Accessibility links

Мүгедек жұмысшы өтемақысын даулап жүр


«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшысы Нұрболат Себепов.
«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшысы Нұрболат Себепов.

«Кәсіби ауру кесірінен денсаулықтан айырылдым» деп санайтын «Маңғыстаумұнайгаздың» бұрынғы жұмысшысы компаниядан бір реттік төлемақысын ұзақ талап етіп келеді.

Жетібайда тұратын 46 жастағы Нұрболат Себепов – мамандығы бойынша дәнекерлеуші. Ол «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік бірлестігінде 15 жыл дәнекерлеуші болып еңбек еткен. Мұнай өндірісіндегі жалпы еңбек өтілі - 21 жыл. Нұрболат 2001 жылы шашы түсе бастағанын айтады. Кейін денесінде ақ теңбіл дақтар пайда болған, бірте-бірте иіс сезе алмайтын күйге ұшыраған.

«15 жыл бойы тапжылмастан 150-200 атмосфералық аса жоғары қысыммен жұмыс жасайтын сорғыштарды дәнекерлеп жүрдім. Басында жұмыстас жігіттер көп тұрақтамай, екі-үш жылдан соң жиі жұмыстан шығып кететін еді. Мен таң қалып, жалқаулыққа балайтынмын. Сонда жұмыс істеген жерімізде шіріген жұмыртқаның иісі үнемі сезіліп тұратын еді. Кейін оған да бойымыз үйреніп жүре беріппіз» дейді бұрынғы дәнекерлеуші.

ДЕРТТІҢ БАСТАЛУЫ

Басы жиі ауырып, ашушаң бола бастаған Нұрболат 2005 жылы аяқ асты қол-аяғы тартылып құлап қалады. Ақтаудағы «Шакур» медицина орталығында томография жасатқан соң оның миында 30 мм көлемінде ісік бар екені анықталады.

Алматыда ота жасатуға қаражат тапшы болып, әрі дәрігерлер кепілдік бере алмайтынын айтқан соң жұмысшы Жетібайға оралады. 2007 жылы банктен несие алып Ресейдің Санкт-Петербургтегі Киров атындағы Әскери–медициналық академиясының нейрохирургиялық клиникасында миына операция жасатады. Оған ресейлік дәрігерлер «мұнай өнімдерінен созылмалы уланудың клиникалық белгілері аса ауыр екінші дәрежелі токсикалық энцефалопатия» деген диагноз қояды.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейлік мамандар қойған диагнозбен жұмыс орнынан өтемақы талап етпек болған Себепов тағы бір кедергіге кезігеді. Жергілікті сот қазақстандық медициналық мекеменің қорытындысын талап етеді.

«Қарағандыдағы республикалық «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының» неврология бөлімшесінде тексеріліп, ем алдым. Онда маған Петербургте қойылған диагнозды растап, «мұнай өнімдерімен уланған созылмалы кәсіби улану ауруы» деген қорытынды жасады. Осы диагнозбен ұлттық орталықтың Ақтөбедегі филиалынан да ем алдым» дейді мұнайшы.

Қазір Нұрболат Себепов – 2-топтағы мүгедек, ұзақ емделуге мәжбүр болған соң жұмысынан шығып кеткен. Оның сөзінше, Маңғыстау облыстық соты шешімімен кәсіби ауруына байланысты еңбек қабілетін жоғалтқаны үшін бұрынғы жұмыс беруші «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы ай сайын 253 822 теңге, ал «Халық лайф» сақтандыру компаниясы ай сайын 156 мың теңге сайын өтемақы төлей бастаған.

Сақтандыру компаниясы мен жұмыс беруші арасындағы шартқа сәйкес 2005 жыл үшін маған бір рет төленетін төлемақыны осы күнге дейін не жұмыс беруші, не сақтандыру компаниясы мойынына алмай келеді.
Нұрболат Себепов.

«Бірақ, сақтандыру компаниясы мен жұмыс беруші арасындағы шартқа сәйкес 2005 жыл үшін маған бір рет төленетін төлемақыны осы күнге дейін не жұмыс беруші, не сақтандыру компаниясы мойынына алмай келеді. Ал, мен соны қуып соттан сотқа арызданып жүрмін» дейді Нұрболат Себепов.

Былтырғы қазанның 30-ы күні өткен Маңғыстау облыстық аппеляциялық сотының отырысында судья дәнекерлеушінің арызын қанағаттандырмай тастады. Кассациялық соттан да жеңіліс тапқан мұнайшы, Жоғары сотқа шағымынданбақшы.

«Алыс-жақын қалаларға өз қаражатыммен барып емделіп жүрмін. Жылына екі рет тексеріліп ем алып тұруым керек. Жетібайда арнайы маман невропатолог, нейрохирург, онколог жоқ болғандықтан, облыс орталығына жиі қатынауға тура келеді. Ал мұны елеп-ескеріп отырған ешкім жоқ» деп шағынады ол.

«ТӨЛЕП ОТЫРМЫЗ»

Азаттыққа «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы Нұрболат Себеповтің шағымына орай ресми жауап берді. Компанияның бас директоры Сунь Синьюн мен оның заң және кадр мәселелері жөніндегі орынбасары Н.Күдеровтің жазбаша жауабы бойынша 2012 жылы «Халық Банктің» еншілес компаниясы «Халық-лайф» пен «Маңғыстаумұнайгаз» арасында өзара келісім шарт жасалаған. Осыған сәйкес «Халық-лайфтың» шотына «Маңғыстаумұнайгаз» еңбекке жарамай қалғаны үшін төлеуге тиесілі 26 576 084 теңге аударған.

«Бұдан бөлек акционерлік қоғам Себеповке Еңбек кодексіне сәйкес ай сайын сақтандырылған сомамен нақты келтірілген шығын арасындағы айырманы да төлеп келеді, оны тиісті құжаттармен нақтылаймыз» деп жазылған жауапта.

Ал «Халық лайф» сақтандыру компаниясының заңгері Камиль Сабиров Азатыққа бір рет төленетін төлемнің нақты қашан аударылғанын айтудан бас тартты.

«Бұл - сақтандыру құпиясы. Алайда біз келісім-шартқа сәйкес аннуитетпен төлем төледік. Мұндай төлемді сот шешімімен зиян келтірген тарап төлейді. Біз ешқандай зиян келтірмесек те, Себеповті қолдап төледік. Ал ол түрлі құзырлы орындарға, сотқа шағымданды. Бізге оның әрекеті түсініксіз» деді Камиль Сабиров.

Мұнай компаниясының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)
Мұнай компаниясының жұмысшысы. (Көрнекі сурет)

«Маңғыстаумұнайгаз» бекіткен ұжымдық еңбек шартының 5-тармағында еңбек қауіпсіздігі жағдайы, денсаулық пен қоршаған ортаны қорғау мәселесі қамтылған. Шартта жұмысшыларды сапалы сертификатталған арнайы киімдермен қаматамсыз ету, кеніштердегі ауысыммен істейтін жұмысшыларға күнделікті жарты литр айран, жазды күндері 3 литрға дейін таза ауыз су беру туралы жазылған. Жұмысшыларды материалдық жағынан қолдау үшін өндірістегі жағдайларға байланысы денсаулығынан айырылған, кәсіби ауруға душар болған, өндірісте қаза болғандардың отбасына салық және басқа да мемлекеттік төлемдер ескерілген 2000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін қосымша төлемдер төленетіні айтылған. Ал кәсіби ауруға ұшырағандары медициналық тұрғыда дәлеледеніп, мүгедектік алғандарға 1-3 топқа дейін 1500 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін төлем төленетіні көрсетілген. Ондай жағдайда жұмысшының 100 пайыздық еңбек ақысы сақталатыны да айтылған.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру (ҚМГ БӨ) баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, компания 2013-2014 жылдары арнайы киім, аяқ киім, жабдықтар алу үшін әр жылда 3 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. «Мұнай компаниясының өндірістік объектілері қауіпті саналатындықтан, ҚМГ БӨ жұмысшылардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алуда белсенді жұмыс жүргізіп келеді».

КӘСІБИ ДЕРТКЕ ҰШЫРАУ СТАТИСТИКАСЫ ЖОҚ

Алайда Маңғыстау облысында Нұрлан Себепов сияқты мұнай өндірісінде жүріп денсаулықтан айырылдық деп шағымданушы жұмысшылар көп. Өндіріс орнында қаза тапқандар да болғанымен, жұмысшылардың кәсіби дертке ұшырағанын ешкім дәлелдеген емес. 1991 жылдан бергі мұнай саласындағы кәсіби дертке ұшырағандар туралы ресми статистика табу да қиын.

«ҚазМұнайГаз» Азаттыққа ұсынған деректе тек өндірістік жарақат алу оқиғалары келтірілген. Бұл ақпарат бойынша 2014 жылы «Өзенмұнайгаз» мен «Ембімұнайгаз» (ЕМГ) өндірістік объектілерінде бес қауіпті жағдай туған. ӨМГ-да жеті адам жарақат алып, біреуі қайтыс болған. Ал ЕМГ-да бір адам өндірістік жарақат алған.

Академик Мүфтах Дияров. Атырау, 2007 жылдың қыркүйегі.
Академик Мүфтах Дияров. Атырау, 2007 жылдың қыркүйегі.

Мұнай өндірісінің қоршаған орта мен адам денсаулығына әсері жайлы ғылыми зерттеу жасап жүрген Қазақстан геологиясының негізін салушылардың бірі, атыраулық академик Мұфтах Диаров Маңғыстаумен іргелес тағы бір мұнайлы өлке Атырау облысы тұрғындарының денсаулығы туралы жиі мәселе көтереді.

Азаттық тілшісіне академик: «Экологиялық асқынулар мен катастрофа мұнайды үздіксіз ала берген соң болмай қоймайды. Зиянды заттардың бір бөлігі мұнайды өндіру кезінде ауаға тарайды, кейін ауа ағынымен басқа өңірлерге жайылады. Улы элементтердің жинақталуы барлық жерде - топырақта, шөпте, суда, оның түбінде де кездеседі. Ал мұнай құрамындағы меркаптандар (улы күкірт түзінділері – ред.) ұлттың генетикалық қорына сөзсіз әсер етеді. Өзін-өзі өлтіру көбейеді. Өйткені меркаптандар адам психикасына есірткі тәрізді әсер етеді» деген еді.

Маңғыстау облыстық статистика департаментінің Азаттыққа ұсынған мәліметінше, облыста мұнай өндіріс саласында 53 мың 468 адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG