Accessibility links

Саяжай тұрғындары «ауыл мәртебесін» сұрайды


Жол шетінде тұрған "Жомарт" саяжайының тұрғындары. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.
Жол шетінде тұрған "Жомарт" саяжайының тұрғындары. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.

Алматы маңында елді мекенге айналған саяжай көп. Тұрғындардың кейбірі бюджеттен «бір тиын көмек көрмегенге» ренішті. Ал шенеуніктер саяжайлар мәселесін қарайтын жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

«Жомарт» саяжайы Алматы қаласынан 15 километр жерде, Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінің аймағында орналасқан. Тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесі берілмегендіктен, үкімет тарапынан қайыр-қолдаудың жоқ екенін айтты. Саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы жоқ.

Ауылдық округ әкімдігі өкілдері «2 мыңнан астам халық тұрады» деген саяжайдың билік назарынан тыс қалғаны мұнда келген адамға бірден білінеді. Алғашқы байқағанымыз - саяжай ішіндегі шұрық-тесік 11 көшеден көлік түгілі жаяу жүрудің өзі мұң.

«БЮДЖЕТТЕН БІЗГЕ БІР ТЕҢГЕ БҰЙЫРМАЙДЫ»

– Мұнда 11 көше, 900-ге тарта үй бар. Әр үйден орта есеппен 5 адам деп есептегенде, 3 мыңнан астам тұрғынның саны шығады, - дейді ауыл ақсақалы Әбдіманап Ембергенов.

Ауылға қаладан автобус анда-санда бір қатынайтындықтан, саяжай тұрғындары көрші ауылға таксимен барады. Азаттық тілшісі жол бойындағы топталып тұрған таксистерге және такси күткен тұрғындарға жолыққан еді.
Жомарт ауылының таксилері. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.
Жомарт ауылының таксилері. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.

– Автобус тұрақты жүрмейді, көшенің түрін өзің көріп тұрсың, - деп жамырай жөнелген тұрғындардың ешқайсысы аты-жөнін айтқысы келмеді. Тіпті бірі «Біз ер адамдармыз, бір-бірімізді танимыз. Сондықтан ертең ыңғайсыз болып жүрер. Сіз оданша ауылдың әйелдеріне жолығыңыз, солар қорықпай айтады» деп жөн сілтеді.

2008 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келгенін айтқан Әбдіманап Ембергенов бізге саяжай тұрғындарының қазіргі әлеуметтік қиыншылықтары туралы айтып берді.

– 63-ке келдім. Қарақалпақстанда (Өзбекстан - ред.) совхоз директорынан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарлығына дейін көтерілдім, - деген ақсақалдың сөзіне қарағанда, «ауыл ішіндегі көшелерді осыдан бірер жыл бұрын тұрғындар өз қалталарынан ақша жинап, асфальттаған».
Жомарт ауылының тұрғыны Әбдімарап Ембергенов. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.
Жомарт ауылының тұрғыны Әбдімарап Ембергенов. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.

– Бізде «мақсатты төлем» деген бар. Сол бойынша әр үйден 5 мың теңгеден жинап, көшелерді жөндегенбіз. Бірақ қазір тесіліп-тесіліп, жарамсыз болып қалды. Ал ауыл статусын алмағандықтан, аудандық, облыстық бюджеттен бізге бір теңге бұйырмайды. Тіпті мектеп жоқ. Кезінде «мектеп, жол, балабақша керек» деп ауданның бұрынғы әкімі Логутовқа дейін кірдім. Бірақ нәтиже жоқ, - дейді ақсақал.

450 БАЛАНЫҢ МЕКТЕПКЕ «САПАРЫ»

«Жомарт» саяжайында мектеп жасындағы 450-ге жуық бала бар. Оның 332-сі Көкқайнар ауылына қатынап оқиды. 100-ден астамы Ащыбұлақ ауылдық округінің орталығы Мұхаметжан Түймебаев атындағы ауылдың мектебіне барады. Екі ауыл да саяжайдан 5 шақырым қашық жатыр.

– 332 балаға арнап 2 автобус шығарған. Бірақ оған олар сыймайды. Сондықтан оқушылардың көбі мектепке таксимен баруға мәжбүр, - дейді «Жомарт» саяжайының тағы бір тұрғыны.

Саяжай балалары білім алып жүрген Көкқайнар ауылындағы №29 мектеп 250 оқушыға арналған.
Автобусқа мініп жатқан мектеп оқушылары. Алматы облысы, 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Автобусқа мініп жатқан мектеп оқушылары. Алматы облысы, 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақылбек Оқасұлының айтуынша, «қазір бұл мектепте үш ауысыммен 800 бала оқиды». Оның сөзіне қарағанда, балалар автобусқа сыймай, сыйғаны сығылысып, мектепке әрең жететін сияқты. Таңертең кеткен оқушылар көлік тапшылығының кесірінен кешкі 8-де бірақ қайтады.

– «Жомарттан» келетін 332 оқушының 139-ы бастауыш сыныпта оқиды. Оқушыларды тасуға екі автобус шыққан. Бірақ олардың қыста жүруі қиын. Сондықтан балалар таңертең сабаққа кешігіп келсе, кешке 8 жарымда үйлеріне қайтады. Тіпті кей күндері бір ғана автобуспен қатынайтын да кездері бар, - дейді мектеп өкілі.

«ЖОМАРТ» СИЯҚТЫ 28 САЯЖАЙ БАР»

Азаттық тілшісі Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Мұхит Кәрібаевқа жолығып, «Жомарт» саяжайының қазіргі тұрмысы жайлы сұрап, әлеуметтік инфрақұрылым (мектеп, аурухана, т.б.) атаулыдан көп дүниенің жоқ екені жайлы ел шағымын естірткен еді. Ауылдық округ әкімі әңгімесін:

– Жомарт саяжайының тұрғындарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Ол жақта ақсақалдар кеңесі бар. Солармен жұмыс жасаймыз. Қазір «Жомарт» саяжайына жол салынды, - деп бастады.
"Жомарт" саяжайына дейін төселген асфальттың біткен жері. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.
"Жомарт" саяжайына дейін төселген асфальттың біткен жері. Алматы облысы, Іле ауданы, 3 мамыр 2013 жыл.

Саяжай ішіндегі көшелердің жағдайы тым нашар болса да, Мұхаметжан Түймебаев атындағы ауыл мен «Жомарт» саяжайының арасындағы 5 километр жол тақтайдай асфальт. Оны саяжай тұрғындарының өздері «Осы жерден облыс әкімі Ансар Мұсаханов (қызметіне 2011 жылы сәуір айында тағайындалған – ред.) өтеді дегенде жанталасып жөндеген» деп түсіндіреді.

Ауыл әкімі «Жаңа оқу жылынан бастап Түймебаев ауылының іргесінен салынып жатқан 950 орындық мектепке «Жомарт» саяжайының балалары жаяу қатынап оқитынын» айтты.

«Жомарт» саяжайындағы мектеп, балабақша, жол, басқа да инфрақұрылымдар мәселесі туралы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Кәрібаев былай деді:
Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Мұхит Кәрібаев. 3 мамыр 2013 жыл.
Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Мұхит Кәрібаев. 3 мамыр 2013 жыл.

– Саяжай - кооператив. Кооператив болғандықтан, ішкі мәселелерін өздері жиналыс жасап шешеді. Бізде «Жомарт» секілді 28 саяжай бар. Кооператив болған соң, оларға үкімет қаражат сала алмайды, ештеңке істей алмайды. Олардың уставында да жазылған. Жолдары бар, светтері бар, бас қосып, жиналыс жасап шешетін нәрсе.

«Жомарт» саяжайының тұрғындарының ең басты шағымы - «ауыл мәртебесін алу» туралы «жоғарғы билікке ұсыныс жасап көрмедіңіздер ме?» деген сауалымызға әкім:

– Саяжайлар - совет үкіметі кезінде берілген саяжайлар. Олардың ішіндегі жолдар да келмейді. Жолдарының ені 5-6 метр, екі машина қатар өте алмайды. Білмеймін оларды қалай ауыл қылатынын, - деп қысқа қайырды.

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

2012 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан парламентінің депутаты Әлихан Тойбаев бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап:
Қазақстан парламентінің мәжілісі. Астана, 9 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламентінің мәжілісі. Астана, 9 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

– Көптеген отандастарымыз үшін саяжай жерұйық тәрізді. Қазіргі таңда елімізде 500 мыңға жуық саяжай бар. Бағбандық бірлестіктер бойынша Алматы облысы алда тұр, - дей келіп, «Алматы өңірінде 8 мыңнан астам оқушы саяжайдан мектепке қатынап оқиды, егер оқушы мектептен 4 шақырым жерде тұратын болса, ол оқушылар мемлекет тарапынан тегін тасымалдануы тиіс. Біріншіден, халық тұрғынжай етіп отырған саяжай атаулыға ауыл статусын беру керек; екіншіден, мектеп, медициналық жәрдем көрсету және пошта мен байланыс пункттерін, басқа да әлеуметтік нысандарын салу қажет» деген еді.

«МАУСЫМНЫҢ 20-СЫ КҮНІ БӘРІ АНЫҚТАЛАДЫ»

Қазір «Жомарт» сияқты стихиялы түрде елді мекенге айналып кеткен саяжайлардың мәселелерін қарау және оны шешу жөнінде Алматы облысы әкімдігінде жұмыс тобы құрылған. Алматы облысы әкімдігінің агроөнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Кененбаев «Жомарт» саяжайына қатысты ештеме айта алмағанымен, жалпы саяжайлар мәселесі туралы мынадай ақпарат берді:

- Қазір облыста осы саяжайлар мәселесімен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс жоспарына сәйкес саяжайлардың жерлерін, инфрақұрылымдары мен техникалық жағдайларын анықтау жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның бәрі маусымның 20-сы анықталып бітеді. Саяжайларға ауыл мәртебесін беру де осы жобада қамтылған. Яғни ауыл статусын алу-берудің шарттары қаралып, жалпы коллегиямен шешілетін болады.

Әкімдік өкілінің мәліметі бойынша, «Алматы облысында 650-700 шамасында саяжайлар бар».
XS
SM
MD
LG