Accessibility links

Біз АҚШ-ты қалай қуып жете жаздадық?


Блогер Аңса Мұстафаның "Happy birthday, Astana!" есімді фотосы. Астана, 6 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Блогер Аңса Мұстафаның "Happy birthday, Astana!" есімді фотосы. Астана, 6 шілде 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-да «Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 19 есе ұлғайғанын, ал халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларға жеткенін» мәлімдеді.

Бұл туралы президент әкімшілігінің сайты жариялаған соң кеудемді әдеттегідей мақтаныш кернеді. Бала-шағамның әрқайcысына 13 мың доллардан тисе, қалай мақтанбайсың. Орталық Азияда алдамыз. Биыл жазда Ресейді де басып озғанбыз.

Рубль оңбай девальвацияланып жатқанда «2015 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 12,4 мың долларға жетеді, ал Ресейдікі 11,9 мың долардан аспайды екен. Сөйтіп Ресей тарихта тұңғыш рет бұрынғы СССР елдерінде екінші орынға түсіп қалғалы тұр» деп ресейлік сарапшылар өкініштен өзегі айырыла жаздаған. Қазақстандық ақпарат құралдары мен фейсбукшылар жан сүйсінтер ақпаратты жабыла көшіріп, мәре-сәре болдық. Тіпті, сонау 2012 жылы көктемде мәжіліс депутаты Камал Бұрхановтың «2015 жылға қарай біздің мемлекеттік стратегияға сәйкес, жалпы ішкі өнімнің деңгейі 15 мың АҚШ долларынан асуы тиіс. Онда біз Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және басқа да дамыған елдерді қуып жетеміз» дегені есімізге түскен.

Елбасының БҰҰ-дағы сөзі стратегиямыздың дұрыс екенін тағы бір дәлелдеді. Өйткені 2011 жылы мамыр айында сол кездегі экономикалық даму және сауда министрлігі «2016 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді 17 мың долларға жеткізетін» стратегиялық жоспар жариялаған. Бұл хабарды сол жылы күзде BNews.kz тілшісіне сұқбат берген статистика агенттігінің ұлттық есептер департаментінің директоры Юрий Шокаманов та растап, 2015 жылы 16 мың доллардан асатынын, сөйтіп алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылатынымызды айтқан.

2012 жылы Кәрім Мәсімов Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2011 жылы 11300 доллардан келді» деп Twitter арқылы сүйіншіледі. Өйткені сол жылы Қазақстан президенті Назарбаев 2016 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді 15 мыңға жеткізуді тапсырған болатын.

2013 жылдың тамызында сол кездегі экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та қалыспай, «2014 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 14,6 мың долларға жетеді, ал 2018 жылға қарай 24 мың долларды құрайды» деп, көңілді бір демдеді.

Еліміздің барша депутаттары секілді мен де АҚШ-ты қуып жетіп, басып озғанды қалаймын. Сондықтан жан басына шаққандағы жалпы өнімге қатысты деректерді әркімнің әртүрлі айтқанына мән бермеймін. Ең бастысы – ниет болса болды.

Жалпы ішкі өнімнің есеп-қисабын нақтырақ білгісі келгендер статистика агенттігі сайтындағы 1990 жылдардың ортасынан жүргізіп келе жатқан дерекке жүгінуіне болады. Мұндағы дерекке қарағанда, Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2013 жылы 13611 доллар болған. Бірақ бұл көрсеткіш тәуелсіздік алғалы бергі көрсеткіштің ең шырқау шегі екен. Ал 2014 жылы 12601 долларға төмендеген.

Төмендегенді өмірі көрмеген қазақстандық азамат ретінде дереу статистика агенттігіне телефон шалып, шындықты жасырмай, өсімді дұрыс көрсетуін өтіндім. Статистика агентігі қызметкерінің айтуынша, соңғы есеп-қисап 2014 жылдың қорытындысы бойынша жасалған. Ал биылғы, 2015 жылғы есеп-қисап әлі аяқталмаған. Ең бастысы, девальвациядан кейінгі, теңге құлап, бәріміз естен тана жаздағаннан кейінгі есеп-қисап жоқ. Елбасы БҰҰ-ға бұрынғы стратегиямызбен кетіп қалған-ау деймін.

Біз бәрібір қуып жетеміз.

XS
SM
MD
LG