Accessibility links

Тәкееваның "Қорғасқа" қатысты кезекті мәлімдемесінде Әбіқаевтың аты аталды


Кәсіпкер Қанағат Тәкеева. Алматы, 7 желтоқсан, 2010 жыл.
Кәсіпкер Қанағат Тәкеева. Алматы, 7 желтоқсан, 2010 жыл.

«Қорғас» бекетіндегі «жемқорлықты әшкерелеп» жүрген кәсіпкер Қанағат Тәкееваның Қаржы полициясының жұмысына көңілі толмайды. Ол бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айналысқанын қалайды. Сейсенбілік кездесуде кеден бекетіндегі «заңсыздықтар» туралы тағы әңгіме болды.


Кәсіпкер Қанағат Тәкеева сейсенбі күні журналистермен кездесуді әдеттегідей, Ұлттық баспасөз клубының ішінде емес, сыртында өткізді. Оның түсіндіруінше, Ұлттық баспасөз клубы белгісіз себептермен бұл жиынды өткізуден бас тартқан. Ал баспасөз клубының әкімшілігі болса, мұны жиын өткізушілердің тиісті құжаттарды кеш тапсырғандығымен түсіндіріп отыр.

«БҰЛ АДАМДАР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІН БАСҚАРАДЫ»

Сейсенбілік жиында тағы да «Қорғас» кеден бекетіндегі әлі дәлелденбеген, заңсыз фактілер туралы әңгіме болды. Бірақ кәсіпкер Қанағат Тәкеева бұл жолы өзіне анонимді түрде хабарласып, бекеттегі заңсыздықтар туралы айтқан азаматтардың атынан сөйледі. Оның сөзіне қарағанда, мұндай азаматтардың арасында тіпті құқық қорғау органының өкілдері бар. Дәл осы азаматтар төмендегі фактіні келтірген.
Kәсіпкер Тәкеева баспасөз клубының сыртында журналистермен әңгімелесіп тұр. Алматы, 7 желтоқсан, 2010 жыл.


- Осы жылы жазда контрабандалық тауар тиелген жалпы саны 173 машина ұсталып, уақытша сақтау қоймасына аттандырылған екен. Бұл ақпаратты жеткізген адамдардың айтуынша, бірнеше күнге жалғасқан Астанамен келіссөздердің нәтижесінде, бұл машиналар бір күннің ішінде жіберіліпті. Ал ол үшін 5 млн доллар жұмсалған. Мұны осы операцияға қатысқан құқық қорғау органы өкілдерінің өздері айтып отыр. Олар қатысқан адамдардың аттары мен есімдерін атап, тіпті Астанадан кімдерден қоңырау шалынғанына шейін айтты. Бұл адамдар тіпті президент әкімшілігін басқарады, - деді Қанағат Тәкеева желтоқсанның 7-сі күнгі жиында.

Бұған қоса, бұл бейтаныс адамдар «Қорғас» пен «Қолжат» кеден бекеттерінде заңсыз түрде миллиондаған емес, миллиардтаған қаржының айналыста жүретіні турасында да баяндапты. Және мұндай жайттар жиі болып тұратын көрінеді.

«БАРЛЫҚ ФАКТІЛЕР ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНДА»

Қанағат Тәкеева бұл фактіге қатысты дәлелдердің барлығын Қаржы полициясына өткізгенін айтты. Егер қажет болса, тіпті журналистерге де көрсетуге даяр екенін жеткізді.

Осыған дейін «Эльбрус» көлік-логистикалық компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Қанағат Тәкеева «Қорғас» бекетінде жемқорлықтың өршіп кеткенін, кеденшілердің ары-бері өткен көліктерден қосымша қаржы талап ететіні турасында көпке ашық мәлімдеген еді. Өз кезегінде Алматы облыстық кедендік бақылау департаменті кәсіпкердің айтқанын жоққа шығарып, арнайы жиын өткізіп те үлгерген еді. Осы ақпараттардың ізінше, Қаржы полициясының «Қорғас» кеден бекетіндегі жемқорлық фактілерге қатысты тексеріс бастағаны туралы мәлімет те пайда болды.

ТӘКЕЕВА ӘБІҚАЕВҚА ҒАНА СЕНЕДІ

Дегенмен сейсенбі күні Қанағат Тәкеева тексерісті жүргізіп жатқан Қаржы полициясының жұмысына көңілі толмайтынын, бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің айналысуы қажеттігін ақпарат құралдары арқылы президенттен сұрады.

-Қаржы полициясының өкілдерінен маған келіп түскен фактілерді тексеруін сұрадым. Себебі, менен жұртшылық жауап күтіп отыр. Бірақ олар үнсіз. Істі өте баяу жүргізіп жатыр. Сол себепті бүгін Назарбаевқа, Әбіқаевқа қайрылып тұрмын. ҰҚК-нің осы іспен айналысатын арнайы комиссиясы құрылып, оған Әбіқаев жетекшілік етсін. Мен қаржы полициясын да, ҰҚК-ін де жақтап тұрғам жоқ. Жай ғана онда тәртіп орнағанын қалаймын. Мынау фактілерді тексерсін! – деді Қанағат Тәкеева.

Оның пікірінше, бұған қатысты тәуелсіз кешенді тексеріс жүргізілуі керек. Егер қажет болса, азаматтық қоғам өкілдері де тартылуы тиіс деп есептейді.

ЕУРОПАРЛАМЕНТКЕ ҮНДЕУ

Жиынға келген құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің пікірінше, мұндай дәрежедегі күрделі іске билік органдары тиісінше назар аударуы қажет.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 7 желтоқсан, 2010 жыл.


- Бірақ қазір бұл іс өте баяу жылжып жатқандықтан Ресей, Беларусь басшыларының назарын аудармақшымыз. Себебі, бұл елдер Кедендік одаққа енетіндіктен, олар да болып жатқан оқиғаларға жауапты деп есептейміз. Бұған қоса, Еуропарламентке үндеу жолдамақшымыз. Қазіргі уақытта әріптесіміз Айнұр Құрманов адам құқығы бойынша комитеттің жиынына қатысып жатыр. Бұл материалдардың бәрін біз оған жіберіп те үлгердік, - деді Вадим Курамшин.

Ол сонымен қатар Қанағат Тәкееваның жеке қауіпсіздігі басты мәселелердің бірі болып тұрғанын айтты. Қанағат Тәкееваның журналистерге таратқан мәлімдемесінде оған салық органдары тарапынан «салық төлемеді» деген шағымдар түсіп жатқаны турасында баяндалған.

Осы істі Астанадан арнайы зерттеуге келген Қаржы полициясының өкілдері Арнур Аханов пен Арман Нұрғалиевке хабарласқанымызда кезде олар барлық сұрақтарға Қаржы полициясының баспасөз қызметі жауап беретінін айтты. Дәл осы күні қаржы полициясының баспасөз қызметінен жалғыз сөйлем жазылған бір парақ қағаз алдық. Онда: «Бұрын хабарланғандай, Қанағат Тәкееваның Қаржы полициясы органдарына келіп түскен арызы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес тіркеліп, ол бойынша тексеріс жүргізілуде» деп жазылған екен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG