Accessibility links

Дағдарыс Орталық Азияға жетті


Валюта айырбастау пункті қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Валюта айырбастау пункті қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлемдегі мұнай бағасы арзандап, Ресей экономикасы шатқаяқтай бастағалы Орталық Азиядағы бес елдің де қиындықтарға тап болатыны білінген еді.

Орталық Азиядағы бұл елдер – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан экономикаларына төңіректегі жағдай біртіндеп, баяу әсер етіп келе жатқан еді. Ал Қазақстанның ұлттық валютасын еркіне жіберуі, Қытайдағы экономикалық өсімнің аяқастынан тоқырауы ауыр күндердің жақындап қалғанынан хабар берді.

Бұл дағдарыс қаншалық ауыр, қаншалық ұзақ болмақ? Оның Орталық Азия режимдеріне әсері қандай? Азаттық радиосының Түркімен қызметі осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Мұхаммед Тахир жүргізді, оған Глазго университетінің Орталық Азия елдерін зерттейтін профессоры Лука Анчески, Conway Bulletin бас редакторының орынбасары әрі сарапшысы Паоло Сорбелло және журналист Брюс Панниер қатысты.

«БҰЛ ДАҒДАРЫСТАН ЕШКІМ ҚҰТЫЛМАЙДЫ»

Ғалым Лука Анчески жағдайды былай сипаттады:

Глазго университеті профессоры Лука Анчески.
Глазго университеті профессоры Лука Анчески.

​- Бұл Орталық Азия үшін ең бір жағымсыз сценарий болатын түрі бар. Себебі, өткен жылы рубль құлдырады, бұл Қазақстан мен Түркіменстанға әсер етті, бірақ дегенмен ең ауыр салмақ Ресейде көп мигранты жүрген Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанға түсті. Сөйтіп, Ресейдегі қаржылық және монетарлық дағдардыс айналып келіп мигранттардың өз елдеріндегі нақты экономикаларына соққы болып тиді. Себебі олар бұрын жіберіп жүрген сомада қаражат жібере алмай қалды. Ал биыл бұл дағдарыс ең ірі шикізат сатып алушыға әсер етті, демек Орталық Азияның қалған бөлігі де қиындыққа тап болды. Демек, бұл дағдарыстан Орталық Азияның бірде-бір елі құтыла алмайды.

«ҮКІМЕТТЕР ДАҒДАРЫСҚА ДАЙЫН БОЛМАДЫ»

Сарапшылар тамыз айында болған оқиғаларды талдай келе, Қазақстан мен Түркіменстан үкіметтерінің жаңа жағдайға дайын болмағанын атап өтті.

Паоло Сорбелло «2014 жылдың қараша айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» атты амбициялық экономикалық бағдарлама жариялады. Қазақстан үкіметі осындай үлкен жобалардан соң дағдарыс болады деп ойламаса керек» деді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (солдан санағанда үшінші) пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған (солдан санағанда төртінші) Туркменбашы қаласында салынатын жаңа порттың макетімен танысып тұр. Түркіменстан, 15 августа 2013 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (солдан санағанда үшінші) пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған (солдан санағанда төртінші) Туркменбашы қаласында салынатын жаңа порттың макетімен танысып тұр. Түркіменстан, 15 августа 2013 жыл.

Түркіменстан да миллиардтаған доллар тұратын үлкен жобаларды қолға алып жатқан. Соның ішінде Түркіменбашы қаласындағы Каспий теңізі портын жаңарту жұмыстарына, 2017 жылы Түркіменстан өткізетін Азия ойындарына қажетті нысандарды салуға көп қаржы бөлу жоспарланған.

Алайда Түркіменстанның сыртқа экспорттайтын негізгі шикізаты – табиғи газ бағасы осыдан екі жыл бұрынғы құнынан 30 пайызға арзандағанын ескерсек, үкіметтің бұл жобаларға қаражатты қайдан табатыны белгісіз.

«МҰНАЙ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ»

Сарапшылар «экономикалық ахуал жуықта оңала қоймайды» деген болжам жасады. Жақында әлемдік мұнай және газ нарығына Иранның қосылғалы отырғанын ескерсек, алдағы 10 жылда бұл шикізат түрлерінің бағасы төмен қалпында қала беруі мүмкін. Оның үстіне нарықта «тақтатас мұнайы» деген жаңа өнім пайда болды. Бұл жаңа энергия көзінің өзіндік құны төмен. Баррелін 60 доллардан сатқанның өзінде одан әжептәуір пайда түседі. Кәдімгі мұнайды өндірудің машақаты көп екенін ескерсек, тақтатас мұнайын өндіру көлемі де арта түседі деп болжауға болады, жақында «Венсуэла», «Ориноко мұнайы» деген шикізат түрлері жайлы жиі айтыла бастайды.

Қытайға түркімен газын жеткізу үшін салынған, Қазақстан арқылы өтетін құбыр. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қытайға түркімен газын жеткізу үшін салынған, Қазақстан арқылы өтетін құбыр. Отар, 12 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Соңғы жылдары құбыр құрылысы мен инфрақұрылымға миллиардтап қаржы құйған Қытай Орталық Азияның ең басты «демеушісіне» айналған. Оның үстіне, Қытай - Қазақстан мұнайы мен Түркіменстан газының ең ірі тұтынушысы. Орталық Азия елдері бұл жағынан Қытайға тәуелді болып қалды. Енді Пекин аймақтағы шығындарының көлемін анағұрлым азайтуға мәжбүр болады.

Шетелден мигранттар арқылы түсетін ақшаға қарап отырған елдердің алдағы бір-екі жылда Ресей мен Қазақстанда экономикалық ахуал жақсарып кетеді деген үміті жоқ. Мигранттардан түсетін қаржы азайғанымен қоймай, олар енді өз елдеріне – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға топ-тобымен қайта бастауы мүмкін. Елге келген соң олардың жұмыс таба қоюы екіталай.

«ҮНЕМДЕУДІҢ УАЙЫМЫ»

Жалпы экономикалық жағдайды сараптай келе дөңгелек үстелге қатысушылар «бұл дағдарыс Орталық Азиядағы режимдерге қандай әсер етуі мүмкін?» деген сауалға жауап іздеді. Паоло Сорбелло «осыдан бірер апта бұрын ғана Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуден дәмеленіп отырған Қазақстан үкіметінің қазір қатаң үнемдеу кезеңіне көшкенін» айтты. Қазақстан EXPO-2017 көрмесін өткізу жоспарын өзгертпегенімен, тұрғын үй салу жоспарлары мен әлеуметтік бағдарламаларын қысқартты.

Лука Анческидің айтуынша, Түркіменстанның «екінші Кувейт болу» арманы да орындалмай қалатын түрі бар, себебі үкімет тәуелсіздік алғалы басталған халыққа газ бен электр субсидиясын беру ісін тоқтатты, ал Лебап қаласында тіпті мұнайшылар ереуілге шықты, Түркіменстанда бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 5 тамыз 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 5 тамыз 2015 жыл.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұрын берген уәдесінен тайқып, «жалақы мен зейнетақыны өсірмейміз» деп мәлімдеді.

Дағдарыс кезінде ел ішінде наразылық күшейіп, әлеуметтік шиеленіс артатыны белгілі. Демек, аймақтағы жағдай алдыңғы жылдарға қарағанда анағұрлым күрделі болатын түрі бар. Халықтың көңіл-күйі дағдарыстың ұзақтығы мен зардабына байланысты болмақ.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы (ағылшын тілінде):

please wait

No media source currently available

0:00 0:35:55 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниер әзірлеген мақала ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG