Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин не туралы сөйлеспек?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада. 6 қыркүйек 2013 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Сарапшылар «Қазақстан мен Қытай басшылары екі ел арасындағы әлсірей бастаған сауда қарым-қатынасы мен трансшекаралық өзендер мәселесін де талқылайды» деп болжайды.

Мамырдың 7-сі күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға арнайы іссапармен келмек. Ол – 26 сәуірде өткен кезектен тыс президент сайлауында жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа президенттік мерзімінде қабылдамақ алғашқы шетелдік басшысы.

Қазақстанға соңғы рет 2013 жылы келген Си Цзиньпиннің бұл жолғы сапарын Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин «қайта президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевқа саяси қолдау көрсету нышаны» деп түсіндірді.

Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, екі ел басшылары кездесуде «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасының құрылысын жылдамдату жөнін, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасына қатысты жобаларды дамыту жайын талқылайды.

«КЕДЕН ОДАҒЫ КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕН ЖОСПАРЛАР»

Қазақстандық ғалым, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин бұл кездесуде «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасынан өзге де мәселелерді сөз етуі мүмкін екенін болжайды.

Дүкен Мәсімханұлы.
Дүкен Мәсімханұлы.

– 1700 километрлік ортақ шекаралас Қытай мен Қазақстан 2020 жылға дейін сауда қарым-қатынасын 40 миллиард долларға жеткізуді жоспарлаған. Бірақ Кеден Одағы бұл жоспарға кедергі келтіріп жатыр. Сондықтан екі жақты кездесуде осы мәселе басты талқылау болады, – дейді қытайтанушы.

Дүкен Мәсімханұлы 2014 жылы желтоқсанның 14-і күні Астанада Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Қытай премьер-министрі Ли Кэцянның жалпы құны 14 миллиард долларлық үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойғанын да еске сала кетті.

– Ли Кэцян сол сапарында Қазақстанда Қытайдың ірі кәсіпорындарының бөлімшелерін ашуды келіскен. Сол келісімге қатысты да келіссөз жүруі керек. Қазақстанда Қытай кәсіпорындары ашылса елде жұмыс орындары көбейеді, – дейді Дүкен Мәсімханұлы.

«ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР ЖАЙЫ ДА СӨЗ БОЛАДЫ»

Инженер-гидротехник Нариман Қыпшақбаевтың пікірінше, Қазақстан мен Қытай басшыларының бұл жолғы кездесуінде екі ел арасында әлі шешімін таппаған трансшекаралық өзендер мәселелері де айтылуы керек.

– Екі ел трансшекаралық өзендер мәселесін шешу үшін бірігіп жұмыс жасап жатыр. Қазақстан мен Қытай Қара Ертіс пен Іле өзенінің өзіне тиіс тұсын қатты бақылап отыр. Трансшекаралық өзендер мәселесі екі жылдан бері талқыланып жатыр. Сондықтан бұл кездесуде де екі ел басшылары осы мәселеге айналып соғады, – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдағы мамандар трансшекаралық өзендер жайлы тағы да жеке кездесу өткізуге дайындалып жүр.

Нариман Қыпшақбаев. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.
Нариман Қыпшақбаев. Алматы, 13 наурыз 2013 жыл.

– Келіссөз кезінде Қазақстан мықты мамандарын қосу керек. Су саласын білетін, Қытай өкілдерімен тең дәрежеде сөйлесетін мамандар келіссөз жүргізуі тиіс. Әйтпесе Қазақстан бұл келіссөзде ұтылып қалуы мүмкін, – дейді Нариман Қыпшақбаев.

Қытай соңғы жылдары Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесі атанып келеді. Пекин аймақтағы инфрақұрылымның дамуына, оның ішінде теміржол қатынасын, автокөлік жолдарын жақсарту жобаларына, авиациялық, энергетикалық және телекоммуникациялық салалардағы жобаларға қатысады. Пекиннің бұл жоспарларына қарап «Қазақстанға да Қытайдың ықпалы күшейеді» деп қауіптенетіндер де бар. Олар елдің мұнай-газ секторындағы Қытай компанияларының жалпы үлесі күрт артқанын және Пекиннің Астанаға ондаған миллиард доллар несие бергенін уәж етеді

Мамырдың 7-сінде Астанада кездесетін Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі күннен кейін Мәскеуде өтетін, Екінші дүниежүзілік соғыстағы совет әскері жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысады.

XS
SM
MD
LG