Accessibility links

Освенцимде көрген азабын кешірген тұтқын


Ева Мозес Кор бала күнінде өзі тұтқында болған бұрынғы нацистік Освенцим концентрациялық лагерінде тұр. Қаңтар, 2005 жыл.
Ева Мозес Кор бала күнінде өзі тұтқында болған бұрынғы нацистік Освенцим концентрациялық лагерінде тұр. Қаңтар, 2005 жыл.

Нацистер дәрігері Йозеф Менгеленің тұтқындарға жасаған жантүршігерлік сынақтарын басынан өткерген Ева Мозес Кор өзін азаптағандардың бәріне кешірім бергенін айтады.

Освенцим маңында тоғыз күн бойы кескілескен ұрыстар жүрді. Артынша он жасар Ева Мозес Кор мен оның сыңары Мириам жасырынып отырған жерде өлі тыныштық орнады. Тек түстен кейін бұл тыныштық бұзылды.

– Біздің баракқа бір әйел кіріп келіп: «Біз азатпыз! Біз азатпыз! Біз азатпыз!» деп бар даусымен айқайлады. Біз қатты қуандық, бұл бір керемет сезім еді, – деп еске алады Ева Мозес.

1945 жылы қаңтардың 27-сі күні болған сол оқиғалардың мәнісін кішкентай қыз арада біраз уақыт өткенде бір-ақ түсінеді. Ол сол күні жапалақтап жауған қар арасынан өздеріне қарай ақ халат киген көп адам келе жатқан сәтті есіне алады.

– Олар жайраңдап күліп келеді екен. Біз үшін ең маңыздысы, олар нацистерге мүлде ұқсамайтын. Біз олардың алдынан жүгіріп шықтық. Олар бізді құшақтарына басып, шоколад, печенье берді. Алғаш бостандықтың дәмін осылай таттым, - дейді қария.

Қазір жасы 80-ге келген Кор мен оның сыңары атышулы ажал лагерінен Совет армиясы азат еткен жеті мың тұтқынның арасында болған. Освенцимнің азат етілгеніне биыл 70 жыл толады.

Ева Мозес – нацистердің ішіндегі ең қатыгез қылмыскерлердің бірі Йозеф Менгеленің аяусыз медициналық тәжірибесін басынан өткізген балалардың бірі. Сол айуандық сынақтардан тірі қалғаны аз.

Оның айтуынша, бостандық таңы атқан күні сыңары екеуі тұрып жатқан баракқа Бірінші украин майданы 60-армиясының солдаттары келген. «Аздап арақ ішіп алған олар орыс билерін биледі, ал біз айнала қоршап, қол соғып тұрдық» деді Ева Мозес Азаттыққа берген сұхбатында:

Освенцим лагерінен азат етілген тұтқындар. Польша, 28 қаңтар 1945 жыл.
Освенцим лагерінен азат етілген тұтқындар. Польша, 28 қаңтар 1945 жыл.

– Бірнеше күннен кейін қайтып оралған олар қолдарына кинокамера ұстай келіпті. Олар бізге тосын ұсыныс айтты: лагерьдің жолақ киімін қайта киіп, камераның алдымен жүріп өтіңдер деді.

Бұл кадрлар – егіз қыздың Освенцимдағы азапты өмірін бейнелейтін жалғыз жәдігер. Екеуі өзге балалармен қатарласып кетіп барады, қастарында түрме киімі кигізілген баласын көтерген әйел келе жатыр.

Балалардың көбі жолақ киімді қайта кигісі келмеген. Еваның айтуынша, күннің суықтығынан ғана олар киноға лагерь киімін киіп түсуге келісіпті.

– Сіңліме «сыртта аяз болып тұр, тағы бір қабат киім артық болмайды» дедім. Киімді киіп, далаға шықтық. Олар біздің екі қатар тікенек темір арасымен өтіп бара жатқан сәтімізді камераға түсіріп алды, - дейді Ева Мозес Кор.

ТҰЛ ЖЕТІМ

Ева мен Мириам Освенцимға әке-шешесімен және екі әпкесімен бірге 1944 жылдың мамыр айында жеткізілген. Оларды Трансильванияда орналасқан румындардың Симлеул-Сильвания геттосынан апарған. Басқа мыңдаған еврейлермен бірге олар адамға лық толы мал тасуға арналған вагондармен төрт күн жол жүріп келген.

Егіз қыз Освенцимнің «қоштасу платформасында» ет жақындарын соңғы рет көріпті. Әкесі мен екі әпкесі тобырдың арасына кіріп жоқ болып кеткен, ал анасы біраз уақытқа шейін қыздарын қолдарынан тас қып ұстап жібермей тұрыпты.

Освенцим лагеріне Венгриядан әкелінген еврейлер. 1944 жылдың жаз айында түсірілген сурет.
Освенцим лагеріне Венгриядан әкелінген еврейлер. 1944 жылдың жаз айында түсірілген сурет.

Неміс әскери формасын киген біреу келіп: «Екеуі егіз бе?» деп сұрапты. Аналары әлгіге: «Бұдан қандай да бір қайыр бола ма?» деп қарсы сұрақ қойған. Неміс «иә» деп жауап берген. Оны естіген әйел Ева мен Мириамның егіз екенін айтқаны сол-ақ екен, балаларды аналарының қолынан жұлып алып кеткен.

– Есімде қалғаны: анам бізге қарай жанталаса қол созады, ал әлгілер оны әрі қарай жұлқылап алып бара жатты. Мен тіпті анаммен қоштаса да алмай қалдым. Сол сәтте оны соңғы рет көріп тұрғанымды білмеппін, – дейді Ева Кор.

Егіз қыз ата-анасы мен әпкелерінің кейінгі тағдырынан бейхабар.

– Мириам екеуміз тұл жетім қалдық. Еш туыссыз жалғыз қалған бізді бұл дүниеде не күтіп тұрғанын білген де жоқ едік, – дейді қарт әйел.

АЖАЛҒА ҚАРСЫ ТҰРУ

Освенцимда бір жарым мыңға жуық егіз жұп болыпты. «Ажал періштесі» деген лақап атқа ие болған Менгеле бастаған топ медициналық дәрі-дәрмектерін осы егіздердің ағзасына сынаған.

Басқа егіздер сияқты Ева мен Мириам да аса ауыр тексерулерден өткен, оларға түрлі инъекциялар салып, генетикалық тәжірибе жасаған. Сол сынақтардан тірі қалған бала аз, көрер жарығы таусылмағандардың арсында Ева мен Мириам да бар.

Освенцим тұтқындарына жантүршігерлік сынақтар жасаған нацистер дәрігері Йозеф Менгеле.
Освенцим тұтқындарына жантүршігерлік сынақтар жасаған нацистер дәрігері Йозеф Менгеле.

Еваның айтуынша, немістер сіңлісі екеуін ажыратып, бұған бір ине салыпты. Артынша оның қызуы көтеріліпті.

Арада біраз жыл өткенде Мириам сол сәтте өзінің қандай күй кешкенін айтып берген. Дәрігерлер «бұған не болар екен?» деп қыздан көз алмай қарап жүріпті. Егер Ева өліп қалғанда дәрігерлер екеуінің мәйіттерін сойып, салыстырар еді.

Қызуы көтерілген кезде Менгеле қасына келіп кекесінді үнмен: «Байғұс, өзі өрімдей жас, бірақ екі-ақ апталық өмірі қалды» депті.

– Оның шын айтып тұрғанын білдім де, өлімге қасқайып қарсы тұрдым. Өзіме өзім: «Менгеле доктордың сөзін жоққа шығарып, аман қаламын, қайтсем де сыңарым Мириаммен кездесемін» деп серт бердім, – дейді Ева Мозес Кор.

ҰРЛАНҒАН БАЛАЛЫҚ

Медициналық сынақтардан аман қалған егіз қызды нацистер Освенцимге одақтастар тақап қалғанда лагерьдегі қалған тұтқындармен бірге қырып тастамақ болған. Бірақ, періштелері қағып, екеуі бұдан да тірі қалған. Совет әскері келерден бір апта бұрын нацистердің төрт солдаты келіп, тұтқындарды автоматпен қырып салған. Бірақ егіз қызға оқ тимей аман қалған.

Бостандыққа шыққан соң егіз қызды жергілікті монах әйелдердің қамқорлығына берген, олар қыздарға түрлі ойыншықтар беріп, қызықтырмақ болыпты.

Нацистер Освенцим концлагерінде тұтқында ұстаған балалар. Қаңтар, 1945 жыл.
Нацистер Освенцим концлагерінде тұтқында ұстаған балалар. Қаңтар, 1945 жыл.

– Бір қызығы, олардың ойыншық беруі менің намысыма тиді. Олар менің бала емес екенімді, ойыншықпен ойнауды мүлде қойғанымды түсінген жоқ. Олар біздің көңілімізді аулағысы келді, бірақ 11 жасқа дейін көрген қасіретіміз бізді қаншалық есейтіп жібергенін түсінбеген еді. Освенцимнен кейін мен ойыншықпен ойнаған емеспін. Освенцим менің балалығымды мәңгілікке тартып алды, – дейді Ева.

Қыздар біраз уақыт босқындар лагерінде тұрып, содан соң Румыниядағы Порт деп аталатын ауылға, әке-шешесінің үйіне қайтып оралады. 1944 жылы нацистердің одақтастары – венгер әскері оларды геттоға айдатып жібергенге дейін олардың отбасы осы үйде тұрып, егіншілікпен айналысқан.

«Біз Мириам екеуміз тірі қалдық қой, демек жақындарым да тірі шығар» деп үміттенген қыз тоналып, қаңырап бос тұрған үйін көріп, қатты құлазиды.

– Өмірімдегі ең көңілсіз күн сол болған шығар. Отбасымыздан тым болмаса бір адам тірі қалса екен деп қатты үміттеніп едім, – дейді Ева Кор.

КЕШІРІМ

1950 жылы егіз қыз Израильге қоныс аударған. Ауылдарын венгер әскері басып алғалы бергі өткен тоғыз жылдан кейін сол кезде ғана ол алғаш рет тыныш ұйықтапты.

– Өмірімде алғаш рет мені еврей болғаным үшін біреу өлтіріп кетеді деп қорықпастан ұйқыға кеттім, – дейді Ева Кор.

Екі қыз ел қатарлы еңбек етіп, тұрмысқа шығып, бала сүйеді. 1960 жылдары Ева Кор Холокосты бастан өткізген америкалық күйеуімен бірге Америкаға қоныс аударған.

1993 жылы қайтыс болғанға дейін Мириамның бүйрегі ауырыпты. Сыңарының айтуынша, бұл – Менгеле жүргізген түрлі сынақтардың салдары. Ол әлі күнге дейін Освенцимде ағзаларына қандай дәрілердің салынғанын біле алмай келеді.

Сыңары қайтыс болған соң Ева Мозес Кор өзін өзі азат етудің жаңа бір жолын табады: ол өзін азаптағандарға кешірім береді.

Освенцимді азат етудің 50 жылдығы атап өтілген 1995 жылы Ева Кор нацистер докторы Ганс Мюнхтің Освенцимда жасаған зұлымдықтарын толық мойындаған хатын оқиды.

Сыңары Мириаммен бірге нацистік Освенцим тұтқыны болған Ева Мозес екеуінің 65 жыл бұрын – тұтқыннан азат етілгенде түскен суреттері мұқабасына басылған кітапты ұстап тұр. Освенцим, Польша, 27 қаңтар 2010 жыл.
Сыңары Мириаммен бірге нацистік Освенцим тұтқыны болған Ева Мозес екеуінің 65 жыл бұрын – тұтқыннан азат етілгенде түскен суреттері мұқабасына басылған кітапты ұстап тұр. Освенцим, Польша, 27 қаңтар 2010 жыл.

– Ең бастысы – ол Холокосты бастан өткерген еврей де, азат етуші де емес, нацистердің дәрігерлерінен шығуы керек болды. Себебі, ревизионистер әрдайым «бұл оқиғалардың бәрін еврейлер өздері ойлап тапқан» деп кінәлауға бейім тұрады. Сондайлардың бірін кездестірсем, осы құжатты бетіне нұқып көрсетемін. Бар ойым осы болатын, - дейді Ева Кор.

Нацист дәрігердің кінәсін мойындап куәлік берген хатын оқыған Ева Кор оны кешіретінін айтқан. Холокост кезінде айуандықпен жасалған қылмыстардың ауқымын ескерсек, оның бұл пікірі жұртшылық арасында үлкен наразылық туғызған.

– Өзім ашқан бұл жаңалық менің өмірімді түп-орнымен өзгертіп жіберді. Мен қолыма кешіру билігі берілгенін түсіндім. Бұл билікті ешкім маған сыйлай да алмайды, оны менен тартып та ала алмайды. Бұл – толық өз құзырымдағы нәрсе, оны қалағанымша қолдана аламын, – дейді Ева.

Ол тіпті қатыгез Менгеленің өзін кешірген. Нацистік СС дәрігері 1979 жылы Оңтүстік Америкада қайтыс болған. Осы аралықта ол тұтқынға да түспеген, сотқа да тартылмаған.

– Ішіндегі ең жауызы – Менгеленің өзін кешіре алсам, демек маған зұлымдық жасағандардың бәрін кешіре алам деген сөз, - дейді Ева Мозес Кор.

Өз айтуынша, кешірім беру арқылы ол өзін осы қасіреттің елесінен азат еткен.

– Мен Освенцимнің тұтқынынан, Менгеледен босадым, – дейді Ева Кор.

(Карл Шректің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG