Accessibility links

«Протон» апатынан екі жыл өтсе де өтемақы төленбеді


«Протон-М» зымыран тасығышы апатын тікелей эфирден көріп тұрған адам. Зымыран тасығыш ұшқаннан кейін бірден Қызылорда облысы аумағына құлады. 2 шілде 2013 жыл.
«Протон-М» зымыран тасығышы апатын тікелей эфирден көріп тұрған адам. Зымыран тасығыш ұшқаннан кейін бірден Қызылорда облысы аумағына құлады. 2 шілде 2013 жыл.

Байқоңырда ресейік зымыран тасығыш «Протон-М» құлағалы екі жыл өтті. Ресей әлі Қазақстанға экологиялық залал құнын төлемеді. Болжам бойынша, тараптар «айырбас» жасасып, ғарышқа қазақстандық космонавт ұшыруы мүмкін. Оған дейін «Протон» тағы құлады.

Қазақстандық және ресейлік тараптар 2013 жылы шілденің 2-сі күні құлаған ресейлік зымыран тасығыш келтірген залал мөлшерін келісілген әдістемеге сай анықтау үшін бірлескен комиссия құрған. Бірақ олар «Протон-М» апатынан келген залалды есептеудің бірыңғай әдістемесін әзірге ұсынған жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖАУАБЫ

Ресми түрде инвестиция және даму министрлігінің аэроғарыш агенттігі деп аталатын «Қазғарыш» Азаттық сауалына «Протон-М» апатынан болған залалды өтеу мәселесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мекеме - энергетика министрлігі құзырына қарайды» деп жауап берді.

Энергетика министрлігі Азаттыққа берген жауабында «Қазақстан тарапынан келтірілген шығын мөлшерін есептеумен қоршаған ортаны қорғау министрлігі айналысады» деп жазды.

Энергетика министрлігі Азаттыққа берген жауабында«Үкіметаралық комиссияның Байқоңыр кешені жөніндегі екінші отырысының нәтижесі бойынша (2014 жылы қарашаның 23-і және 24-і күндері, Байқоңыр), 2015-2017-жылдарға арнап бірлескен бағдарлама әзірлеу туралы шешім қабылданды. Оған Байқоңыр ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, ғарыш айлағына жақын аумақта тұратын тұрғындарды әлеуметтік-гигиеналық бақылау және жағдайды жақсарту үшін көрсетілген бағыттар бойынша шараларды жүзеге асыру кіреді. Ары қарай Тараптардың жұмысы аталған бағыттар бойынша жүргізіледі» деп жазыпты.

Министрлік осы жылы наурыздың 3-і және 4-і күндері Мәскеуде «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметі кезіндегі экологиялық қауіпсіздік бағдарламаларының қазақстандық-ресейлік ғылыми-техникалық кеңесінің кезекті отырысы» өткенін хабарлап, «бағдарлама жобасы қаралып, мақұлданды» дейді.

Қазақстанның аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.
Қазақстанның аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Басқа қазақстандық мемлекеттік мекемелер мен лауазымды өкілдерден – соның ішінде премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев және Қызылорда облысы әкімдігі басшылығынан Азаттық жауап ала алмады.

Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев бұрын парламентте «табиғат қорғау комитеті Байқоңырдағы апат үшін өтемақы сомасын есептеп шығарды» деп мәлімдеген еді.

Талғат Мұсабаев «Өздеріне ғана мәлім тексерулер мен деректерге сүйеніп 14 миллиард теңге деп есептеген. Оны тіпті біз толық түсіне алмадық. Шын мәнінде бұл мәселе шығын мөлшерін бірлесіп анықтауға мүмкіндік беретін ортақ нұсқаулық немесе құжат дайындап болмайынша, ешқашан шешілмейді» деді. Ол мұндай құжатты Қазақстан Ресеймен бірге әзірлеп жатқанын айтты.

РЕСЕЙ ПОЗИЦИЯСЫ

Ресейлік тараптан тек «Роскосмостан» жауап келді. Олар Қазақстан энергетика министрлігінің уәдесін қайталайды. Ресейлік ғарыш агенттігі 2015-2017-жылдарға арнап бірлескен бағдарлама әзірлеу туралы келісім жасалғаны жайлы жазады. Ол «Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қамтиды». Олардың мәлімдеуінше, әзірленген бағдарлама жобасы 2015 жылдың наурыз айының басында мақұлданған.

Ресейдің «Протон-М» зымыран тасығышын Байқоңырдың ұшыру алаңына орнату сәті. Бұл зымыран 2013 жылы шілденің 2-сі күні апатқа ұшырады.
Ресейдің «Протон-М» зымыран тасығышын Байқоңырдың ұшыру алаңына орнату сәті. Бұл зымыран 2013 жылы шілденің 2-сі күні апатқа ұшырады.

«Бағдарлама жобасын Ресей мақұлдап, Қазақстан Республикасының осы саладағы мекемелеріне келісуге жіберді» деп жазады «Роскосмос».

Зымыран тасығыштар апатқа ұшыраған жағдайда экологиялық залал мөлшерін анықтау әдістемесін бірлесіп әзірлеу Ресейдің «Байқоңыр» кешенін жалға алу келісімінде қарастырылған. Бұл құжат қазір Қазақстан энергетика министрлігінде жатыр.

«АЙЫРБАС» ЖАСАУ МҮМКІН БЕ?

Ресей Қазақстанмен әсіресе, әскери техника және қару-жарақ салаларында және әскери-өнеркәсіпке жақын салаларда айырбас жасауға бейім.

Қырымды аннексия жасап алғаны үшін және Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерді қолдағаны үшін Ресейге қарсы Батыс елдері санкция енгізген бір жарым жылда Ресей «қолма-қол» ақшамен есептесуге қиналатын болды. Ресейдің қаржылық тұрғыда қиналып жатқанын үш ай бойы жалақысын алмаған «Шығыс» ғарыш айлағы құрылысшыларының ереуілге шыққанынан да байқауға болады.

Ресей мен Қазақстан жақында ғарышқа қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовты ұшыру ниеттері бар екенін айтқан еді. Бұған қатысты түрлі болжамдар жасалды, кейбір бақылаушылар ресейлік тарап Байқоңырда 2013 жылы шілденің 2-сі күні құлаған «Протон-М» келтірген залалды Қазақстан жағына осылай өтеуге тырысуы мүмкін десті. «Роскосмостың» мәлімдеуінше, Айдын Айымбетов ғарышқа екі ел арасындағы келісімге сай ұшпақ, бірақ бұған қарап «айырбас» мәселесін жоққа шығара алмаймыз, себебі «Роскосмос» Азаттыққа басқа ақпарат беруден бас тартты. «Қазғарыш» та бұған қатысты ештеңе айтпады.

"Протон-М" апаты. Байқоңыр, 2 шілде 2015 жыл.
"Протон-М" апаты. Байқоңыр, 2 шілде 2015 жыл.

Дегенмен Азаттыққа пікірін айтқан парламент депутаты Тұрсынбек Өмірзақов ондай мүмкіндіктің бар екенін жоққа шығармайды. Өмірзақовтың сөзінше, «айырбас» болған күнде Қазақстан одан тек ұтады.

ҚҰЛАП БЕРЕТІН «ПРОТОНДАР»

Ресей 2050 жылға дейін Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Қазақстанға жыл сайын 115 миллион доллар төлеуі тиіс. 1990-жылдардың соңында Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алған төлемнің есебінен Ресей әскери және басқа техникаларды берді. Бірақ Ресей берген әскери ұшақтардың соңғы жылдары апатқа ұшырағанына қарап, Қазақстанда әртүрлі пікірлер туды.

2013 жылы шілденің 2-сі күні «Протон-М» құлаған соң Қазақстанда «Антигептил» тобы пайда болды. Олар Астанадағы Ресей елшілігінің және «Қазғарыш» ғимараттары алдында Қазақстанда гептил отынын пайдаланатын «Протон-М» тәрізді зымыран тасығыштарды ұшыруды тоқтатуды талап етіп, қоғам назарын өздеріне аударды. «Антигептил» белсенділерінің мәлімдеуінше, «Протондар» бұрыннан құлап келе жатыр және оларды ары қарай пайдалану Қазақстанға үлкен қауіп төндіреді.

Ресей 2015 жылы мамырдың 16-сы күні соңғы «Протон-М» зымыраны құлаған соң мұндай зымыран тасығыштарды пайдалануды тоқтатуды ұйғарды. Мұндай шешім 2014 жылы мамырдың 16-сы күні басқа бір зымыран тасығыш құлаған соң, тура бір жылдан кейін қабылданды. Соңғы екі апат үлкен биіктікте болды, олардың жарықшақтары Қазақстаннан тысқары, Ресейге құлады.

Мақала орыс тілінен аударылды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG