Accessibility links

Курамшиннің "аштықты тоқтатқаны" анық емес


Вадим Курамшин, қамаудағы құқық қорғаушы
Вадим Курамшин, қамаудағы құқық қорғаушы

Қазақстандағы саяси тұтқындардың жағдайы туралы Варшавада өтетін дөңгелек үстел қарсаңында түрме басшылығы құқық қорғаушы «аштықты тоқтатты» деп мәлімдейді. Адвокаттың сөзі басқа.

Телефон арқылы сөйлесу жиілігі мен ұзақтығына қатысты құқығының сақталуын әрі үкімін қайта қарауды талап еткен түрмедегі құқық қорғаушы Вадим Курамшин он шақты күн бұрын аштық жариялаған (тек су ішеді). Қазір Варшава қаласында ЕҚЫҰ-ның адами өлшем жөніндегі жыл сайынғы конференциясы өтіп жатыр. Оған қатысқан қазақстандық оппозиционерлер Курамшиннің аштық жариялауын елдегі саяси репрессиялардың жаңа мысалы ретінде келтірген. Сондықтан азаматтық белсенділер Курамшиннің аштықты тоқтатқаны туралы хабар Қазақстан билігінің халықаралық сын-талаптарды ескергенінің әлдебір нышаны болар еді деп үміттенеді. Бірақ Курамшиннің аштықты тоқтатқаны туралы қарама-қайшы деректер түсіп жатыр.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ДЕРЕКТЕР

Азаттық тілшісі телефон арқылы хабарласқан Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (СҚО ҚАЖК) бастығының орынбасары полковник Бөкенбай Жүсіпов Курамшиннің аштықты тоқтатқанын айтады. Вадим Курамшин Солтүстік Қазақстан облысының Горный кентіндегі түрмеде жаза мерзімін өтеп жатыр.

- Бұл ЧП (төтенше жағдай) болып саналатындықтан, аштық жариялаған әр тұтқын туралы бізге хабарлайды. Бізге сотталған Курамшин қыркүйектің 30-ы күні аштықты тоқтатты әрі бұл туралы адвокатының көзінше ресми арыз жазды деп хабарлаған, - дейді полковник Бөкенбай Жүсіпов.

Бірақ Курамшиннің адвокаты Дмитрий Баранов оның бұл ақпаратын терістейді. Ол полковник Бөкенбай Жүсіповтің «қыркүйектің 30-ы күні Курамшин аштықты тоқтатты әрі бұл туралы адвокатының көзінше ресми арыз жазған» деген ақпаратымен келіспейді.

Қазақстандағы түрмелердің бірі
Қазақстандағы түрмелердің бірі

- Бұл - өтірік сөз. Ол менің көзімше ондай арыз жазған жоқ. Жазғанды қойып, аштықты жалғастыратынын айтты. Менің көзімше ешқандай арыз жазбағанын ресми түрде растаймын. Қыркүйектің 30-ы күні Курамшинмен кездескен соң түрмеден шамамен сағат 11-ден 30 минут өткенде кеттім, - дейді Дмитрий Баранов Азаттық тілшісіне.

Ал түрме әкімшілігі адвокаттың сөздерін терістейді. Азаттық тілшісіне түрме бастығы Уәлихан Байтасовтың науқастанып қалғанын хабарланды. Түрме бастығының кезекші көмекшісі майор Сәлімжан Емітжанов Азаттық тілшісіне сотталған Курамшин қыркүйектің 30-ы күні аштықты тоқтататыны туралы адвокатының көзінше ресми арыз жазғанын тағы айтады.

- Кеше бұл туралы 7-басқарма прокуроры Бессоновқа, Есіл ауданы прокуроры Әубәкіровке және Есіл аудандық ІІБ бастығы Кутушевке үш хабарлама жібердік. Қыркүйектің 30-ы күні сотталған Вадим Рашидович Курамшиннен адвокатының көзінше аштықты тоқтататыны туралы ресми арыз түсті. Қазір ол тамақ ішіп жатыр, яғни аштықты тоқтатып, асханаға барып жүр, - дейді түрме бастығының кезекші көмекшісі.

«БЕС БӨТЕЛКЕ СУ ЖІБЕРДІМ»

Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова Азаттық тілшісіне қыркүйектің 30-ы күні адвокат Дмитрий Баранов екеуі түрмеге барғанын, бірақ Вадиммен кездесе алмай қайтқанын айтады. Ол «аштық жариялаған Вадим су ғана ішетіндіктен, ұлыма алты литрлік 5 бөтелке су беріп жібердім» дейді.

Ол адвокаттың сөзінен Вадимнің аштықты тоқтату ниеті жоғын ұққан. «Ал түрме әкімшілігі бір ауыздан балаңыз аштықты тоқтатты деп отыр» деген Азаттық тілшісіне Ольга Колтунова «Білмеймін. Мүмкін, біз кеткен соң бірдеңе өзгеріп қалған шығар. Сол күні ол жақтан ерте кетіп қалдық қой. Бірақ ол аштықты тоқтатса, тіпті қуанамын. Аштық жариялағаннан бері Вадимнің сегіз килограмм салмақ тастағанын адвокаты айтқан еді» дейді.

Ольга Колтунова, Вадим Курамшиннің анасы
Ольга Колтунова, Вадим Курамшиннің анасы

Вадим Курамшиннің әйелі Екатерина Курамшинамен хабарласу мүмкін болмады. Ол қазір ЕҚЫҰ-ның адами өлшем жөніндегі жиынына қатысу үшін Варшавада жүр. Бір апта бұрын жиында сөз сөйлеген ол «Қазақстан билігі түрмеде отырған күйеуіме репрессивтік шаралар қолдануын тоқтатар емес» деп мәлімдеген.

Қазанның 2-сі ЕҚЫҰ-ның адами өлшем жөніндегі конференциясында Қазақстандағы саяси репрессиялар мен елдегі саяси тұтқындарға арналған дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Әлеуметтік желілерде «Екатерина Курамшина дөңгелек үстелге қатысып, түрмедегі күйеуінің құқығын қорғамақ» деген хабар тарады.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин «бопсалау» бабы бойынша айыпталып, 2012 жылдың желтоқсанында 12 жылға сотталған. Ол тағылған айыпты мойындамайды. Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Курамшинді саяси тұтқын деп таныған. Былтыр Вадим Курамшин адам құқығын қорғау саласындағы еңбегі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған. Биыл жазда Вадим Курамшиннің жағдайы туралы тыңдау өткен Ирландия парламентінде социалистік партиядан сайланған депутат Джо Хиггинс Курамшиннің ісінде «саяси астар барын» мәлімдеп, үкіметтен Қазақстан билігіне ықпал етуін сұраған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG