыбританияның BBC News агенттігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «қалың жұрт күткендей, сайлауда жойқын жеңіске» жеткенін жазған. Сайт сайлаудың алдын ала жарияланған нәтижелерінен «сайлаушылардың 97,7 пайыз дауысы мен 95,11 пайыз рекордты саны қатысқан» деген деректерді келтірген.

BBC News агенттігі «74 жастағы Назарбаев мырзаға бес жылдық бесінші президенттік мерзім сыйлайтын нәтиже шығатынына ешкімнің шүбәсі болмаған... Жұрт оның екі қарсыласын да билікшіл кандидат деп санайтындықтан, бұл сайлауда ол шын мәнінде жалғыз кандидат болды» деп жазады.

Шымкенттегі "Достық" ықшаауданында орналасқан 1030-сайлау бөлімшесіндегі дауыс беру. Шымкент, 26 сәуір 2015 жыл.
Шымкенттегі "Достық" ықшаауданында орналасқан 1030-сайлау бөлімшесіндегі дауыс беру. Шымкент, 26 сәуір 2015 жыл.

Reuters агенттігі «Қазақстан басшысы жаңа президенттік мерзімге «тұрақтылық» мантрасымен аттанып барады» деген мақаласында ешкім бұл сайлаудан ешқандай тосын жаңалық күтпегенін жазады.

Reuters «Жексенбі күні Қазақстанда өткен президент сайлауында экономикалық және құқық қорғау ұйымдары «биліктің 26 жыл өзгеше ойлауды басып-жаншуы» деп атайтын әлеуметтік тұрақтылықты ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев талассыз жеңіске жетті» деп жазады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекелестерімен күрестегі жеңісін «қағаз жүзіндегі жеңіс» деп атаған Американың Wall Street Journal газетінің сайты сайлау экономикалық өсім күрт құлдыраған және көрші Украина мен Ауғанстан елдеріндегі толқуларға алаңдау күшейген тұста өткенін жазады.

Американың New York Times газеті Қазақстан сайлаушылары жексенбі күні қазіргі президентті қайта сайлауға әзір әрі одан «жалғыз ғана нәтиже» күтілетінін жазған.

«НАҒЫЗ» ОППОЗИЦИЯСЫЗ ӨТКЕН САЙЛАУ

Reuters агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың нарықтық реформалар жүргізудегі, шетел инвестициясын тартудағы және «дала ұлтын бұрынғы Совет одағындағы ең ірі екінші экномикаға» айналдырудағы еңбегі туралы жазады. Бірақ агенттіктің жазуынша, «Назарбаевтың мықты сыншыларының» көбі қазір түрмеге қамалған немесе шетелге қашқан.

Wall Street Journal «Нағыз балама кандидаттар болмағандықтан, Назарбаевқа қарсы жандарға дауыс беруге мүлде қатыспаудан өзге вариант қалмады» деп жазады.

Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылы №-116 сайлау учаскесінде бақылаушылардың бос тұрған орындары. Қызылорда облысы, 26 сәуір 2015 жыл.
Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылы №-116 сайлау учаскесінде бақылаушылардың бос тұрған орындары. Қызылорда облысы, 26 сәуір 2015 жыл.

BBC News басылымы сайты «мұрагерге қатысты қауесеттерді тоқтатуға бағытталған қадам ретінде» сайлау бір жыл ерте өткізілді деген болжам жасайды. Reuters агенттігінің пікірі де осыған саяды. Мұрагер тақырыбын Wall Street Journal газеті де қозғап, келесі президенттік мерзімнің аяғына қарай Нұрсұлтан Назарбаевтың жасы 80-ге тақайтынын әрі оның орнына келетін мұрагер «өз мандатын ұлттық мүдде туралы популистік уәделермен нығайтуға» тырысуы мүмкін деп жазады.

New York Times газетінің жазуынша, жұрт кезектен тыс сайлау өткізуді мұнай бағасының арзандауына байланысты экономикалық өсім құлдыраған және Украинадағы дағдарыстан кейінгі аймақтағы тұрақсыздық күшейген тұстағы Назарбаев мырзаның «халық сенімін» иелену үшін жасаған қадамы санайды әрі дауыс беру барысында жұртты сайлауда кімнің жеңетіні емес, жалпы бұл сайлаудың не үшін өткізілгені көбірек қызықтырған.

XS
SM
MD
LG