Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 03:50

БАЛАМА ТАРИХНАМА / Саяси портреттер

Кәрім Мәсімовтің премьер-министрлік қызметі бесінші жылға ұласты

Кәрім Мәсімовтің Қазақстан үкіметін басқарып келе жатқанына 4 жылдан асты. Бірге оқыған сыныптастарының айтуынша, «оның табысқа жетуінің құпиясы – жақсы білімінде». Ал сарапшылар «Мәсімов бұл лауазымда президент Назарбаевқа «берілгендігінің» арқасында ғана отыр» деген пікір айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Кәрім Мәсімовті премьер-министр болуымен құттықтап тұр. 10 қаңтар 2007 жыл.
Мәтін көлемі - +

Бұрын Қазақстанда премьер-министр лауазымын иеленген адам бұл қызметте екі жарым жылдан әрі тұрақтамайтын еді. Осы тұрғыдан келгенде біраз «отырып» қалған Кәрім Мәсімовтің орнынан түсетіні туралы алуан түрлі болжамдар айтылды. Біз Кәрім Мәсімовтің мансап сатыларын сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бері қарай шолып көрмек болдық. Сөйтсек, оның 2007 жылы премьер-министр лауазымына бір-ақ секіруі де қисынды екен. Өйткені Кәрім Мәсімов бала кезден-ақ ұқыпты, ал кейде авантюрист болып шықты.

«БЛОГГЕР КӘРІМ»

2007 жылдың 15 қаңтарында өткен үкімет отырысында Кәрім Мәсімов мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау жөнінде ұсыныс әзірлейтін төрт жұмыс тобы құрылатыны туралы құлағдар етті. Бұл кез әлемдік дағдарыс Қазақстанға жете қоймаған жайбарақат күндер еді.

Алайда содан бері төрт жыл өтсе де, қазақстандық экономист Қанат Берентаевтың айтуынша, осынау әкімшілік реформа айта қаларлықтай жеміс берген жоқ. Өйткені «қоғамның мемлекеттік басқаруды бақылап отыруына мүмкіндік беретін тетік жасалмаған, әкімшілік реформада жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді органдары туралы ең өзекті мәселе қалыс қалған». «Жария ақпарат жоқтығынан бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржының 10-15 пайызы көзделген нысанға жетпей, орта жолда жемқорлардың қалтасында құйылады деп есептеймін» дейді экономист.
Экономист Қанат Берентаев. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Бірақ Кәрім Мәсімовтің мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялауда жүзеге асырмақ болған айтарлықтай шараларының бірі - электронды үкімет.

Кәрім Мәсімовтың өзі жеке блог ашып, өзге министрлер мен әкімдерден де соны талап етті. 2011 жылдың басында премьер-министрдің блогына азаматтардан 60 мыңға жуық хат-хабар түскені айтылды. Бірақ блог иесі олардың қаншасына байланысты шара қолданғаны туралы ақпарат бермеді.

ЭКОНОМИКА СТИЛІ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ

Кәрім Мәсімовтің үкіметі әкімшілік реформалардан өзге аты жер жаратын тағы бірнеше жобаны жүзеге асырмақ болды. «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылу» идеясы, «100 мектеп – 100 аурухана» әлеуметтік жобасы және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы» секілді атынан ат үркетін бағдарламалар осындай жобалардың қатарына жатады.

Бірақ Кәрім Мәсімов үшін ең басты сын - әлемдік экономикалық қаржы дағдарыс еді. Қазақстан экономикасы елдің минералды қорларына қатысты әлемдік бағаның құбылуына тікелей тәуелді бола тұра, 2007-2008 жылдары президент Нұрсұлтан Назарбаев секілді Мәсімов те «Қазақстан экономикасына жаһандық дағдарыс айта қаларлықтай салқынын тигізе алмайды» деп қайталаумен болды.
«Тәуекелді бағалау тобының» жетекшісі Досым Сәтбаев. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл.
«Тәуекелді бағалау тобының» жетекшісі Досым Сәтбаев «басқа елдердің премьерлерімен салыстырғанда Қазақстан премьер министрінің жағдайы соншалықты қиын бола қойған жоқ» деп біледі. Досым Сәтбаев Қазақстанның дағдарысқа қарсы шаралар үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңгеден астам (6 миллиардтан артық АҚШ доллары) қомақты қаржы бөлгенін меңзеп отыр.

«ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУДЫҢ» КҮМӘНДІ ТАБЫСТАРЫ

2010 жылы ақпанның 23-інде үкімет Қазақстанның үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Осы бағдарлама бойынша 2014 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 50 пайызға артуы керек. Бұл жолы қолға алған бағдарламаны жүзеге асыру жөнінен Кәрімов «рекорд» жасады. Яғни бағдарламаны қабылдағаннан кейін бірнеше ай өтер-өтпесте, 2010 жылдың шілдесі күні жалпы құны 351,1 миллиард теңгені (2 миллиардтан астам АҚШ доллары) құрайтын 72 жобаның тәмамдалғанын мәлімдеді.

Үкімет жасаған «индустриаландыру картасы» бойынша жалпы құны 8 триллион теңгеге есептелген (50 миллиардтан астам АҚШ доллары) 294 нысан салу көзделген еді. Идея ауторларының ойынша, соның нәтижесінде Қазақстан экономикасы біртіндеп диверсификациялануы тиіс.

Алайда бағдарламаның алғашқы нәтижелеріне күдікпен қарайтын экономист Қанат Берентаев индустриалды-инновациялық бағдарлама небәрі «мониторингтік» бағдарлама, өйткені оған осы уақытқа дейін жасалып қойған жобалар кіргізілді, оның ішінде туризм мен ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар да бар деп есептейді.

– Олар бұрын қабылданған жобалар болатын, сондықтан бұл тұстан жалпы тұжырымдаманы көрмей тұрмын, – деді Қанат Берентаев Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында.

Ол сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылғы жалпы ішкі өніміндегі 7 пайыздық өсімнің 2,7 пайызы таяуда ғана ашылған өндіріс орындарына тиесілі деген мағлұматтарға да күдікпен қарайды.

– Мұндай өндірістер ең әуелі өзінің жобалық қуатын толық меңгеріп, содан соң тұрақты жұмыс сатысына өтуі тиіс. Ал ол үшін бірталай уақыт керек. Әлдекім осындай цифрларды алған да, президенттің ауызына сала салған, – дейді Қанат Берентаев.

"Тәуекелді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтбаев Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы бағдарламасының жасалуын «жақсы нышан» деп санайды, бірақ сапалы орындаларына сенбейді.

– Бағдарламаның өзі жаман емес, бірақ басқа көпірме жобалар сияқты оның да жүзеге асуы екіталай. Өз басым осынша мол қаржы жұмсасақ та, индустриалды-инновациялық экономика құрарымызға күдігім бар. Бюрократтарда инновациялық ойлау жүйесінің жоқтығы мен қазіргі әкімшілік жүйенің инновациялық өзгерістерге икемсіздігі жоспарды жүзеге асыруға кедергі жасайды, – деді Досым Сәтбаев Азаттық радиосына айтқан пікірінде.
Ресей премьер-министрі Владимир Путин (сол жақта), Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада) және Беларусь премьер-министрі Сергей Сидорский. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2009 жыл.

Экономист Қанат Берентаев индустрияландыру бағдарламасының кейбір жобаларын жүзеге асыруға мемлекет пен жеке меншіктің серіктес ретінде қатысуын дұрыс шара деп есептейді. Айта кетейік, шағын және орта бизнесті қолдау стратегиясы бойынша үкімет пайыздық үстемелерді субсидиялау және кредиттерге ішінара кепілдік беру секілді қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге мемлекет есебінен инфрақұрылымдық құрылыс жүргізу арқылы кәсіпкерлердің шығынын төмендетуге де уәде берген болатын.

Қанат Берентаев үкіметтің экономикалық стратегиясындағы тағы бір жағымды жайттың қатарына Кедендік одақ аясында Қазақстанның Ресей және Белоруспен арадағы қарқынды интеграциясын жатқызады, бірақ ол интеграциялық процестердің қоғамдық талқылаусыз басталғанын қолдамайды.

КӘРІМ МЕН ҚЫТАЙ

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Кәрім Мәсімов «белгілі бір қаржылық-өнеркәсіптік топтардың шылауында кетпейтін саясат ұстанып отырғанын» жазады. Бірақ бірқатар БАҚ оның Қазақстан президентінінің күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевқа бүйрегі бұрып, Қытай мүддесін де ұмытпайтынын айтады. 

Бір қызығы, оған «Қытай үкіметінің мүддесін көздейді» деп айып тағуға Қазақстан аумағында соя мен рапс өсіру, үкімет жобаларын қытайлық Эксимбанк арқылы несиелеу немесе қытайлық шикізат компанияларының экспансиясының ұлғаюы сияқты ел ішінде айтарлықтай пікір туғызған жайттар ғана емес, премьер-министрдің білімі мен мансап жолы да аз ілік болмайтын сияқты.

Өмірбаянына қарағанда, Бейжіңдегі Тілдер институты мен Ухань университеті Заң институтының дипломын иеленген Кәрім Мәсімов Қытай мен Гонгонкта бизнестік тәжірибе жинақтаған. Кейбір қарсыластары «оның Сингапурде жылжымайтын мүлкі мен бизнес мүддесі де бар» дейді – бірақ оған дәлел жоқ. 
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Қытай басшысы Ху Цзиньтао. Қытай, 30 тамыз 2010 жыл.


Аты-шулы «Викиликс» сайтында жарияланған ақпараттардан кейін де Кәрім Мәсімовтің имиджіне көп нұқсан келе қоймады. Сайтта мәлім болған дипломаттың әңгімесінде Қазақстан премьерінің Астанадағы түнгі клубтардың біріндегі дөкейлерге арналған залда емес, жалпы залда жалғыз билеп жүргені жөнінде ғана айтылады. Керісінше «биші Кәрім» премьердің имиджі үшін пайдалы болып шығатын сияқты.

Қанат Берентаев сондай-ақ Қазақстан экономикасындағы Қытай факторын да тым дабыралатудың жөні жоқ деп санайды.

– Қытай дүние жүзінен, оның ішінде Африкадан да, Австралиядан да шикізат активтерін молынан сатып алып жатыр. Яғни, олар өз елінің алтын валюта қорын табиғи активтерге айналдыруға кірісті. Экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда біздің кен орындарымызды кім басқарса да бәрібір емес пе? – дейді экономист.

Қанат Берентаев «Кедендік одақ аясында Қазақстан экономикасы Қытай экспансиясына қарсы тұра алады деп» санайды.

«КӨКТЕ ЕКІ КҮН БОЛМАЙДЫ»

Осыдан төрт жыл бұрын Кәрім Мәсімов премьер-министр болған кезде Даниял Ахметов - қорғаныс министрі, Виктор Храпунов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды, ал қазіргі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылорда облысының әкімі ретінде енді ғана іске кіріскен еді.

Жоғарыда аттары аталғандардың кейбірі баяғыда-ақ лауазыммен қош айтысты, кейбірі қызметін ауыстырды, енді бірі Қазақстаннан біржола кетіп тынды. Бұл тұрғыдан келгенде 2007 жылдың қаңтарында Қазақстан сенатының төрағалығына тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаевты ғана Кәрім Мәсімовпен салыстыруға болатын сияқты.

Премьер-министр лауазымында ұзақ отыру үшін «Қазақстан премьері бетегеден биік, жусаннан аласа болуы керек. Өйткені көкте екі күн болмайды» дейді Досым Сәтбаев. Оның ойынша, бұл лауазымнан үміткерлердің бойында президентке мейлінше адал берілгендікті танытып тұратын, өте сақ және «жұрттың бәрімен жақсы қатынаста» жүре алатын қасиет болуы тиіс.

Досым Сәтбаев «жаһандық дағдарыс Мәсімовтің премьер-министр қызметінде ұзағырақ отыруына септігін тигізді, бірақ ол Мәсімовке деген сенімнің ұзақ болатынын білдірмейді» дей келе, «премьер-министр әне-міне орнынан түседі екен» деген алыпқашпа сөздердің жыл сайын естілетінін қалжыңға сүйей айтты. Бірақ Кәрім Мәсімов те, оның алдындағы премьерлер де «елді шикізатқа тәуелділіктен шығара алмағанын» баса айтты Досым Сәтбаев.

Экономист Қанат Берентаев дәл қазіргі жағдайда премьер-министр «мемлекеттегі екінші не үшінші тұлға емес, небәрі орындаушы ғана» дейді.

– Әзірге көппартиялық жүйе жоқ, сондықтан үкімет тек билік партиясынан ғана құрылатындықтан Кәрім Мәсімовтің саясатқа араласпайтын сыңай танытқаны, бір жағынан дұрыс және солай болғаны да жөн, – деген пікір ұстанады Берентаев. Ол сондай-ақ «ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізген соң премьер-министр орнынан түседі» деген қаңқу сөздердің объективті алғышарты жоқтығын айтады.
«Журналистер – апатта» құқық қорғау ұйымының президенті Розлана Таукина. Алматы, 11 қаңтар 2011 жыл.
«Журналистер – апатта» құқық қорғау ұйымының президенті Розлана Таукина Кәрім Мәсімовке «тек тапсырманы орындаумен ғана шұғылданатын, өз ұстанымын айтпайтын, бала секілді жұмсауға қолайлы премьер» деген баға берді:

– Премьердің сөзіне қарағанда, кез-келген жаңа бастама тек президенттің айтуымен болады. Яғни негізгі идеяны айтқан да – президент, қалай істеу жөнінде нұсқау берген де – президент. Қысқасы басталған іс те, біткен іс те – президенттің арқасында.

Розлана Таукина өз пікірін «мұндай премьерлер мейлінше ыңғайлы болады және шенеуніктің өзіндік ойы неғұрлым аз болған сайын, қызметте де соғұрлым көбірек отырады» деп түйіндеді.

КӘРІМ МӘСІМОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ СЫНЫПТАСТАРЫ

Кезінде Кәрім Мәсімов оқыған республикалық физика-математика мектебінің түлегі, қазір Астрахан мемлекеттік университетінің доценті Аида Құрманғалиева Азаттық радиосымен арадағы жазба хабарларында Кәрім Мәсімовты «ұзын бойлы, сыпайы, қарапайым және өте интеллигент жігіт болатын, бір көргенде психологиялық тұрғыдан аса тартымды әсер қалдыратын еді» деп еске ала келе, «қазір оған кәсіби шеберлігі де қосылғаны байқалады» деп жазады.

Премьердің тағы бір сыныптасы, қазір Нью-Джерсиде (АҚШ) тұратын Галина Светская да Кәрім Мәсімов биік мансапқа жақсы білімінің арқасында жетті дейді. «Бірақ тәуір оқығандар жалғыз ол ғана емес» деген Галина Светская өзінің 2002 жылдан бері Қазақстанда болмағанын, осы орайда тосын қоңырауды пайдалана отырып, «егер мені ұмытпаған болса, Қазақстан премьер-министріне дұғай сәлем жолдағым келеді» деген тілегін жеткізді.
Роман Солодченко, БТА Банктің басқарма бастығы кезінде. Алматы, 23 қазан 2008 жыл.

Кәрім Мәсімовтің тағы бір сыныптасы және №10 физика-математика мектебінің сайтына қарағанда, осы оқу орнының 1982 жылғы түлегі — БТА Банктің бұрынғы топ-менеджері Роман Солодченко. Ол 2009 жылдың наурыз айында, БТА Банк үкімет бақылауына өткен соң бір айдан кейін Қазақстаннан қашып кеткен еді.

Роман Солодченко эмиграцияға кеткен соң Азаттық радиосына берген ең алғашқы сұқбаттарының бірінде «үкіметтің кесірінен банктің қалай күйреп жатқанын көруге дәті шыдамай, Қазақстаннан кетуге бел буғанын» айтқан болатын. Сөйтіп, тағдыр осынау элиталық мектепті бітірген екі сыныптасты саяси сахнаның екі жағына шығарып тастады.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 09:16
+1 / -0
Біздің елде қызық. Бұның орнында өзіміздің қазақ отырғанда бұлай ұзақ отырмас еді. Не бітіріп отыр? Бізде қызық, бұрыңғы қазақ премьерлер ашу шақырып министрлерді ұрысып жатса, ол премьерді орнынан алып тастайды, күшінен қорқып. Ал мынау отырып министрлер ақша бөлуді сұраса, ұрсып тастайды, көп сұрай берсең сенде проблема болады деп. Енді өзімізге көңіл бөлетін кез келді. Қарап отырсам, зиялы қауымның ішінде 1-2-лі ғана іліпаларлық тұлға бар, министлердің ішінде көзге көрінетіндей адам жоқ, жастар өспейді, өссе жаңағы топас шенеуіктердің балдары өседі. Сонда біз қалай дамимыз? "Толыққанды ел" дейтін "үйді" тұрғызатын материалдар жоқ. Өткенде Болашақ бағдарламасымен оқып келіп жұмыс таба алмай жүрген бір бала телдидардағы сұхбатында айтады: шетелге Болашақ бағдарлама бойынша барып оқып жатқан, оқып келгендердің 70 пайыздайы қазақша білмейді, көпшілігі бір ауыз сөзді де білмейді, деп. Сұмдық қой, мынау! Есі бар, намысы бар адам бұны естіп, білген соң ештеңе болмағандай өмір сүре берсе, оның мал болғаны! Осыдан кейін мен өлімнен қорықпайтын болдым. Енді өле берсем де болады. Енді қызық болмайды. Алла өзі мені кешіре көрсін. Қаракесек.

Кімнен: Көпкөрген
24.01.2011 10:39
+0 / -0
Кәрім ол өз ұлтына адалдықпен беріліп жұмыс істеп жүрген адам. Әйтпесе, ол Назарбаевты ұрып қойғаны барма. Назарбаев өзінің ұлты мүддесін қорлап жүргенде, Кәрім қазір ұйғырлардың жағдайын жасап жүр. Назарбаев өзінің қарабасы мүддесін барлығынан жоғары қойып 20 жыл ел билегені, қазақтан басқа өзге ұлтарына тиымды болып отыр.
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 18:39
+0 / -0
Ау ағайын, Кәрімнің паспортында қазақ деп жазылған, демек ол қазақ. Басқалар да қазақ деп жазылса нұр үстіне нұр болар еді. Кешегі Кеңес кезінде мұндайлар орыс боп жазылуға тырысатын, бүгін қазақ боп жазылып жатса, демек тәуелсіз Қазақстанның тасы өрге домалап тұрғаны. Ертең Божко қазақ деп жазылам десе де қабылдай беру керек. Ертең ұрпақтары қазақ боп кетеді. Кез келген мелекеттің тарихында болған жағдай. Ақымақ болма, қазақ, қабылдай бер!
Пікір алмасу

Кімнен: Көрген
24.01.2011 20:50
+0 / -0
Назарбаевта өз паспортында қазақ болып жазылған. Сірә, өзі де қазақ ау деймін? Алайда, 20 жыл ішінде істеген тіршілігі қазақтікі емес. Сондай сияқты, кімде-кім паспортына ит болып жазылсын, оның істеген ісіне қарай адамның тұрпаты және оның ұлты көрінеді.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 13:56
+0 / -0
Айтқандарыңыздың барлығына қосыламын,қазақтың қамын ойлап жүрген адамды көріп тұрғаным жоқ. Басқа ұлт қиратып жатырса да ештеңе болмайды,ал, қазақ аузын ашса түрмеден бір шығады және соты да дайын тұрады тез арада мәсені шеше қояды.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 15:32
+0 / -0
Ауылдағы кеңес өкіметінен қалған колхоз совхоздардың байлығын талан-таражға салған адамдар сотталып,босап келетін уақыттары болды,бірақ олар және олардың балалары билік басында әлі отыр.Уақытында керексіз болып,кейіннен бөлінген қаражаттардың ауылға жетпей әкім-қаралар мен оларға тиімді адамдарға берілуіне байланысты ұстағанның қолында,тістегеннің аузында кете барды.Қазіргі халі өте мүшкіл.Кәрімге келсек,Көпкөргеннің сөзі рас.Оған қосарым,ол адам шет елдің барлау қызметіне жұмыс істейтін адамға көбірек ұқсайды.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 17:49
+0 / -0
Мен омрiмде қанша рет куа болғанмiн,уйғур халқi 99%тi сауда,жане қайжерде онiм шiқса сол жерде коргем.Қанда бар десем адаспаим деп оилаим.Карим Масiмдын басi жаксы iстеидi.Н.НАЗАРБАЕВкеде ол кiсiнын адал пинетi,КАЗАК халкiна кiзметi унаганшiгар!!Маладец обшым айтканда!!мен Турманов Пулат жеке оз оиммен ол кiсiге тан берем!баскалар не десе озi бiлсын!осекпен жумысiм жок!

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
24.01.2011 18:57
+0 / -0
Бұның орнында қазақ отырса, елбасына конкурент. Басқа ұлт біздің елде президент бола алмайды. 0
Пікір алмасу

Кімнен: Сығалапкөрген
24.01.2011 20:55
+0 / -0
Мәселенің тоқ етері осында. Дәл айттың, барлық байлықты құшағына ұстаған адам барлығынан қорқады.

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
26.01.2011 13:48
+0 / -0
Ау мұнау әлемнің жетекші елдерінің басшыларымен кездесіп жүріп, бүтіндей Қазақстан жерін сыртымыздан сатып жібермесін. Мынаның көзінің ойнап тұрысын қарашы. Анау қалың мұртынан астынан міңгірлеп жүріп құртпасын. Көресіні НӘН-нен емес, осыдан көріп жүрмейік. Қазағым мынаның аяғынан шалып, құлату керек.

Кімнен: Шыңғыс Қайдан: Алтай
26.01.2011 22:27
+0 / -0
Сіз бір зауыттың, не бір мектептің, аурухананың бастығысыз,жасыңыз құрып кеткір 70-тен асып барады.Орынбасарыңды өзің таңдап ал десе, кімді аласыз?Аңғалдықпен 40-тағы бір білімді жігітті алып қойып, оны әйеліңе айтып барсаңыз,"50 жыл бірге отасып, сенің ақымақ екеніңді жаңа білдім" деп, үйден қуып шығар.Қысқасы, келесі премьердің халі не болмақ?Мүмкін алдағы он жылға тіпті премьердің қажеті де болмас. Көп қаржы үнемделер еді.Немесе, о,о,"Эврика!", референдумда Назарбаевпен бірге Мәсімовты да он жылға бекітіп жіберу керек. Одан еш қатер жоқ қой.

Кімнен: khiran Қайдан: khazakya
28.01.2011 23:02
+1 / -0
jatkha tizgin bermeniz ,
jala menen bas keter...
_ buhar jirao