Accessibility links

Алматыдағы атыс: Күдіктілерді көргендер бар


Азаттыққа бұл фотоны жіберген оқырман: «Жібек жолы» базарында полицияның күдікті екі адамды ұстау операциясы кезіндегі атыстан бүлінген көлік» деп сипаттайды.
Азаттыққа бұл фотоны жіберген оқырман: «Жібек жолы» базарында полицияның күдікті екі адамды ұстау операциясы кезіндегі атыстан бүлінген көлік» деп сипаттайды.

Оқиға куәгерлері кеше Алматыдағы базарда полициямен атысты деп хабарланған азаматтардың бұған дейін сауда-саттықпен айналысып келгенін айтады.

Бейсенбі күні кешке Алматының Алатау ауданындағы «Жібек жолы» базарында полицияның күдікті екі адамды ұстау операциясы кезінде атыс болып, бір күдіктінің оққа ұшып қаза тапқаны хабарланған.

Азаттық тілшісі оқиға болған жерге – Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының қаладан батыс бағытқа шыға берістегі тұсында тұрған «Жібек жолы» базарына бүгін таңертең барды.

Жұмыстарына енді келіп жатқан сатушылардың көбі кеше қандай оқиға болғанын білмейді. Олардың сөзіне қарағанда, базар кешкі сағат 5-тен өте жабыла бастайды, ал кешегі атыс кешкі сағат 6:30 шамасында болған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен сатушылардың кейбірі оқиғаны сырттай көргенін айтады. Басым көпшілігі автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатуға арналған «Жібек жолы» базарының шет жағында құрылыс материалдарын сататын бірер қатар бар. Сатушылардың сөзіне қарағанда, полиция мен белгісіз адамдардың арасындағы атыс осы қатарлардың алдындағы көлік қоятын тұрақта болған. Атыс кезінде базардағы кейбір сауда орындары әлі жабылып үлгермеген. Саудагерлер «алғашында фейерверк атылып жатыр деп ойлап жақындап бармақ болғанымызда арнаулы жасақ қызметкерлері қуып жіберді, атыс болып жатқанын кейін алыстан байқадық» дейді. Олардың сөзіне қарағанда атыс 15-20 минутқа созылған.

"Жібек жолы" базарындағы атыс болған орын. Алматы, 26 маусым 2015 жыл.
"Жібек жолы" базарындағы атыс болған орын. Алматы, 26 маусым 2015 жыл.

Оқиғаны сырттай көргендердің айтуынша, атыс кезінде полицияға қарсыласқандардың бірі осы жерде өлген, екінші қатты жараланып қолға түскен.

Атыс болды делінген жерде көлік әйнегінің сынықтары мен резеңке қолғап, тағы да басқа ұсақ-түйектер шашылып жатты. Бірақ түнімен жауған жаңбырдан кейін асфальт сумен шайылып кеткен.

Сатушылардың бірінің сөзінше «полицияға қарсыласқан» делінген екі жігіт «Жібек жолы» базарындағы сатушыларға калькулятор, қаламсап секілді ұсақ-түйек заттар әкеп өткізіп жүрген.

– Біздің білуімізше, олар – Алматы облысы Шелек ауданының жігіттері. Біздің қатарымызда құрылыс материалдарын сататын Ұзынағаш ауылының азаматына келіп, әңгімелесіп тұратын. Үшеуі де сақал қойған. Екі жыл бұрын «Береке» базарында да ұсақ саудамен айналысатын. Ол кезде сақалдары жоқ еді, – дейді аты-жөнін айтудан және видеокамераға сөйлеуден бас тартып, тек диктофонға сөйлеуге келіскен сатушы әйел.

Оның сөзіне қарағанда, көршілес контейнердегі ұзынағаштық жігіт соңғы аптада бір сағаттай ғана сауда жасап, әлгі екі жігітпен бірге кетіп қалып жүрген. Сатушы әйел күнара келіп тұратын екі жігіттің кеше кешке дейін базарда кідіріп қалғанын айтады. Полицияның арнаулы жасағы келгенде базар ішіндегі автотұрақта тұрған Daewoo Damas маркалы көлікте екі адам отырғанын көргенін айтқан куәгер «олардың нақты кімдер екенін, қолдарында қару болған-болмағанын білмейтінін» мәлімдеді.

"Жібек жолы" базарындағы атыс (оқырман жолдаған видео)

"Жібек жолы" базарындағы атыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Азаттық тілшісі жарақаттанған адамдар жеткізілетін Алматы қалалық жетінші клиникалық ауруханаға хабарласқанда, тіркеу бөлімі кеше ауруханаға оқ тиіп жараланған ешкім түспегенін айтты. Ал Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі телефон тұтқасын алмады.

ІІД сайтындағы дерекке қарағанда, «кәсіпкерді тонауды жоспарлады» деген күдікке ілінген екі адам – Шығыс Қазақстан облысының тумалары. Олар кеше кешке полицияға оқ атып қарсылық көрсеткен. Атыс кезінде күдіктілердің бірі оққа ұшып қайтыс болған, екіншісі тірідей қолға түскен. ІІД дерегінше, күдіктілер мінген көліктен «карабин, револьвер мен травматикалық тапанша табылған». Департамент бұл оқиғаға қатысты тергеу-тексеру шарасы жүріп жатқанын айтты.

XS
SM
MD
LG