Accessibility links

Телефон ұрлаған бала саусағынан айырылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы полициясы әдеттегіден өзгеше істі тексеріп жатыр. Тоғыз жастағы баланың анасы "сыныптасының ұялы телефонын ұрлап алғаны үшін ұлының саусағын кесіп тастаған" деген күдікке ілінді.

Тоғыз жасар С. есімді бала (мақаладағы негізгі кейіпкерлердің толық аты-жөні Азаттыққа белгілі) Алматы қаласындағы мектептің үшінші сыныбында оқиды. Мектеп әкімшілігі оны тәртібі нашар, үлгерімі қанағаттанарлық оқушы ретінде сипаттайды.

С. қайғылы оқиғаға қаңтардың ортасында душар болған. Сол күні оның анасы, 35 жастағы Г.С. мектеп психологына жолығып, баласының жағымсыз қылықтары туралы тағы бір шағым естіген. Сынып жетекшісі де, мектеп әкімшілігі де баласының тәртібі жайлы әке-шешесіне бұған дейін талай ескерткен. Мектеп әкімшілігі «бала өтірікті көп айтады әрі ұрлық жасайды» деген шағым айтқан. Баланың анасы «ұлым сыныбындағы қыздың ұялы телефонын ұрлап алғанын естігенде сабыр сақтай алмадым» дейді.

Г.С. мектептен келген соң баласы С.-ны ұрып-соға бастаған. Анасының айтуынша, ұрған сайын қасарысып, агрессия көрсеткен баласын пышақпен қорқытпақ болған.

Анасы болған жайтқа қатысты берген түсінігін бірнеше мәрте өзгерткен. Әуелі ол «ас үйдің балам отырған бұрышына қарай лақтырып қалған пышақ қарсы жүгіріп шыққан оның саусағын кесіп кетті» деген. Екінші жауабына қарағанда, баласының қолына жуынатын бөлмедегі айна түсіп кеткен. Үшінші айтқаны – ашуланған кезінде баласының қолын үстелге қойып, оң қолының ортаңғы саусағын кесіп тастаған. Оқиға кезінде үйде жеті және төрт жасар екі қыз бала болған. Баланың анасы адам сенбес әрекетінен кейін жедел жәрдем шақырған.

Г.С. еш жерде жұмыс істемейтін күйеуі казинода ақша тігіп ойнайтынын, үйдегі жиһаз бен әшекей бұйымдарды сатып жібергенін айтады. «Күйеуім ұрып-соғады, тіпті балалардың көзінше ұрады әрі баланы ұрлыққа баулыды» деп шағымданады бала күтушісі әрі еден жуушы болып жұмыс істейтін әйел.

Г.С. хиджаб киіп, намаз оқиды. Бірақ ешқандай діни ағымды ұстанбайтынын айтады. Үйдегі ұрыс-керіс тұрмысқа шыққан соң көп ұзамай басталған. Күйеуінің ұрлық жасауға, құмар ойындарға бейім екенін білген Гүлмира «күйеуім түзелер» деген үмітпен намазға жығылған. Бірақ келіншек «бәрі керісінше болып шықты» деп қынжылады.

Келіншек «сол күні кешке қырсық шалып, өзімді ұстай алмай қалдым» дейді.​

ЕКІ ЖЫЛҒА ДЕЙІН СОТТАЛУЫ МҮМКІН

Мақала авторы жүргізген шағын зерттеу оқиғаның алдында болған кейбір жайттарды анықтады. Тілші саусағынан айырылған бала ұрлап алды дегеннің телефонның иесінің - оқушы қыздың анасымен сөйлесті.

- Ұрлық былтыр желтоқсанның аяғында болған. Баланың фотосуретін WhatsApp-тан кездейсоқ көріп қалдық. Әке-шешесіне хабарласып едік, телефон баланың әкесінде болып шықты. Шынымды айтсам, телефонды әрең қайтарып алдық, - дейді оқушы қыздың анасы Т. Азаттық тілшісіне.

Қаңтардың ортасында саусағы кесілген С. есімді баланың түскенін Алматы қаласындағы 12-қалалық балалар ауруханасының 2-травматология бөлімшесі меңгерушісі Бақыт Қожақанов та растады. Бөлімше меңгерушісінің Азаттық тілшісіне түсіндіруінше, кесілген саусақ үйде қалғандықтан баланың оң қолының ортаңғы саусағын орнына қайта тігу мүмкін болмаған.

Мектеп-гимназия басшылығы ол оқиғаға байланысты комментарий беруден бас тартты.

Отбасылық психолог Марианна Гурина «бұл – жантүршігерлік оқиға әрі әке-шешенің баласына қатыгездікпен қарауы» дейді.

Отбасылық психолог Марианна Гурина.
Отбасылық психолог Марианна Гурина.

- Баланы қылығы үшін жазалау керек, бірақ ата-ана баласының әр қылығының астарынан өзін көруі тиіс. Ең әуелі баланы әкесінің ықпалынан қорғау керек еді. Мына жағдай - дұрыс тәрбие бермегеннің кесірі. Тәрбиеде көп олқылық кеткен. Енді анасының психологиялық ауытқуы жоқ па - соны тексеру керек, - деді Марианна Гурина Азаттық тілшісіне.

Саясаттанушы Расул Жұмалының түсіндіруінше, бұл жағдайды кейбір қағидалар бойынша сотсыз жазалау деп қарамау керек. Ұрлық жасаған адамның қолын кесетін заң кейбір мұсылман елдерінде ғана бар. Бірақ ол жазаны ата-ана немесе шенеунік емес, ортағасырлық кейбір ережелерге негізделген қылмыстық заңдар бойынша тағайындайды. Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Қазақстан - зайырлы мемлекет, ал әлгі әйелдің мұндай әрекет жасауға қақы жоқ.

- Бұл проблемаға психологиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан қарау керек. Мемлекет мұндай жайсыз отбасыларға көбірек көңіл бөлуі тиіс. Егер бала жайсыз отбасында тәрбиеленіп жатса, ал әкесі оны ұрлыққа баулитын болса, мына қылмыс үшін баланың әкесі де жауапқа тартылуы тиіс. Ал ақылға қонбайтын қылық жасаған анасына қатысты қолданылатын шараны сот белгілейді, - дейді Расул Жұмалы Азаттық тілшісіне.

Қазір бала үйінде, күдікті екі жылға дейін сотталуы мүмкін.

Осы істі тексеріп жатқан Әуезов ауданы тергеушісі Азамат Асқарұлының Азаттық тілшісіне айтуынша, күдікті Г.С. қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша айыпталған. «Қинау. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерi арқылы кәмелетке толмаған тұлғаны тән азабына ұшырату немесе психологиялық тұрғыдан жәбірлеу» бабы бойынша айыпты деп танылған адам екі жылға дейінгі мерзімге сотталады. :

- Алматы қаласы ішкі істер басқармасының Әуезов аудандық бөліміне Алматы қаласының С.С. деген азаматынан арыз түсті. Ол әйелін «тоғыз жасар баламның денсаулығына ауыр зардап келтірді» деп айыптайды. Қазір тексеріп жатырмыз. Қазір бала үйінде, ал күдікті екі жылға дейін сотталуы мүмкін, - деді тергеуші Азамат Асқарұлы.

Қазір қолындағы гипсі әлі алынбаған бала сабаққа бармайды. Ол журналистке «анамды кешіремін» дейді.

XS
SM
MD
LG