Accessibility links

Мың үтірлі жақшалар


Ерлан Жүніс, ақын. Фото Facebook парақшасынан алынды.
Ерлан Жүніс, ақын. Фото Facebook парақшасынан алынды.

Ерлан Жүніс - таза лирик, мен тіпті - мөлдір лирик дер едім. Бұл жағынан ол испан ақындары Хименес пен Гарсиа Лоркаға ұқсайды.

Ерлан Жүністі жастайынан танымал болғасын, біз тек жас ақын деп елестетеміз. Ау, жас өспей ме, кедей байымай ма, мұңайған қуанбай ма? Қазағым осылай демеуші ме еді, Гегельді оқымаса да? Ақынның өзі қаншама аспани тұлға болса да, толыспай ма, марқаймай ма, түрлі кезеңдерден өтпей ме? Егер ақындығына келсек, Ерлан - таза лирик, мен тіпті - мөлдір лирик дер едім. Бұл жағынан ол испан ақындары Хименес пен Гарсиа Лоркаға ұқсайды. Оның сөйлемдері мен бейнелері ауадан бөлініп, сол күйінше қағазға түсетін сияқты. Мен кезінде оның «Дуалогтарын» өзім шығаратын «Тамыр» журналына басқанмын, сонда байқағаным ол топтамада интеллектуализм басым, бұл жағынан ол Малларме, Поль Верлен сияқты француз модернистеріне ұқсайды екен. Алайда бұл арада мен өзінен өзі кетіп бара жатқан әсіре мақтауымды тоқтатуым керек, өйткені мұның бәрін болжап қойғандай, Ерлан бір шумағында былай депті:

Адамзат жалыққан бір ғажап күтуден,

Жаңаға тағы да келмейді сенгісі.

Әлемде бәрі де бітеді үтірмен,

Тек тыйым салуға керек леп белгісі!

Міне, тек осылай ешнәрсеге алаңдамай, өз мақсатыңды қадір тұтқанда ғана алға жылжуға болады. Осының дәлелі ретінде Ерлан Жүністің Қазақ хандығының 550-жылдығына арнап, байқауда бас жүлдені ұтып алған «Мәңгілік елі. Нараду» поэмасын талдап көруге болады. Бұл арада әлемдік поэзиядан аналог іздеп көрмей тағы да болмайды. Егер есімізге Томас Элиоттың «Полые люди» поэмасын түсірсек, біз дұрыс жолға шығатын сияқтымыз. Онда ағылшын ақыны өз замандастарын жүректерінде еш құндылық жоқ, іші қуыс адамдар ретінде суреттейді. Мүмкін, тарихтың ақырына таяған біздің заманда әлгі құндылықтардан айырылу одан сайын үдеген шығар, бірақ қазақ ақыны бірден жаһанданудың майталманы мен құрбаны болған біздерді өз ұлттық құндылықтарымен емдегісі келеді, сол үшін ол біздің алдымызда кем дегенде үш мыңжылдық тарихымызды жайып салады. Өйткені, Қазақ хандығы көшпелі қазақ дамуындағы бір сәт қана, ал қазіргі ақынның мұраты - осы сәттердің бәрін жиыстырып қазақы елдің, қазақы мінездің архетипіне жету, қазақтың өз-өзі туралы түсінігін тұтастандыру.

Өйткені, Қазақ хандығы көшпелі қазақ дамуындағы бір сәт қана, ал қазіргі ақынның мұраты - осы сәттердің бәрін жиыстырып қазақы елдің, қазақы мінездің архетипіне жету, қазақтың өз-өзі туралы түсінігін тұтастандыру.

Бұл тұрғыда ақын ғасырдан ғасырға сүңгіп, тарих тұңғиығына бойлай береді. Беріден, Алтын орда мемлекетінің ыдырауынан бастап, қазақ хандарының династиясын Урус ханнан таратып, Қазақ хандығының Алтын орда мемлекеттілігінің мұрагері екенін көрсетеді. Бұл қазіргі тарихшыларымыздың жаңа буыны жан-жақты негіздеп жүрген ақиқат. Ал бірақ ақынымыз бұған қанағаттанбайды, ол біресе скиф дәуіріне кетіп, Томирис патшайымды жырлайды, бір кезде Ақтабан шұбырындыны еске алады, біресе Атилла заманына қайта оралады, бір кезде Қазығұрт пен Нұх пайғамбардың кемесі пайда болады, біресе Моңғол империясына алғаш рет исламды енгізген Берке ханды жырлайды. Поэманың бас кейіпкері - соқыр әулие Құлбақ үшін өмір түспен бірдей, тек оны жори білу керек. Сол түс жоруға жиылғандар ақын Мұндыз, бақсы Кейқайат, данышпан Көліркі. Түс жору сайысы басталғанда, түстерді әркім әртүрлі жориды. Содан-ақ тарихымыздың басы мен аяғы жоқ, тіпті, еш баяны жоқ, тек шытырман оқиғалар легі екені байқалады. Ал бұл болса постмодернистік шығарманың тәсілі: үйреншікті жауыр болған қағидаларды қиратып, негіз деп жүргенімізді негізсіз ғып көрсетіп, оның есесіне әрбір жеке оқиғаға негіз ретінде мән беру. Және осының бәрін таусыла жырлап отырып, автор мынандай тұжырымға барады:

Қамшы болар таяғың,
Соғыс деген сонар шақ,
Сенің көрген аяның –
Баяғы емес, болар шақ.

Мұнда автор әлгі постмодернистік ойындарын тоқтатып, ұлттың болашағы - оның тарихында, егер өткен шағың тек зорлық пен күштеуге толы болса, онда болашаққа да соны әкелесің дейді. Құлбақ әулие поэманың бір бөлігін тұжырымдағанда, көне түркі тілінде былай дейді: «Сүзеген бұқаға Тәңірі мүйіз бермейді».

Сонымен бірге ақын қазіргі шағымызды ешбір ұлы тарихқа айырбастағысы келмейді. Бұл біздің өз-өзіміз туралы тұтас түсінік қалыптастыратын кезең.

Жазу бар маңдайында бұл даланың,
Жазуға күн қарадым, жыл қарадым,
Қ – Құдай,
А – адамзат,
З – замана,
А – алаш,
Қ – қара жер – құндағы оның.

Кезінде «Шашылған тіркестерінде» Асқар Сүлейменов айтқан еді: «Қазақ ұлты, түрік ұлты, ислам ұлты, әлем ұлты – бірі кем болса, басқалары да шала» деп, егер Асекеңдікі ұлт дамуының тарихи вертикалі болса, оның кіші әріптесі ұлттық болмыстың нақты горизанталін суреттеп отыр. Егер Асекең қазақтың ұлт боп дамуындағы әрбір кезеңнің дұрыс зерттелмегеніне меңзесе, Ерлан Жүніс ұлт әрқашанда адамзатпен бірге дамитын тұтастық деп отыр. Егер қара жер ұлттың құндағы болса, құндақтан бала өспей ме, жігіт болмай ма, бір мәреге ұлтын көтеріп, ұрпақ қалдырмай ма? Бұл тұрғыда, поэманың аяқталуы назар аударарлық нәрсе.

- Анау бәйтеректің басында әлдебір нәрсе жарқырап көрінген соң, жақын барып ем, құс ұясы екен, жұмыртқасы өзгеше, алтын секілді көз тартады. Соны Сіздерге айтсам деп...

Меніңше, мұнда автор қазақтың егемендік алғаннан бері пайда болған жаңа ұрпағын меңзеп, біздің зейінімізді түпсіз тарихтан гөрі нақты қазіргі халімізге көшіргісі кеп отыр. Расында да, егер жаңа буын осындай стилі бөлек, айтары мол, мағынасы мен мәнінде шек жоқ, ұшан-теңіз, дариядай шығарма жазуға қабілетті болса, әлде де болашағымыз бар деуге болады. Кезінде Олжас Сүлейменов «Поэт не просит слова, он его берет» деп еді. Ерлан Жүністің осы дастанын жаңа ұрпақтың жаңа сөзі деп бағалайық, ағайын!

Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

XS
SM
MD
LG