Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 01:53

МӘДЕНИЕТ

Еркебұлан мен Қарлығаштың айтысы

«Тәуелсіздік тағылымы» деген атпен өткен айтыстың екінші күні сахнаға шыққан екінші жұп - семейлік Қарлығаш Әубәкірова мен астаналық Еркебұлан Қайназаров болды. Ал қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков ақындардың ЕҚЫҰ саммиті жайлы айтқандарына ескерту жасады.

Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
x
Ақындар айтысқа жиналды. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

Бұл екі ақын айтыстың екінші күні басталар шақта қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков айтқан сын-ескертпелерден кейін президент Назарбаевты, Астананы және осы қалада өткен ЕҚЫҰ саммитін жырлады. Тек сөз арасында ғана Қазақстанның тәуелсіздігі туралы бірер шумақ айтылды.

Алайда ақындар әзіл сөзге сүйеп, саммиті жерпұшпақтап сынап та алды.

– Армысың, Еркебұланым,
Арманға қанат қақтың ба?
Саммитті өткіземін деп,
Түстің бе алашапқынға?
Елу алты елдің басшысын,
Шабарман, атқосшысын,
Жағдайын жасап күтем деп,
Қас-қабақтарын бақтың ба?
Қымызды судай сапырып,
Шұбаттың дәмін татырып,
Экзотиканы көрсетіп,
Еуропалыққа жақтың ба?
Ту бие тойға сойдырып,
Қазы-қартаға тойдырып,
Ет жемес қонақтарыңды,
Шөп, шаламынан қақтың ба?
Екі күн бойы демалдың,
Дүкен, базарды жаптың да.
Саммитім рахат болды-ау, деп,
Тілекті құдай берді-ау деп,
Көрпеңді орап басыңа,
Ұйқыға әлде баттың ба?
Астаналық досым-ай,
Тәуелсіз күнде осылай,
Снайперлерден сескеніп,
Тығылып үйде жаттың ба?
Шықпаңдар деген пәрмен кеп,
Шығайын десең, дәрмен жоқ.
Еркіндігіңнің бал дәмін,
Екі сағатта таттың ба? – деп жырлаған Қарлығаш Әубәкіроваға қарсыласы Еркебұлан Қайназаровтың жауабы мынандай болды:

– Қарғам-ау, неге сонша басынасың,
Жайым жоқ енді сенен жасыратын.
Саммитті сарсаң қылып жібердің ғой,
Хандардың басы ғана қосылатын.
Мен түгіл мынау ел де үйде отырды,
Дегендей саммит тыныш өтіп алсын.
Бірлігімнің белгісі осы емес пе?
Ешқандай жай болған жоқ шошынатын.
Екі күнге кеткен жоқ ештеңеміз,
Бұған неге басыңды қатырасың.
Бұл Астана - қазақтың үлкен үйі,
Алаштың атын көкке асыратын.
Біз сол үйдің үлгілі баласымыз,
Үлкеннің тілін алып, тосылатын.
Үйіне сыйлы қонақ келген кезде,
Үндемей бір бөлмеде отыратын, – деп жырлады.

Бірақ қазылар алқасының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков өткен жылы 1-2 желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ саммиті кезінде астана тұрғындарының жайын сөз еткен ақындардың жырын жоққа шығарды.

– Жаңа Қарлығаш айтып жатыр: біраз кісінің ұғымында "сол саммит болған екі күн осында демалыс берілді, жұрттың бәрі қаладан кетіп қалды, жұмыс істеген жоқ" деген ұғым бар сияқты. Жоқ, олай емес. Мәселен, мәдениет министрлігі және оған қарайтын бүкіл мекемелердің бәрі, Астананың қоғамдық, мәдени ошақтарының бәрі аяғынан тік тұрып қонақ күтті, – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Еркебұлан мен Қарлығаштың айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:




CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жартыбаев Сайлаухан Қайдан: Қызылорда обл. Жаңақорған
07.01.2011 22:32
+0 / -0
Шыңғырған шындықты шымылдықпен жаба алмайсың.

Кімнен: Жанибек Қайдан: Казакыстан
07.01.2011 23:29
+0 / -0
Бул неге тындалмайтур,калай жуктеуге болады ..
Пікір алмасу

Кімнен: Модератор
08.01.2011 02:56
+0 / -0
Құрметті Жанибек!
Егер үнжазбаны тыңдай алмай отырсаңыз, сайтты басқа браузерлермен (Opera Turbo, Google Chrome, Apple Safari, Mozilla Firefox, т.б.) ашып көріңіз.

Кімнен: Қайыржан Қайдан: Алматы
08.01.2011 13:07
+0 / -0
Құрметті "Азаттық" радиосы, Модератор!

Осы айтысты қалай жазып алуыма болады?
Пікір алмасу

Кімнен: Модератор
10.01.2011 08:16
+0 / -0
Қымбатты Қайыржан! Осы айтысты жазып алу үшін біздің Алматыдағы бюроға жолығыңыз. Біздің мекен-жайымыз: Фурманов көшесі, 122 үй, Ұлттық баспасөз клубының ғимараты. Рақмет!

Кімнен: Есен Қайдан: атырау
12.01.2011 22:44
+0 / -0
Қалған ақындардың жұбын қашан бересіздер? Солтүстік Қазақстаннан келген ақын қашан шығады?

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
25.01.2011 22:47
+0 / -0
Ағайындар айтысты қайдан көруге болады?алдын-ала рахмет.