Accessibility links

Ахметов ісімен сотталушылар "қысым көрдік" деді


Сот залына кіріп бара жатқан бұрынғы премьер Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл
Сот залына кіріп бара жатқан бұрынғы премьер Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл

Қарағандыда бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісі бойынша өтіп жатқан сот тыңдауында Кейбір бұрынғы шенеуніктер әуелгі түсініктемелерінің күшін жоюды сұрады.

Қарағандыда өтіп жатқан бұрынғы премьер-министр және бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовтің ісі бойынша алдын-ала тыңдауға ондаған қарапайым тұрғын келіп қатысады. Процестің өту барысын көргісі келгендердің ішінде қарағандылықтар мен басқа ауданнан келген тұрғындар бар.

ІСКЕ КӨЗ ТІККЕНДЕР КӨП

Ахметов осы аймақта туып-өскен, мансап жолын бастаған. Астанаға қызметі жоғарылап кеткенге дейін екі жылдан астам Қарағанды облысын басқарған. Оған қоса сотталушылар орындығында – тағы 20 адам отыр, олардың көбі бұрын Қарағанды әкімдігінде және Қарағанды облысында жоғары қызмет атқарған шенеуніктер.

Олардың бәрін "қаражат жымқырған", "лауазымын асыра пайдаланған" және "заңсыз бизнеске араласқан" деп айыптайды. Серік Ахметовке "ірі көлемде пара алған" деген айып та қосылды.

Істі тыңдауға келген қарағандылық белсенді азамат Айтқожа Фазылов Азаттық тілшісіне сотқа келіп, Ахметов пен бұрын оның қармағында істегендер не үшін жауапқа тартылғанын білгісі келетінін айтты. Пришахтинск тұрғыны Төлеубай Байжанов Қарағандыға сот ісіне арнайы келген, ол бұл істің немен аяқталатынын білсем дейді. Бірақ соттың істі қарауы енді ғана басталды.

Серік Ахметовтің сотына келгендер. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл
Серік Ахметовтің сотына келгендер. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл

Іс тыңдалып жатқан облыстық сот ғимаратын полиция шебі қоршап тұр. Серік Ахметов сот тыңдауына Қарағандыдағы үйқамақта отырған өз үйінен қара көзілдірік тағып, галстуксіз костюм киіп келді. Қасында бірнеше ер адам ілесіп жүрді.

Тергеу кезінде тұтқындалған бұл істің бес кейіпкері сотқа қарауылмен әкелінді, олардың ішінде бұрынғы Қарағанды әкімі Мейрам Смағұлов пен Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев бар. 14 айыпталушы кепіл төлеп босатылған, тағы біреуі – "бюджеттік қаржыны ұрлауға қатысы бар" деп айыпталған компания директоры үйқамақта отыр.

СОТТАЛУШЫЛАР ТҮСІНІКТЕМЕ КҮШІН ЖОЙҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Алдын ала сот ісін тыңдаудың екінші күні таңғы сағат 10-да басталды. Дүйсенбі күні процедуралық жағдайларға байланысты сот тыңдауы өтпеген. Сейсенбі күні таңертең сотталушылардың қорғаушылары бірнеше өтініш берді.

Серік Ахметовтың қорғаушылары істегі процессуалдық тәртіп бұзушылықтар жайлы айтты, олар 95 миллион теңгеге қатысты істің бір бөлігі бойынша келтірілген залалдың күшін жоюды талап етті.

Бірнеше бұрынғы шенеуніктің қорғаушылары соттан "қылмыс белгісі жоқ болғандықтан", өз қорғауындағы адамдарға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Бірнеше қорғаушы судьяға іс материалдарымен танысуға уақыт беруін өтінді.

Қарағанды облыстық сотының ғимараты. 28 шілде 2015 жыл
Қарағанды облыстық сотының ғимараты. 28 шілде 2015 жыл

Тергеушілер "қаржы жымқыруға қатысы бар" деп тапқан компания менеджері Камила Пірәлиеваның қорғаушысы үйқамақта отырған әйелді кепілмен босатуды сұрады. Сотталушы сотқа алты айлық баласымен келді, тағы бір кішкентай баласы Астанада қалған.

Күннің екінші жартысында сот залына келген судья Исламхан Есенбаев өтініштердің ешбірін қабылдамады. Сотталушыларға қатысты қабылданған жазалау шарасы сол қалпы қалды. Сот сотталушылардың мүлкін тәркілемеу туралы өтінішке де құлақ аспады. Тек Серік Ахметовтың "бауырымды қоғамдық қорғаушы ретінде іске тартайын" деген өтінішін қабылдады.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев соттан өзінің бұрынғы түсініктемелерінің күшін жоюды өтініп, оларды қысымға шыдамай бергенін айтты.

Оның артынан Қарағандыдағы жер басқармасы бастығының орынбасары Айдар Телғарин тергеу кезінде өзінен түсініктемені қысым жасап алғанын, «Серік Ахметов пен Бауыржан Әбдішевке қарсы жала жабуға мәжбүрлегенін» айтты.

Қорғаушылар мен сотталушылардың өзі сот ісінен тыс жерде БАҚ-қа түсініктеме беруден бас тартты. Бұл іс бойынша негізгі сот ісі тамыздың 10-на белгіленген.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG