Accessibility links

Ұшақ апаты жайлы батыс журналистерінің зерттеуі


Құлаған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшектерін суретке түсіріп тұрған журналист. Грабово селосы, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.
Құлаған малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағының бөлшектерін суретке түсіріп тұрған журналист. Грабово селосы, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.

Мәскеу АҚШ-тың барлау қызметінің бағасын сынап, халықаралық сарапшылар әуе апаты болған орынға жете алмай жатқанда, батыс журналистері «Малайзия әуе желілері» компаниясы ұшағының құлауына қатысты өз зерттеулерін ұсынды.

Ресей шенеуніктері мен мемлекеттік ақпарат құралдары «АҚШ барлау қызметі МН17 ұшағының құлау себептерін әлеуметтік баспасөзге сүйеніп бағалап отыр» деп айыптайды.

Ұшақ бортында болған 298 адам түгелдей қаза тапқан әуе апатынан бері он күн өтіп, халықаралық зерттеушілер Украинаның шығысындағы апат орнына жетуге тырысып жатыр. Шетел тілшілерінің репортаждары ұшақтың құлауын ресейшіл сепаратистер пайдаланған «Бук» әскери зымыран қондырғысымен байланыстыратын әлеуметтік медиа-айғақтар мен барлау есептерін қайталайды.

Төменде журналистердің Украинаның шығысында жинаған кейбір айғақ-деректері келтірілген.

Associated Press агенттігі журналистері ұшақ құлардан үш сағат бұрын апат орнына жақын маңнан «Бук» әскери зымыран қондырғысын байқаған.

«Бук М-1» деп аталатын алып зымыран қондырғысын байқау қиын емес еді. Санаулы күзет жасағы жүргізіп бара жатқан оның үні гүрілдеп, табаны асфальт бетінде терең із қалдырды. Күзетшілер Associated Press журналистерінің алдына келіп тоқтады. Орыс акцентімен сөйлеген ер адам журналистер қондырғыны камераға түсіріп алмады ма деп тексеріп шықты. Бұдан соң күзетшілер Украинаның шығысындағы ресейшіл бүлікшілер шоғырланған жаққа қарай бет алды. Үш сағаттан кейін Снежный қаласынан он шақырым жерде тұратын адамдар қатты шу естіген» деп жазылған Associated Press агенттігінің мақаласында.

АҚШ барлауы көрсеткен дерекке сәйкес, радар МН17 ұшағын атып түсірген зымыранның Снежный қаласы іргесіндегі қаладан ұшқанын көрсеткен. Жергілікті тұрғындар батыс журналистеріне шабуыл жасалған күні жұмбақ қондырғыны көргендерін айтқан.

Британдық Guardian газеті «Дүкеннің аты-жөнін айтқысы келмеген қожайыны «Іште отырып, әдеттегіден өзгеше қатты шу естілді. Далаға жүгіріп шыққанымызда, алыстан алдына үлкен бірдеңе тіркеп кетіп бара жатқан джипті көрдік. Кейін клиенттерім оның Бук қондырғысы екенін айтты» деп жазады.

Американың Wall Street Journal газеті «Торез қаласының күре жолда жұмыс істейтін бір тұрғыны шиеленіс басталғалы «жер-әуе» жүйесі сияқты мұндай күрделі зымыран жүйесін көрмегенін, сондықтан SA-11 зымыранын байқамау мүмкін емес екенін айтты. Ол кейін қала ішімен әлгі көлікке ұқсайтын жүк көлігінің зымырансыз қайтып бара жатқанын көрген» деп жазады.

Киев «Украина территориясындағы объектілерге шабуыл күшейген тұста сепаратистерге зымыран қондырғысы мен басқа да қару-жарақ берді» деп Мәскеуді айыптайды. Украина ішкі істер министрі үстінде зымыраны жоқ «Бук» зенит-зымыран кешенінің Ресейге қайтып бара жатқаны түсірілген видеоны жариялады.

Interpreter журналы бұл видеобейненің түсірілген орны Ресей-Украина шекарасына таяу жатқан Краснодон маңы екенін анықтаған.

Кейбір сепаратистер шабуыл жасауға қатысқанын жасырын түрде болсын мойындады. Олардың жетекшілерінің бірі Associated Press агенттігіне берген сұхбатында бұл апатқа бүлікшілердің жауапты екенін мойындады. Агенттік «Ол биліктен қуылған президент Виктор Янукович туған қалада орналасқан әскери бөлімнің Снежный қаласы түбінен атылған SA-11 зымыранына қатысы бар екенін айтты» деп жазады.

Италияның күнделікті шығатын Corriere Della Sera басылымы сепаратистің тағы бір сөзін жариялады: «Бейсенбі күні кешкісін қолбасшыларымыз қару мен қосымша оқ-дәрі алып жүк көліктеріне отыруды бұйырды. Бұдан он минуттай бұрын әуеде күшті жарылыс болды. Олар бізге «әлгінде ғана Киевтің фашистік ұшақтарының бірін атып түсірдік деді».

Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған аудиожазбада МН17 ұшағын атып түсірерден бірер минут бұрын сепаратистер жетекшілерінің әуедегі нысананы талқылап жатқаны естіледі. Кейін олар апат орнын қарап, атып түсірілген азаматтық ұшақ екенін көздері жеткенге дейін бір-біріне «Украинаның әскери ұшағын атып түсірдік» деп мақтанады.

«Восток» сепаратистер батальоны қолбасшысы Александр Ходаковский Reuters агенттігіне «Буктың Луганск жақтан Снежный қаласына қарай келе жатқанын білдім» деп мәлімдейді. Reuters агенттігі бұл аудиожазбаны Ходаковский бұрынғы мәлімдемесінен бас тарта бастаған соң жариялады.

Лидер повстанцев Ходаковский о "Буке"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ-тың New York Times газеті тілшілері түсірген фотосуреттерден ұшаққа келтірілген зиянның сипаты оған «ұшқыр зымыран» тигенге ұқсайды.

Украинаның шығысындағы негізгі қалалар – Донецк мен Луганскіні басып алған ресейшіл қарулы сепаратистермен Киев сәуірден бері соғысып жатыр. МН17 ұшағы құлаған 17 шілдеге дейін арасында әскерилер, бүлікшілер мен бейбіт азаматтар бар – барлығы 500-ге жуық адам мерт болған.

Гленн Кейтстің мақаласынан аударылды.

XS
SM
MD
LG