Accessibility links

Ескі сүрлеуден жаңылмайтын сайлау


Кандидатқа дауыс беруге шақырған сайлау постерін базардағы тіреуге жапсырып жатқан партия белсендісі. Душанбе, 26 ақпан 2015 жыл.
Кандидатқа дауыс беруге шақырған сайлау постерін базардағы тіреуге жапсырып жатқан партия белсендісі. Душанбе, 26 ақпан 2015 жыл.

Наурыздың 1-і күні Тәжікстанда парламент сайлауы өтеді. Батыс ақпарат құралдары «биылғы сайлау қорытындыларының бұрынғы сайлаудан айырмашылығы болмайды әрі билік партиясы тағы жеңеді» деп жазады.

Парламент сайлауы, нақтырақ айтқанда, парламенттің төменгі палатасына сайлау Тәжікстанда бес жылда бір рет өтеді. Биыл сайлауға заңды тіркелген сегіз партиядан 288 кандидат қатысады.​

САЙЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ақпанның 28-інде германиялық Deutsche Welle (DW) радиосы сайтында жарияланған «Тәжікстан: сайлау қарсаңында саяси күштер» деген мақалада бұл сайлаудың бірнеше ерекшелігі бары айтылған.

Біріншіден, депутаттыққа 57 әйел, яғни бес жыл бұрын өткен сайлаудан екі жарым есе көп әйел кандидат тіркелген. Екіншіден, Ресейде тек үш сайлау учаскесі ғана (Мәскеу, Уфа және Екатеринбург қалаларында) жұмыс істейтіндіктен, тәжік мигранттарының көбі дауыс бере алмауы мүмкін.

Ақпанның 27-сі күні Ұлыбританияның Institute for War and Peace Reporting (IWPR) ұйымы «Сарапшы: Тәжікстанда сайлауалды науқаны елеусіз өтті» деген мақаласында сайлауалды тартыста кейбір кандидаттардың елеусіз қалғанын жазады. Президент Эмомали Рахмон басқаратын Тәжікстан халық-демократиялық партиясы (ТХДП) бұл сайлауда да жеңістен үміткер. Эмомали Рахмон президент қызметін 1994 жылдан бері атқарады, ал оның партиясы 2000 жылдан бері парламенттегі көп орынды иеленіп келеді.

DW радиосына сұхбат берген душанбелік саясаттанушы Рашид Гани Абдуллоның айтуынша, ТХДП жеңіске жету үшін көп кандидат әрі халық жақсы танитын депутаттарды ұсынған.

ЕКІНШІ ОРЫНҒА ТАЛАС

Рашид Абдуллоның айтуынша, биылғы сайлауда елдегі екі ірі саяси күш – коммунистер мен исламшылар арасында екінші орынға талас тууы мүмкін. Deutsche Welle радиосына берген сұхбатында Рашид Абдулло Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы өкілдері парламентте фракция құруға мүмкіндік беретіндей дауыс жинағысы келетінін мойындағанын айтады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон парламентте халыққа үндеу жолдап тұр. Душанбе, 23 қаңтар 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон парламентте халыққа үндеу жолдап тұр. Душанбе, 23 қаңтар 2015 жыл.

Ақпанның 26-сы күні Eurasianet агенттігі «Тәжікстанның әлсіз оппозициясы сайлау қарсаңында дамылсыз шабуылға ұшырады» деген мақаласында 2010 жылы өткен сайлау кезінде Эмомали Рахмонның Тәжікстан халық-демократиялық партиясы парламенттегі 63 орынның 55-ін, ал Ислам жаңғыру партиясы небәрі екі орынды иеленгенін жазады.

Агенттіктің жазуынша, жиналыстарын қуып таратып, биыл оппозициялық партиялардың жиналуына мүмкіндік бермеген. Осы аптада Социал-демократиялық партия төрағасы Рахматилло Зоиров жергілікті билік кандидаттарды сайлауға қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу үшін жала жабу әрекеттерімен айналысқанын мәлімдеген. Ол «оппозициялық кандидаттардың плакаттарын бүлдіру үшін жас жігіттерді жалдады» деп билікті айыптаған.

Eurasianet агенттігі «жексенбіде өтетін сайлауда дауысты санау билік партиясы қаншалықты көп дауыс алып, жеңіске жеткенін ғана көрсеткені болмаса, жаңа нәтиже бермейді. Оппозициялық партияларды қудалау мұнымен аяқталмайды» деп есептейді.

Тәжікстан парламенті екі палатадан тұрады. Төменгі палата – өкілдер палатасы, жоғарғы палата – ұлттық кеңес. Тұрақты негізде жұмыс істейтін өкілдер палатасына 63 депутат кіреді.

XS
SM
MD
LG