Accessibility links

Жарияланған сөгістің күшін сот арқылы жою әрекеті


Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Игорь Шубин. Алматы. 19 сәуір 2014 жыл.
Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Игорь Шубин. Алматы. 19 сәуір 2014 жыл.

Элиталық спорт мектебінің жаттықтырушысы әкімшілік жазаның күшін сот арқылы жоюға тырысты. Кәдімгі еңбек дауына «бастықтың қырына іліктім» деген шағым қосылған. Мұндай істер сотқа сирек жетеді.

Алматы қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің үстел теннисі жаттықтырушысы Игорь Шубин осы аптада сотқа апелляциялық шағым әзірледі. Ол «асау мінезі» мен «шындық қуғаны» үшін жұмыстан шығару мақсатында мектеп басшылығы заңсыз сөгістер жариялады деп санайды. Өткен аптаның соңында Алматы қаласы Алмалы аудандық соты оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан еді. Игорь Шубин сот қаулысын екі күн бұрын алғанын әрі бұған дейін сот шешімінің негізгі астарын білмегенін айтады.

- Менің талап-арызымды қаңтардың 16-сі күні түске дейін қараған судья Мұхтар Әміров сот қаулысын түстен кейін жариялады. Бірақ түстен кейін тағы бір сотқа бару керек болды да, сот шешімін жариялауға қатыса алмадым. Сол күні кешкісін Әміровтің хатшысына телефон соғып сұрап едім, талап-арызым бойынша шыққан шешімді хабарлаудан бас тартты. Ол «сот шешімін қолыңызға сот қаулысының көшірмесін ресми алған кезде білесіз» деп жауап қайтарды, - дейді Игорь Шубин.

Игорь Шубин бастықтан алған сөгістерінің күшін жойдыруға тырысып жүр. Ал сот мектеп директоры Наухан Бақбергенұлы шығарған бұйрықтардың күшін жоюдан бас тартқан. Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Өтеген Ихсанов Азаттық тілшісіне «бұл - әдеттегі еңбек дауы сияқты іс, бірақ мұндай даулардың көбі сотқа жетпейді» дейді.

ЕКІ СӨГІС

Үстел теннисі жаттықтырушысы Игорь Шубин «сөгісті заңсыз әрі негізсіз» деп санайды. Ол талап-арызында 2013 жылдың маусымына дейін мектеп әкімшілігі тарапынан жұмысына қатысты ешқандай сөгіс, ескерту алмағанын жазады. Ол «балалар арасында үстел теннисінен өткен Қазақстан чемпионатына қатысу үшін Қарағанды қаласына барған іссапар кезіндегі бір оқиғадан кейін бастықтың қырына іліктім» дейді.

Оның айтуынша, әлгі оқиғадан кейін 2014 жылдың ақпанында оған сөгіс жариялаған. Ол «еңбек заңына сәйкес жүктелген міндеттерімді бұлжытпай орындасам да, заңсыз түрде сөгіс жариялады» деп санайды. Оның айтуынша, тыйым салынғанына қарамастан, орта мектептің спорт залдарында жаттығу өткізгені үшін сөгіс алған. «Өйткені үстел теннисі федерациясының спорт залында орын жетпейді әрі мектепке жақын маңда тұратын балаларға Алматының бір шетіндегі федерация залында жаттыққаннан гөрі, өздері оқитын мектепте жаттыққан ыңғайлы» деп түсіндіреді Игорь Шубин.

Оның талап-арызында жазуынша, кейбір балалар жаттығуға қатыспағаны үшін былтыр қазанда оған қатаң сөгіс жариялаған.

Шубин талап-арызында: «Еңбек тәртібін бұзған жоқпын, ал тексеру кезінде кейбір оқушылардың жаттығуда болмағаны - еңбек тәртібіне қатысы жоқ жағдай, тәртіптік жаза қолдануға негіз бола алмайды. Ешқашан жұмысқа кешіккен немесе жұмыстан қалған емеспін, жұмысқа мас болып келу сияқты еңбек заңын немесе педагог этикасын бұзғанымды дәлелдейтін ешқандай әрекеттер жасаған жоқпын» деп жазады.

Шубин «қатаң сөгіс негізінде жұмыстан шығаруды көздейді» деп мәлімдейді. Ол мектеп әкімшілігі еңбек шартын бұзу туралы жазбаша ескертуді пошта арқылы жолдағанын айтады.

ДИРЕКТОРДЫҢ УӘЖДЕРІ

Сот отырысында жауапкер әрі спорт мектебінің директоры Наухан Бақбергенұлы жаттықтырушы Игорь Шубиннің айтқандарын жоққа шығарды. Мектеп директорының айтуынша, Шубинге жариялаған сөгістердің негізі бар әрі заңды. Ол Шубиннің «біраздан бері директордың қырына іліктім» деген сөзін де терістейді.

«Ол үстел теннисін шынымен жақсы көреді деп ойлап, қателесіппін» деген мектеп директоры Шубинге теріс мінездеме берді. Осы тұста судья мектеп директорының сөзін бөліп, сотта қаралып жатқан азаматтық іске мұның қатысы жоғын ескертті.

Сот жауапкердің қорғаушысы шақырған әрі директорға бағынышты бірнеше куәгерден де жауап алды. Олардың бәрі Шубинге теріс мінездеме берді. Куәгерлердің бірі «Шубин балаларды жаттықтырумен емес, сотқа шағым жазумен әуре» деп мәлімдеді.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Мұхтар Әміров.
Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Мұхтар Әміров.

- Сіз Шубинді жақтырмайсыз ба?-деп сұрады судья куәгерден.

- Иә, жақтырмаймын, тіпті мүлде жақтырмаймын. Шубин үстел теннисі федерациясы енді ғана құрылған 1990 жылдардан бері сотқа шағымданып келеді, - деп жауап берді куәгер.

Қазақстан жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Өтеген Ихсановтың Азаттық тілшісіне айтуынша, мұндай еңбек даулары сирек кездеседі. Өйткені көптеген қызметкер өз басшыларының үстінен сотқа арызданудан жүрексінеді. Ал сотқа берген күннің өзінде көбінесе жеңіліп қалады.

- Судья қалай болғанда да ақиқатқа көз жеткіземін деп босқа әуре болмауы керек. Ол спорт турнирлеріндегі сияқты әділ төреші болуы тиіс. Ал уәж-айғақтарының дұрыстығын тараптар өздері дәлелдеуі тиіс. Бастығының әрекетіне қатысты шағымданатын қызметкерлер сотта көбінесе жеңіліп қалады, өйткені адвокат жалдауға ақшасы болмайды, ал өздері заңды дұрыс білмейді. Ал шағымданушы қызметкер ақиқатты дәлелдей алмаса, судья бейтараптық танытуы тиіс болғандықтан, қызметкердің шындықты айтып тұрғанына көзі жетсе де оны жақтай алмайды, - дейді Өтеген Ихсанов дәлелдің маңызы жайында.

Сот отырысына Игорь Шубин өзін қолдайтын куәгерсіз әрі адвокатсыз жалғыз қатысты. Енді жоғары сатыдағы сотқа аппеляциялық шағымды да өзі әзірлеп жатыр.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG