Accessibility links

Бразилияның жеңілісі қазақстандық жанкүйерлерді де қайғыртты


Бразилиялық жанкүйер құрамасының жеңілгеніне қайғырып отыр. Бразилия, 8 шілде 2014 жыл.
Бразилиялық жанкүйер құрамасының жеңілгеніне қайғырып отыр. Бразилия, 8 шілде 2014 жыл.

Футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Бразилия Германиядан 1:7 есебімен ұтылды. Спорт шолушылары мұны сенсацияға балайды.

Талдықорғандық жанкүйер Ерден Ахметов жартылай финалда Бразилия құрамасы Германия құрамасын жеңеді деп сеніп, 3 мың теңге бәс тіккенін айтады.

«Сенсеңіз де сенбесеңіз де Бразилияның масқара жеңілісінен кейін мен де жыладым. Ақшам үшін емес – Бразилия чемпион болады деп сенген едім. Мен үшін биылғы әлем чемпионаты аяқталды» дейді футбол фанаты.

«НАҒЫЗ ТРАГЕДИЯ»

Ал Серік Қантаев есімді фанат бұған дейінгі чемпионаттарда ары кетсе үш гол айырмашылығымен (1998 жыл, Франция – Бразилия, 3:0) ұтылған Бразилия құрамасының кешегі жеңілісін «нағыз трагедия» деп атады.

Алматылық жанкүйер Алмас Маратұлы Бразилияның сәтсіздігін ойыншылардың әлсіздігінен іздейді.

«Бұл есеп үш ұйықтасам түсіме кірмеген шығар. Бразилия қорғанысы әлемдегі ең мықты қорғаныс болатын. Бірақ Неймар мен Тиаго Силваның

Германия құрамасының голы. Бразилия, 8 шілде 2014 жыл.
Германия құрамасының голы. Бразилия, 8 шілде 2014 жыл.

жоқтығы командаға қатты әсер етті. Германия аса мықты ойын өткізді деуге келмес, тек Бразилия ойын билігін қолынан шығарып алды» дейді ол.

Әлем чемпионатында жүрген спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Бразилиядағы жанкүйерлердің көңіл-күйлері түсіп қалғанын айтады.

«Бразилияның жартылай финалда алты доп айырмасымен жеңілуі ұят болды. Бірақ команданың ойыны осы. Неймар болғанда да шамасы осы болар еді. Команда қорғанысы нашар болып, психологиялық ауырпалықты көтере алмады» дейді комментатор.

«ҚАЗАҚСТАН МЕН БРАЗИЛИЯНЫҢ ҚАЙСЫСЫ МЫҚТЫ?»

Журналист Серікбол Хасанов Бразилияның жеңілісіне кафелер мен букмекерлік кеңселерде отырған қазақстандық жанкүйерлер қатты қайғырғанын жазады.

«Айналдырған 5-10 минутта ойын бітті. Артынша жұрттар жылап жатыр. Біреуі жынданып машинасын тепкілеп жүр. Біреу тіпті жамылып отырған одеялын жыртып тастады. Сөйтсем жылаудың көкесі алда екен. Үйдің жанындағы «Олимптің» алдында бір жігіт бақырып жатыр. Бес-алты адам (арасында қыздар да бар) оны жұбатып әлек. 12 миллион теңге тіккен дей ме? Сонысы ұшып кетіпті. Біреулер екіге бөлініп алып қырқысып жатыр» дейді ол Facebook парақшасында.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Германия - Бразилия, 7:1

Қазақстандық интернет қолданушылар Бразилия құрамасын Қазақстан құрамасымен салыстырып, әзілдеп жатыр. «Қазақстан Германиядан 1:4 есебімен жеңілген. Ал Бразилия жеті гол өткізіп алды. Демек, кім мықты?» деп кекейді Самат Нұрахметов есімді жанкүйер.

Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында алаң иелері Германиядан 1:7 есебімен ұтылды. Матчта германиялық Мирослав Клозе әлем чемпионатындағы 16-голын салып, рекорд жаңартты. Клозе – әлем чемпионатында 16 гол салған жалғыз ойыншы. Бұған дейінгі рейтинг бразилиялық Роналдоға тиесілі еді (15 гол).

Германия құрамасы финалда Голландия-Аргентина жұбының қай жеңгенімен ойнайды.

XS
SM
MD
LG