Accessibility links

«Астананың» қарсыластары өте тәжірибелі»


"Астана" футбол командасының ойыншылары (Сурет "Астана" командасының баспасөз қызметінен алынды)
"Астана" футбол командасының ойыншылары (Сурет "Астана" командасының баспасөз қызметінен алынды)

УЕФА ЧЛ-дегі қарсыластары анықталған "Астананы" әйгілі турнирге жолдама алған алғашқы қазақстандық футбол клубы ретінде не сын күтіп тұр? Азаттықтың сарапшымен сұхбатын оқыңыздар.

Тамыздың 27-сі Монакода өткен жеребе бойынша футболдан Еуропалық чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Астана» клубы "Бенфика", “Атлетико” және “Галатасарай" клубтарымен бір топқа түсті. Қазақстандық ардагер футболшы, қазір жаттықтырушылықпен айналысатын Бауыржан Сәрсекенов Азаттыққа берген сұхбатында «Астананың» мүмкіндігін саралады.

Азаттық: - «Астана» командасының топтық кезеңдегі мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

Бауыржан Сәрсекенов: - Қарсыластары өте мықты және еуротурнирлерде тәжірибе жинаған. “Атлетико” Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен. “Бенфика” 2014 жылы Еуропа лигасының финалында ойнаған. “Галатасарай” УЕФА кубогын ұтқан. Сондықтан “Астана” үшін өте қиын топ болмақ. Қазақстандық клуб Чемпиондар лигасында топтан шығады деп кесіп айту да қиын. “Астананың” топтық кезеңге шығуының өзі үлкен жетістік. «Астана» іріктеу кезеңінде осыған дейін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан екі бірдей команданы жеңді. Екінші айналымдағы қарсыласы словакиялық «Марибор» мен кипрлік АПОЭЛ осыған дейін ЧЛ-нің топтық кезеңінде ойнаған командалар. "Астана" УЕФА рейтингінде 41 саты жоғарылап, 178-орынға шықты. Қазақстан УЕФА рейтингінде отыздыққа енді. Чемпиондар лигасының топтық кезеңі «Астана» үшін үлкен тәжірибе болады. Бұл - әлемдегі ең ірі коммерциялық және деңгейі өте жоғары турнир. Бүкіл еуропалық грандтар негізгі күшті осы жарысқа салатынын білеміз. Сондықтан «Астана» қарсыластарына лайықты ойын көрсете білсе, оның өзі командаға, ойыншыларға абырой болмақ.

Бауыржан Сәрсекенов, Алматы қалалық балалар мен жасөспірімдер лигасының жетекшісі, жаттықтырушы.
Бауыржан Сәрсекенов, Алматы қалалық балалар мен жасөспірімдер лигасының жетекшісі, жаттықтырушы.

Азаттық: - «Астананың» Чемпиондар лигасына шығуы Қазақстан футболының дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Бауыржан Сәрсекенов: - «Астананың» Чемпиондар лигасында ойнауы футболдың Қазақстанда бұқаралық сипат алуына үлкен септігін тигізеді. «Астана арена» стадионына халық футболға бармайтын. Қазір осы жетістіктен кейін 30 мың орындық стадион бірден толады. Тіпті бұл орынның өзі енді жанкүйерлерге аздық етеді. Биыл Астанаға Еуропадағы гранд клубтардың бірі испаниялық “Атлетико” келеді. Жас балалар арасында футболға деген қызығушылық артады. Бұл жетістік бірнеше жылдан кейін ұлттық құрама ойынына да әсер етеді. Кипр құрамасы осыдан бес-алты жыл бұрын Еуропадағы әлсіз командалардың бірі болған. АПОЭЛ Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнағаннан кейін қазір елдің ұлттық құрамасы Еуропадағы ортақол командалар қатарына өтті. Футбол – бизнес, саясат және елге тегін жарнама. «Астананың» бұл жетістігі қазір кейбір еуропалық спорт басылымдарының басты тақырыбына айналды. Пост-советтік елдер арасынан Ресей, Украина, Беларусь клубтары ғана Чемпиондар лигасында ойнаған. Енді бұл тізімге Қазақстан қосылып отыр.

Пост-советтік елдер арасынан Ресей, Украина, Беларусь клубтары ғана Чемпиондар лигасында ойнаған. Енді бұл тізімге Қазақстан қосылып отыр.

Азаттық: - «Астана» президенттік клубының басшылығы чемпиондар лигасында ойнау үшін командаға жаңа ойыншылар шақырылатынын айтты. Клубтың нәтижесі легионерлерге тәуелді болып қалмай ма?

Бауыржан Сәрсекенов: - «Астана» құрамында Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайтын Григорий Жуков, Абзал Бейсебеков, Танат Нөсербаев, Бауыржан Жолшиев, Дмитрий Шомко сынды футболшылар бар. «Астананың» құрамы елу де елу, мықты легионерлер де, мықты қазақстандық ойыншылар да бар. Әрине, еуротурнирлерде жақсы нәтиже көрсету үшін команда құрамын күшейте түсу артық болмайды.

Азаттық: - 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққанда негізгі күшті осы жарысқа салды да, ішкі чемпионатты үшінші орынмен аяқтады. «Астананың» Чемпиондар лигасы мен Қазақстан чемпионатына күшін тең бөлуге жағдайы қалай?

Бауыржан Сәрсекенов: - Бұл клуб басшылары мен бапкерлерінің шешіміне байланысты болады. Екі турнирде де жақсы ойнау үшін команда құрамына тағы біраз ойыншы алуы керек.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG