Accessibility links

«Еуразия» кинофестивалінде шығармашылық еркіндігі де сөз болды


Қазақстандық танымал актер Асанәлі Әшімов «Еуразия» кинофестивалінің гран-при жүлдесін Израиль режиссері Асаф Корманға тапсырып тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.
Қазақстандық танымал актер Асанәлі Әшімов «Еуразия» кинофестивалінің гран-при жүлдесін Израиль режиссері Асаф Корманға тапсырып тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Алматыда оныншы халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аяқталды. Гран-при израильдік режиссер Асаф Корманның «Қыз қасында» кинокартинасына бұйырды.

Кез келген беделді конкурста негізгі қазылар алқасынан бөлек бір-екі «балама» төрешілер құрамы болуы тиіс. Бірақ кинофестивальдің негізгі шарасы – халықаралық конкурс. Дәстүрлі «Еуразия» фестивалінде Азия және Қазақстан авторларының 20 картинасы көрсетілді. Қазақстандық үш фильм үш түрлі жүлде алды.

ДЕПАРДЬЕ ТҮСКЕН ФИЛЬМ «ЖҰБАТУ ЖҮЛДЕСІН» АЛДЫ

Қытай режиссері Цзэ Чжанкэ төрағалық еткен, бес адамнан тұратын халықаралық қазылар алқасы гран-при жүлдесіне израильдік режиссер Асаф Кофманның «Қыз қасында» («Рядом с ней») кинокартинасы лайық деген шешім қабылдады. Бұл - психикалық дертке шалдыққан әпкесіне ұзақ күтім жасағаннан кейін өзін ұнатқан жас жігітпен дұрыс қарым-қатынас орнатуға қабілетсіз болып қалған жас бойжеткен туралы драма.

«Үздік режиссер» номинациясы бойынша «Жылқы мен адамдар» фильмін түсірген Бенедикт Эрлингссон (Исландия) жеңімпаз атанды.

Республика сарайында өткен рәсімде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесін Ресейдің «Жұлдыз» («Звезда») фильміндегі бас рольді ойнаған Тинатин Далакишвили алды.

Қазылар алқасы «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесіне грузиндер мен эстондар бірлесіп түсірген «Мандариндер» фильміндегі төрт адамнан тұратын актерлер тобы лайық деген шешім шығарды. Кинолента желісі 1992 жылғы соғыс кезінде Абхазияға қоныс аударған эстондар ауылында өрбиді.

"Қазақфильм" президенті Ермек Аманшаев "Еуразия" кинофестивалі аяқталғанын хабарлап тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.
"Қазақфильм" президенті Ермек Аманшаев "Еуразия" кинофестивалі аяқталғанын хабарлап тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Қазақстандық режиссер Ермек Шынарбаевтың «Дала үні» фильмі арнайы жүлде алды. Киносыншылардың пікірінше бұл «жұбату сыйлығы». Бұл фильмге танымал француз актері Жерар Депардье түскен. Фильм аяқастынан кездесіп қалып, тығырықтан шығу жолдарын бірге тапқан екі бас кейіпкер – француз Анатоль мен қазақ Абайдың бастан кешкен оқиғасын баяндайды.

Халықаралық конкурсқа тәуелсіз бағалау жүргізген өзге екі қазылар алқасы (ФИПРЕССИ – халықаралық кинопресса федерациясы және НЕТПАК – Азия киносын дамыту ұйымы) кинофестиваль бағдарламалары аясында көрсетілген фильмдердің арасынан өз таңдауын жасады. Қазылар алқасының екеуі де қазақстандық режиссер Нариман Төребаевтың «Шытырман оқиға» («Приключение») фильмін үздік деп таныды.

«Көрермен көзайымы» жүлдесімен Рашид Сүлейменовтің «Серпінді қазақ киносы» бағдарламасында көрсетілген «Үйге оралу» («Командировка домой») фильмі марапатталды.

Грек-француз режиссері, көптеген беделді кино-сыйлықтың иегері Коста-Гаврас «әлемдік кино өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» жүлдесін алды.

"Еуразия" кинофестивалі қазылар алқасының мүшесі Ольга Дыховичная (Беларусь). Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.
"Еуразия" кинофестивалі қазылар алқасының мүшесі Ольга Дыховичная (Беларусь). Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Беларусь актрисасы, продюсер әрі сценарист Ольга Дыховичная:

- Әр номинацияда бірнеше кандидат болғандықтан, жеңімпаздарды таңдау қиын болды. Мұның өзі жақсы нышан. Демек мына конкурс мықтылар конкурсы, картиналар сезімді оятып, ой салды деген сөз. Жеңімпаз атанған картина бүкіл өміріме жетер әсер қалдырған сияқты. Айрықша нәзік, терең ойлы картина. Келесі жылы ұйымдастырушылар жұрт көбірек сиятындай кеңірек зал таңдаса деген тілек айтқым келеді. Өйткені кейбір көрсетілімдерде жұрт түрегеп тұрды немесе залға сыймай қалғандар болды, - дейді.

Азаттық тілшісінің қазақстандық «Дала үні» фильмінен алған әсері туралы сұрағына германиялық режиссер Андреас Дрезен «Мұнда шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Әріптестеріммен фильмдерді талқылап рахаттанып қалдым. Қазақстанмен танысудың да сәті түсті. Ал «Дала үні» фильмі ұнамады. Сюжетін мықты дей алмаймын. Бұл фильм маған туристерге арналған Қазақстан туралы үлкен буклет сияқты әсер қалдырды. Ал Жерар Депардье бұл фильмге мүлде үйлеспейді» деп жауап берді.

Әлемдік фестиваль қозғалысын қолдағаны және насихаттағаны үшін бес күн бойы кинофестиваль жұмысы туралы хабар таратқан «Еуроньюс» телеарнасының тілшісі Вольфганг Шпиндлер де жүлде алды.

«ЖЫН» ЖОБАСЫ

Соңғы жылдары түрлі елдердің кинематографистері пейзаждарын кино түсіруге пайдалану үшін Қазақстанға келе бастады.

Режиссер Чак Рассел Қазақстан мен АҚШ бірігіп түсіретін ""Жын" фильмі туралы айтып отыр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.
Режиссер Чак Рассел Қазақстан мен АҚШ бірігіп түсіретін ""Жын" фильмі туралы айтып отыр. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Олардың ішінде «Вязов көшесіндегі сұмдық-3», «Маска» фильмдерімен белгілі АҚШ режиссері Чак Рассел де бар. Оның 2011 жылдан бері түсіріп жатқан «Араб түндері» киножобасының кейбір бөліктері Қазақстанда түсірілген. Ал «Еуразия» кинофестивалінің соңғы күні ол «Қазақфильм» президенті Ермек Аманшаевпен бірге жаңа киножоба туралы айтты.

Екеуі Қазақстан-Голливуд бірлесіп түсірмек «Жын» фильмі туралы хабарлады. АҚШ пен Қазақстанда (Астана) түсірілетін, қазақстандық актерлер ойнайтын фильмді түсіруге қазақстандық мамандар да қатысады. Чак Расселдің айтуынша, жоспарланған фильмді түсіруге Астанада өтетін «Экспо-2017» дүниежүзілік көрмесі де шабыт берген.

«Жын» фильмінің жанры – фантастикалық элементтер араласқан комедия. Ол толықтай ағылшын тілінде түсіріледі. Түсірілім 2015 жылдың жазында басталады деп жоспарланған.

«Дзета» және «Хабар-ошарсыз жоғалған» фильмдері үшін екі рет «Оскар» сыйлығын алған әкесі Коста Гавроспен бірге Франциядан келген жас режиссер Ромейн Гаврас та Қазақстанның тау-тасын болашақ фильмін түсіру үшін пайдаланғысы келетін ойын айтты.

"Еуразия" кинофестиваліне Франциядан келген режиссерлер Коста-Гаврас пен Ромейн Гаврас. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.
"Еуразия" кинофестиваліне Франциядан келген режиссерлер Коста-Гаврас пен Ромейн Гаврас. Алматы, 19 қыркүйек 2014 жыл.

Коста Гаврос фильмдерінде өткір саяси тақырыптарды қозғайды. Мысалы, «Дзета» фильмі - Грециядағы «қара полковниктер» хунтасы туралы. «Мойындау» фильмі партия мен мемлекеттік қызметтен қуылып, 1951 жылы өлім жазасына кесілген Чехословакия коммунистері жетекшілерінің бірінің сот процесі туралы.

Коста-Гаврастың Алматыдағы киноға әуес қауыммен кездесуі, сұрақтарға қайтарған жауаптары үлкен әсер қалдырды. Ол шығармашылық еркіндігі туралы айтты. Оның пікірінше, өнер адамы мемлекет тапсырған нәрсені емес, өзі қажет деп тапқан дүниені жасауы тиіс. Ал мемлекеттің міндеті - өнер қайраткерлерінің жұмыс істеуіне жағдай жасау ғана.

Коста-Гаврастың пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00
Жүктеп алу

XS
SM
MD
LG