Accessibility links

Әлнұр Мұсаев Венадағы сотта кінәсіз екенін айтты


ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (ортада) сотқа кіріп келе жатыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (ортада) сотқа кіріп келе жатыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Сәрсенбі күні Вена сотында ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, "екі банкирді қастандықпен өлтіруге қатысы бар" деп айыпталған Әлнұр Мұсаев іске қатысты негізгі сұрақтарға жауап берді.

Австрия сотының болжауынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев алматылық банкирлер Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновке қастандық жасалған күні – 2007 жылдың 9 ақпанында Рахат Әлиевтің резиденциясында болған әрі екеуін өлтіруге қатысқан.

Бірнеше қылмыстық айыптар бойынша Қазақстанда сырттай 15 жылға сотталған Әлнұр Мұсаев «жазықсызбын» деп мәлімдеп, тағылған айыптарды мойындамайды. Австрияның Standard газетінің жазуынша, ол бүгін Вена сотында «сол күні өз пәтерімде болдым, мұны жанымда бірге болған адамдар растай алады» деп мәлімдеген.

Прокуратура оның 2010 жылы Skype арқылы сөйлескен сөздерін айыбын дәлелдейтін айғақ ретінде келтірген. Жазбаға сәйкес, Мұсаев сұхбаттасушы адамға өлтірілген банкирлер нақты көмілген орынды көрсете алатынын айтқан. Банкирлердің мүрдесі 2011 жылдың мамырында табылған. Сотталушы Мұсаев Skype-тағы жазбаны «өңделген әрі қолдан жасалған» деп атайды.

Австрияның тағы бір газеті Press басылымының сот залынан хабарлауынша, Әлнұр Мұсаев «ақпарат көзіне» қалай айналғанын және Қазақстан билігімен ынтымақтасуға қалай көнгенін айтып берген. Оның айтуынша, Австрияда оны екі мәрте ұрлап әкетпек болған.

Қазақстан ҰҚК-нің қуғындағы бұрынғы бастығына Венада жасалған шабуылдар туралы кезінде австриялық тағы бір газет «Остеррайх» жазған еді. 2008 жылы шілдеде Вена көшелерінің бірінде Мұсаевты үш ер адам аңдып, психологиялық қысым көрсеткен әрі бірінші рет ұрлап әкетуге әрекеттенген. Ал 2008 жылдың қыркүйегінде оны екінші рет ұрлап әкетуге тырысқан. Бұл жолы үйінен шығып, көлікке отырмақ болған кезде оған тапанша кезенген белгісіз үш адам тап берген.

Екі жылдан кейін Вена соты бұл іс бойынша соттағандардың бірі ­-қазақстандық студент. Ол кезде тергеушілер «арнайы операцияны» ұйымдастырушы Қазақстанның Берлиндегі елшілігінің қызметкері Нұрлан Әбжанов екенін, ол дипломатиялық иммунитетінің арқасында жазадан құтылып кеткенін мәлімдеген.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Алматы, 2007 жыл.
Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев. Алматы, 2007 жыл.

Әлнұр Мұсаев сол оқиғалардан кейін, яғни 2009 жылы Қазақстан елшілігіне барғанын айтады. Presse газетінің жазуынша, сотта ол өзінің және Қазақстанда қалған балаларының өміріне алаңдап, «ынтымақтасуға» келіскенін айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанның ресми тұлғалары Рахат Әлиевті Қазақстанға алып келуге көмектесуін әрі оған тағылған айыптар бойынша түсінік беруін талап еткен.

Австрия баспасөзінің жазуынша, Әлнұр Мұсаев бұл іс бойынша әуелі куәгер ретінде тергелген, ал кейін оны қастандықпен өлтірілген алматылық банкирлердің жесірлері құрған «Тағдыр» ұйымының мүддесін қорғайтын адвокаттық кеңсе тексере бастаған. Әлнұр Мұсаевтың айтуынша, ол заң фирмасы мен ҰҚК арасында «белгілі бір координация» болған. Бірақ ол «Нұрбанк» туралы ақпаратты сол адвокаттық кеңсеге берген және 2009 жылы Kronen Zeitung газетінде фирма өкілдерінің сұхбаты жарияланғаннан кейін Рахат Әлиевке қатысты тергеу амалдары басталған.

ҰҚК-нің бұрынғы офицері, Рахат Әлиевтің бұрынғы көмекшісі Вадим Кошляк та 2007 жылы «Нұрбанктің» екі топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті қастандықпен өлтіруге қатысы бар деп айыпталады. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев бұл істе басты айыпталушы болған. Екі айдай бұрын ол Вена түрмесінің бір кісілік камерасында асылған күйі табылған.

XS
SM
MD
LG