Сәрсенбі, 19 маусым 2013, Алматы 08:13


БЛОГСТАН

Хан дойбы, көп Нұрсұлтан және... менің марқұм күшігім

x
Мәтін көлемі - +
9 қазан күні Астанадағы № 59 мектеп-лицейде «Хан қалада – Хан дойбы» деген жарыс өтетінін, оған тек Нұрсұлтан деген есімі барлар ғана қатысатынын естіп қатты қапа болдым.

Жоқ, жоқ! «Хан дойбыны» білмейтіндігім үшін осы керемет ойынды жерден қазып, таудан қопарып тауып алған-мыс азаматтардың алдында қысылған жоқпын. Бәрібір мен сияқты қара қазақтың ақылы жетпейтін, бұрындары тек ел билеген даралар ғана ойнайтын ойын дейді ғой. Атымды адам... тойыс Нұрсұлтан деп қоймағанына да өкінген жоқпын. Бір ойынды аты бірдейлер ғана ойнай беретін болса, футболға Рональдинодан басқаны, баскетболға Майклден өзгені жолатпайтын шығар бұл қазақ.

Оданша қапа болғанымды айтайыншы.

Баяғыда үй саламын деп, қарызданып-қауғаланып жүріп 10 сотық жер алдым. Бір машина сары топырақ түсіріп, бір тонналық бөшкемен су тасып, кірпіш соғып жатқанмын. Күндіз батпақ езіп шаршаймын. Түнде бір зембіл, екі күрек, үш қалыпты күзетіп шығамын. Күзетпесем, құрал-саймандарым өзінен-өзі жоғалып кете береді.

Бірде түскі шайымды ішіп отыр едім, бір қаңғыбас ақ күшік келді. Бар айыбы – өскенде төбет болмайтын, керісінше басқа ауылдың төбеттерін үйір қылатын қауымнан екен. Қарыны тойған соң үйірсек болып алды. Менен қалған сорпа-суанды ішіп, кепкен нанды жейді. Түні бойы шәуілдеп үріп, мүкәмалдарымды күзетіп шығады.

Ақ күшігіме шексіз разы болып, бұл еңбегінің өтеуін қалай қайтарсам екен деп ұзақ ойланып, ақыры «керемет бір ат қояйыншы осыған» дедім. Ақкүшік, Саққұлақ деген тозған аттарды ұнатпадым. Үш күн, үш түн толғана келе, екі сөзден құралған бір ат таптым. Біріншісі – қазір кез-келген банк, партия, газет-журнал, дүкен-дүңгіршектің атының алдында қосақталып жүретін, «модаға» айналған, үш әріптен тұратын сөз. Екіншісі – иттің төбет емес екендігін айғақтайтын «қанш...қ» деген сөз.

Арада екі-үш күн өтпей жатып күшігімнің атын көрші-қолаңның бәрі жаттап алыпты. (Өздері оған дейін, тіпті, менің аты-жөнімді де білмейтін еді). Бірінен-кейін бірі келіп: «Кәне, күшігіңді шақыршы!» дейді. Мен шақырамын. Көршілерім разы болып, шек-сілелері қата күледі. Олардың айтқанына көніп, күшігіме «кә-кә» деп отыра берсем, үйім бітпейтін түрі бар. «Атын білесіңдер ғой, өздерің неге шақыра бермейсіңдер?» десем, ешкім үндемейді. Есімін дауыстап айтуға болмайтын Яхве құдай деп ойлайды ғой деймін менің күшігімді. Сол ауылға өзім емес, итім әйгілі болды. Хо-о-ош! Ақыры бір күні түнде әлгі ақ күшігім жоғалды да кетті. Біреулер өліп жатқанын көріпті.

Мен қатты қапа болдым! Маған (яғни, қазаққа!) көрші-қолаң, ағайын-туғаннан гөрі сол күзетші күшіктің көмегі көп болып еді. Қазаққа (яғни, маған!) – оригиналы мен көшірмесі бар, Хан қалада тұратыны бар, Хан дойбысын ойнайтыны бар – көп Нұрсұлтанның қандай пайдасы тиді екен?

Бала Нұрсұлтандарға обал-ақ! Обалы – жарамсақ, құл мінез ата-аналарына! Нұрсұлтан есімді балалардың саны «Хан қалада – Хан дойбы» аталатын делқұлы, дарақы шара өткізуге жететіндей молайған екен. Ойланбай, жалпоштанып, табынудан жарысып, басы жерге иілген күйі бейкүнә баланың атын Нұрсұлтан деп қойып кеп жіберген. Ертең ол өзінің дөрекі, сауатсыз, диктатуралық билігін Ақаев пен Бакиев сияқты аяқтаса ше? Немесе бәлен елдің «башы» сияқты өз достары у беріп тырайтып, оның атын көтеріп жүру ұят болатындай, ескерткішін құлататындай күн туса ше?

Біздің қазақ ондай күн туса дәл осы дарақы шараға еріксіз қатысып, дойбы ойнаған баласының атын өмірінің орта жолында ауыстырып жіберуден тайынбайды. Өйткені «жек көрер, жақсы көрер – сәті білер». Ат қоярда ойланбаған бас ауыстырған кезде тіпті қиналмайды. Сол балаларға ат қойған жалпақ бас, қалқанқұлақ, парықсыз ата-аналар елестейді маған. Әйтпесе, қазір интернет қарап, жаңалық көретін кез-келген сауатты азамат бауыр еті баласын бұлайша қорламас еді. Өйткені әр күні – былық, әр сағаты – заңсыздық, әкіреңдеген әкім, өкірегеңдеген шенеунік, қоқыраңдаған полиция, әңгіртаяғын шошаңдатқан МАИ, өртенген базар, өлген адам, аштық жариялаған әм қаңғырған қазақ. Өз байлығын кезінде бақыр тиынға алып, қазір бірнеше миллиард долларға қайта сатқан ұрылар!

Бірақ тағдыр осы балалардың дойбы ойыны арқылы билік басындағы жын-жыбырды мазақтап, сақ-сақ күліп тұрғандай. Өйткені дойбыда екі топ бар. Сол екі жақ бірін-бірі жейді. Маған сол дойбы ойнап отырған күнәсіз балалар Нұрсұлтан емес, бірін-бірі жеп жатқан дойбылар («нұрсұлтандар», «досқалиевтер», «қалмырзаевтар», «шүкеевтер», «мусиндер») болып көрінеді.

Р.S. Мен там соққан кезде белгілі бір адамның бейнесін бүлдіру іс-әрекеттерін жасағандарға айыппұл төлетіп немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыратын, ал бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң қабылданбаған еді ғой. Күшігімнің 2010 жылдың 15 маусымынан әлдеқайда бұрын өліп қалғанына қуанамын кейде. Әйтпегенде сотталып кетер ме еді ол байғұс…

qiasbay@gmail.com



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: ержан
09.10.2010 09:18
+0 / -0
Мұнан асқан масқара болмас. Нұрсұтлтаннан басқа адам адам емес пе????
Пікір алмасу

Кімнен: Емен
09.10.2010 18:37
+0 / -0
Түсінбедік бауырым!! Сонда Нұрсұлтан адам емес пе?? Ол балаларға атын қойған тоқсаныншы жылдары дәл қазырғідей болған жоқ шығар ол
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
15.10.2010 22:31
+0 / -0
Құрметті Ержан мен Емен! Сонымен кім адам екен, кім адам емес екен?

Кімнен: адай Қайдан: БҚО
09.10.2010 19:28
+0 / -0
Мен бір нәрсені ұқпай қалдым. Нұрсұлтан туралы мақалаға сенің итіңнің қандай байланысы бар. Оның дойбыға қандай қатысы бар. Неге түсінікті етіп жазбайсыңдар?
Пікір алмасу

Кімнен: Нұр-Дойбы
10.10.2010 00:26
+0 / -0
шынымен ештене укпайды екенсин. "Күшігімнің 2010 жылдың 15 маусымынан әлдеқайда бұрын өліп қалғанына қуанамын кейде. Әйтпегенде сотталып кетер ме еді ол байғұс" деп кекеп турган жок па!!!!

Кімнен: Қазақ баласы Қайдан: Ақтөбеден
10.10.2010 17:25
+0 / -0
білуімше, 15 маусымда Елбасы туралы заңына қол қойған жоқ па? "Күшігімнің 2010 жылдың 15 маусымынан әлдеқайда бұрын өліп қалғанына қуанамын кейде. Әйтпегенде сотталып кетер ме еді ол байғұс" деп соны айтып отырған болар. Менің ойымша, қызық мақала

Кімнен: Жұлдыз
11.10.2010 10:18
+0 / -0
Қиясбай, өлтіріпсіз!
Пікір алмасу

Кімнен: адай Қайдан: қазақстан
15.10.2010 18:58
+0 / -0
Шіркіііін, Қиясбайдың жазықсыз ақ күшігін әкеткен құдай неге ғана...

Кімнен: Бату Қайдан: Алматы
11.10.2010 12:51
+0 / -0
Ай, Қиясбай, аяулы "... қ... шық" итіңнің топырағы торқа болсын, бұл дүниеде мұжи алмаған сүйектерін о дүниеде мұжысын! Ал енді балаларына анау атты қойғандарға енді шүйіле бермегін, олар көріпкелдер емес қой. Бір аулада көп болса 1 Нұрсұлтан бар шығар, биліктің бұтындағылар Қазақстанды әдейі аралап жүріп жинаған соң неге көбеймесін? Ойынды ұйымдастырғандар балаларынан бұрын бастығының
ғұмыры ұзақ, бақытты болуын тілеп жүрген сорлылар емес пе?! Бастығы бақа болса, олар соған да табынар еді. Сенің ондай "қасиеті" болмаған итекең адам-ақ екен, амал бар ма, "жазмыштан озмыш жоқ". Саған сондай бір күшік тағы бұйырып,
2030-жылға дейін аман болсын, арғы жағы - коммунизм! Бату.
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
15.10.2010 22:14
+0 / -0
Бату аға, итімнің қазасына бірге қайғырып, көңіл айтқаныңызға рахмет! Маған тағы сондай бір күшік бұйырса, тағы да ат таба алмай қиналамын ба деп қорқамын :(
Ал әр ауладан бір Нұрсұлтан деген бала шықса, расында да ойын-той, сауық-сайранға адам іздеп қиналмаспыз енді...

Кімнен: Кенекем Қайдан: Алматы
11.10.2010 14:45
+0 / -0
Жарықтық Сәбетқазы Ақатай Қазақстандағы елу мың жетім балаға Нұрсұлтан деген ат берейік деп, 1997 жылы бастама көтерген, қателеспесем... Әлде қателесем бе?

Кімнен: Мұхтар
11.10.2010 16:41
+0 / -0
Өткен ғасырдың 80-90 жылдары Алматыда білім алған марқұм ақын ағам Серік Шұқынның мына сөзі есіме түсіп отырғаны..
Араға жылдар салып, Алматыға келген Серік ағам, барлық атауларға қосарлана берген "Нұр" сөзінен жалығып кетіп, "Әй, нұртуалеттерің қайда, сыраны іше-іше қуығымыз толып кетті, босатып алайық та" деген екен.
Нұрсұлтан елімізге басшы болып, "нұрмальный" болып тұрған жоқ па жағдайымыз.

Кімнен: шапыр-мапыр
11.10.2010 23:53
+0 / -0
Бұл енді НӘН билігінң жеріне жете шірігені болар. Елдің қамын ойлаудың орнына Нұр деген аты бар бала-шаға, ит-құсты теріп алып, жарыс өткізіп мәз болып жатыр. Мұндай ақыл Сталиннің де басына келмепті. Әйтпесе Иосиф деген жүз жетімді оңай табар еді ғой. Е, Алла, бұл елге өзің пана бола гөр. Жердегі көлеңкеңнің түрі болса, саған қарсы келіп қалып, ширк жасап қоямын ба деп қорқа берем

Кімнен: Бейімбет
11.10.2010 23:58
+0 / -0
Қиясбай! Сен өзің жөн білмейтін адам екенсің! Қазақ жұп болсын демей ме? Қаншықжанның жұбын тауып, барлық сәулеге малындырып қоймаған өзіңнен көр енді. Осындайда Абайдан сұрап алу керек қой. Қызық адам екенсің, Қиясжан.
Пікір алмасу

Кімнен: Анти-Биеке
12.10.2010 19:40
+0 / -0
Биеке, сіз мына Қиясбайға күліп отырсыз. Оданша соның итіндей қадіріңіз қалмаған өзіңізге күлмейсіз бе!!!
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
15.10.2010 22:16
+0 / -0
Сіздікі де дұрыс, Анти-Биеке!
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
15.10.2010 22:16
+0 / -0
Бейімбет, сіздің айтқаныңыз дұрыс!

Кімнен: Жанат
14.10.2010 11:38
+0 / -0
Бұл ел билеушілерінің әбден асып-тасып естері ауыса бастағандығының белгілері. Енді баяғыдағы бір Рим патшасы сияқты астындағы айғырын министр етулері ғана қалып тұр
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
15.10.2010 22:26
+0 / -0
Құрметті Жанат! Ол патшаңыз Нерон деген жарықтық қой. Мен де танитын сияқтымын http://bit.ly/a8wN9v
Пікір алмасу

Кімнен: Нер-Нұр
20.10.2010 22:44
+0 / -0
Қиясеке, сізден бақытты адам жоқ екен ғой. Неронды да танисыз, Нұронды да танисыз. Қайсысының иттігі аздау сияқты?
Пікір алмасу

Кімнен: Қиясбай
21.10.2010 14:39
+0 / -0
Сұрағыңызға рахмет, Нер-Нұр! Менің ойымша, марқұм итімнің адамшылығы көптеу сияқты еді...

Кімнен: Думан Қайдан: Кереку
14.10.2010 14:34
+0 / -0
Мына блогты оқмасам ана Хан дойбыңа мән бермейді екем. Блогтарың сұмдық екен. Ал, астындағы комментері тіпті ашты. Әсіресе, анти-Биекемнің сөзі ұрымтал екен да.

Кімнен: Думан Қайдан: Кереку
14.10.2010 14:44
+0 / -0
Нұр...тан деген ат қазір надандықтың, кісі өлтіргіштік пен жемқорлықтың, жеңіл жүріс пен әділетсіздікің синонимі болып кетті ғой.
Пікір алмасу

Кімнен: Марат
15.10.2010 16:33
+0 / -0
Ел басымыздың бүгінгі тәуелсіз елімздің дамуына қосқан енбегі зор

Кімнен: алма Қайдан: қара шаңырақ
18.10.2010 12:56
+0 / -0
керемет! қаламыңа НҰР бітсін! СҰЛТАН бол! анау ақ күшік оқиғасы біздің тимонның оқигасына ұқсайды екен!!

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Жаңалық оқып жүрсіз бе?

Туристер, айыппұл мен "жалған құжат жасау"

Сұрақ 1/ 5

Сұрақтың фотосы
Қазақстанның қай елге барған туристері туристік компания өзін банкрот деп жариялаған соң отандарына қайта алмай қалды?