Accessibility links

Қазақстанда онлайн кітапхана пайда болды


www.ikitap.kz сайтының басты бетінің көрінісі
www.ikitap.kz сайтының басты бетінің көрінісі

Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын енді интернет арқылы оқуға болады. «Қазақстанның ашық кітапханасына» мыңнан астам шығарма кірген.

«Қазақстанның ашық кітапханасы» - қазақ әдебиеті мен Қазақстан ғылымының, өнері мен сан-саладағы шығармашылық жәдігерлерін заңды негізде бір жерге жинақтап, насихаттауды мақсат ететін онлайн жоба» деп жазылған кітапхана орналасқан ikitap.kz сайтында.

Мұнда Абай, Шәкерім, Мұқағали Мақатаев, т.б. ақын-жазушылардың шығармаларынан бөлек, көзі тірі қаламгерлердің туындыларын онлайнда оқып, кейбіреулерін жүктеп алуға да болады.

"ҚАЗІР КІТАБЫН САТЫП БАЙЫП ЖАТҚАН АВТОРДЫ ТАБУ ҚИЫН"

Жобаның негізгі ұйымдастырушысы Wikibilim қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қазіргі кезге дейін көзі тірі шамамен отыз шақты ақын-жазушымен Creative Commons лицензиясы негізінде келісім-шартқа қол қойылып, рұқсаты алынған. Ақын-жазушылардың көбі Creative Commons-дың «non-commercial» (яғни, коммерциялық мақсатта ғана пайдалануға болмайды – Р.К) лицензия түріне келіскен.
Wikibilm қоғамдық қорының төрағасы Рауан Кенжеханов. Сурет Facebook желісіндегі жеке парақшасынан алынды.
Wikibilm қоғамдық қорының төрағасы Рауан Кенжеханов. Сурет Facebook желісіндегі жеке парақшасынан алынды.

​- Мұхтар Әуезов шығармаларының негізгі мұрагері - Мұрат Әуезов. Бірінші болып, сол кісі рұқсат беріп, қол қойды...Бұл жердегі негізгі мәселе – қазақ әдебиетінің нарығы қалыптаспаған. Қазір кітабын сатып байып жатқан авторды табу өте қиын. Сондықтан авторға барып, жағдайды түсіндіріп, «кітаптарыңыз мемлекеттің немесе демеушілердің қолдауымен шығып жатыр, бірақ бағасы қымбат, көп адам сатып ала алмайды, сондықтан оларды онлайн кітапханаға қойып, көпшілікке еркін тауып алып оқуға, танысуға мүмкіндік берсеңіздер қайтеді» деп өтінген кезде барлығы бірдей келісіп рұқсат беріп жатыр, - деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, осындай жолмен кез келген автор өзінің шығармаларын онлайн кітапханаға тапсыра алады.

www.ikitap.kz қорында әдеби шығармалардан бөлек, философия, әлеуметтану, лингвистика, психология т.б. салалардағы кітаптар, аудармалар, танымдық және публицистикалық материалдар мен түрлі сөздіктер бар.

АУДИО КІТАПТАР

Қазір шығармаларды оқумен қатар тыңдап та мазмұнымен танысуға болады.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, кітапханаға аудиофайлдар мен видеоларды жинақтау жұмысы жүріп жатыр.

- Біз тіл комитетімен бірлесіп, мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиетінің аудио-хрестоматиясы деген жобаны бастаған болатынбыз. Қазір соның біршамасы жазылып қойды. Мектеп бағдарламасына енген қазақ әдебиетінде 170 автордың 650-ден астам шығармасы бар екен. Сол шығармалардың барлығының аудионұсқасын жазып, сол кітапханаға орналастырып, қызыққан балалар, адамдар қолдарындағы mp3 оқитын құрылғыға немесе ұялы телефонына көшіріп алып, ыңғайлы уақытта емін-еркін тыңдап, танысса деген ой болған, - деді Рауан Кенжеханұлы.

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЫҚЫЛАСЫ

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, қазір онлайн кітапханаға ән-күй, жырларды жинақтау үшін ақын-жазушылармен қатар сазгерлер және музыканттармен де келіссөз жүріп жатыр.

- Қазір көп көрсетіліп жатқан «Алдар көсе» оқиғалары желісі бойынша құрылған 85 сериалдық мультфильм бар. Сол мультфильмнің барлық сериясын осы кітапханаға толық енгізіп, тегін еркін көруге рұқсат беріліп отыр. Бұл қазақша мазмұнды жинастыруға қатысты үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Қазір қарапайым қолданушылар да өздері ұнататын шығармалардың авторларымен келісіп, қолдарында бар материалды бізге жіберуіне болады. Осыған байланысты материалдары бар адамдарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, - дейді ол.
Қабдеш Жұмаділов, қазақ жазушысы. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.
Қабдеш Жұмаділов, қазақ жазушысы. Алматы, 9 қаңтар 2012 жыл.

Жазушы Зейнеп Ахметова Бауыржан Момышұлының барлық шығармаларын онлайн кітапханаға өткізуге рұқсат бергенін айтты.

- Атамның шығармаларын жариялауға Бақытжан рұқсат берген. Өз басым интернетті көп түсіне бермеймін. Интернет мен үшін қара орман. Сондықтан бұл жоба жайлы айта алмаймын. Бірақ шығармалардың көпке жеткені жақсы ғой, - деді жазушы Зейнеп Ахметова.

Жазушы Қабдеш Жұмәділов онлайн кітапханаға тек совет кезінде шыққан шығармалары ғана енгенін айтты.

- Егер де тиражы аз шығармаларды насихаттаса жақсы болар еді. Себебі жаңадан шыққан кітаптарымыздың тираждары 2-3 мыңнан аспайды, - деді жазушы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG