Accessibility links

Қазақстанда элита ауыса ма?



Қазақстанда тастан қаланған, мүмкін, әу баста диктатуралық-бюрократиялық жартас болып біткен билік өзгермейтін болды. Шыққыр көзіміз оны да көрді. Бірақ оның төңірегіндегі аздаған саңылау сәуле элита ауыса ма?

Қажыгелдиннің тұсында бизнестегі «жас түркілер» толқыны саяси элитаға айналып, қоғамның либералдық-нарықтық форматқа өтуіне үлкен серпін берді. Алайда, «жаңа қазақтардың» кеудесіне қадір тұтқан құндылықтары орыстілді-қалалық, абстракциялық-неономадтық тінді дүниелер-тұғын. Кезінде шарықтау шегі ҚДТ-ға шейін жеткен «жас түркілердің» ұстанымын қазақ халқы саяси тұрғыда қолдағанымен, олардың «орыс тіліне мемлекеттік дәреже» сұраған үндеулерін, «Битлзға», А.Пугачеваға құрметтерін қуаттап кетті дей алмаспыз. Бүгінде бұл толқын түгелге дерлік ойын алаңының сыртында – шетелде жүр.

Абайдың Әбішті жоқтап айтқан: «Жаңа жылдың басшысы – ол, мен ескінің арты едім» дегенін «болашақтықтарға» қатысты айта алмай отырмыз. Олар бір лек, тұтас толқын болып сахнадан көріне алмады. «Болашақ» дегенде көз алдыңа шенеуніктің шетелдегі баласы мен ішінара қазақтың талантты жастары ғана келеді.

Кеңестік партиялық номенклатураның мұрагер истеблишменті мызғымастай тұрғанда, жаңашыл элиталар қоғамды басқаша өзгертіп әкететін жағдайлар көп. Өкінішке қарай, азамат ерлердің маңына топталып жатқан мұндай үрдіс бізде байқалмайды. Қоғамдағы ондаған президенттік, оппозициялық партиялардың ешқайсысы бірегей идея, біртұтас құндылықтар төңірегіндегі бастаулардан нәр алмаған. Италия саясаттанушысы Гаэтано «мемлекетте ғылымға баса мән берілген жағдайда – ғылыми элита, байлықтың жаңа көзі ашылғанда – технократтық элита, идеология басқа арнаға бұрылғанда – діни немесе ұлттық элита билікке келеді» дейді. Іргелі ғылымды ешқашан менсінбеген, шикізат сатудан өзге түкті білмейтін біздің ел үшін ұлттық бағытта ғана өзгерістер бола ма деген ойға келесің.

90-жылдардағы ұлттық ұйымдардың ұранына қазір ешкім елт етпейді. Ал әлі элита ретінде билікке араласпаған, бірақ қоғамдық-саяси үрдістерге ықпал еткісі келетін ұлтшыл бастауларды екі топқа бөле аласыз. Олардың билік маңына шоғырланған ресейшіл элитадан айырмашылығы – қазақтың тіл, діл мәселелерін басты орынға қояды. Бірақ бір тобы еуропалық либералдық-демократиялық құндылықтарды қолай көрсе, екінші тобы шығыстық-моральдық дүниелерге көбірек арқа сүйейді. Әрине, бұл бастаулардағы азаматтық-плюралистік ұстанымдардың өзі әртекті. Дегенмен, «жас қазақтар» деп атауға келетін қазіргі азаматтық ізденістерде «жас түркілердікі» сияқты жасандылау көшпенділік сағыныш жоқ. Олардың мүддесі «ұлттық», «мемлекеттік» сияқты атауларды әлемдік қалыпты дәстүрде айтылатын «нэшнл» ұғымына жақындату. Бірақ «жас түркілердің» тоз-тозын шығарған, «болашақтың» өзін қырыққа келтірген, тағы басқа ондаған толқынды ауыстырған бүгінгі билік әлі кімдерді «жанбай жатып сөндіретінін» кім білсін?!

arzimas@gmail.com
XS
SM
MD
LG