Accessibility links

Тұрғындар «Бесобаның» «киесінен» сескенеді


"Шапағат" тұрғын үй кешені маңында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.
"Шапағат" тұрғын үй кешені маңында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.

Қарағанды қаласындағы апатты деп танылып, бұзылған «Бесоба» жаңа шағынауданының орнына салынған үйлерге тұрғындар көшіп келіп жатыр. Бірақ олар «инфрақұрылым жоқ, асығыс-үсігіс салынған пәтерлердің кем-кетігі көп» деп шағымданады.

Құрылыс кезінде кеткен қателіктердің кесірінен бұзылған «Бесоба» тұрғын үй кешені орнына «Шапағат» деп аталатын жаңа кешен салып жатыр. Апатты деп танылған бес қабатты үйлердің орнына 10 және 12 қабатты үйлер салынбақ. Кезінде «Бесобаның» бос тұрған бес қабатты жаңа үйінің тал түсте жермен-жексен болып құлаған сәті түсірілген видео лезде бүкіл елге тарап кеткен. Қазір қайтадан қалпына келтірілген ауданға халық қоныстанып немесе өздері қайтадан жөндеп жатыр. Билік жауапсыз құрылысшылардың кесірінен зардап шеккен «Бесоба» тұрғындары мемлекет есебінен жаңа пәтерлер алады деп уәде еткен.

Жаңа үйлер жергілікті тұрғындарға тосындау жоба бойынша салынған. Әр подъезде сырттан кіретін екі есік бар. Оның бірімен тиісті қабаттың басқыш алаңына көтеріліп, көшеге қарайтын балконға шығасыз. Ол жерден өз қабатыңызға дейін барасыз да, пәтеріңізге жету үшін ұзын дәлізбен жүресіз. Мұндай жоба тұрғындардың кейбіріне, әсіресе қарт адамдар мен балаларының арбасын түсіріп-көтеретін жас ата-аналарға ұнамайды. Есесіне мұндай «лабиринттерге» балалар қуанып жүр. Әр подъезде жүк және адам таситын екі лифт бар. Бірақ олар әзірше істемейді.

«ЖАҢА ПӘТЕРДІ ЖӨНДЕУ КЕРЕК»

72 жастағы Амантай Барлықбаев бір бөлмелі жаңа пәтерге бірінші күннен көңілі толмағанын айтады. Кем-кетігі көп болып шыққан пәтерге жөндеу жүргізуге 5 мыңдай доллар жұмсауға тура келген. Ал пәтердің өз құны 40 мың доллар деп бағаланады. Бұл – үш кішкентай баласы бар қызының пәтері. Бірақ қызы бірден қайта көшіп кеткен.

"Шапағат" кешені тұрғыны Амантай Барлықбаев. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.
"Шапағат" кешені тұрғыны Амантай Барлықбаев. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.

– Қызым кең, ас бөлмесі үлкен жаңа пәтерде тұрғысы келсе де, балаларының қауіпсіздігін ойлап көшіп кетті. Ал мен қайда барамын деп осында қалдым. Онсыз да жасым келген кәрі адаммын. Ешқандай инфрақұрылым жоқтығы өз алдына, үйлердің сапасы да нашар. Шатырда көлкіген су, жертөленің суын арнайы техника шақырып сорғыздық. Үйдің төбесін дұрыс жаппаған, жаңбыр жауса бітті, шатырға су жиналып, адам шомылатындай болып кетеді. Үйлерді салған кезде жіберген қателіктерін көргенде шошисың. Оны өз тереземнен көремін. Үйдің астындағы жердің шөгіп бара жатқанын қазірден көрініп тұр, – дейді зейнеткер Амантай Барлықбаев Азаттық тілшісіне.

Қоныстанып алған тұрғындардың қолында уақытша келісім-шарт қана бар. Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 294 пәтерлік үйдің алғашқы бөлігі пайдалануға берілген.

"Бесобаның" орнына салынып жатқан үйлер. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.
"Бесобаның" орнына салынып жатқан үйлер. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.

– Қазір үш блок-секцияның құрылысы толықтай бітуге таяу, бірақ мемлекеттік комиссия әлі қабылдап алған жоқ. Өйткені құрылыс кезінде үйлердің сыртын әрлеу, төбе жабындылары мен пәтерлердің ішін бөлуге қатысты кейбір өзгерістер енгізілді. Оларды енгізуді келісу кезеңі талай уақытқа созылды. Қазір бүкіл құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Содан кейін тұрғын үй кешенін мемлекеттік қабылдау комиссиясына көрсетеміз, – дейді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Жақсылық Шалабеков жергілікті ақпарат өкілдеріне берген сұхбатында.

Бірақ бұзылған «Бесобаның» орны оңалды деуге ерте. «Шапағат» тұрғындарының көбі «әбден шаршадық, енді ештеңе айтқымыз келмейді» деген уәжбен журналистермен әңгімелесуден қашқақтайды. Азаттық тілшісі аралап шыққан бірнеше пәтер қожайындары сөйлесуден бас тартты немесе есімдерін атамауды өтінді.

«БАЛАЛАР ЕСІК АЛДЫНДА ОЙНАЙДЫ»

«Шапағат» кешені тұрғындары «подъезде жарық жоқ, лифт жұмыс істемейді» деп ашынады. Үйдің ауласы құрылыс қалдықтарына толы, құдықтар қақпақпен жабылмаған. Айнала – қазылған ор. Тротуар мен көлік жүретін жол әлі толық төселіп бітпеген. Подъездің алдындағы тас тегіс төселмеген. Соған қарағанда құрылысшылар асыққан тәрізді.

"Шапағат" тұрғын үй кешені алдында ойнап жүрген бала. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.
"Шапағат" тұрғын үй кешені алдында ойнап жүрген бала. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.

Құрылысшылардың салдыр-салақ жұмысынан әбден зәрезап болған кейбір тұрғындар ырымға сене бастаған.

– «Бесоба» деген сөздің мағынасы «бес бейіт» дегенді білдіреді. Мұнда біздің ата-бабаларымыз жерленген. Басымыз бәледен арылмай қойғанына қарағанда, аруақтар бізді қарғап жатқан сияқты, – дейді Амантай Барлықбаев.

Есімін атамауды өтінген «Шапағат» тұрғын үй кешенінің тағы бір тұрғыны «инфрақұрылым атаулыдан түк жоқ, электр қуаты қымбат әрі жиі өшіп қалады» деп шағымданады. Қолында меншік құқығын растайтын құжаты жоқ тұрғындарға жарықты «Қарағанды Жарық» компаниясы емес, құрылысшыларды жабдықтау ұйымы береді.

– Жаңадан салынып жатқан шағынауданда мектеп пен балабақшаны айтпағанда, жақын маңда ешқандай балалар алаңы да, дүкен де жоқ. Құрылыс жүріп жатқан үйдің айналасы қоқысқа толы болғандықтан, ата-аналар балаларын көздерінен таса етпей, подъездің алдында ойнатуға мәжбүр. Ал мүмкіндігі барлар басқа ықшамаудандарға апарып ойнатады, – дейді әлгі әйел.

Автобус сирек жүретінін айтқан тұрғындар «жеке көлігің болмаса, әсіресе демалыс күндері қиын» деп шағымданады.

БИЛІК БӘРІН ТҮЗЕТУГЕ УӘДЕ БЕРДІ

Азаттық тілшісімен әңгімелескен мердігерлердің бірі: «Бұл үйлердің сыртына әуелі кірпіш қаламақ болғанбыз. Бірақ кейін үйді пайдалануға тезірек өткізу және ақша үнемдеу үшін тастақтамен қаптауға тура келді» дейді. Бірақ үйдің сыртының кейбір тұстарының тақтасы көтеріліп, жарылып кеткені қазірден көрінеді. Мердігерлер «бұл жолы мықты үй саламыз, жұрт қорықпай-ақ қойсын» деген уәде берген.

"Шапағаттағы" жаңа салынған үйдің жабындысы түсіп жатыр. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.
"Шапағаттағы" жаңа салынған үйдің жабындысы түсіп жатыр. Қарағанды, 22 тамыз 2014 жыл.

Ал жеті блок-секцияның қалған төртеуінің құрылысы бірде тоқтап, бірде қайта басталады. Мердігерлердің хабарлауынша, қыркүйекте тағы бір блок пайдалануға берілмек. Жауын суы ағатын құбырлар тарту сияқты тұрғындар көшіп келген үйлердегі кем-кетіктер құрылыс жұмыстарымен қатар жүргізіліп жатыр.

Жергілікті шенеуніктердің ақпараты бойынша, бас мердігер компания жауапсыз болып шыққан. Онымен бекітілген келісім-шарт сот арқылы бұзылып, оған 10 миллион теңге айыппұл салынған. Қазір бұрынғы бас мердігер компанияның кем-кетігін басқа мердігер түзетіп жатыр.

Қарағандыда үлескерлердің ақшасына салынған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің бес қабатты үйі осыдан екі жыл бұрын құлап қалған. Ондағы өзге үйлерінің бәрі апатты жағдайда деп танылып, бұзылған.

Құрылысшылар «Бесобаны» бұзып, орнына жаңа кешен тұрғыза бастаған кезде бұрынғы мердігерлер жіберген негізгі кемшіліктерді анықтады. «Бесоба» үйлерін жабын-плиталардан тұрғызып, қатты жерде жатуы тиіс таспалы іргетасты саздың үстіне қоя салған. Оның үстіне бірде-бір тіреу қағылмаған соң үйлер қисайып кеткен. Ал көктемде тоң ери бастағанда үй құлап қалған.

XS
SM
MD
LG