Accessibility links

Қазақ ұлты енді 200 жыл өмір сүре ала ма?


10 450 домбырашы қазақтың «Кеңес» күйін орындаған сәт. Қытай, Шыңжаң, Толы ауданы. 30 мамыр 2010 жыл. www.chinanews.com сайтындағы сурет.
10 450 домбырашы қазақтың «Кеңес» күйін орындаған сәт. Қытай, Шыңжаң, Толы ауданы. 30 мамыр 2010 жыл. www.chinanews.com сайтындағы сурет.
Жалпы, қазақ интернеті тарихына назар аударып қарар болсақ, оны, Қазақстандағы, Қытайдағы, Моңғолиядағы және Еуропа елдеріндегі қазақтардың еңбегінен бөліп қарай алмайсыз.

Ендеше, сол тарихтың бір бөлшегі болып есептелетін қытай қазақтары да ғаламтор арқылы бүгінгі Қазақ елінің тыныс-тіршілігімен етене таныс деп кесіп айта аламыз.

Ол жақтағы қандастарымыз Қазақ елі туралы қандай пікірде? Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан саяси науқандарға деген көзқарастары қалай? Міне, осы сияқты сұрақтарға аз да болса жауап берер деген үмітпен Қытайдағы қазақтардың Күлтегін сайтындағы мына бір жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Қазақ ұлты енді 200 жыл өмір сүре ала ма?» немесе санбелер мен қазақтар

Ұлт қорғау соғысы Ұлы Отан соғысынан бір мысқал кем емес (Мұхтар Шаханов).
...Ал ендеше рухани соғыс келеді, хас батыр, Тарихың мен салт-мұраңды қорғау үшін сапқа тұр (Әділ Ахметұлы).

Қытайдың солтүстігінде жасаған санбелер (сянби) ат мініп, садақ тартуға, соғыс өнеріне жетік болды. Мал шаруашылығымен шұғылданып, суыққа төзімді санбе қойын жетілдіріп, бақты. Сол дәуірдегі ұлттық қақтығыс себебінен күндерін ат үстінде өткізді. Қолдарынан найза-қылыш тастамады.

Жаңа эраның 398 жылы санбе ұлтының Тоба әулетінен шыққан Тобагүй тұлпарына мініп, туын көтеріп, өзге тайпаларды бағындырып Пижиңді астана етіп патшалық құрды. Бұл тарихта Солтүстік Уи патшалығы деп аталады. Өзі Уи патшалығының Дауди патшасы деп аталды… Осылайша санбе ұлтының батыр ұлы Тобагүй Санбе мемлекетінің ірге тасын қалады.

423 жылы (Миңуанди) Хуаңхыдан (Сары өзен) өтіп Сұң патшалығына шабуыл жасап Лояң қатарлы қалаларды тартып алды. 439 жылы Тобажу (Тайуиды) билеген тұста санбе қытайдың солтүстігін бірлікке келтірді. Бұл тарихта былай деп жазылды: «439 жылы Уи патшалығының патшасы Солтүстік Ляң хандығын жойып, ең соңында он алты хандықтың бытырандылық күйдегі үкіметтерін аяқтатып, солтүстікті бірлікке келтірді. (Осы тұста қазіргі қытайлар өздері иемденіп, шетелге таныстырып, оркестрмен орындап жүрген, тіпті кино да түсірілген «Мулан жыры» барлыққа келді, әсілі «Мулан жыры» Санбелердікі еді). [Қытай аз ұлт тарихы, 267-бет]

Күннен-күнге құдіреттенген Санбелер мемлекеті оңтүстіктегі қытайлар құрған Сұң патшалығымен иық тіресті.

Тобагүйдің қытай тоқалынан туға баласы Шяуынди (Юанхұң) 449 жылы әке тағына мұрагерлік етті. Қытай шешесінің қолында ержеткен Шяуынди өз ұлтының тілі мен дәстүріне мүлдем құрмет етпеді, өз атын Юанхұң деп өзгертті. Осылай қытайша фамилия қолданды. Юанхұңнан кейінгі патшалар да Юан фамилиясын қолданды.

Жаңа эраның 501 жылы қытайластыру саясатын қолданды. Шяуынди (Юанхұң) халыққа жарлық шашып былай деді: «Біртұтас терістік тілде сөйлеуді доғарып, тура тілді (қытай тілін) қолдануымыз керек.. Жасы отыздан асып дағдыланып қалғандар үзілді-кесілді өзгертпесе де болады. Отыз жастан төменгілер шартсыз өзгертеді. Қасақана үйренбесе, жазаға тартылады, қарсылық көрсеткендердің басы алынады». [Терістік Уи патшалығының тарихынан]

Бұл жарлықтың жариялануы санбе ұлты үшін ең әділетсіз де өкінішті еді. Сол оқиғадан жүз жыл өтпей санбелердің ең соңғы патшасы Уи патшалығын құрған Шяужиңдидің (Юаншанжян) немересі Фиди (Юаншян) жаңа эраның 552 жылы тақтан құлайды. Міне, осылайша, мәдениеті гүлденген, «Мулан жыры» сияқты жауһар туындыларды жаратқан, өзіндік тіл, салт-сана, ғұрып-әдеті бар ұлт мәңгілік жердің шарынан өшті, құрып жоғалды. Ең күлкілісі – санбе асыл қойы бүгінгі күнге дейін жетті (кейбір тарих білмейтін аудармашылар оны ‹‹三北›› деп алып, үш терістік қойы деп аударып жүр).

Тарих бізге не айтады? Санбелер бізге нендей ой салады он бес ғасырдан соң?

Қазақстандық ұлт саясатын, қытайдағы қос тіл реформасын бүгінгі Шяуынди реформасы деуге болды. Қазақстандық ұлт саясаты – «бәйбішеден туған» орыстың тілін «тоқалдан туған» қазақтарға және басқа аз ұлттарға қолдану арқылы ұлт жарату болып табылады. Ал қытайдағы қос тіл саясаты ауызбен айтарға сондай жақсы сезілгенімен, ол да – Шяуындидің ұлт жоятын саясатының өзгерген бір түрі. Жалпы, ұлтымызға зор қауіп төніп тұр. Санбелердің Шяуынди саясатын қолданғандықтан жүз жылға бармай жойылғаны секілді, біз де енді екі жүз жылға жетпей-ақ жер шарынан жойылуымыз мүмкін (санбелердің тарихына негізделгенде). Ол кезде Шяуындидің қытай тарихында «көреген, заманға ілескіш патша» деп аты қалғаны секілді, Назарбаев та орыс тарихынан ойып тұрып орын алуы мүмкін».

kazprose@gmail.com
XS
SM
MD
LG