Accessibility links

Бақытжан Кетебаевтың әйеліне төлқұжатын қайтармады


Бақытжан Кетебаевтың әйелі Аниса Абдуллаева және балалары Найла мен Камал.
Бақытжан Кетебаевтың әйелі Аниса Абдуллаева және балалары Найла мен Камал.

Алматы полициясы қазақстандық саяси эмигрант Бақытжан Кетебаевтың балаларына Ұлыбритания паспортын қайтарды, бірақ әйеліне ұлыбританиялық және қазақстандық төлқұжатын әлі бермеді. Сондықтан олар Лондонға қайта алмай отыр.

Бүгін полиция Бақытжан Кетебаев пен Аниса Абдуллаеваның кәмелетке толмаған екі баласына сәуірдің 20-сы күні Алматы әуежайында тәркіленген ұлыбританиялық төлқұжаттарын қайтарып берген. Бақытжан Кетебаевтың отбасы Ұлыбританияда тұрады. Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғанымен, оның әйелі мен балаларының қолында екі елдің де төлқұжаты болған.

Абдуллаеваның ұлыбританиялық төлқұжатын қайтару мәселесі қашан шешілетіні белгісіз. Аниса Абдуллаева мен балалардың қазақстандық төлқұжаттарын полиция «түпнұсқа екенін тексеру мақсатында сараптамадан өткізу» үшін тәркілеген.

САЯСИ ЭМИГРАНТТЫҢ ОТБАСЫ

Аниса Абдуллаева - оппозиционер Мұратбек Кетебаевтың бауыры Бақытжан Кетебаевтың әйелі. Ағайынды Кетебаевтар Еуропада эмиграцияда жүр. Олар бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер, қазір Францияда қамауда отырған Мұхтар Әблязовті қолдайды. Сәуірдің 20-сы күні Лондонға ұшпақ болған Аниса Абдуллаева мен оның екі баласы - 10 жасар Нәйла мен 16 жастағы Камалды Алматы әуежайында ұстаған. Азаттық тілшісіне Аниса Абдуллаева балалардың сабақтан қалып қойғанына уайымдайтынын айтады.

- Алматыға сәуірдің 2-сі күні ұшып келдік. Балалардың каникулы сәуірдің 3-інен 20-сына дейін болатын. Сабақ сәуірдің 21-інде басталып кетті. Енді екеуі еріксіз сабақтан қалатын болды, ал ол жақта сабақ босатқандарға қатал қарайды, - дейді Аниса Абдуллаева.

Үш жыл бұрын миына күрделі операция жасатқан Аниса Абдуллаева «денсаулығым да сыр берді» деп шағымданады.

- Соңғы күндері ұйқым қашып, басым ауыратын болды. Бәрі «саған қобалжуға болмайды» дейді, бірақ мына жағдайда қалай сабыр сақтайсың, - дейді ол.

Бақытжан Кетебаев.
Бақытжан Кетебаев.

Аниса Абдуллаеваның ері Бақытжан Кетебаев «оған уайымдауға болмайды» деп әйелінің денсаулығына алаңдайды.

Абдуллаева Ұлыбритания азаматы болғанымен, елге қазақстандық төлқұжатпен келіп әкімшілік заң бұзғанын мойындайды. Ол «заң бұзғаным үшін жазамды өтеуге әзірмін» дейді. Бірақ ол өзінің және балаларының қазақстандық төлқұжаттарын көп уақыт алатын сараптамаға не үшін жібергенін түсінбейді.

- Бұл жерде балалардың қатысы қанша? Оларды жіберсе болатын еді ғой. Енді, міне, сабақтарынан қалды. Мұнда өзім қалып, реттер едім, - дейді Аниса Абдуллаева.

ТӨЛҚҰЖАТТЫ ТЕКСЕРУ

Аниса Абдуллаеваның адвокаты Зүлфия Наумованың Азаттық тілшісіне айтуынша, полиция Абдуллаева мен оның балаларына әуелі «екі төлқұжат ұстадыңдар» деп кінә таққан, айыппұл немесе депортация түрінде жаза кесу үшін әкімшілік заң бұзушылық есебіндегі бұл істі соттың қарауына жібермек болған. Бірақ кейін полиция шағымын өзгертіп, тергеу алды тексеру аясында Абдуллаева мен оның балаларының ұлыбританиялық төлқұжаттарын да тартып алған. Адвокаттың түсіндіруінше, бұл істе Абдуллаева куәгер ретінде түсінік беруі тиіс.

Адвокаттың айтуынша, полиция олардың қолындағы екі елдің де төлқұжаттарын тартып алғандықтан, қазір Аниса Абдуллаева мен балалары жеке бастарын куәландыратын құжатсыз қалған.

Полиция Абдуллаева мен оның балаларының қазақстандық төлқұжатын неліктен сараптамаға жіберуді ұйғарғанын Зүлфия Наумова да түсінбейді.

Ал Бақытжан Кетебаевтың туысы, оппозиционер Мұратбек Кетебаев мұның сырын өзімен байланыстырады. Ол Facebook желісіндегі парақшасында Аниса Абдуллаева мен оның балаларын Қазақстаннан «тек мен үшін ғана шығармай отыр» деп жазған.

Мұратбек Кетебаев «Назарбаевтың тыныштығын бұзған көптеген құжаттарды жариялап, Мұхтар Әблязовты қорғауға қатысты әрекеттерімнен кейін мені жөнге салу туралы жарлық түскен» деп жазады.

Мұратбек Кетебаев «Бірақ қазір Қазақстанда билік қысым жасай алатын жақын туыс, достарым қалған жоқ» деп жазады.

«Олардың қолына ата-әжесіне каникулға келген кәмелетке толмаған екі бала түсіп қалды. Енді оларды кепіл ретінде ұстап отыр» деп жазады Мұратбек Кетебаев.

Балаларды саяси күрес әдісі ретінде пайдалануды арсыз әрі жымысқы әрекет деп есептеймін.
Бақытжан Кетебаев.

Бақытжан Кетебаев та Азаттық тілшісіне әйелі мен балалары тап болған жағдайды айта келе: «Қазақстан билігі ағам екеумізге қысым көрсету мақсатында әкімшілік айыппұл қарастырылған заң бұзушылықты менің отбасымды Қазақстанда күшпен ұстау құралына айналдыруға тырысып отыр. Балаларды саяси күрес әдісі ретінде пайдалануды арсыз әрі жымысқы әрекет деп есептеймін» дейді.

«Аниса Абдуллаеваның төлқұжатына қатысты істе әлдебір саяси астар бар» деген болжамды Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Алматы қаласы ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі бастығы Рустам Әбдірахманов жоққа шығарды.

Адвокат Зүлфия Наумованың болжамынша, заң бойынша полиция үш жұмыс күні ішінде, яғни келесі аптаның сейсенбісі - сәуірдің 28-інен кешіктірмей шешім шығаруы тиіс.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG