Сейсенбі, 29 шілде 2014, Алматы 16:51


ӘЛЕУМЕТ

Мүгедектер пен қарттар күтушісінің кәсібі

Әлеуметтік қызметкер қарауындағы адамның үй шаруасына көмектесіп қана қоймай, мерекеде мәдени орындарға баруына мүмкіндік жасайды. Бірақ көп адам ондай қызметтің бар екенін білмейтін болып шықты.

(Көрнекі сурет)
(Көрнекі сурет)
 Бақытгүлдің Алматы қаласы Алмалы ауданының мүгедектерді оңалту мен сауықтыру орталығында әлеуметтік қызметкер болып істегеніне 18 жыл толыпты.

«ТЕК ҚАРТ АДАМДАРДЫ ҚАРАП КЕЛЕМ»

Қарамағындағы сегіз адамның әрқайсысына аптасына бір жарым сағаттан екі күнін арнайтын Бақытгүл «18 жыл бойы тек қарт адамдарды ғана күтіп келемін» дейді.

​ – Негізінен байланыс саласының маманымын. Мамандығым бойынша біраз істедім. Бірақ кейін денсаулығыма және басқа да бір себептерге байланысты ол жұмысымды тастап кеттім, - дейді әлеуметтік қызметкер.

Ұзақ жылдық еңбек тәжірибесіне байланысты қазір 30 мың теңге жалақы алатын Бақытгүл өзінің қызметін пайдаланушыларға үй-ішін жинастырып, отын суын тасу, базардан азық-түлік әкелу мен құжаттарын ертіп жүріп рәсімдеу, белгілі бір жерлерге ертіп бару секілді қызметтер көрсетеді.

Әлеуметтік қызметкер Бақытгүл Мұстафақызы. Алматы, 4 сәуір 2013 жыл.
Әлеуметтік қызметкер Бақытгүл Мұстафақызы. Алматы, 4 сәуір 2013 жыл.
​– Үлкен адамдардың мінезі әртүрлі болады. Кейбірі сенімен әңгімелескенді жақсы көреді. Ондайда өзің де жеңілдеп, рахаттанып қаласың. Ал кейбіреулері бала секілді, жоққа ренжиді. Олардың көңіл-күйін табу үшін барынша сыпайы болуға тура келеді. Мүгедектер мен жалғызілікті адамдардың мінезі әртүрлі болғандықтан, олармен тіл табысу үшін алдымен өзің психолог болуың керек. Біз алдымен осы тарапта ізденеміз, тренингтерге барып тәжірибе алмасамыз, - дейді Бақытгүл.

Оның қарамағындағы адамдар 75 пен 90 жас аралығындағы қарт адамдар екен.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ПАЙДАСЫ КӨП

Әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінетіндердің бірі - Ердос. Ердосқа дәрігерлердің қойған диагнозы – эпилепсия. Бірақ анасы Күләш Мынкен Ердостың аутизммен ауыратынын айтты.

Ноутбуктегі әлдебір ойынды ойнап отырған Ердос Азаттық тілшісінің қойған сұрақтарына мүлдем тіл қатпады. Анда-санда анасының бізбен әңгімесін жақтырмаған кейіпте қарап қойып отырды. 

Ердостың анасы  базар маңында арба сүйреп, сауда жасайды екен.

– Бізге әкімшіліктен тағайындалған әлеуметтік қызметкердің аты – Қастер. Қастер бізге құжаттарды жасауға, кейбір концерттерге, театрға баруға көмек жасайды. Анда-санда демеушілердің берген жәрдемін жеткізіп тұрады. Кейде мен үйде болмай қалған жағдайда бірер сағат Ердостың қасында отырады. Мен үшін әлеуметтік қызметкердің пайдасы көп болып тұр, - дейді Күләш Мынкенова.
Ердостың анасы Күләш Мынкенова. Алматы, 3 сәуір 2013 жыл.
Ердостың анасы Күләш Мынкенова. Алматы, 3 сәуір 2013 жыл.

Алматы қаласының Жетісу ауданының аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғыны өзі тіркелген әлеуметтік қызметкерге мүгедек ұлын қарата алмай қойғанын айтып:

- Бізге бекітілген әлеуметтік қызметкер - әйел адам. Жылпылдап тұрған сөзуар кісі. Іші-бауырыңа кіріп, келмеудің амалын істейді. «Айына сегіз рет келіп, екі сағаттан қарап берді» деп қол қойдырып алудың шебері. Жарты жылдың ішінде екі-ақ рет келіп, баламды қарап берді. Жақында ол кісінің «қызметінен» бас тартайын деп жүрмін, басқа адам бекітіп берсе екен, - деді.

«ӨЗІ ЖҮРЕТІНДІКТЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР ТАҒАЙЫНДАЛМАДЫ»

Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны Бақытгүл Көшерова өзінің әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгінбек түгілі, ондайдың бар екенін де естімегенін айтады.

– 13 жылдан бері Іле ауданында тіркеудемін. Екі балам бірдей мүгедек. Жақында үлкен қызым ауруханаға 20 күндей жатуға тиіс. Оны қарайтын кісі керек. Ал өзім жақында операцияға түсіп, өтімді алдырдым. Шынымды айтсам, екі баланы қарауға қазір мүлде шамам келер емес. Ал әкімшілікте менің сөзімді тыңдайтын адам жоқ, - деді Азаттық тілшісіне ол телефон арқылы.

Алайда Іле аудандық мүгедектерді емдеу мен оңалту орталығының қызметкері Мақсат Мұхтарханқызы:

 - Бақытгүлдің балаларына әлеуметтік қызметкер тағайындалмаса да әлеуметтік көмектен кенде қалып отырған жоқ. Көшерованың екі баласы – Ұлпан мен Арайлым екеуі де өз аяғымен жүріп-тұра алады. Сондықтан оларға әлеуметтік қызметкер тағайындалған жоқ. Бірақ анасына күтуші ретінде жалақы төленеді. Әкімшілік тарапынан өткен мерекелік іс-шаралардан әлеуметтік қызметкер екі баланы тыс қалдырған емес, - деді.

Үкіметтің 2011 жылы қазан айында шығарған №1222 қаулысы бойынша, бірінші, екінші топтағы мүгедектермен қатар, психоневрологиялық ауытқулары бар балалар мен ересектерге, тірек-қимыл аппараттары бұзылған балалар және жалғызілікті кәрі адамдарға әлеуметтік қызметкерлер тағайындалуға тиіс.
Мүмкіндігі шектеулі адамға көмектесіп жүрген жігіт. (Көрнекі сурет)
Мүмкіндігі шектеулі адамға көмектесіп жүрген жігіт. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілдің ресми сайтындағы ақпарат бойынша әлеуметтік қызметкер бекітілуі үшін мынадай құжаттар керек: өтініш; уәкілетті органның жолдамасы; жеке куәлік; тұрғылықты жері туралы анықтама; денсаулығы жөніндегі медициналық карта; амбулаторлық картадан көшірме; зейнеткер куәлігі; мүгедек, соғыс ардагері және оларға теңестірілген адамдар мәртебесін растайтын куәлік; мүгедектігі туралы анықтамадан көшірме; мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасынан көшірме. Әлеуметтік қызметкердің тамақ істеуден бастап, қандай көмек көрсететіні де осы жерде көрсетілген.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2011 жылғы мәліметі бойынша, елде әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшелер саны 170-тен асқан, 16 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
Пікір
     
Бұл форумда пікір әлі жарияланбаған. Бірінші болыңыз.

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Редактор таңдауы

Ресей президенті Владимир Путиннің сөзін тікелей эфирден тыңдап отырған ресейлік журналистер. 17 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина дағдарысын «Википедияға» әркім өзінше жазады

Twitter әлеуметтік желісіндегі жаңа бағдарлама АҚШ, Украина мен Ресей үкіметінде Украинаға қатысты даулы деректерді «Википедия» сайтына өзінше өңдеп бергісі келетіндер барын көрсетті. Толығырақ