Accessibility links

Австрия қазағы: Жастардың ана тілді үйренуіне мүмкіншілік жоқ


Австриядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі Қызырхан Шолпан. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
Австриядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі Қызырхан Шолпан. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Еуропада тұратын қазақ ұлттық мейрамдарды дәстүрге сай етіп өткізуге тырысатындарын айтады.

Этникалық қазақ, Австрия қазақ мәдени орталығының жетекшісі Қызырхан Шолпан 1980 жылдан бері Вена қаласында тұрады. Ол Азаттық тілшісімен сұхбатында Еуропадағы қандастарының тұрмысы жайлы да айтты.

Азаттық: – Қазақтар Австрияға қай кезден бастап қоныстанған?

Қызырхан Шолпан: – Қазақтар Австрияға 1973-1974 жылдардан бастап келе бастаған. Әуелі Түркиядан 25 отбасы келгенбіз. Кейін Қазақстанның Венадағы елшілігі ашылғаннан кейін [Қазақстаннан] бизнес саласы бойынша, сондай-ақ оқуға келген студент қазақтар көбейді. Австриядағы қазақтардың басым бөлігі Вена қаласында тұрады.

Азаттық: – Ондағы қазақтардың негізі кәсібі не?

Қызырхан Шолпан: – Австрияда тұратын қазақтардың негізгі кәсібі тері илеп, киім тігу болды. Аталарымыз бұл кәсіпті Қытайдан Түркияға қоныс аударып келгенде меңгерген. Сол кәсіп мұнда да бізге азық болды. Австрияда тұратын қазақтардың жасы 40-тан асқандары тапқан жұмыстарын істеп келеді. Ал кейінгі буын жоғары білім алып, жақсы қызметтер істеп жүр. Әр үйден кем дегенде бір бала жоғарғы білім алған.

Азаттық: – Австриядағы қазақтар діни рәсімдер мен ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай алған ба?

Айт пен наурызды, шілдехана, бесік той, қыз ұзату мен келін түсіруді шамамыз келгенше дәстүрге сай етіп өткіземіз.

Қызырхан Шолпан: – Өз басым бала кезімнен бастап ораза тұтамын. Сенбі, жексенбі күндері үйде құран оқытып, хатым түсіреміз. Венада бұрыннан тұратын қазақтар жаппай ораза ұстайды. Австрияда ислам діні 1912 жылдан бері ресми діндердің бірі болғандықтан балаларымыз алғаш мектепке барғанда ислам діні сабағына қатысады. Жергілікті қазақтар әдет-ғұрыпты сақтауға барынша тырысады. Мәселен, Австрия қазақтары осы уақытқа дейін дастарханға арақ жолатпайды. Әрине, жастардың арасында ішетіндер бар, бірақ олар үлкендерге көрсетпей, тығып ішеді. Айт пен наурызды, шілдехана, бесік той, қыз ұзату мен келін түсіруді шамамыз келгенше дәстүрге сай етіп өткіземіз.

Азаттық: – Австриядағы қазақ жастары ана тілдерін біле ме?

Қызырхан Шолпан: – Жастардың ана тілін үйренуіне мүмкіншілік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Өйткені ана тілін оқытып, үйрететін арнайы курстар мен орталықтар жоқ. Тек Қазақстаннан келген кейбір тіл үйренуге қатысты бейне не аудиожазбалар болмаса, басқадай оқулықтар да тапшы. Бірнеше жас Алматыға барып, Қазақстан үкіметінің бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде арнайы білім алып, қазақ тілін үйреніп қайтты.

Азаттық: – Шетелде тұратын басқа қазақтармен араласасыздар ма?

Қызырхан Шолпан: – Қазақстаннан тысқары тұратын, онда да Еуропада тұратын қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамыз. 2003 жылдан бері жыл сайын Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өтеді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG