Accessibility links

12 жылдық эксперименттік сыныпты небәрі алты оқушы бітірмек


12 жылдық эксперименттік сынып түлегі Назым Тәжібек. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.
12 жылдық эксперименттік сынып түлегі Назым Тәжібек. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

Биыл кейбір мектеп түлектері 12 жылдық мектепті бітіргені туралы аттестат алуы тиіс еді. Бірақ, білім министрлігі бұл экспериментті 2013 жылы тоқтатқан. Алматыда биыл 12 жылдық сыныпты небәрі алты оқушы бітіреді.

Қазақстанда 12 жылдық білім беру эксперименті 2003 жылы басталған. Оған 45 ауыл және 59 қала мектебі тартылған еді. Алматы қаласында 12 сыныпты биыл Алмалы ауданындағы 136-мектеп-гимназияның алты түлегі ғана бітірмек.

Эксперименттік сынып түлегі Назым Тәжібек – «Алтын белгі» медалінен үміткер оқушы. Ол 9-10 сыныптан кейін өзімен бірге оқығандардың көбі кетіп қалған кезде мектепте қалғанына өкінбейді.

– Жұрттың көбі «Оқудан шаршамадың ба?» деп сұрап, таңырқап жатады. Ал мен мектепте 13-14 сынып болса, тағы оқыр едім. Биыл эксперименттік сыныпты небәрі алты оқушы бітіреміз. 12 жылдықтың алғашқы қарлығаштары ретінде Қазақстан тарихында қалатынымызды мақтан етеміз, - дейді Назым Тәжібек Азаттық тілшісіне.

Оқушының айтуынша, ата-анасы қыздарын бірінші сыныпқа берген кезде оның эксперименталды сынып екенін, Назымның 12 жыл оқитынын білген. Қазақстан сол кезде Еуропа кеңесі декларациясына қол қойып, білім беру және адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық ұйымға мүшелікке өткен.

Назым Тәжібек бірінші сыныптан бастап жақсы оқығанын, бірақ оқулықтар үнемі кешігіп түсетінін әрі өрескел қателері де көп болғанын айтты.

Оның сөзінше, 12 жылдық оқу бағдарламасы 11 сыныппен салыстырғанда сәл өзгешелеу әрі күрделірек, әлеуметтану және экология пәндерінен қосымша оқулықтар қосылған.

Назым өзімен бірге оқитын Қабира Алдаңғор, Назым Дәулетова, Нұрлыбек Мейірбек, Адлер Серікбай, Жанар Шыныберген сияқты сыныптастары да осы экспериментке қатысқанын мақтан тұтатынын айтады.

ЭКСПЕРИМЕНТ КЕМШІЛІКТЕРІ

Назым Тәжібектің әкесі Ержігіт Сапарбаев қызын 12 жылдық сыныпқа бергеніне өкінеді.

12-сыныпқа арналған оқулықтар. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.
12-сыныпқа арналған оқулықтар. Алматы, 20 мамыр 2015 жыл.

– Әуелі 12 жылдық аттестат қызымның кейінгі білім алуына көмектеседі деп ойлағанбыз, бірақ олай болмай шықты. Оқулықтар жағынан да қиналдық, оқу бағдарламалары да түсініксіз болды. Білім министрлігі алдымен жағдайды зерттеп алып, сосын өткізуі керек еді бұл экспериментті. Қазір қызым бірінші курста оқып жүрер еді, бір жылды текке жоғалттық, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Алматыдағы 136-мектеп-гимназияның оқу ісі меңгерушісі Анар Монтаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, білім министрлігінің жаңа эксперименттеріне мектеп-гимназиялардың көбі әзір емес.

– 12 жылдықта да 11 сыныпқа арналған оқулықтарды пайдаланып, күні бүгінге дейін 11 сыныптық оқу бағдарламасымен оқыдық. Термин, тақырып жағынан аздаған айырмасы болмаса, негізгі бағдарлама 11 сыныпқа арналған оқу бағдарламасының жалғасы болып шықты. Негізі, оқушыларға арналған материалдық базаны күшейтсе жақсы болар еді, - дейді Анар Монтаева.

136-мектеп-гимназияның оқу ісі меңгерушісі 12 жылдық сыныпқа сабақ беретін мұғалімдерге жеке жалақы бөлінетінін, егер білім министрлігі материалдық базаны жақсартса, экспериментті жалғастыруға болатынын айтады.

Анар Монтаеваның сөзінше, эксперименттік сынып ашылған кезде білім министрлігі өкілдері мұғалімдер мен ата-аналарға «Қазақстаннан тыс жерлерде 12 сыныптық аттестат жоғары бағаланады, түлектер тереңдетілген білім алып, сұранысқа ие маман болып шығады» деп түсіндірген. Оқу ісі меңгерушісі «өкінішке қарай, мұның бірі орындалмады, ал экспериментті шамамыз келгенше жақсы өткізіп шықтық» дейді.

Оқу ісі меңгерушісі 12 сыныпты бітіргені туралы аттестаттың қандай ерекшелігі бар екенін айта алмады, бірақ өзге түлектер сияқты алты оқушы да Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыратынын айтты.

Ал Назым Тәжібек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне түсуге дайындалып жүр. Ол қаржыгер болуды армандайтынын, біліміне сенетінін айтады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG