Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 01:21

ӘЛЕУМЕТ

Ақтөбе тағы бір полиция офицерін жерледі

Шілденің 31-інде Ақтөбеде маңындағы Қызылжар ауылындағы саяжайда болған атыста көз жұмған полиция офицері Рүстем Кенжалинді соңғы сапарға шығарып салды. Осы атыста қарсы жақтан қаза тапқан азаматты жас діндарлар алып кетті.

Полицей Рүстем Кенжалинді жерлеу. Ақтөбе, 31 шілде 2011 жыл.
Мәтін көлемі - +

Шілденің 31-і күні қаза тапқан полицей Рүстем Кенжалинді жерлеуге жүздеген адам келді. Қоштасуда Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Патрис Нокин және басқалар сөз сөйледі. Сөз сөйлеушілер Рүстем Кенжалиннің қызметін, батылдығын еске алды, экстремистер мен бейбітшілік туралы да айтты.

ПОЛИЦИЯ ОФИЦЕРІНЕ АЛТЫ ОҚ ТИГЕН

Қаза тапқан Рүстем Кенжалиннің туысы, 80 жастағы Қанат Қазмағамбетов Рүстемнің полиция мектебін бітіргеннен кейін ішкі істер органдарында төрт жыл жұмыс істегенін айтады.

– Мен соғысты көрген, қиын кезеңді бастан кешкен адаммын. Бірақ бейбіт күнде мұндай жағдайды бірінші рет көріп отырмын. Экстремистер аш-жалаңаш Қазақстанның гүлденіп келе жатқанын көргісі келмейді.
Қаза тапқан Рүстем Кенжалиннің туысы Қанат Қазмағамбетов. Ақтөбе, 31 шілде 2011 жыл.

Оларды басқа мемлекеттерден біреулер қолдап отыр. Іштен шыққан жау сыртқы жаудан жаман болады. Мен елімізде жастардың бейбіт өмір сүргенін қалаймын. Бізде 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Рүстем бейбіт тұрғындарды қорғады. Рүстемнің әйелінің айтуына қарағанда, ол қарсы жақпен тілдесуге берен кеудеше кимей барған. Басына, жүрегіне және аяғына алты оқ тиген. Мұндай жағдай қайталанбауы керек, – дейді Қанат ақсақал.

Рүстем Кенжалиннің туыстары оның бала кезінен милиция болуды армандағанын, фуражка кигенін айтады. Тәрбиелі болған, жақсы оқыған. Биыл қараша айында оған майор шені берілу керек еді десті. Рүстем Кенжалин өткен жылы үйленіпті. Әйелі тұңғыш баласын бүгін-ертең босануы керек. Кенжалиндер екі апта бұрын ғана Ибатов көшесіндегі бес қабатты үйдегі пәтерге көшкен екен.

«БАЛАЛАРЫМЫЗ БІРІН-БІРІ ӨЛТІРІП ЖАТЫР»

Өзінің атын атамауды өтінген отставкадағы полиция офицерлерінің бірі Ақтөбе облысындағы полиция қызметкерлерімен қақтығыс жалғаса береді деген ой айтады.

– Адамды күштеп, мәжбүрлеу арқылы өзі таңдаған сенімінен бас тартқызуға болмайды. Өйткені сенім кез-келген діндардың жүрегінде
Жарылыстан қираған үй. Ақтөбе, 30 шілде 2011 жыл.

орнығады. Рүстемді ата-анасы жақсы адам етіп тәрбиеледі. Рүстем қайсар, білімді жан болды, бірақ өз міндетін орындап, жастай өлді. Бұл – қантөгістің басы, енді ол жалғаса береді. Балаларымыз бірін-бірі өлтіріп жатыр. Экстремистерді ата бермей, экстремизммен күресудің басқа тәсілін табу керек, – дейді отставкадағы офицер.

ҚАҚТЫҒЫС БОЛҒАН ЖЕР

Ақтөбедегі бұрын белгісіз болып келген қарулы топ пен полицияның қақтығысы 30 маусымнан бері жалғасып келеді. Ол күні екі полиция қызметкері өлтірілген еді. Билік «оқиға діни идеяларды жамылған қылмыстық топтың әрекетінен туындап отыр» дейді.

Полиция офицері Рүстем Кенжалин осы топпен қақтығыстың тағы бір құрбаны болды. Ол қала маңындағы Қызылжар ауылындағы саяжайда 29 шілдеден бері жалғасып келе жатқан арнайы операция кезінде ашық атыстың астында қалған. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуларынша, қарулы топтың Марат Рыспаев есімді мүшесі қаза болған. Тағы бір белгісіз азамат ауыр жараланып, ауруханаға түскен. Кейбір мәлімет көздері оның сол ауруханада қайтыс болғанын айтады.

Қарулы қақтығыс Марат Рыспаевтың бала-шағасы тұрып жатқан үйде болған. Үй Марат Рыспаевтың өзінік ме, әлде жалға алған ба – ол жағы белгісіз. Атысқа куә болғандардың бірі үйді гранатометпен атқанын айтады. Ал билік «үйді шабуыл жасағандардың өздері іштен жарып жіберді» деп мәлімдеді.

Марат Рыспаевтың әйелі тұтқынға алынған. Тамыздың 1-інде оқиға орнына барып қайтқан Азаттық тілшісі Марат Рыспаевтың балаларының қайда екендігін біле алмады.

Жарылыс болған үйдің маңайынан діндар жас төрт жігіт Марат Рыспаевтың денесінің қалдықтарын көк түсті барқыт кенепке салып, жеңіл көлікпен алып кетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми бағытын мойындамайтын бұл мұсылмандар жайында өздерінен сұрамақ болдық. Алайда олар мұндай әңгімеге бара қоймады, өз аты-жөндерін айтпады. Тек қаза тапқан жолдастары Марат Рыспаев жайлы аздап айтты.

– Марат Ақтөбеге Атыраудан келген. Басында жұмыссыз болды. Сосын базарда ұялы телефондарды жөндеумен айналыса бастады. Өзі мейірімді адам еді. Артында екі баласы қалды. Қазір әйелі қалалық ішкі істер департаментінде тұтқында отыр. Біз енді адвокат жалдамақпыз. Әйтпесе
Қираған үй маңында Бенджамин Споктың «Ребенок и уход за ним» деген кітабы жатыр. Ақтөбе, 30 шілде 2011 жыл.

күйеуінің орнына әйелі жауап бере ме екен? Біз – бір бауырмыз, бір-бірімізге көмектесуге міндеттіміз, – дейді жас діндарлардың бірі.

Жарылыстан үй қабырғасының бір жағы мен ортаңғы бөлмедегі пеш қана аман қалыпты. Далада ұялы телефондардың қосалқы бөлшектері мен Бенджамин Споктың «Ребенок и уход за ним» деген кітабы, ал оқ тиіп өлген сиырдың жанында қаза болған адамның денесінің қалдықтары шашылып жатты. Үйдің қираған үйіндісінің жанында Марат Рыспаевтың атына жазылған салық төлемдерінің түбіртегі жатыр.

«Қаза тапқан адам расымен Марат Рыспаев па? Оның әйелі тұтқында отыр ма?» деген сұрағымызға Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Алмат Иманғалиев:

– Тергеу мақсатында оның аты-жөнін айтпаймыз. Біз оның әйелін тұтқынға алдық, бірақ тергеу мақсатында ол жайлы хабар бере алмаймыз, – деп қысқа жауап берді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жебе Қайдан: Талдықорған
01.08.2011 20:57
+0 / -0
Полицайларды қазақ ұлтына айдап салып отырған адам тақтан кетпей қырылыс ендігіде тоқтамайды.

Кімнен: Кобеген Қайдан: Бейнеу
01.08.2011 21:54
+0 / -0
Биліктегілердің мемлекет саясатын ойланбай, қалай солай жүргізуі міне осындай жағдайға алып келді,бұл жиырма жылда жеткен жетістігіміз.Шетінен экстремист деп ата беретін, жара беретін болсақ саны азғантай қазақтың марғасқа жігіттерінен айырылып, талай отбасы қара жамылып қалатыны анық, Көкте көк аспан мен дала күңіренбесін десеңдер, тентек пен теліні жөнге салудың басқа бейбіт жолдарын табыңдар, табыңдар.

Кімнен: Өскемен Қайдан: Өскемен
02.08.2011 03:29
+0 / -0
намыс кз деген сайтты окып капаланып отырмын казагым не боп барады, налам сол сайттың саясатынан жиіркенгенім адамдардын санасын улаудын соракы турин иске асырып отырган ел агасынан кынжылу, дин апиын рас казахы Кудайшылдыгымызды динмен адастырмайык агайын
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
02.08.2011 11:30
+0 / -0
казактын ата дини ИСЛАМды жек коретин атеист капирлердин тагы бир бир урпагы шыкты оскеменнен.....

Кімнен: ара Қайдан: уя
02.08.2011 09:16
+0 / -0
бул ултты ашыктан ашык кыру гой?!
КЕзинде сталинде казактарды осылай кырган, тек ол кездеги кырылган адамдарды экстремист деп емес, жапон тыншысы, халык жауы деген жаламен кырган!!!!

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
02.08.2011 09:23
+0 / -0
Қазақтар бірін-бірі қырып жатыр. Ал анау аққұлақтар миығынан қарап күліп отыр. Мұнан өткен сорлылық жоқ шығар. Меніңше анау жымысқы Нокин дегенді ауыстырмай болмайды. Орнына мейлі ол зейнеткер болсын, тәжрибесі мол, өз ұлтымыздан басшы тағайындалса дұрыс болар еді.

Кімнен: Серік Сұлу төр Қайдан: Алматы
02.08.2011 19:00
+0 / -0
Неге Ақтөбедегі болып жатқан оқиғадан бір жақты хабар аламыз? Бұл азаматтардың сонша ма жанкешті болғанын, неге бір де бір журналист зерттемеиді. Мұсылман бауырларымызды құбыжық қылып көрсетуге хақыларың жоқ.

Кімнен: Ару Қайдан: актобе
03.08.2011 16:47
+0 / -0
Ши шыккан шубаршиликтер неге курбан болган жигиттерди жазыксыз деп шулап отыр? Акка кудай жак мумкин олар да акталар. Акикатты дегенмен сол ауыл адамдары кобирек биледи. Кеше Кенкияктын бир тургыны алдында кози жойылган кылмыскерлер туралы тандай кактырарлык ангиме айтып кетті. Кудикти тогыз жигитти тауып, жаман тамда оларга ок жаударган кезде алты жигит оздери берилип полицияга, колдарын котерип каруларын тастап шыгыпты. Бірак полиция олардын барлыгынын басынан атып жермен жексен еткен. Неткен катыгездик. Алде олар ертен тергеу болса жабулы казаннын бетин ашып кеп жиберуи мумкин бе?Полиция неге оларды ешкандай тергеу аякталмай букил куналарин ара жигин жарытап аныктамай кылмыскер деп отыр. Олар зан бойынша кудиктилер. Ал баспасоз маслихатында полицейлер кылмыскерлердин кози жойылды деп турып береди