Accessibility links

Азаттық тілшілеріне өзбек президенті сайлауын түсірткізбеді


Өзбекстан елшілі алдында тұрған полицейлер мен полиция көліктері. Алматы, 29 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстан елшілі алдында тұрған полицейлер мен полиция көліктері. Алматы, 29 наурыз 2015 жыл.

Өзбекстан президенті сайлауына дауыс беру туралы хабар әзірлеуге барған Азаттық тілшілерін Алматыдағы өзбек елшілігі кіргізбеді.

Өзбекстан президенті сайлауына Қазақстандағы өзбек елшілігінде орналасқан сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысынан хабар дайындау мақсатымен барған Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызын елшілік қызметкерлері сайлау учаскесіне кіргізген жоқ. Өзін таныстырғысы келмеген елшілік өкілі журналисті учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерімен жолықтырудан бас тартты.

Елшілік өкілі журналистің сайлау туралы хабар дайындауға Өзбекстан тарапынан тиісті аккредитациясының жоқтығын алға тартты. Ол Азаттық тілшісіне елшіліктің сыртында болып жатқан оқиғаларды түсіруге де тыйым салды. Өзбек елшілігінің өкілі, сол жердегі қазақстандық полиция қызметкерлерімен бірге, өзінің сөзін таспаға жазып алған Азаттық тілшісін видеоны жоюға мәжбүр етті.

Бұдан соң жолдың қарсы бетіне шығып, алыстан елшіліктің жалпы көрінісін видеоға түсірген Мақпал Мұқанқызын полиция өкілі тоқтатып, видеоны жоюды талап етті. Тілші Қазақстан аумағында журналистік қызметпен айналысуға арнайы рұқсаты барын айтып, олардың талабын орындаудан бас тартты. Полицейлер журналистің құжатын көрсетуді талап еткен соң Мақпал Мұқанқызы Қазақстан сыртқы істер министрлігі өзіне берген аккредитацияны көрсетті. Бірақ полиция капитаны Берік Қожамбердиев журналистің «Өзбекстан елшілігі маңын түсіруге рұқсаты жоғын» айтып, оның құжатын алып қойды.

Өзбекстан елшілігі алдында тұрған қазақстандық полицейлер. Алматы, 29 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстан елшілігі алдында тұрған қазақстандық полицейлер. Алматы, 29 наурыз 2015 жыл.

Кейін оқиға орнына журналистің әріптестері – Азаттық тілшілері Мәди Бекмағанбет және Кенжебек Тыныбаев келді. Бірақ полицейлер журналистің құжатын қайтармады.

Арада бір жарым сағаттай уақыт өткенде полицейлер Мақпал Мұқанқызының құжатын өзіне беруге келісті. Осыдан кейін елшілік маңынан кеткен Азаттық тілшілері бір көше ұзағанда, оларды тоқтатқан полиция патрулі «камера ұстаған бұзақылар» туралы хабар түскен соң келгенін айтып, журналистердің құжаттарын тексерді. Бұдан соң полицейлер журналистерді өздерімен бірге Медеу аудандық полиция бөліміне апармақ болды. Алайда өздерінің заң бұзбағанын және репортаж дайындап жүргендерін айтқан журналистер полицияға барудан бас тартып, полиция талабы бойынша дәл сол жерде жазбаша түсініктеме беруге келісті.

Мақпал Мұқанқызы мен Кенжебек Тыныбаевтан жазбаша түсіндірме алған соң полиция патрулі Азаттық тілшілерін қоя берді.

Өзбекстан елшілігі Азаттыққа сайлауды түсірткізбегені туралы

Өзбекстан елшілігі Азаттыққа сайлауды түсірткізбеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:56 0:00

Өзбекстанда бүгін президент сайлауына дауыс беріп жатыр. Сайлауға түсіп жатқан төрт кандидаттың арасында елдің қазіргі президент Ислам Каримов те бар. Өзбекстандағы сайлау барысын 45 елден үш жүзге жуық бақылаушы қадағалайды.

Президент сайлауына дауыс беру бүгін жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат алтыда басталған. Арада төрт сағат өткенде тізімдегі сайлаушылардың 36 пайызға жуығы – жеті миллиондай адам дауыс беріп үлгерді деп хабарлады Өзбекстан орталық сайлау комиссиясы. Өзбекстан заңы бойынша, тізімге алынған сайлаушылардың кемінде 33 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда сайлау заңды күшіне ие деп танылады.

Өзбек оппозициясы бұл сайлауға түсіп жатқандар арасында тәуелсіз кандидаттар жоғын айтады. Олар қазіргі президентке бәсекелес үш кандидатты билікке жақын адамдар деп сипаттайды. Сондықтан бұл жолғы сайлау да елді 1989 жылдан бері басқарып отырған қазіргі президент 77 жастағы Ислам Каримовтың жеңісімен аяқталатынына шүбә келтірмейді.

XS
SM
MD
LG