Accessibility links

«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіндегі тарих бейнесі


Суретші Дәурен Қастеев (сол жақта) өзі салған «Қабанбай батыр» суретінің алдында әріптесі Талғат Тілеужановпен әңгімелесіп тұр. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.
Суретші Дәурен Қастеев (сол жақта) өзі салған «Қабанбай батыр» суретінің алдында әріптесі Талғат Тілеужановпен әңгімелесіп тұр. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.

Алматыдағы мемлекеттік өнер музейінде өтіп жатқан «Ұлы дала жаңғырығы» көрмесіне соғыстан кейінгі қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің шығармалары қойылған.

Суреттер негізінен Қазақ хандығының түрлі кезеңдеріне, белгілі бір тарихи оқиғаларға, тұғаларға, эпостық жырлар кейіпкерлеріне, қазақ халқының салт-дәстүріне арналған. Көрме Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатыр.

КЛАССИКТІҢ НЕМЕРЕСІ

Көрмеге қатысушылардың бірі – осы мемлекеттік музейге есімі берілген қазақ бейнелеу өнерінің классигі Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев. Дәурен атасы қайтыс болғаннан бірнеше жыл өткен соң дүниеге келген. Көрмеге оның «Шайқас алдындағы таң» картинасы мен Қабанбай батыр портреті қойылған. Мұның алдында Жәнібек батыр туралы кітапты безендірген Дәурен Қастеевтің тарихи жанрдағы алғашқы ірі туындысы «Аңырақай шайқасы» екен. Бұл картинаны ол қазақ эпосына арналған байқауға ұсынған. 120-130 жұмыстың ішінде оның картинасы ең үздік ондыққа еніпті.

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіндегі «Ұлы дала жаңғырығы» атты көрмеге келушілер. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.
Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіндегі «Ұлы дала жаңғырығы» атты көрмеге келушілер. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.

Дәурен Қастеев сол картинаның бұл көрмеге қойылмағанына қынжылыс білдірді. «Мүмкін орын жетпеген болар» деген ойын айтты ол. Расында солай екен. Көрме үйлестірушісі Әмір Жайдабаев Азаттыққа берген сұхбатында «орын жетпегендіктен залға сыймай қалған туындыларды алып тастау қиын шаруа болды» деді.

Дәурен Қастеев пейзаждың көркемдігінен гөрі ұлттық бірегейлену, қазақтың өткен өмірі көп толғандыра бастаған кезде тарихи жанрға бет бұрғанын айтады.

– Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы, халқымыздың ерлігі, батырлығы қызықтыра бастады. Бізге нәр беретін нәрселер, біздің жеріміз, тәңіршілдік, мұсылмандық, соның бәрінің астасуы. Елімізді қорғаған батырлардың өр рухы. Олардың көбі сегіз қырлы, бір сырлы болған. Әншейін аттандап шаба бермеген, - дейді суретші Дәурен Қастеев. Оның айтуынша, алға қарай қадам басу үшін өткенді жақсы білу керек.

БАТЫРЛАР МЕН ОЛАРДЫҢ ҒАШЫҚТАРЫ

Көрмеде Қазақстанның белгілі суретшісі Талғат Тілеужановтың бес бірдей картинасы қойылған. Шығармашылық жолын 1990-жылдары бастаған оның тарихи жанр шебері болып қалыптасуына ұстазы Жұмақын Қайрамбаев ерекше әсер етіпті. Оның да суреттері көрмеден орын алған екен. Талғаттың айтуынша, ұстазы Жұмақын Қайрамбаев – Санкт-Петербург қаласына арнайы барып, бас сүйегіне қарап отырып Абылайханның образын жасап шығарған ұлы суретші.

– Қазір суретшілердің барлығы соған қарап салады. Мен де Абылайханды сомдағанда халықтың санасына сіңіп қалған образды пайдаландым, - дейді суретші.

Талғат Тілеужанов бейнелеу өнеріндегі тарихи жанрдың қазіргі замандағы алар орны ерекше деп біледі.

– Қазір инновацияның, модернизацияның заманы. Дегенмен, өткенді білмегеннің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Маңызды жайттар ұмыт қалмауы керек. Біз – дәстүрге, тарихқа ерекше мән беретін халықпыз. Әрқайсымыз бір-бір батырдың не ханның ұрпағымыз, - дейді суретші.

Өзін «Райымбек батырдың ұрпағымын» деп санайтын суретші Тілеужановтың айтуынша, тарихи жанр – қазақтар үшін ең түсінікті тақырып. Оның өз бабасының өр бейнесін сомдаған бір картинасы осы көрмеге қойылыпты.

– Бұл – Райымбек батыр портреттерінің бір нұсқасы. Шайқастардан қажыған, жараланған батырдың жүзінен қайрат-жігер, қаһармандық пен болашаққа деген сенім анық байқалады, - дейді суретші.

Талғат Тілеужанов өз атасының ғана емес, басқа батырлардың да бейнелерін салған. Бір картинасында 1729-1730 жылдардағы жоңғарларға қарсы Аңырақай шайқасының қарсаңындағы қазақ сарбаздары бейнеленген. Бұл сурет 2010 жылы жазылған. Онда даңқты қолбасшылар Әбілқайыр хан, Бөгенбай, Қабанбай батырлар және басқа да баһадүрлер кескінделген. Бұл суретті салуға он ай уақыт кетіпті. Жұмысқа кірісер алдында Талғат Тілеужанов шайқас болған жерді өз көзімен көріп қайтыпты, одан соң ипподромда болып, біраз көріністерді бақылапты, тарихшылармен, этнографтармен ақылдасыпты.

«Ұлы дала жаңғырығы» көрмесі туралы фотогалерея:

Тағы бір суретінде ол қазақ қолбасшысы Әбілмансұрдың (болашақ Абылай ханның) жоңғар әскербасы Чарышпен жекпе-жегін бейнелеген. Бұл жекпе-жек 18-ғасырда болған.

– Екі ірі қолбасшы айқасқа түседі. Ол кездегі батырлардың күш-қайраты ерекше болған. Олардың аттарының өзі екі аяқпен тік тұрып алған. Өзіне сенімі күшті Әбілмансұр қарсыласын аттан жұлқи құлатады, - дейді суретші.

Тілеужановтың келесі бір суреттерінен әйелдердің образдарын көреміз. «Баян» деген картинасын ол 2013 жылы халық эпосы байқауына арнап жазыпты. Суретке арқау болған – Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу арасындағы махаббат хикаясы.

– Бұл суретте трагедиялық эпизод бейнеленген. Қозы Көрпеш қаза тапқан соң Баян жардан құлап өлмек болады. Сөйтіп тұрған оны Қодар құтқарады, - деп түсіндірді Талғат Тілеужанов. Автордың бұл жұмысы байқаудың бір номинациясы бойынша жеңіске жеткен.

«Қоштасу» деп аталатын екінші бір картинасында бойжеткен басқа батырлармен бірге шайқасқа аттанып бара жатқан сүйіктісімен қоштасып тұр. «Бұл суретті ер азаматтардың түтінін түтетіп, үйде күтіп отыратын аруларға арнадым» дейді суретші.

Талғаттың қалған үш картинасында нақты тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар бейнеленген.​

СУРЕТШІЛЕР ПІКІРЛЕРІ

Көрмеге келушілердің арасында картиналары қойылмаған суретшілер де көп. Олар заманауи картиналармен танысып, қазіргі сурет өнерінің даму деңгейіне баға беру үшін келген.

– Керемет туындылар, барлығы салмақты тақырыпқа жазылған, қуат-күш береді. Шеберлік деңгейі, сапасы мықты. Еңбектерден тарихи оқиғаның жай-жапсары, адамдардың мінез-құлқы анық байқалады, - деді көрмеге келген суретші Григорий Головко.

Бұл – совет сурет өнерінің 1950-жылдары. Ал мен тарихқа ХХІ ғасыр тұрғысынан көзқарасты көргім келеді.
Сергей Анарбеков.

Суретші Сергей Анарбеков бұл көрмеге сыни көзбен қарайды. Оның айтуынша, «қазір суретшілер постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатыр, осы кезге дейін форма тұрғысынан барлығы жасалып біткен, енді рух тұрғысынан күшею қажет». Шараны «көрнекі көрме» деп атаған ол образдардың аз жасалатынына қынжылатынын айтты.

– Бұл – совет сурет өнерінің 1950-жылдары. Ал мен тарихқа ХХІ ғасыр тұрғысынан көзқарасты көргім келеді, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Сергей Анарбеков.

Көрмеде советтік кезеңде салынған суреттер көп емес. Солардың бірі – Әубәкір Ысмайыловтың «Кенесары хан» портреті. Бұл картина 1941 жылы салынған. Ол кездері Кенесары көтерілісі отаршылдыққа қарсы прогрессивтік бағыттағы бас көтеру деп сипатталатын. Көрмеде Кенесары ханның бейнесі салынған тағы екі туынды бар. Олардың екеуі де Қазақстан тәуелсіздік алған соң салынған.

XS
SM
MD
LG