Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 01:37

САЯСАТ

Алтынбектің ағасы Рахат Әлиевтен кісі өліміне қатысты құжаттарды беруін сұрайды

Сотта тек оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің ұрлану фактісі ғана дәлелденді, бірақ кісі өлтіру фактісінің өзі мен тапсырыс берушілері әлі анықталған жоқ деп есептейді оның серіктері. Азаттық радиосының дөңгелек үстел талқылауы осы тақырыпқа арналды.

Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қаза алдында түскен ең соңғы суреті. Алматы, 8 ақпан, 2006 жыл.
x
Алтынбек Сәрсенбайұлының қайғылы қаза алдында түскен ең соңғы суреті. Алматы, 8 ақпан, 2006 жыл.
Мәтін көлемі - +

Азаттық радиосы 2006 жылдың 11 ақпанында ұрланған саяси оппозиция жетекшілерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған дөңгелек үстел өткізді.

 

Пікірталасқа қатысқандар: Болат Әбілев – Алтынбектің оппозициялық қозғалыстағы серігі, Серіққали Мусин – Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасының мүддесін қорғаған адвокат, Серік Сәрсенов – ресми нұсқа бойынша тапсырыспен кісі өлтіруді орындады делінген Рустам Ибрагимовтың мүддесін қорғаған адвокат, Рысбек Сәрсенбай – Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы.

 

Біз дөңгелек үстелге, сонымен бірге, қызметкерлері осы қылмыстың тергеуін жүргізген Ішкі істер министрлігінің де өкілдерін шақырмақшы болдық. Алайда ІІМ баспасөз-хатшысына екі күн қатарынан хабарласу мүмкін болмады. Тергеуге тікелей қатысқан ІІМ-нің кейбір жауапты қызметкерлері дөңгелек үстелге қатысуға даяр екендіктерін білдіргенімен, жоғарыдағы басшыларынан рұқсат болмады.

 

Дөңгелек үстелді «АзатЕуропа»/«Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының қызметкері СұлтанХан Аққұлұлы жүргізеді.

 

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ АЛАҢДЫ ТАЗАРТУ

 

Жүргізуші:

 

– Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі-жүргізушісі Василий Журавлев пен оққағары Бауыржан Байбосынды ұрланып, содан соң оппозиция мен қоғамдастықтың пікірінше  әдейілеп, елге көз қылып өлтірілгендеріне де төрт жылдың жүзі болды.

 

ІІМ органдары жүргізген тергеу-тексеру амалдарында Алтынбек пен оның екі көмекшісін ұрлауды, ҰҚК «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің

Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы, оның көмекшілері Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынның өлі денелері 2006 жылдың 13 ақпанында Алматы маңындағы Көктөбенің іргесінен табылды. Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы сурет.
көмегімен бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов ұйымдастырды делінеді. Оппозиция жетекшісінің ұрлануы мен өлтірілуіне, қылмыс жасалған кезде Сенат аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев тапсырыс берген-міс деседі.

 

 

Құрбан болғандардың туыстары да, Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктері мен бұл кісі өліміне қатысты болғандар да, тергеу жұмысының қорытындысына да, сот шешіміне де қанағаттанған жоқ. Керісінше, тергеу де, сот процесі де көптеген сұрақтардың тууына себепкер болды. Арада төрт жыл өткен соң да бұл сұрақтар көбейе түсті.

 

Алтынбек Сәрсенбайұлының көзін жою кімге тиімді болды, бұл қылмысты ойлап, жүзеге асырғандар нені басшылыққа алды және оларда қандай мақсат болды? Болат мырза, мүмкін сіз бастарсыз?

 

Болат Әбілев:

 

– Жалпы мен елде мұндай деңгейдегі саясаткер жоқ деп есептеймін. Алтынбек өте терең, парасатты адам болатын. Серіктесі, досы ретінде мен бірнеше жыл бойы Алтынбекпен күнбе-күн қатар жұмыс істеу бақытына ие болдым. Және мен әр күн сайын Алтынбектің біліміне, білігіне және жалпы өмірге деген оның көзқарасына қайталап таңқалумен болдым.

 

Білесіз бе, Алтынбек өте принципті, дәйекті адам болатын. Және ол ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, биліктің ішінде

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.
өзгерістер болмайтындығына көзі жетіп, билікке көңілі қалған соң, 2003 жылы ашық түрде оппозицияға өтіп, біздің партиямыздың тең төрағасы болған кезде билік, әрине, енді оппозицияның қатарына күшті оппонент, мықты қарсылас шыққанын түсінді.

 

 

Әрине, ол ең үлкен, ең ықпалды адамдарға қауіп тудырды деп ойлаймын. Және ол елдің дұрыс дамымай отырғанын, егер болашаққа стратегиялық көзқараспен қарамайтын болсақ, онда мұндай авторитарлық режиммен елдің апатқа қарай кетіп бара жатқандығын түсінді.

 

Осыған жол бермеу үшін ол бар күшін салды. Билік, тағы да билік, жоғары кабинеттерде отырғандар Алтынбекті тек сыйламай ғана қойған жоқ, оны жақсы көрмеді. Және мұндай адамның жоқ болуына көбінесе солар мүдделі болды деп ойлаймын.

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет. Серіққали мырза, Болат Әбілевтің айтқанына қосарыңыз бар ма?

 

Серіққали Мусин:

 

– Мен адвокат ретінде жәбірленуші жақтың отбасыларының мүддесін қорғадым. Жәбірленуші жақтан қазіргі үкіммен ешкім келіспейді.

 

Менің жеке субьективті пікірім мынадай: мен өте қысқа уақыт аралығында орын алған үш кісі өлімі – журналист Асхат Шәріпжанның өлтірілуі, содан соң Заманбек Нұрқаділовтің және тағы үш айдан соң Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі арқылы биліктегілер оппозициялық алаңды тазалады ма деп ойлаймын.

Мен өте қысқа уақыт аралығында орын алған үш кісі өлімі – журналист Асхат Шәріпжанның өлтірілуі, содан соң Заманбек Нұрқаділовтің және тағы үш айдан соң Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі арқылы биліктегілер оппозициялық алаңды тазалады ма деп ойлаймын...

 

Бұлар – әрбір қазақстандық білетін көрнекті адамдар еді. Және олар осы бір қатыгездік қылмыстар орын алған кезеңде белгілі бір қауіп тудырды-ау деп ойлаймын.

 

Сондықтан, менің қосарым, жауапқа тартылған осы адамдардың қылмысын айқындау... Біз, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне қатысты билік кінәлі қылып отырған осы адамдардың тарапынан террор болды дегенге келіскен жоқпыз.

 

Оның үстіне, біз дәл қазіргі уақытта, аталған іс бойынша осы қылмыстың шынайы тапсырыс берушілері анықталған жоқ деп есептейміз. Сол сәтте ІІМ, ҰҚК тәрізді күш құрылымдарын іске қосуға кімнің шынайы өкілеттігі бар еді? Сондықтан, тергеу үстірт қана жүргізілді.

 

Арада төрт жыл өтсе де, осы төрт жылдың ішінде, осы істерге қатынас өзгерген жоқ. Мен көп адамдар осы процесті бақылады деп ойлаймын. Және ерте ме, кеш пе бір уақыты келіп, барлығын өз орнына қояды деп ойлаймын. Және осы қылмыстың шынайы тапсырыс берушілері мен бұл қылмысқа қатысы болған өзге де адамдар анықталады.

 

Жүргізуші:

 

– Серік мырза, осы мәселе бойынша сіздің айтарыңыз бар ма?

 

Серік Сәрсенов:

 

– Сәрсенбайұлына берілген сипаттама жайында мен ешнәрсе айта алмаймын, өйткені мен ол кісімен тікелей таныс болған емеспін. Бірақ, газеттерден оқыған оның сұқбаттарына, теледидардан сөйлеген сөздеріне қарап оның өте зиялы, өз саласын жақсы білетін өте сауатты, білікті адам екендігін байқадым.

 

Сондықтан да, әрине, мен оған белгілі бір сүйсініспен, сыйластықпен қарадым. Оның үстіне Болат Әбілев қатысып отыр, мен оған да құрметпен қараймын. Мен, «маған досыңның кім екенін көрсет, мен сенің кім екеніңді айтып беремін» деген пікірді ұстанамын. Сондықтан, Сәрсенбайұлын үлкен саясаткер деп есептегенмін және есептей беремін.

 

Содан соң, әрине, мен оны өлтірілді және бұл өлім оның саяси қызметімен байланысты болды дегенге келісемін. Мен Нұрқаділовті де өлтірді деп есептеймін. Ресми нұсқа бойынша ол өзін-өзі үш рет атып өлген екен.

 

Сондықтан, бұл – дәл сол кездері оппозицияны басқарған және басқаруы мүмкін жетекшілердің өлімі. Нұрқаділов те осылай. Мен бұған сенімдімін. Олардың ауыздарын жаба алмаған соң көздерін жойды. Бұған олардың  кәсіби шеберлігінің жоқтығы да, жария пікірталаста интеллектуалдық мүмкіндіктерінің жоқтығы да қосылды. Егер ашық пікірталас болса, жеңе алмайтын еді. Сондықтан олардың көздерін жойды.

Егер ашық пікірталас болса, жеңе алмайтын еді. Сондықтан олардың көздерін жойды. ...

 

Жүргізуші:

 

– Рысбек мырза, Алтынбектің көзін жою кімге тиімді болды, бұл қылмысты жасағандар нені басшылыққа алды және қандай мақсаты болды? Сіздің пікіріңіз.

 

Рысбек Сәрсенбай:

 

– Бұл – нағыз саяси террор. Бұл жайында бірнеше мәрте айтылды. Және бұның дәл осылай екендігі шындық. Қазақстанның қазіргі президентіне Заманбек, Алтынбек сияқты адамдар керек болған жоқ. Бұлар оған тікелей мағынасында қауіп тудырды.

 

Алтынбек әрдайым шындықтың жағында болатын, ол шындықты бетке айтудан қорыққан емес. Мемлекеттің дұрыс басқарылмай отырғанын ашық алаңда айту үшін ол биліктен кетті. Ол өз елін, өз халқын қатты жақсы көретін. Ол елде шынымен де тәуелсіздік болуы үшін, Қазақстанның шынымен де гүлденіп, демократиялық жолмен жүруі үшін күресті. Әрине, олардың пікірлерінде алшақтық пайда болды.

 

Президентке өзінің билігін мәңгі-бақи сақтап қалу үшін авторитарлық, тоталитарлық мемлекет қажет болды. Сондықтан, Болаттың пікірімен толық келісемін, Алтынбекті осы қоғамдық қызметтерден осындай тәсілдермен ығыстырды.

 

Мен саяси жауапкершілік президент Назарбаевта жатыр деп есептеймін. Егер ол осы қылмыстың ашылуына кедергі жасамағанда, онда біз бұл іске мемлекеттегі жоғары шенді адамдардың қатысы бар деп күмәнданбаған болар едік. Бұл қылмыстың ашылуына президент Назарбаевтың өзі кедергі жасаған соң біз керісінше ойладық.

Мен саяси жауапкершілік президент Назарбаевта жатыр деп есептеймін. Егер ол осы қылмыстың ашылуына кедергі жасамағанда, онда біз бұл іске мемлекеттегі жоғары шенді адамдардың қатысы бар деп күмәнданбаған болар едік. Бұл қылмыстың ашылуына президент Назарбаевтың өзі кедергі жасаған соң біз керісінше ойладық....

 

Өзінің уақыты, кезі келгенде бұл қылмыс – Қазақстан тарихындағы екінші ғасыр қылмысы ашылады деп ойлаймын.  Бірінші ғасыр қылмысы – Заманбектің, екінші қылмыс – Алтынбек пен оның серіктерінің өлтірілуі деп есептеймін.

 

ҚАНДЫ СЦЕНАРИЙ

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет, Рысбек мырза. Енді талқыланатын екінші сұрақ: Алтынбек пен оның екі көмекшісінің өлтірілуін тергеу мен тексеру жұмыстары неге сынға алынды және осы уақытқа дейін сынға алынып келеді? Серіққали мырза, осы мәселе бойынша сіз не айтасыз?

 

Серіққали Мусин:

 

– Тергеу соңына дейін обьективті, толық көлемде жүрген жоқ және осы қылмысқа тапсырыс берген шынайы кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Сондықтан да қоғамдастық осы уақытқа дейін бұл сұрақтарға жауап алған жоқ. Және Өтембаевқа кінәні аудара салды деп ойлаймын.

20 жыл мерзімге жазаланған ол бұл қылмысқа өзінің тапсырыс беруі мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысқан да жоқ. Сот процесі барысында ол ләм деп аузын ашқан жоқ. Бір жолы ғана қағазға қарап әлденені оқып берді. Егер қағазға қарамай өздігінен сөйлесе, онда артық сөз айтып қоямын ба деп қорықты.

Яғни, осы процестің барлығы бақылаумен жүргізілді, процеске біреулер басшылық жасап отырды. Сот процесін күн сайын қадағалап отырған БАҚ-та осының барлығы жазылды. Сондықтан да қоғамдастық қазіргі уақытта бұл сот үкіміне риза емес.

Жүргізуші:

 

– Серік мырза, Рустам Ибрагимовты қорғаған сізді тергеу барысы мен қорытындысында не нәрсе қанағаттандырмады?

 

Серік Сәрсенов:

 

– Егер алдын-ала тергеуге қысқаша сипаттама беретін болсам, алдын-ала тергеу үстірт, толықтай емес, дәлелдерде бұрмалаушылық элементтерімен, азаптау тәсілдерін қолдана отырып жүргізілді деп айта аламын. Атап айтқанда, осы іс бойынша өзге бір сотталушы Мирошниковті азаптаған. Оған қатысты азаптау тәсілдері қолданылды. Сондықтан да осы негіздердің өзінен-ақ алдын-ала тергеу дұрыс жүргізілген жоқ деп айтуға болады.

 

Ол жерде қорғану құқығына байланысты толып жатқан кемшіліктер орын алды. Күдіктілер мен айыпталушылардың түрлі процесуалдық құқықтары бұзылды. Яғни, көптеген кемшіліктер болды. Осыған байланысты, қылмыстық процестің міндеттері мен принциптерін басшылыққа ала отырып, іс өндірісі бойынша болғандардың барлығы дұрыс емес деп тануға болады.

 

Сол кездегі фактілерді бұрмалаулар және кемшіліктер жайында алдын-ала тергеу біткен соң қорғаушылардың өтінішін бергенде көрсеткенбіз. Біз бұл кемшіліктерді көрсеттік, бірақ біздің күткеніміздей, біздің бұл ескертулерімізге назар аударылған жоқ.

 

Жүргізуші:

 

– Рысбек мырза, сіз айтылған пікірлерге не қоса аласыз?

 

Рысбек Сәрсенбай:

Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы.Алматы, қыркүйек, 2009 жыл.

– Бұл қылмыс толық ашылған жоқ. Менің айтып отырғаным, тергеу басынан бастап және сот процесінің барысы - алдын ала жоспарланған сценарий бойынша жүргізілді. Сол себепті қылмыс ашылған жоқ. Билік бұл қылмысты ашуға тырысқан жоқ, керісінше жабуға тырысты.

 

Біреудің бұл істі тезірек жапқысы келгені, қоғамға жария қылғысы келмегені, жұрт ешнәрсе білместен осының алдында Заманбек Нұрқаділовтің «өзін-өзі үш рет атып өлтіргендегідей» сенсе екен дегендігі барлық жерден көрініп тұрды.

 

Бірақ мен қоғамдастықтың да кінәлі екендігін айтқым келеді. Біз шынайы тергеудің жүргізілуін талап ете алмадық. Халықтың сырын білетін билік осылайша жасады.

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет. Болат мырза, енді сөз сізде. Есіңізге сала кетейін, әңгіме тергеу барысы мен оның қорытындысы жайында болып отыр.

 

Болат Әбілев:

 

– Әуел бастан-ақ біз бұның нағыз саяси террор екендігіне, тапсырыс берушілердің негізгі мақсаты қоғамда қорқыныш туғызып, елдегі жағдайды шайқалту екендігіне назар аудардық. Қылмысқа ІІМ, ҰҚК, Сенаттың жоғары дәрежелі шенеуніктерінің қатысты болуы – бұның шынында да жоспарланған шара болғандығын, жоғарыдағылардың жазалауы екендігін көрсетіп тұр.

 

Бұл – бірінші және өте маңыздысы. Бұл – Өтембаев тарапынан болған әлдебір кек алу немесе қызғаныш емес. Мен оны жақсы білемін, ол өзінің көлеңкесінен қорқатын адам, ал жалпы өмірінде тірі жанға қиянат жасамаған адам шығар.

 

Тергеу барысында тергеудің мына бір жағдайға назар аудармағаны да өте маңызды. ҰҚК-нің әлдебір жоғары дәрежелі қызметкері Мұсатаев деген мырза, осы кісі ұрлау және өлтіру оқиғасының орындаушыларының бірі Әбікенов мырзамен, ақпанның 1-і мен 11-і аралығында 22 рет телефонмен сөйлескен. Соңғы әңгіме 11 ақпан күні кешкі 19:30-да, Алтынбекті тоқтатып, ұрлап кеткенге жарты сағат қалғанда болған.

 

Сонымен бірге, Өтембаевты Ибрагимовпен таныстырған, президент әкімшілігі конфессияаралық келісім бөлімінің меңгерушісі Кекшаев мырза да тергелген жоқ және ол мүлде еш жерде көрінбейді. Өтембаев президент әкімшілігінің жауапты қызметкері болған, кейін Сенат аппаратының жетекшісі болды.

 

Содан соң әлдебір жартылай қылмысты элемент Ибрагимов пайда болады. Кекшаев онымен бірлесіп бизнес жүргізу үшін танысыпты-мыс. Яғни, оларды Кекшаев таныстырған. Кекшаев елден ұшты-күйлі жоғалды.

 

Содан соң Дудаев деген бір азамат та тергелген жоқ және тергеу оны іздеген де жоқ. Ибрагимов мырза, тергеу барысында, кісі өлімі болған 11 ақпан күні түнгі он екі, бірлерде Дудаев мырзаны шығарып салғанын айтқан.

 

Ең мықты тергеушілердің бірі-міс делінген Машанло мырза басқарған тергеу неге оны шақырып, тергемеді. Мен осы сұрақты Машанло мырзаның өзіне бірнеше мәрте қойғанмын. Мұсатаев жайында да, Кекшаев, Дудаев жайында да. Ол ешнәрсе деп жауап бере алмады. Тек «жоқ, маңызды емес, міндетті емес, олар не айтатын еді?» деді.

 

Кешіріңіздер, бұл өте маңызды. Бұл адамдардың қастандыққа қатысы бар. Осы адамдар Алтынбекті өлтіру жөніндегі осы қастандықты даярлады. Сондықтан, тергеу соншалықты нашар, кәсіби тұрғыда емес, бұрмаланып, жасырудың айқын элементтерін байқатып жүргізілген.

 

"ИБРАГИМОВ ТЕ, МИРОШНИК ТЕ КІСІ ӨЛТІРГЕН ЖОҚ"

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет, Болат мырза. Енді үшінші сұраққа көшейік. Кейбіреулердің пікірінше, тәуелсіз саясаткерлерді және оппозиция жетекшілеріне сес көрсетіп, қорқыту үшін жасалған Алтынбектің тапсырыспен өлтірілуіне байланысты сот процесіне қатысты не себепті жауапқа қарағанда сұрақ көп? Серіққали мырза, осыған байланысты сіз не айтар едіңіз?

 

Серіққали Мусин:

 

– Бұл сұрақ пен алдыңғы сұрақ үндес. Егер 2006 жылғы ақпан айында болған оқиғаларға қайтып оралсақ, меніңше бұл қылмыстың ашылуы керек болмаған.

 

Бірақ жағдайдың орайына байланысты ол жедел арада ашылды. Мүмкін бұған ІІМ жедел қызметкерлерінің шынында да үлкен жұмыс жасағаны себепкер болар. Өлтірілгендердің телефондары үшінші адамдарда болып, олар осы телефонды пайдаланғанның арқасында олардың ізіне түсу мүмкін болды.

 

Осы жағдайларды ары қарай тексере келгеннен соң қазіргі адамдар пайда болды. Бұл жағдай толық тексерілген жоқ деп айта алмаймыз. Алғашқы кезеңде тергеу органдарының қызметкерлері бұл істі жаман бастаған жоқ, бірақ олар істің логикалық ақырына дейін жеткен жоқ. Сондықтан да, бүгінде бұл іс неге мұқият тергелмеді деген өте көп сұрақ туындайды.

 

Оның үстіне, менің ойымша, барлық өркениетті мемлекеттердегі сияқты аталған іс бойынша депутаттық-парламенттік комиссия құрылып, оған Қазақстандағы белгілі қоғам қайраткерлері тартылып, олар баламалы тексерулер жүргізетін еді.

 

Бірақ бұл жұмыс та жасалынбады. Бұл нені айтып тұр? Бұл дегеніңіз билік болған жайды шындап тексеруге мүдделі болған жоқ, неге ол Қазақстанда 2006 жылдың ақпан айында орын алды? Қазіргі уақытқа дейін бұл билік қатыгездікпен жасалған осы қылмыстың ашылуына мүдделі болмайды деп ойлаймын.

Қазіргі уақытқа дейін бұл билік қатыгездікпен жасалған осы қылмыстың ашылуына мүдделі болмайды деп ойлаймын...

 

Және қоғамдастық бұл қылмыстың ерте ме, кеш пе ашыларынан үмітті деп ойлаймын. Өйткені, бұл процеске өте көп адам қатысқан. Алғашқы кезеңде қысым жасалған соң әлдебір теріс куәлік берген адамдар бар.

 

Арада белгілі бір уақыт өткен соң бұл мәселе қайта көтерілер болса, әлгі адамдар шынымен де қалай болғанын айтып береді деп ойлаймын. Оларға кім қысым жасады, олар не үшін теріс жауап беруге мәжбүр болды және не үшін бұл іс қазіргідей сипат алды?

 

Жүргізуші:

 

– Серік мырза, енді сөз сізде.

 

Серік Сәрсенов:

 

– Біріншіден, Мусин мырзаның басында айтып кеткеніндей, бізде заңды күшіне енген сот үкімі бар. Және біздің заңдарымызға сәйкес, біз бұл заңды сыйлауымыз керек. Алайда азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге сәйкес, мен өзімнің пікірімді білдіруге құқылымын.

 

Және мен әлгінде бұл үкім заңды күшіне енгенімен әділетсіз үкім деп өз пікірімді білдірдім. Сот халықаралық пактінің 14-бабын бұзды. Яғни, Ибрагимов әділетті, тура, білікті сотпен сотталу құқынан айрылды.

 

Неге мен бұлай деп отырмын? Мен мына бір қысқаша мысалды келтіре кетейін. Жарыссөз кезінде мен сегіз сағаттай сөйледім. Және жеті жарым сағаттай бұрмалаушылық, заңды бұзушылық жайында сөйледім. Осының өзі 9-бапқа, қылмыстық процестің міндеттері мен принциптеріне сәйкес бүкіл қылмыстық өндірісті жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

 

Менің жеті жарым сағат бойы сөйлегенімді қағазға түсірсе, шамамен 140 беттей болады. Міне олар менің осы айтқандарыма 7 беттей ғана жауап жазды, қысқасын айтсам, менің «айтқандарым  дұрыс емес» дегенге келеді. Яғни, менің айтқан дәлелдерімді жоққа шығару үшін сот ешқандай нақты дәлел келтірмеген. Міне бұның әділетсіз шығарылған үкім екендігінің дәлелі осы.

 

Үкімнің біреудің айтуымен жазылғанына келісемін. Неге теледидар сот процесінің барысын Астанада көрсетті, ал содан соң бұл процесті тежеген соң судья бір күннің ішінде жалт берді?

 

Ибрагимов айтқан «Әбіқаевтың қатысы бар» деген мәлімдемеге сот неге назар аударып, баға берген жоқ? Оның мәлімдемесі бойынша Кекшаев та дұрыс айтты: Дудаев болған жоқ. Өтембаев бұл қылмысқа тапсырысты берген адам ретінде кінәні мойнына алып, қосақ арасында кетіп отыр. Бұны кісі өлтіруге себеп болды деп айтқанға күлкің келеді.

 

Сондықтан сот ешнәрсені дәлелдеген жоқ деп есептеймін. Мен бұл жерде әріптесім Мусин мырзамен келісемін. Ол шынайы тапсырыс берушілер анықталған жоқ дейді. Мен бұл қылмыстың шынайы тапсырыс берушілері ғана емес, шынайы кісі өлтіргендері де табылған жоқ деп есептеймін. Өйткені, Ибрагимов та, Мирошник те бұл кісі өлтіру оқиғасына қатысқан жоқ. Мен бұған қазірге дейін сенімдімін.

 Мен бұл қылмыстың шынайы тапсырыс берушілері ғана емес, шынайы кісі өлтіргендері де табылған жоқ деп есептеймін. Өйткені, Ибрагимов та, Мирошник те бұл кісі өлтіру оқиғасына қатысқан жоқ. Мен бұған қазірге дейін сенімдімін...

 

Кісі өлтіру бір тәулік бұрын орын алған. Сот жоғары білікті мамандардың – ресейлік сарапшылардың, профессорлардың, ғылым докторларының қорытындыларын неге қайтарды? Өйткені, бұл тиімді емес болатын. Бір тәулік бұрын кісі өлімі болған, ал мәйіттерді сол жерге әкеліп тастаған. Қатарластырып қойды десе болады.

 

Яғни, осы дәлелдердің барлығы сот үкімінде де, жоғары сатыда тұрған қадағалаушы, апелляциялық соттардың қаулыларында да бағаланбады. Және де, апелляциялық саты да бұл сұрақтарға жауап бермеді, мен шағымданып, қатысқанмын. Міне бұл үкімнің әділетсіздігінің дәлелі сізге.

 

Енді менің қолымда дәлелденбеген ақпарат бар (мен бұны тексерген жоқпын, өйткені оның маған қажеті жоқ). Оған сәйкес, Өтембаев Қазақстанда қамауда отырған жоқ. Ол шетелде екен-міс.

 

Және екінші сұрақ: ол жазасын қай жерде өтеп жатыр? Ол жазасын колонияда өтеуі керек қой. Ал менің білуімше ол ҰҚК-нің тергеу абақтысында болған. Яғни, қандай заңның негізі бойынша?

 

Міне, Өтембаев пен бұл кісі өліміне Өтембаев арқылы тапсырыс берген шынайы тапсырыс берушілер  арасында әлдебір келісімнің болғандығына дәлел.

 

Мен, сөз жоқ, бір факті дәлелденді деп есептеймін. Бұл жерде мен өзімнің қорғауымдағы адамның ұстанымына қарсы келмеймін, оның үстіне мен оны қазір қорғамаймын.  Бірақ, сөз жоқ, мына соттағы бір жағдай дәлелденді. Яғни, Ибрагимов Мирошниковпен бірге ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе отырып Сәрсенбаевты ұрлауға қатысқан. Міне, сотта осы дәлелденді.

 

Ал өлтірілу фактісі дәлелденген жоқ. Оның үстіне, Мирошников азапталған және осы азаптаудың нәтижесінде адамдардың қалай өлтірілгені туралы күлкілі куәлік берген. Және оның берген куәліктері сот процесінде жиналған, зерттелген материалдарға толығымен қайшы келеді. Бұл жайында мен жарыссөзде сөйлеп, қайшылықтың неде екендігіне байланысты нақты дәлелдер келтірдім.

 

Сондықтан, менің білуімше, қазіргі уақытта Ибрагимов пен Мирошниковтың туыстарының тыңғылықты шағым даярлау үшін қаржылық жағдайлары жоқ. Қазір біз халықаралық пактіге сәйкес бұл үкімнің әділетсіздігі жайында Адам құқығы жөніндегі комитетке шағымдануға құқымыз бар.

 

Аталған Комитетке осы шағымды тыңғылықты, жан-жақты асықпай даярлау үшін білікті адвокаттарды жалдауға олардың ақшалары жоқ. Қылмыс осы халықаралық құжатты ратификациялағанға дейін жасалса да қазір бұны Комитеттің қарауға құқы бар. Бірақ, пактіге сәйкес, біздің құқымыз бар, өйткені олар ұзақ мерзімдерге сотталды. Осы әділетсіз үкімнің салдарынан жазаларын өтеуде.

 

Бұл үкімнің әділетсіздігінің тағы бір дәлелі. Билік органдары неге қазір қорқады? Өткен жылы Ибрагимовтың өтінішімен оның бауырлары маған келді. Олардың айтуларынша, Ибрагимов колонияға менің келгенімді қалайды екен. Ол менімен кездесіп, маған қосымша тағы бір жайды айтпақ көрінеді. Мені ол жақта Ибрагимовке жолатпайтынын айттым оларға. Бірақ олар қояр емес, жоқ, жүріңіз, жүріңіз деп.

 

Олар ұшаққа билет алып берді. Біз сол жаққа келдік. Барлығы менің айтқанымдай болды. Ол мұндай арыз жазған жоқ деген сылтаумен колония бастығы бізді кездестірген жоқ.

 

Биліктегілер сотталып қойған адаммен кездестіруге неге қорқады? Ол өзі таңдап  алған қорғаушымен кездесуге құқы болса да, биліктегілер бұдан қорқады. Міне бұл үкімнің әділетсіздігінің дәлелі, мен бұны тағы да айтамын.

 

Ол жасаған қылмысы үшін сотталған жоқ, мен адам ұрлағаны жайында айтып отырмын. Ал, Ибрагимов те, Мирошников та кісі өлтірген жоқ. Яғни, бұл адамдарды өлтірген адамдар әлі анықталған жоқ.

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет. Ендігі сөз Болат мырзаға беріледі. Сіз не айтасыз?

 

Болат Әбілев:

 

– Адвокаттардың айтып отырғандарынан бұл мәселе оларды да толғандыратынын және шын мәнінде әділетті соттың болмағанын көріп отырмыз. Шынында да сотта Алтынбектің, Василийдің және Бауыржанның ұрланғандығы туралы факті ғана дәлелденді. Қылмыстың өзінің орындалуы мен тапсырыс берушілер туралы факт әлі анықталған жоқ.

Алтынбекті соңғы сапарға шығарып салу. Алматы, 15 ақпан, 2006 жыл.

 

Және соттың шешім шығарғаны... Әрине, біз онымен келіспейміз және ешқашан да келіспек емеспіз. Заманбек және Алтынбек сияқты адамдарға тек Астананың жоғары кабинеттеріндегі адамдар ғана қол көтере алатын еді. Бұл біз үшін факті болып қалады.

 

Әрине, барлығы Өтембаевты тағы да тапсырыс беруші қылу үшін жоспарланған, бірақ бұған ешкім сенбейді. Тағы да ҰҚК, ІІМ, «Арыстан» қызметтері тартылған. Бұл дегеніңіз аталған қылмыс жоғарыдан жоспарланып, бұйрық ең жоғарыдан төменге қарай кетті деген деген сөз. Әйтпесе, бұл арнаулы органдар сол кісі ұрлау оқиғасына қатыспас та, ынталана жұмыс істемес те еді.

 

Сондықтан біз, кімнің не істегені жоғарыдан шешіліп, төменге түсірілген ресми нұсқаға да, бұл соттың үкіміне де сенбейміз. Әрине, сот нұсқаумен жүрді. Соңғы күндердің бірінде Өтембаев куәлік беруге даяр екендігін айтқанда, Ибрагимов те куәлік беруге даяр болғанда судья бірден жарыссөздерді бастап кеткені біздің есімізде.

 

Прокуратура өкілі Кириленко жарыссөзге дайын болып шықты. Сол жерде шыға салып, оқи бастады. Яғни, барлығы жоспарланған, даярланған және процесті қашан бітіру керек, қалай әрекет жасау керек екендігіне Астанадан нұсқау болғаны түсінікті болатын. Сондықтан біз бұны тағы да саяси террор деп есептейміз. Шынайы тапсырыс берушілер бостандықта, жоғары кабинеттерде отыр деп тағы да есептейміз.

 

РАХАТТЫҢ УӘДЕСІ

 

Жүргізуші:

 

– Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы өзінің атышулы «Өкіл қайын ата» атты кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлының көзін жоюға тапсырыс берушілерді  елдің жоғары басшылығынан іздейтіндігі белгілі.

 

Оның айтуынша, «Кіші станица жақтан ұрланғандарды республика президентінің інісі Болат Назарбаевтың үйіне алып келеді. Сол жерде Әбіқаев пен Шабдарбаев тұтқынға Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ультиматум қояды. Сәрсенбаев оған ұсынылған талаптардан бас тартады. Кездесуден соң Әбіқаев пен Шабдарбаев, Сәрсенбаевтың олардың ережелерімен ойнаудан бас тартып отырғанын президент Назарбаевқа хабарлайды».

 

Бұл – Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабынан үзінді. Ол, сонымен бірге, бұл жайында нақты куәліктері бар екенін айтады. ҰҚК-нің қашып жүрген бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев та Азаттық радиосына берген сұқбатында Рахат Әлиевтің қолында «бұл қылмысқа жоғарыдағы бір лауазымды адамның қатыстылығы туралы нақты дәлел бар» деп айтқан. «Әрине, мен Өтембаев туралы айтып тұрған жоқпын» деген Әлнұр Мұсаев.

 

Пікірталасқа қатысушылар бұл жайында не айтады? Серіққали мырза, сіз бастаңыз.

 

Серікқали Мусин:

 

– Иә, шынында да, Рахат Әлиев сол кезеңде жоғары дәрежелі шенеунік ретінде тек аз ғана адамдар білуі тиіс ақпаратқа қол жеткізе алды. Оның қолында мұндай ақпараттың болуы әбден мүмкін. Бұл оқиғаның қалай болғанына байланысты жағдайлар кітаптың екінші бөлімінде шығады деп айтқанының орындалуы да әбден мүмкін. Бұл ақпараттың өзінде бар екендігі туралы оның айтуынан, мәселе айқындала ма деген ойым бар.

 

Оның үстіне, сіздердің ұйымдастыратын дөңгелек үстелдеріңіз барынша жиірек өткізілуі керек деп есептеймін. Өйткені, төрт жыл дегеніңіз – біраз мерзім. Және бұл процеске тартылған адамдар, қоғамдық ұйымдар, журналистер, адвокаттардың қолында қазіргі уақытта белгілі бір құжаттар бар.

 

Қандай да бір жолмен олардың барлығын бір жерге жинақтау керек. Егер ресми билік парламенттік, депутаттық немесе өзгеше бір комиссия құруды қаламаса, онда қоғамдық ұйымдар бірігіп, өзінің тәуелсіз, параллельді комиссиясын құруы керек. Сөйтіп, осы қылмыстық іске қатысы болған адамдардың қолындағы бар құжаттардан, деректерден қорытынды жасаулары керек. Меніңше, сонда ғана 2006 жылдың ақпан айында орын алған оқиғалардың шынайы картинасын ашуға көмектесетін әлдебір ақпарат пайда болуы мүмкін.

 

Жүргізуші:

 

– Серік мырза, адвокат ретінде сіздің айтарыңыз, қосарыңыз бар ма?

 

Серік Сәрсенов:

 

– Мен, әрине, Рахат Әлиевтің айтқандарына соншалықты сене бермеймін. Өйткені, ол адамның қолында бұл аса ауыр қылмысқа қандай да бір өзге адамдардың қатыстылығына, кінәлілігіне сөзсіз, бұлтартпайтын дәлелдері болса, онда ол бұл дәлелдерді неге жарияламайды, көшірмелерін болса да неге шығармайды, оның себебі не? Егер бұл дәлелдер бар болса, оның әр түрлерін табуға болады.

 

Болат жанымда отырғандықтан, ол біледі. Біз сол кезеңде бұны талқылағанбыз. Мысалы, сол кездері оппозиция жетекшілері Рахат Әлиевтің өзінің қатысы бар деп күдіктенді. Сондықтан оның ешқандай қатысы болмаса, онда ол өзінің кінәсіздігін, өзге адамдардың кінәлілігін дәлелдесін. Бірақ ол бұны көрсетіп отырған жоқ қой. Сондықтан да мен Рахат Әлиевтің айтқан сөздеріне аздап сын көзбен қараймын.

.Мысалы, сол кездері оппозиция жетекшілері Рахат Әлиевтің өзінің қатысы бар деп күдіктенді. Сондықтан оның ешқандай қатысы болмаса, онда ол өзінің кінәсіздігін, өзге адамдардың кінәлілігін дәлелдесін. Бірақ ол бұны көрсетіп отырған жоқ қой. Сондықтан да мен Рахат Әлиевтің айтқан сөздеріне аздап сын көзбен қараймын...

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет, адвокат мырза. Ендігі сөз Алтынбек марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбай мырзаға беріледі.

 

Рысбек Сәрсенбай:

 

– Егер Рахат Әлиевтің қолында шынымен де мұндай дәлелдер, материалдар болса, ол оны неге маған бермейді? Ол алдымен уәде берді де, артынан сөзінде тұрған жоқ. Алтынбектің ағасы Рысбек «менің сөзіме сенген жоқ» деп мені кінәлайды. Маған сену үшін сөздің қажеті жоқ. Егер оның қолында бұлтартпас дәлелдер болса, онда сол дәлелдерді маған берсін. Сонда ғана біз нағыз тапсырыс берушінің кім екендігіне сенеміз.

 

Президенттің өзіне, оның күйеу баласы Рахат Әлиевке, осы отбасына біздің күдігіміз бар. Және бүкіл халық тапсырыс берушілер осылар шығар деп есептейді. Өздерін ақтау үшін Рахат Әлиев те, оның қайын атасы да бұл қылмысқа қатыстарының жоқтығын дәлелдесін. Негізгі тапсырыс беруші де, ақырғы орындаушы да табылған жоқ. Біз бұл қылмыстың ашылуына өте мүдделіміз және ашылғанын қалаймыз. Егер Рахат даяр болса, онда бұл құжаттарды, материалдарды маған берсін. Содан соң мен оларды барлық ереже бойынша пайдаланамын.

 

Жүргізуші:

 

– Рысбек мырза, кезінде осы құжаттарды сізге беру немесе көрсету үшін Рахат Әлиевтің сізбен бейтарап аумақта кездесуге ұсыныс жасағаны белгілі. Бірақ, неге екені белгісіз, сіз бармадыңыз, бұдан бас тарттыңыз.

 

Рысбек Сәрсенбай:

 

– Жоқ, мен бас тартқан жоқпын. Мен, керісінше, сол жаққа журналист Сергей Дувановпен бірге баруға даяр болдым. Біз визаны рәсімдеп жатқанбыз. Визаны алған күні Рахат Әлиев Еуропада болмайды, бір аптадай күте тұрыңыздар деген хабар алдық. Бір апта емес, айлар өтті. Ақырында, біз қайтадан сұраған кезімізде, Рахат Әлиев «оның ағасы маған сенбейді, ол баспасөз арқылы маған әлдебір сұрақтар қояды» деген жауап қайтарды. Иә, олай болғаны рас.

Алтынбектің әріптестері мен үзеңгілестері марқұмның қабірі басында. Алматы, 11ақпан, 2009 жыл.

 

Рахат өзін ақтау үшін не айтатынын, қалай айтатынын мен білемін. Ол әртүрлі сөздер айтады. Сондықтан Рахат Әлиевтің айтқан сөздеріне мен сенбеймін. Егер ол сол іс бойынша көмек көрсетуге шынымен де даяр болса, онда ол қазір ғана емес, қылмыс жасалған соң, өзі Еуропаға қашып кеткен соң да бұл құжаттарды беріп немесе өзге бір жолмен бізге көмектесер еді.

 

Жүргізуші:

 

– Рысбек мырза, рақмет. Болат мырза, қорытынды сөз сізде.

 

Болат Әбілев:

 

– Мен кітапта анық емес тұстар көп деп ойлаймын. Шынында да оқиға солай, біз де бұны көп талқыладық, осымен өмір сүрдік, талдадық. Алтынбек пен оның достары, серіктері Василий мен Бауыржанды ұрлап кеткен кезде оларды ешқайда апарған жоқ, Шабдарбаевпен де, Әбіқаевпен де, Болат Назарбаевпен де ешқандай кездесу болған жоқ деп есептеймін. Бұл кездесудің ешқандай қажеттілігі жоқ болатын.

 

Алтынбекті қорқыту мүмкін емес болатын. Оны ұрлаған кезде Әбікеновтің адамдарынан, «арыстандықтардан» бірден Ибрагимов пен Мирошниковқа берді деп ойлаймын. Ибрагимовтар оларды қаланың сыртына, жазалайтын жерге алып барды.

 

Алтынбектің өліміне байланысты құжаттарды Рысбекке немесе өзге де жақын туыстарына беруге қатысты Рахаттың бірнеше мәрте уәде бергенін білемін. Рысбек әлгінде турасын айтты. Мен онымен келісемін. Егер Рахаттың қолында әлдебір құжаттар болса, онда ол құжаттарды жариялау керек немесе беруі керек. Төрт жыл бойы менде әлдебір құжаттар бар деп айта бермеуі керек.

 

САЯСИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ ТРАГЕДИЯСЫ

 

Жүргізуші:

 

– Болат мырза, рақмет. Егер дөңгелек үстел барысында біз маңызды әлдебір жайды айтпай кеткен болсақ немесе пікір білдірем деушілер болса, сіздерге мүмкіндік беріледі.

 

Серікқали Мусин:

 

– Болат Әбілевтің айтқанына қосатыным, шынында да 2006 жылдың 13 ақпанында біз сол жерде, құрбан болғандардың денелері табылған шатқалда бірге болдық. Шынымен де біз сол жерден қарақошқыл қан дақтарын байқадық. Бұл дегеніңіз, қан тек олар атылған жерде ғана болуы мүмкіндігін дәлелдеп тұр.

 

Сондықтан, олар бір жерде кездесіп, әлдебір үйде болып, сол жерде өлтіріліп, содан соң осы шатқалға әкелінді деген сөзге күмән бар. Бұны мен сөз  арасында айтып тұрмын.

 

Қорытынды ретінде айтарым, құрметті жүргізуші, мұндай дөңгелек үстелдер ең болмағанда осындай жағдайлар бойынша өткізіліп тұруына кеңес берер едім. Мүмкін болса, бетпе-бет отырып кездессек. Өйткені, жүзбе-жүз  отырып кездесу барынша жемістірек болады. Менің осындай өтінішім бар, құрметті Сұлтанхан Аққұлұлы. Рақмет.

 

Жүргізуші:

 

– Рақмет, тағы сөйлейтіндер бар ма?

 

Серік Сәрсенов:

 

– Мен екі ауыз сөз айтайын. Мен бұл жайында баспасөзде де, өзге жерде де айтып жүрмін, бұл Сәрсенбаевтың процесі – бізде, Қазақстанда Конституциямен қарастырылған әділ соттың жоқ екендігінің бір мысалы. Және біздің соттардың барлығы бағынышты, олар өздерін басқарып отырған басшылардың айтқанымен ғана жүреді. Сондықтан, бізде сот әділдігі болады деп үміттенудің өзі қиын. Менің ақырғы қорытындым осы.

 

Рысбек Сәрсенбай:

 

– Сіздердің радиостансаларыңыз арқылы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа айтарым, егер олардың қолдарында шынымен де қандай да бір құжат болса, маған берулерін сұраймын. Рақмет.

 

Болат Әбілев:

 

– Менің қосайын дегенім, төрт жылдың ішінде билік өзгерген жоқ, тоталитарлық-авторитарлық күйінде қалды: кім бізбен бірге болмаса – онда ол бізге қарсы, басу керек. Өзгеше ойлайтындарды, журналистерді қуғындау, газеттерді жабу жалғасып келеді. Егер дәл қазір ешкімді өлтірмесе де, қуғындау фактілері орын алуда. Яғни, режимнің мазмұны бұрынғысынша қалды. Қазақстандағы саяси қайраткерлерге қатысты болған трагедиялардан биліктің қорытынды шығармайтыны өте өкінішті.

 

Жүргізуші:

 

– Болат мырза, рақмет.


Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосының дөңгелек үстелі аяқталды. Қатысқандарыңызға рақмет.

 

РЕДАКЦИЯДАН: Бейсенбі, 11 ақпан күні Алтынбектің жесірі Салтанат Атушеваның радиомызға берген эксклюзивті сұқбатын жариялаймыз.




CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір жарияланған бет , жиыны 2
    Келесі 
Кімнен: аспан Қайдан: жер
09.02.2010 20:27
+0 / -0
Тек нақты қалай болғанын айтпағанда, бәрі де түсінікті. Бірақ қалың елім қазағым да, ұлт маңдайына біткен азғантай дегдарлар да іштей күрсінуден ары бара алмайтын зұлыматта өмір сүріп жатқаны өкінішті.
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
10.02.2010 18:48
+0 / -0
қазақ елін қазір енді ... билейтін болды ғой! қайсы кім екенін айыра алмайтын болдық. әлгі балиевалар, карагусовалар, абдыкалыковалардан, кулубаев, перуашев, масымовтардан кейін енді қандай қазақ билігі, қазақ елдігі туралы сөз қозғауға болады айналайындар! қазақты бір оқ атқызбай қолға түсірді-ау!

Кімнен: Мақсот Қайдан: Алматы
09.02.2010 22:50
+0 / -0
Әншейінде ауыз жаппас коммент жазғыштар, ҚАЙДА жүрсіңдер? К-терің бір уыс болды ма? Осы Алтынбектің өлімінеқатысты кеомменттеріңе қарап кім екендеріңді шамалаймыз. Президент болатын АЗАМАТ еді. СОНЫ БІЛІП ҚҰРТТЫ !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!! Ал, басқа қисық коммент беруші құйтырқұлар - АЗАМАТ болсаңдар, осы тақырыптан ауытқымай коммент жазыңдар, басқа әңгімелеріңдеріңнің құны - КӨК ТИЫН!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!
Пікір алмасу

Кімнен: Борз
10.02.2010 02:02
+0 / -0
Айналайын,аузың көпірмей сабаңа түс,керісінше сенің берекесіз эмоцияң өзгелер үшін -бес тиын.
Мақаланың шыққаны бүгін ғана емес пе еді?!

Пікір алмасу

Кімнен: қазақ қызы
10.02.2010 03:21
+0 / -0
Рас айтасыз, менің де байқағаным осы, қайсы сайтта болсын көп ешкім жақ ашпайды. Біз бәріміз, күллі халық құл болдық. Нағыз халық үшін туылған азаматтарды өлтірітіп қойып, жақ ашпай отырмыз. Судың да сұрауы бар емес пе? Біздің трайбалист қазақтар екі батырдың өлімін тек албан руының ғана қазасы деп ойлайды. Олай ойлайтындар нағыз топастар. Қорқақтар мен топастар осындай қатыгездік жолға барып отыр. Арманда кеткен арыстың арманы орындалсын десек, бірінші құлдықтан құтылуымыз керек.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
10.02.2010 01:53
+0 / -0
Алтынбек Сәрсенбайұлы Алаш Орданың, Мұстафа Шоқайдың,Тұрар Рұсқұлұлының,Алихан Бөкейханның ісін жалғастырушы еді.

Кімнен: Мақсат Қайдан: Астана
10.02.2010 07:09
+0 / -0
Мақсотқа
Комментің бар болсын! Пікір демейсің бе? Босқа сөзді көбейткеннен су шыға ма? ... өзі өлтіргені айдан анық. Енді не істе дейсің? Ол байлығын қорғау үшін туған бауырын да аямайтын сұм. Ал, осы "коммент" саған дұрыс болды ма?

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
10.02.2010 08:45
+0 / -0
Үндемей коммент жазбай қойғанның өзі де, көп сырды аңғартады бауырым! Жұрттың бәрі жалаңтөс батыр болғысы келмейді ғой..........

Кімнен: Асан Қайдан: Алматы
10.02.2010 09:43
+0 / -0
Тапсырыс берушінің кім екені айдан анық. 2017 жылдан кейін немесе 2023 жылы өзі де су бетіне қалқып шығады.

Ал, Дудаев, Кекшаев, Салдузи... Қай жерде былық болса, сол былықтан міндетті түрде ... қылмыстық топтары жүреді. Яғни Қазақстан ең кемінде ... қылмыстық әлемінің уысына түскен деуге толықтай негіз бар.

Сәрсенбаевтың өліміне қатысты тергеу мен сот ісінде қолданылатын математикалық кері дәлелдеу әдісі мүлде пайдаланылмады. Оны пайдаланудың тағы бір мүмкіндігі Өтембаевтың қазір қайда және қандай жағдайда отырғанын анықтау. Журналистер осыны індетіп жазса деген ұсынысым бар.
Қылмысты жасыру кімге керектігі айтпаса да түсінікті.

Кімнен: Бақытжан Бостан Қайдан: Астана
10.02.2010 10:35
+0 / -0
Алтынбекті 1986 жылдан білемін. Біз Қазақ энциклопедиясында істеп жүргенде ол ҚазТАГ-та қызмет атқаратын. Бір топ редакцияның жігіттері бұрынғы Үкімет үйінің гүлзарында кездесіп сұбхаттасытынбыз. Ол уақытта Алтекең жас жігіт, МГУ-ды бітіріп келген, сол кездің өзінде ойлары терең, өте білімді еді. 1992 жылы қазақтардың бірінші құрылтайы кезінде ол президент аппаратында бөлім меңгерушісі болып, құрылтайды ұйымдастырушылардың бірі болды. Біздің де қатысуымызға жәрдем берді, үлкен жүректі абзал азамат еді.
Реке, уайымдама, түбі шындық жеңеді!
Бақытжан Бостан

Кімнен: Абылай Қайдан: Астана
10.02.2010 10:41
+0 / -0
Алтекеңнің нағыз еразамат болғандығын енді түсіне бастадық. Осыған дейін ол туралы талай нәрселер айтылып еді, соның барлығы жақсы сөз болды деп айта алмаймын. Оларды да, мені де Құдай кешірсін. Айтайын дегенім, Рысбекке қатты жаным ашиды, ол шын мәнінде де, ағасының қазасын өте ауыр қабылдады. Бұл мақаланың аудио жазбасын тыңдап шықтым, бір байқағаным Рәкеңнің даусында діріл бар. Бұл кектің, өкініштің, ауыр қазаның дірілі деп түсіндім. Қазақ осылайша сорлы болып, жоғалатқанын сұрай аламай, билік басында отырған жалмауыздардың ашықтан ашық жасап отырған қылмысына көз жұмып өте ме деп қорқамын. Осылай жүре беретін болсақ, түбі құримыз. Президенке де, оның туған туыстарына да, қасында бірге жүрген адамдарына да, елдің болашағы көк тиын ба деп ойлаймын. Өйткені, олардың қолындағы байлық, баяғы да ақ, шетелге шығарылды. Ертең Қытай немесе Ресей елімізге бодан болып кете ме деп қорқамын. Біздің болашағымыз күн өткен сайын бұлыңғырланып барады.
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
11.02.2010 06:47
+0 / -0
Алтеке Рекеңнің інісі.

Кімнен: Мамыр Қайдан: Алматы
10.02.2010 11:07
+0 / -0
Мен Алтекеңнің қоластында, бір кеңседе жұмыс істеген едім. Соның өзін мақтаныш тұтатынбыз.. Сол уақыттары Алтынбек ағаның саяси ұстанымын, азаматтық көзқарасын, еліне деген жанашырлығын біз, қатардағы қызметкерлер жан-дүниемізбен түсінетінбіз. Сол жылдары менің бар ағайын-туысым, таныстарым, достарым біраз саяси сауатын ашып қалды деп ойлаймын. Өйткені біз сол Алтекеңдер ту етіп ұстанған бағытты өзгелерге қолымыздан келгенше жеткізуге тырысатынбыз. Алтекең тұрғанда алынбас қамал болмайтындай көрінетін. Бойымызда қорқу сезімі болмапты. Бізді қорқытатын еді өзгелер, ертең бастарың бір бәлеге қалады деп, ол жерден кетіңдер деп. Бірақ Алтынбек аға бізге үлкен сүйеу болатын, ол кісі барда, еш қауіп төнбейтіндей көрінетін. Әлі есімде, президенттік сайлаудан кейінгі Алтекеңнің қабарып кеткен жүзін көріп, бәріміз ол кісіні қатты аяп кеткен едік (енді біз қатардағы қызметкер болдық, қолымыздан өзге не келуші еді). Кейін ол кісіні қасындағы адамдарымен атып кетіпті дегенді естігенде, дүние төңкеріліп түскендей күй кештік... Қайран асыл ағамыз-ай! Ұлт үшін ұлы идеялардың соңында жүріп мерт болды. Әлі күнге дейін көзім жасқа шыланады. Қайтейік, сіз өмірден кеткен соң, біз де ол бағыттан тартынып, өзге сүрлеу іздеп кеттік, үрейленіп қалдық...

Кімнен: Албан Қайдан: Райымбектен
10.02.2010 11:09
+0 / -0
Билікке карсы шыгып, бас котерген қос азаматты қанішерлер жайратып салды. Оппозициянын колынан тук келмейді деп жазгырамыз. Шындыгында олар оздеріне де кауіп тоне ме деп коркады.

Кімнен: bokky Қайдан: bokky hetay
10.02.2010 12:18
+0 / -0
Нзарбаев тақтан тұсе, одан қорқып,ауыз аша алмай отырғандар, бір-ақ кұнде сондай еді деп сайрап шыға келетыныне даусыз, ай,осі палеге қайдан жұғыстым екен деп Нән де қамығар, кім ат-атақ абыройдан өздігінен айырылғысы келеді дейсіз...бір Алтынбекты өлтіріп қойып, мың Алынбекты ойатып алғанын осі биліктегілердың, ондағы перде артындағы адамдар сеземе екен деймын, арине , біліп отыр, оларға қазақ дегеннен, олардың ертеңгі келешегі дегеннен горі, осы ойыһндар қызықты боп корінері қақ, қандай мағыналі істер деші
Нән биліктен кеткесін, оның орнын басқан тағы бір топта осындай қым-қут ойыһндар болатыны қақ, ал сол жолдарға жол бермеу, парлемент жане қысқа мерізімдік қызмет өтеу...оны елдың барі біледі, ақшасі жоқ кедейлердың сондай заң орнатқанға шамасы жетпейды.өмір деген осіндай қарама-қайшылықты, тім кұрделі жане тім қарапайым,ұстіп ақылгойсуде оңай

Кімнен: Бек Қайдан: Алматы
10.02.2010 15:31
+0 / -0
Заке окка ушканда оны арулап комуден де корыкты билiктегi сур жыландар. Алтекенiн сонда билiктегiлерге айтканы алi есiмде: «Сендер тiрi Заманбек тугiлi, олi Заманбектен де коркасындар...» деп едi асыл азамат. Ендi мiне, Алтеке туралы да естелiк айтуга мажбурмiз...
Алтеке шын манiнде улт кошбасшысы болуга лайык тулга болатын. Оны iсiмен далелдеп келе жаткан. Алтекенiн нагыз кошбасшы екенiн мойындагысы келмейтiн бiр адам болды. Ол - Назарбаев. Алтекенiн казасынын саяси жауапкершiлiгi Назарбаевтын мойнында!

Кімнен: Аматы- Қайдан: Алмтаы
10.02.2010 15:37
+0 / -0
Оу,Бокки бауырым,саясаттан еш хабарың жоқ болса албаты көкиа бермеңіз.іліп алар ештеме жоқ жазғаның не,еміле қателігінен аяқ алып жүргісіз...бір түкпірде жатып алып өтірік жазғанша жаныңды бақ қарғам...саясатқа араласпа,сен бәрінен хабарсызсың...солай есіңе сақта бауырым!!!
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
14.02.2010 02:47
+0 / -0
оу замандас алдымен өзіңді дұрыстасаншы содан кейін барып ақыл айт ))) Аматың не Алмтаы-ың не?

Кімнен: Таулық Қайдан: Сұлу төр
10.02.2010 17:38
+0 / -0
Аллаhтан Алтынбектің жанын жанната болуын тілейміз. Кіршіксіз жанның өмірін қыйған опасыздар, оңады деп ойламаймын. Ал осы қара түнектен халқымызды алып шығатын азаматтар, арамызда бар шығар әлі. Алтынбектің жолы жалынның тек ұшқыны. Болашақ әлі алда.

Кімнен: алим Қайдан: акудаистан
10.02.2010 19:26
+0 / -0
Нурсылтан,рахат,енди тимур,кыздары ,кудалары, жиендери .Казахтын мылкау конбистилигинин аркасында елдин асты усти баилыгын сатып байып енди дым калмагасын жердин озин "аренда"кылмакшы.Елдин шыдамынын шегине жеткенсынайлы.содан коркып ерте жолдау жасап,зиялымын деп журген кол жалагыштарга сыйлык берип алдаркатканмен халык уадеге абден тойган секилди.

Кімнен: Құл қазақ Қайдан: Алматы
11.02.2010 10:40
+0 / -0
Перзенттерінің өліміне араша түсе алмаған ұлт - ҚҰЛ болмағанда кім болады. Алтынбекпен бірге 1 жыл оппозицияда жұмыс істеп, ол қайтыс болған соң ол жерден кеттім. Қорыққандықтан емес, қазақтың жаппай ҚҰЛ болғандығынан шошып кеттім. Не десеңдер, о деңдер. Қазақта болашақ жоқ, балаларым үшін ретін тауып шетелге кетудің қамын ойлап жүрмін. Әйтеуір аман бол қазағым... кейін әлем тарихының архивтерінен тауып алармын деген үміттемін...

Кімнен: Анахарсис Қайдан: Еділ
11.02.2010 15:36
+0 / -0
Билік бірінші Күйеуге "басқаны айтсаң айт, Алтынбек туралыны айтпашы" деп жалынған болуы керек, немесе "сенің де қолың арам ғой" деп бопсалаған шығар, сонымне бірінші Күйеу ары ойланып, бері ойланып, ақыры Рысбек Сәрсенбайұлына жолығудан жалтарған болар!

Кімнен: Мақсот Қайдан: Алматы
12.02.2010 19:52
+0 / -0
Мына БОРЗ мақаланы эмоциясыз, яғни жайбарақат талқылайық, деп шошып кеетті. Биліктің құйыршығы сияқты. Тек солар ғана бірің өлде бірің қал тек сабыр керек дейтін. НАН айтқан "стабилностьты" ұстап, бәрімізге тықпалап отыр, үш әріптің қүйыршығы. Итке ұқсатып мынадай азаматты атып тастаған кезде сабыр шақырып отыр...
Пікір алмасу

Кімнен: Борз
17.02.2010 09:13
+0 / -0
Мақсот,аузыңа келгенді көкіме.
Мен Р.Алиевтің кітабынан екі бірдей үзінді келтіріп, әдейі сен оқысын деп жібергем.Нағыз (оригинал) кітабынан. Онда Сәрсенбаевтың ажалына кімнің себепкер екендігі ап анық жазылған. Неге екені белгісіз "командир" (модератор) оны жарияламай тастады. Ол кітапты оқыған да бар, оқымаған да бар. Олай дейтінім: ол кітап жайлы прокуратура,билік орындарының арнайы заңы барын өзің де білесің.Тіпті қазір оны интернеттен мың рет іздеп таба алмайсың. Жалған нұсқасына ссылкалар толып жатыр. Оны екі айналымға келмей- ақ оп -оңай таба аласың. Егерде мен кгб ның құйыршығы болсам, "сау басыма сақина тілеп" ол үзіндіні жіберер ме едім. Мүмкін модератор менің жағдайымды да ойлаған шығар. Өйткені онда нағыз жан түршігерлік жайттар айтылған.Ал, өзің білетін шығарсың интернеттегі клиенттердің "ай пи" номерлерін кнб дағы өзің айтқан "құйыршықтар" қадағалап отырады.
Эмоцияны айтсақ ,сенікі шынында да артық болды. Азаттық сайтындағы пікір жазғыштардың Алтынбектің өлімінде не шаруасы бар. Жазғылары келсе жазады,ал жазбаса жоқ. Тіпті солардың жазған комментарилері бірдеңені өзгерте қоя ма? Сосын Алтынбек өлгелі не заман,сен бүгін өлгендей байбалам саласың,соның себебін айтшы?

Кімнен: Жарық Қайдан: алматы
12.02.2010 22:27
+0 / -0
"Құл қазаққа" айтарым: құл болсаң өзің құл бол. Өз еліңді тастап басқа елге барып қарық боламын деп отырсың ба? "Қазақты" білмейтін адамның сөзі. Кімнің "құл" болып, кімнің "би" болатына ол бір Алланың қолында.Өздерін "құдаймын" дейтіндердің жауап беретін кезі болатыны қақ. Оған жететін күн де болады. Арыстарымыздан айырылған әрине өкінішті, бірақ осылардың өзі әділетсіздікке қарсы күресті күшейтпесе әлсіретпейді.

Кімнен: қолдаушы
15.02.2010 18:04
+0 / -0
Алтынбек өзіне өзі жасаған адам. Ерлік жасаймын деп елірген ақымақ. Қасындағы екеуге обал болды.Өлген арыстаннан тірі жүрген тышқан артық.Зарлағанмен ештеме өнбейді, бірлік пен тірлікке жететін ештеме жоқ. А-к өзін болдым толдым деп есептеп өзін адам еткен, аман еткен НӘН ге қарсы шыққысы келді. Ол күні кешегі бала ғой. Тек шашы ертерек түсіп қалғаны болмаса.Асқанға тосқан болды.Аяуға болады, бірақ ақылсыз ақымақ өз көрін өзі қазды. Оның өлімі тәуелсіз еліміздің тұрақтылығынан артық емес.Талай Алтынбек туар, бірақ тәуелсіз елімізге қауіп төндірушілер болмауы тиіс.
Пікір жарияланған бет , жиыны 2
    Келесі