Accessibility links

Ислам Каримовтың билікте қалыптасуы


Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Орталық Азиядағы саяси басшылар арасында ең құдіреттісі, анығында, ең қатыгезі Ислам Каримов шығар. 31 миллион адамды уысында тырп еткізбей ұстап отырған ол наурыздың 29-ында кезекті мерзімге тағы сайланбақшы.

Ислам Каримовты диктатор деп атайтындар көп. Оның жақын достары жоқ. Тіпті туған қызы Гүлнараны да үйқамаққа отырғызып қойды. Гүлнара мен немерелерін президент сарайынан қуып шығарған ол, немере інісі Жамшидті тұтқындап психиатриялық емханаға тыққанда да ешкімге қой демеді.

Ислам Каримовтың жеке басы туралы мәлімет жинауға бірнеше ай жұмсауға тура келді. Өзбекстан үкіметінің сайтында Каримовтың өмірбаяны туралы шағын ғана жазылған. Онда 1938 жылы қаңтардың 30-ында Самарқанда «қарапайым қызметші отбасында туды» делінген. Бұдан соң бірден 1960 жылға өтіп, Каримовтың Ташсельмашта (Ташкент ауылшаруашылық көліктерін жасайтын зауыты) еңбек еткені айтылған.

1995 жылы жазылған, кейін үкімет сайтынан алынып тасталған Каримовтың ресми өмірбаянында ол «кедей отбасында туып, жеті баланың алтыншысы болатын... әкесі күндік жұмысқа жалданатын, анасы үй қызметіндегі әйел еді» делінген. Бұдан өзге 1938-1960 жылдар аралығында болған оқиғалар жайлы өзбек сайттары ештеңе айтпайды. Сондықтан төмендегі ақпаратты жазғанда бейресми деректерге сүйенуге тура келеді.

ЖЕТІМДЕР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ

1992-1993 жылдары Өзбекстанда жұмыс істеген кезімде онда жолықтырған адамдар маған Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов сияқты Каримов те жетімдер үйінде тәрбиеленген деген еді. Бірақ Каримовтың ата-анасының тарихы Ниязовтыкінен басқаша. Каримовтың әкесі Абдуғани (ресми деректе солай делінеді) Ислам өмірге келерден екі жыл бұрын түрмеге түскен. Кейбір деректерде Каримовтың биологиялық әкесі тәжік немесе еврей болған делінеді.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Наурыз мейрамы кезінде. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Наурыз мейрамы кезінде. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл.

Абдуғани Каримов түрмеден шыққан соң 3 жасар Ислам Каримовты жетімдер үйіне өткізеді. Бірақ екінші дүниежүзілік соғысы басталған кезде ол үй жетім балаларға лық толады. Ата-анасы тірі балаларды билік әке-шешесіне қайтарады. Кішкентай Исламның тәртібі нашар болғандықтан, соғыс аяқталған соң ата-анасы 7 жасар баланы қайтадан жетімдер үйіне өткізеді. Ол сонда кәмелеттік жасқа толғанша тәрбиеленген.

Одан кейінгі өмірі жайлы деректерді бұрынғы достары мен тамыр-таныстарының үзіп-жұлып айтқандарынан құрастырдық. Біреулер оны үздік студент болған деп сипаттаса, енді бірі Самарқанд базарында қарбыз ұрлайтын, мінезі нашар, бұзық еді деседі.

1964 жылы ол Наталья Петровна Кучмиге үйленеді, одан туған ұлын Петр деп атайды. Ұлы өмірге келген соң көп ұзамай ерлі-зайыптылар ажырасып кетеді. Петр қазір Мәскеу облысында тұрып жатса керек.

1966 жылы Госпланға жұмысқа тұрған соң Каримовтың жұлдызы оңынан туады. 1967 жылы ықпалды отбасынан шыққан, Өзбекстан Ғылым академиясы экономика институтының ғылыми қызметкері Татьяна Акбарқызына үйленеді.

КАРИМОВТЫ ЖЕБЕУШІЛЕР

Билік баспалдағымен ақырындап көтеріліп келе жатқан Ислам Каримов сол кездегі Өзбекстандағы ең ықпалды екі адам – Өзбек ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидов пен Самарқанд кланының басшысы Исмаил Журабековтың көзіне түседі.

Өзбек ССР-і компартиясының басшысы Шараф Рашидов (сол жақта).
Өзбек ССР-і компартиясының басшысы Шараф Рашидов (сол жақта).

1983 жылы Каримов Өзбек ССР-нің (ӨССР) қаржы министрі болып тағайындалған кезде бұл республиканы 1959 жылдан бері билеп келе жатқан Рашидов өмірден өтеді. Өмірінің соңында Рашидовты совет билігі мақта туралы мәліметті бұрмалап беріп, мемлекет қаржысын жымқарған деп айыптаған. Кейін, Өзбекстан тәуелсіздігін алған соң Каримов Шараф Рашидовты ақтап алды. Каримовтың туған қаласы Самарқандағы қолдаушысы – Исмаил Журабеков атышулы «мақта ісі» бойынша совет билігі кезінде Өзбекстанда жүргізілген «тазалаудан» аман қалды. 1985 жылы Журабеков Өзбек ССР-і министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды.

Ислам Каримов 1986 жылы Өзбек ССР-і мемлекеттік жоспарлау комитеті (Госплан) басшысы болып сайланады. Ал 1989 жылы маусымда Каримов республикадағы ең жоғары лауазым – Өзбекстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып бекітілді. 1990 жылы наурыздың 24-і күні ол Өзбек ССР-інің президенті болып сайланды. 1991 жылы тамыздың соңында СССР құлап, Каримов тағы да жетім қалды.

Ислам Каримовтың Өзбек ССР-і коммунистік партиясының басшысы болып тағайындалғаны туралы 1989 жылы «Правда» газетінде жарияланған ақпарат.
Ислам Каримовтың Өзбек ССР-і коммунистік партиясының басшысы болып тағайындалғаны туралы 1989 жылы «Правда» газетінде жарияланған ақпарат.

Каримов президент болған кезде Журабековтың мансабы өсе берді – азаматтық қорғаныс ісі жөніндегі министр, ауыл шаруашылығы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Өзбекстан әскери құрылымдарына ықпалы жүретін Журабековтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Каримовке қарсы тұра алатын саяси бәсекелестерді құртуға көмектескені анық.

Каримовтың сенімді адамы ретінде Журабековтың ықпалы барған сайын күшейіп, өзбек саясатындағы «сұр кардиналға» айналды. Бірақ оның қылмыс әлеміне қатысы туралы сөздер де жиі айтылатын болды.

1998 жылы шиеленіс ушығып, Каримов Журабековты қызметтен алды. Сол кезде ол Каримовты биліктен кетірмек болған деген сыбыс тараған. 1999 жылы ақпаның 16-сы күні Ташкенде бомба жарылғанда оның артында Журабековтың кланы тұр деген болжамдар айтылған еді.

Ықпалы кетпеген Исмаил Журабеков 2000 жылдардың басында қайтадан үкіметке келеді. Алдымен вице-премьер, кейін президент кеңесшісі қызметіне тағайындалады. Ол 2004 жылы зейнетке кеткенше осы қызметте болды.

Мақаланы дайындау барысында Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердловтың ұсыныс-кеңестері пайдаланылды.

(Мақаланы ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

XS
SM
MD
LG