Бейсенбі, 24 сәуір 2014, Алматы 10:24


ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Кеден одағы: үміттен гөрі күдік басым

Қазақстанда Ресей, Беларуспен кедендік одақтасуға наразылық артып барады.175 адам қол қойып, интернетте таратылған ашық хатта үштік Кеден одағы Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп атап көрсетілген. Азаттық радиосының дөңгелек үстел қонақтары осы тақырыпта ойларын ортаға салды.

Солдан оңға қарай: Ресей президенті Дмитрий Медведев, Беларус президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік одаққа мүше мемлекет басшыларының басқосуында. Минск, 27 қараша 2009 жыл.Солдан оңға қарай: Ресей президенті Дмитрий Медведев, Беларус президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік одаққа мүше мемлекет басшыларының басқосуында. Минск, 27 қараша 2009 жыл.
x
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Дмитрий Медведев, Беларус президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік одаққа мүше мемлекет басшыларының басқосуында. Минск, 27 қараша 2009 жыл.
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Дмитрий Медведев, Беларус президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кедендік одаққа мүше мемлекет басшыларының басқосуында. Минск, 27 қараша 2009 жыл.

Мультимедиа

Дыбыс
Мәтін көлемі - +

Дөңгелек үстел сұхбатын осы арадан тыңдай аласыздар.

Жуырда Қазақстан халқына арнаған кезекті жылдық жолдауында президент Нұрсұлтан Назарбаев «2010 жылдың 1 қаңтарынан бері күшіне енген Ресей және Беларуссиямен арадағы Кеден одағын құру – Қазақстанның барлық интеграциялық бастамаларының озығы» деп мәлімдеп, отандық кәсіпкерлерді «жаңа туған мүмкіндіктерді дұрыс бағалап, жаңа нарық кеңістігіне шығудың екпінді стратегиясын жасауға мықтап кірісуге» және «бәсекелестік артықшылықтарын жетілдіруге» шақырды.

Наурыздың басында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Мәскеуде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен кездесіп, Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағын құрудың қарқынын бәсеңдетпеуге уағдаласты.

Ресей үкіметінің интернет-сайты хабарлағандай, премьер-министр Путин: «Қазіргі қарқынды бәсеңдетпеген маңызды. Біз келіскеніміздей – 1 шілдеге қарай ортақ кеден кеңістігін, ал 2012 жылдың 1 қаңтарына қарай – біртұтас экономикалық кеңістікті құруымыз керек», – деп ерекше атап көрсетті.

Ал бұл аралықта  Қазақстанда республиканың Кеден одағына кіруіне қарсы наразылық кең етек жайып келеді.

Соған байланысты Азаттық радиосы «Кеден одағы: Қазақстанда наразылық өсіп барады, ал Мәсімов Мәскеуде Путинмен қарқынды бәсеңдетпеуге келісті» деген тақырып бойынша кезекті дөңгелек үстелін өткізген еді. 

Оған: «Әділет» саяси партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов, Қазақстан кәсіпкерлері Тәуелсіз ассоциациясының вице-президенті Темір Назханов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономист Мұрат Әбенов, Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясы жетекшілерінің бірі әрі «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсар қатысты.

Дөңгелек үстелге Қазақстанның өнеркәсіп және сауда вице-министрі әрі Қазақстанның Кеден Одағындағы және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдануы бойынша келіссөз жүргізуші өкілі болған Жанар Айтжанова да шақырылған болатын. Алайда вице-министр ханым уақытының жоқтығын айтып, дөңгелек үстелге қатысудан бас тартты. Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.


НАРАЗЫЛЫҚ КӘСІПКЕРДЕН БЕ, АЛЫПСАТАРДАН БА?

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, өздеріңізге де жақсы мәлім ғой деп ойлаймын: жуырда парламентте болып өткен үкімет сағатында Мәжілістің қаржы және бюджет бойынша комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова Кеден одағына кіргеннен бері кеден салығынан түсетін бюджет кірісі шамамен 70 млрд. теңгеге қысқаруы мүмкін деп мәлімдеді. Оның бұл пікірін қаржы министрі Болат Жәмішев те растады.

Қазақстан жалғыз кеден салығынан ғана есе жіберіп отырмаса керек. Қазақстанның Кеден одағына кіруіне қарсы кәсіпкерлердің, шағын және орта кәсіпкерліктің және қарапайым халықтың ішінде де наразылық өсіп бара жатқанға ұқсайды. Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Кеден одағына кіру туралы саяси шешім қабылданды деп бар жауапкершілікті президент Назарбаевқа арта салуына қарағанда, сол наразылықтың лебін республика үкіметі де жақсы сезе бастаған тәрізді.

Сонымен, Қазақстанның үштік Кеден одағына кіргеніне міне үш ай толады. Алғашқы 2 айдың нәтижесі бойынша қандай тұжырым жасауға болады: Кеден одағына кіру – Қазақстанға не саяси, не экономикалық тұрғыдан тиімді ме? Саяси тиімділігі болса, ол қандай тиімділік және кімге керек? Ал экономикалық тиімділігі болса, оны кім көріп отыр?

Әңгімені, Темір Назханов мырза, сіз бастасаңыз.

Темір Назханов:

– Қазақстан не ұтты десек, бірде-бір ұтқанын көріп жатқан жоқпыз. Себебі Қазақстан қасымыздағы Қытай, Еуропа елдерінен көптеген
Темір Назханов, Қазақстан кәсіпкерлері Тәуелсіз ассоциациясының вице-президенті. Алматы, 3 шілде 2009 жыл.
бұйымдарды сатып алып жатыр. Енді Кеден одағындағы үш ел және Еуропа Қытайдан келіп жатқан бұйымдардың баж салығын өте жоғары көтерді. Кемінде 15-20 пайыз. Кей заттардың салығы 300-500 пайызға артты.

Шет елдермен жұмыс істеп келген кәсіпкерлердің көбі қазір не істейтінін білмей отыр. Оның ішінде шекаралас Қырғызстанның, Қытайдың арасындағы кеден бекеттерінде талай жүк көліктері тоқтап тұрып қалды. Оларды Қазақстанға өткізбей жатыр. Сондықтан кәсіпкерлер бұның еш пайдасын көріп отырған жоқ. Болашақта айтылғандай болуы мүмкін. Бірақ қазір ұттық деп айта алмаймын.

Жүргізуші:

– Депутат Мұрат Әбенов мырза, сіз Темір мырзаның пікірмен келісесіз бе?

Мұрат Әбенов:

– «Кеден одағына кіргеннен бері оған наразылық туып жатыр», «екі айдың ішінде біз сараптама жасап үлгеріп, барлық нәтижесін шығарып, оған бағасын бердік» деп мен айта алмаймын. Ол шындыққа сәйкес келмейді. Себебі бұл процесс енді басталды. Менің
Мұрат Әбенов, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ресми веб-сайттағы сурет.
ойымша, Кеден одағына кіруіміз бір жылда емес, 4-5 жылда алғашқы жақсы нәтижелерін бере бастайды.

Кеден одағы – аспаннан салбырап түсетін оңай олжа емес. Ол бізден көп еңбекті талап етеді. Одақтың бізге қандай мүмкіншіліктер ашатындығын айтуымыз керек.

Бізде осы уақытқа дейін шешілмей жатқан екі үлкен проблема бар: біріншісі, біз шекарамызды ашқанымыздың салдарынан сыртқы нарықтан өз нарығымыз бен тауар өндірушілерімізді қорғай алмадық, екіншісі, біз өзіміздің тауар өндірушілеріміздің өнімін экспортқа шығаруға жақсы қолдау көрсете алмадық. Осы проблемаларды шешу мақсатында біз Кеден одағына кіріп отырмыз.

Кеден одағына кіруді тек қана Ресей мен Беларусь арасындағы шекарамызды ашып тастадық деп есептемеуіміз керек. Бірінші кезекте біз өзге елдер үшін баж салығын көбейттік. Одан түскен қаржы өндірістерімізді көтеретін болады.

Сондай-ақ, экспортымызға мүмкіншілік жасадық. Өзіміз 16 миллион халық болсақ, Кеден одағында 170 миллион халқы бар нарық алаңына ие боламыз. Алдағы уақытта экспортқа тауар шығаратын тауарөндірушілерімізді жүйелі түрде қолдауға мүмкіншілік болады. Мысалы, осы уақытқа дейін сырттан өте төмен баж салығымен келетін тауарлар біздің тауар өндірушілерге өнім шығаруға кедергі болды.

Баж салығын төмен ұстау арқылы мемлекеттің өз экономикасын көтеруі өте қиын. Сол себептен біз баж салығын орта есеппен 10 пайыздан 30 пайызға көтердік. Бұл ең алдымен өзіміздің өндірісті аяққа тұрғызуға мүмкіншілік береді. Қиын болса да мұндай экономикалық қажетті шешім жасаған мемлекеттер барлық кезде ұтты. Мәселен, Қытай 1990 жылы шекарасын жапты: баж салығын 40 пайызға көтерді. Бүгінгі мықты экономикасы бар мемлекеттердің барлығының салығы жоғары.

Әрине, баж салығын көтергендігімізге көп мемлекеттер қарсы болуы мүмкін. Себебі олардың тауарлары біздің елге бұрынғыдай еркін кіре алмайды. Бірақ біз бірінші кезекте халқымыздың жағдайын ойлауымыз керек.

Қазір өндірушілер емес, сырттан арзан тауарларды әкеп, бізге қымбатқа сататын алыпсатарлар қиналып жатқан болуы керек. Бірақ Кеден одағына кіргеннен кейін олар өз қаржысын өндіріске жұмсауы қажет.

Тағы да автокөліктің бағасы көтеріліп кетті дейміз. Мысалы, осы уақытқа дейін бізге келетін көліктің 92 пайызы Еуропаның ескі-құсқысы болды. Ал енді ондай ескі аутокөліктерді алып келгенше жаңадан, одан арзандау, мысалы, Ресейдің аутокөлігін алғанымыз қауіпсіздік жағынан да, экологиялық тұрғыдан да дұрыс сияқты. Басқа мемлекеттерге қарағанда Ресей және Беларуспен сауда жасағанымыз тиімді әрі оңай. Біз бұрыннан бері бір нарықта жұмыс істегенбіз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Тауарларымыз бір-бірімізге жақсы өтеді. Мәселен, Қытай біздің ет-сүтімізді керек етпейді. Қайта Ресейдің бізден жылына 600 мың тонна ет алуына мүмкіншілігі бар. Біз сүт пен етімізді Ресей мен Беларусқа тиімді сата аламыз.

«Көш жүре түзеледі» дейді. Мемлекеттік саясат бірінші кезекте осы көп мәселелерді дұрыстап түсіндіруге бағытталуы керек деп ойлаймын.

Жүргізуші:

– Рақмет. Серік мырза, сөз кезегі өзіңізде.

«НҰРЕКЕҢНІҢ ЖАНЫНДА МИЛЛИАРДЕР БОЛЫП КЕТКЕНДЕР ҮШІН ТИІМДІ»

Серік Әбдірахманов:

– Мен бірінші болып ой бөліскен әріптесімізбен келісемін де, Мұрат мырзаға мүлде қосылмаймын. Тәуелсіздік құрып, мемлекет болғалы бері бүкіл өндірісімізді құртып, бірде-бір өндіріс орнын ашпадық. Тек қана көзбояу: Елбасын бір жаққа апарады да шағын бірдеменің жібін кесіп, малақайларын аспанға лақтырып жатады.

Қазір біз бұйымдардың 80-90 пайызын сырттан алып келеміз. Халқымыздың жалқаулығы емес, үкіметіміздің теріс саясатының салдарынан осылай болдық. Халық сауда-саттыққа ауып кетті. Өндіріс орнын ашамыз десе, жергілікті билік «халықтың қанын сорып», рұқсат қағаздарын бермей, жаншып отыр. Нәтижесінде біз Қытайдың арзан бұйымын амалсыздан алып күн көріп отырмыз. Міне, осы арзан тауарларға қазір жол жабылайын деп жатыр.
Серік Әбдірахманов Азаттық радиосына сұхбат беріп тұр. Алматы, 18 желтоқсан, 2008 жыл.

Меніңше, Кеден одағын құруда саяси негіз асты да, экономикалық-қаржылық жағынан ешқандай есеп болмады. Мысалы, орыстар осындай бірыңғай саясатқа көшеміз дегенде беларустар пайдаланып "Гомелселмашы"н көтеріп алды да, қазір орыстың "Росселмашын" басып тастап отыр. Ал бізде орыс пен беларустың өндірісіне қарсы тұратын бірде-бір кәсіпорын жоқ. Тек қана билікке жақындар шикізаттың пайдасын көріп жатыр. Меніңше, Нұрекеңнің жанында жүріп, сауда-саттыққа әбден піскен, қызығына батқан, шетінен миллиардер болып кеткендерге пайдалы кеңес болмақ қазір.

Келешекте, бізде өндіріс дамығанда 170 миллион халыққа өз өнімімізді шығару, әрине, ұтымды. Бірақ оған жету керек қой. Оған қалай жетеміз?!

Біздің үкімет өзінің осы іс-әрекеттерін түсіндіре алмайды. Ел алдына шығып, айта алмайды. Себебі өздерінің ойларында халықтың қамы емес, басқа дүниелер жүр.

Орыс сарапшыларының өздері: «Асығыстық көп, құжаттардың, ауызша келісімдердің өзінде қайшылықтар көп»,– деп айтып, дабыл қағып жатыр. Біз өзіміздің орысқа қарағандағы үлес салмағымызды қарауымыз керек қой. Көп нәрсе ескерілмеген, піспеген күйі қалды.

Меніңше, оның үстіне біздің сыбайлас жемқорлыққа, ұрлыққа батқан лауазым иелері жеке өз бастарының есебін ойлап кетті. Міне, орыс содан қорқып отыр.

Жүргізуші:

– Уәлихан мырза, бірінші тақырыбымызды сіз қорытындыласаңыз.

Уәлихан Қайсар:

– Дамыған елдердің саясаты ең алдымен өз экономикасына байланысты болатындығы бәрімізге белгілі. Өкінішке орай, Қазақстанның саясаты экономиканың алдында жүреді. Қазақстанның экономикасы биліктің саясатының зардабын шегіп жатыр.

Еліміздің бюджетін құрайтын қаржының 36 пайызы кедендік баж салығынан келеді екен. Сондықтан біз Кеден одағына кіргеннен кейін біздің бюджетімізге 70 миллиард теңгеге жуық ақша түспейтін болады.

Бізде ең алдымен ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Бұрын бізде сүт өндіретін 147 комбинат, 47 құс фабрикасы, ал ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайыз болды. Қазір сүт өндіретін жеті комбинат, төрт құс фабрикасы және ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі алты пайызға дейін түсті. Сондықтан біз Кеден одағын ары қарай қолдайтын болсақ, ауыл шаруашылығы одан ары құлдырай береді.

Жүргізуші:

– Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы Кеден одағы келешекте тіпті ұлттық валюталардан жоғары тұратын, Еуропа Одағының еуросына бәсекелес ортақ валюта қабылдауды да жоспарлап отырған көрінеді. Ресейдің вице-премьері Игорь Шуваловтың ТМД елдері кеңесінің Экономикалық форумында айтқан сөзіне қарағанда, Кеден одағы болашақта біртұтас валюта кеңістігіне айналуы ықтимал, ал оның шекарасы кеңейе түсетін көрінеді. Осы жөнінде сіздер не айта аласыздар?

Депутат Мұрат Әбенов мырза, пікірталасты сіз бастасаңыз.

«ӨНДІРІС ДАМУЫ ҮШІН ОРТАҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК ҚАЖЕТ»

Мұрат Әбенов:

– Интеграция процесі дүниежүзінде өз тиімділігін көрсетуде. Интеграция қарқынды болса, экономика өседі және интеграцияға көп ұшыраған мемлекеттер дағдарыстан аз зиян шегеді.

Біздің үштікті айтсақ, Кеден одағын құру ол тек бірінші кезең ғана. Одақтағы әр мемлекеттің кәсіпорны өз қызметін тиімді атқаруы үшін біз ортақ экономикалық кеңістік құруымыз керек. Бірақ ол үшін қосымша 20 шақты әртүрлі заң қабылдауымыз қажет. Біраз уақыт бар. Осы уақыттың ішінде тиімді шешімдер қабылданады, тәжірибе жиналады деп ойлаймын.

Бір жылдың ішінде 75 миллиард теңгеге дейін баж салығы түседі. Мұның біздің тұрғындарға қандай пайдасы бар?! Ресей мен Беларустың азық-түліктерінен бөлек өзімізде жоқ тауарлар бізге бұрынғыға қарағанда арзандау келеді деп түсінуіміз керек. Сол себептен көп қаржы тұрғындардың қалтасында қалады деген сөз.

Біз Кеден одағында ғана емес, болашақта Дүниежүзілік сауда ұйымына да кіруіміз керек. Сол себептен интеграцияның күшейгендігінен, байланысымыздың жақсарғандығынан қорықпауымыз керек. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген жақсы сөз бар. Ынтымақ болатын болса, біздің тірлігіміз де жақсы болады.

Бүгінгі күні елімізге Қытайдан 5 мыңнан астам тауар түрі төмен деңгейлі баж салығымен келеді екен. Бізден оларға 160 тауар түрі ғана барады. Көрдіңіз бе?! Қытайдың тауарлары өзіміздің өндірістерді көтеруге мүмкіндік бермей отыр.

Жүргізуші:

Рақмет. Депутат мырза өзінің сөзінде «өзіміздің нарық кеңістігімізді қорғай алмадық», «отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетпедік», «баж салығын көтеруді кім шешу керек және отандық өндіріс пен кәсіпкерлікке қаржылай көмек көрсету керек» деп айтып отыр. Осындай мәселелерді кім шешуі керек?

Темір Назханов мырза, сіз қалай ойлайсыз?

СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ

Темір Назханов:

– Шынын айтқанда, Кеден одағын жасақтау мәселесімен айналысқан жұмыс тобының өкілдері мен басшылары: «Одаққа кірген соң өндіріс салаларын көтеріңдер, өнім шығарыңдар», – деп ұсыныстар беріп жатыр.

Бірақ тәуелсіздігімізді алғанымызға 18 жыл болды. Осы аралықта қандай шаралар атқарылды? Үкімет тарапынан кәсіпкелерге қандай көмек жетті десек, онда айтатынымыз өте аз.

Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін қарасақ, ол жылдан-жылға көбейіп жатқан жоқ. Қайта соңғы жылдары азайып жатыр. Себебі көп әңгімелер айтылғанмен, кәсіпкерлікке нақтылы ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ. Сондықтан біз үлкен нарыққа не көрсетеміз? Кеден одағына кіргенде не береміз?

Мысалы, жаңа депутат мырзамыз: «Бізде бәрі де бар. Сүтімізді, етімізді Ресей мен Беларусь елдеріне сатуға болады»,– деді. Бірақ өзімізде сүт тағамдары шығарыла тұра, мысалы, ірімшік пен сырдың 60-70 пайызы сырттан келеді. Оның ішінегі Ресейден де, Еуропадан да. Ал  майдың 40 пайызы ол да шетелдік.

Қазақстанда балықтан өнім шығаратын жеті компания бар. Ал Ресейдің сондай 70 компаниясы бар. Әрине, ертең олардың бәрі де бізге келіп, жеті компанияны жұмыс істетпей, басып тастайды.

Қазір Кеден одағында Ресей өз мүддесін қорғауда. Оның ішінде ең алдымен өзінің аутокөлік өндірісін. Енді біз аутокөлікті Еуропа, Жапония, Америкадан емес, Ресейден аламыз. Ал ол көліктердің сапасының қандай екендігін бәріміз білеміз. Ондай көлік кімге керек?!

2003-2011 жылдарға индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылданды. Оның нәтижесі не болды? Бағдарлама орындалмады. Ал жауап беретін кісі жоқ.

2020 жылға дейін орындалуға тиіс тағы бір бағдарлама қабылданды. Оны орындау үшін кәсіпкерлермен қарым-қатынасты нығайту керек. Ол жасалмады. Кеден одағына кірдік. Ал оның кәсіпкерлікке қалай әсер еткендігін, кәсіпкерлерге не керек, қандай қиыншылықтары бар – осыларға ешбір зерттеу жасалмады.

Бәрі жақсы болады деп айтып жатыр. Бірақ жақсы ештеңесі жоқ.

Соңғы үш -төрт айда кәсіпкерлермен сан рет кездесу өткіздік. Бір де біреуінен «бәрі де жақсы болып жатыр», «біз пайдасын көріп жатырмыз» деген сөз естімедік. Сондықтан менің ойымша, мына депутатымыз бен Жанар Айтжанова айтып жатқан сөздердің бәрі – жай сөз.

Жүргізуші:

– Рақмет. Осыған дейін айтылғандарды бірауыз сөзбен қорытындыласақ, Кеден одағын құрудан Ресейдің аутокөлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы көп ұтып жатқан көрінеді. Осыған Қазақстан үкіметі неге көз жұмып отыр? Серік мырза, сіз қалай ойлайсыз?

Серік Әбдірахманов:

– Менде кейбірде күмән туады. Осы одақ кімге керек? Біздің халыққа керек пе? Үкімет басшылары халықты ойлап отыр ма? Жоқ, өздерінің қалталарын ба? Кімнің мүддесін қорғап жатырмыз осы одақта? Міне, осыған жауап беруіміз керек.

Соңғы он сегіз жылда жеткен жетістіктен бір мысал келтірейін. Бүгінгі күннің орта табысы айына 64 мың теңге. Бұның сатып алу қабілеті 1990 жылдың орта табысының сатып алу қабілетінен кем дегенде төрт есе кем. Өкінішке орай, біздің жетістігіміз осы.

Біздегі банк жүйесіне сенім жоқ. Кезінде девольвация жасап Халық банк па еді, бір түннің ішінде өздерінің шотына 1,5 миллиард долларды аударып алған. Менің жеке пікірім, еліміздегі банктерді ұйымдастырудың өзі қылмыстық жолмен жүреді. Ашықтық жоқ. Бюджеттің қаржысы қалай болса солай жұмсалуда.

Ал ауыл шаруашылығына келсек, біздің ауыл шаруашылығын көптен бастап келе жатқандар Қалдан Сереннің, жоңғарлардың ұрпақтары, меніңше. Кезінде ауыл бағдарламасына бөлінген қаржының барлығы жұтылды.

«Шекараны аштық, енді өндірісіміз дамиды» дегенге менде сенім жоқ. Мына үкіметті өзгертіп, парламентті ретке салуымыз керек. Онда халықтың өкілдері отыруы қажет. Бір партиялықпен бәрін қысып тастадық та, ел мүддесін қорғайтын жан қалмады.

Өкінішке орай, Нұрекеңнің жанында оған «Жоқ» деп айтатын адам қалмады. Тек «бәрі де мақұл» дейтіндер ғана қалды. Бұл өте қауіпті. Сол себептен біздің мемлекетіміздің тағдыры таразыда, ұстараның жүзінде тұр. Соны ескеруіміз қажет. Өтірікті қойып, кішкене өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек.

"КЕДЕН ОДАҒЫНА КІРУ - САЯСИ  ҚАТЕЛІК"

Жүргізуші:

– Уәлихан мырза, сіз не айта аласыз?

Уәлихан Қайсар:

– Ресей, Беларусь, Қазақстан арасында жүретін бірыңғай волюта енгізілсе, онда біздің қаржылық тәуелсіздігімізді жоғалтуымыз әбден мүмкін. Егер Кеден одағына 100 пайыз кіріп, бүкіл құжаттарға қол қойылатын болса, онда біздің экономикалық тәуелсіздігіміз жоғалады деп айтуға да болады.

Бірыңғай экономикалық кеңістік құрып, 1996-1999 жылдардағы Ресейдегі болған қаржы дағдарысы қайталанса, Қазақстанның экономикасы да дағдарысқа ұшырайды. Меніңше, өзіміздің экономикалық, қаржылық, саяси тәуелсіздігімізді міндетті түрде жоғалтпауымыз шарт.

Оған қоса біз өзіміздің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларын қабылдаған жоқпыз. Сондықтан Ресей мен Беларустан арзан заттар келетін болса, өзіміздің шағын және орта кәсіпкерлігіміз дағдарысқа ұшырауы ықтимал.

Сондықтан, менің ойымша, Кеден одағына кіруіміз үлкен саяси қателік болды.


КЕДЕН ОДАҒЫНАН ШЫҒУ МЕХАНИЗМІ БАР МА?


Жүргізуші:

– Енді премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Кеден одағына кіру туралы саяси шешім қабылданды деген сөзіне қайта оралсақ, үкімет төрағасы осы сөзімен не айтпақ болды? Қазақстанда саяси шешімді бір-ақ лауазым иесінің қабылдайтыны мәлім. Яғни бұл – Қазақстанның Кеден одағына кіруі туралы саяси шешім қайта қаралмайды дегенді білдіре ме? Және Қазақстанның Кеден одағынан шыға алатын механизмі, заңды мүмкіндігі бар ма?

Уәлихан мырза, сіз не айта аласыз?

Уәлихан Қайсар:

– Саяси жағынан айтатын болсақ, әрине, біздің Қазақстанда бәрі бір президентке байланысты. Премьердің «Саяси шешім қабылданды» деген сөзі – «ешқандай дау шығармаңдар, президент солай шешті, солай болады» деген емеуріні.

Жүргізуші:

– Темір Назханов, сіз не айтасыз?

Темір Назханов:

– Мен Уәкеге қосыламын. Еуропа елдерінде одаққа кіргенде халықтық референдум өтеді. Сол сияқты референдум өткізудің мүмкіндігі қазір бізде жоқ.

Қоғамдық талқылау да болған жоқ. Кәсіпкерлердің өздері қаңтардан бастап осындай одақ құрылатындығын былтыр күзде ғана білді.

Шешім қабылданды. Енді сол қабылданған шешімді орындайсыңдар, жаңа тәртіпке бағынасыңдар. Премьердің айтқан сөзін осылай түсінуге болады. Бұл біздің елде бірінші рет болып жатқан жоқ.

Кеден одағының жұмысын реттейтін арнайы комиссия бар. Бірақ ол комиссия шешімді қалай қабылдайды? Мысалы, ерекше бір ой-пікірлер болса, ол қалай талқыланады? Оған тек үш елдің үкімет өкілдері қатыса ма, әлде халықтың да пікірі тыңдала ма? Осы сұрақтардың біреуіне де жауап жоқ. Себебі ол комиссияның жұмысы туралы ешкім де айтып жатқан жоқ. Ал Кеден одағынан шығу механизмі тіптен ешкімге түсініксіз деп ойлаймын.

Жүргізуші:

– Депутат Мұрат Әбенов мырза, Темір Назханов мырза айтып кеткендей, өркениетті Еуропа елдерінде қайсыбір одаққа кіру үшін бүкіл халықтық референдум өтеді. Ал осы Кеден одағына кіру мәселесі Қазақстанның парламентінде талқыланды ма?

Мұрат Әбенов:

– Барлық шешімдер Конституцияға негізделген. Ал Ата заң бойынша президент сыртқы саясатта, халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілеттілік ететін жоғары лауазымды тұлға.

Бұл келісімшарттардың жүріп жатқанына 15 жыл болды. 1995 жылдан бастап осы мәселе көтеріліп, үш жыл бұрын арнайы комиссия құрылды. Барлық деңгейде қайта-қайта талқыланып, 2010 жылы осындай шешімге келіп отырмыз. Сол себептен мен «асығыс шешім болды» немесе «Қазақстан мүддесі дұрыс қорғалмады» деп айта алмаймын. Түрлі деңгейлерде талқыланып жатқандығы, парламентте де осындай әңгімелердің қозғалатындығы алдағы уақытта да мәселенің ашық талқығы түсіп, шешімдердің әлде де бізге тиімді жағына қарай жасалатындығын көрсетеді.

Кеден одағының арнайы комиссиясы бар. Кез келген шешімнің қабылдануында Кеден одағы комиссиясында үш мемлекеттің мүмкіншіліктері бірдей. Комиссия кез келген шешімді қабылдауы үшін міндетті түрде 66 пайыз дауыс беру керек. Бұл – шешімді кемінде екі мемлекет қолдауы керек деген сөз.

Ал шешімге бір мемлекет келіспейтін болса, кез келген шешімді тоқтатып, Кеден одағына кірген келісімді қайтадан бұзуға болады. «Біз бұл Кеден одағына кірдік, енді қайтып шыға алмайды екенбіз», «бізді енді өзімізге тиімсіз шешімдерді қабылдауға мәжбүрлейді екен» деген көзқарас – дұрыс болмайды. Әрине бұл – «тек қана саяси жағынан жасалған шешім болды», «енді талқыға түспейді» деген сөз де емес.

Барлығы ойдағыдай болды деп айта алмаймын. Әлде де үкімет тарапынан, әсіресе, біздің кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде. Ақпарат өте аз. Әсіресе, қазақ тіліндегі ақпарат аз. Ақпаратқа қолжетімділікті көтеруіміз керек. Сондай-ақ шешімдерді жария түрде, ашық түрде қабылдауымыз қажет.

Жүргізуші:

– Серік мырза, сөз кезегі өзіңізде.

Серік Әбдірахманов:

– Онда қысқаша Храпуновтың сөзімен жауап берейін. Біз сұрақтар қойғанда ол:«бир Кудай биледи, бир президент биледи», - деп жауап беретін. Өкінішке орай, Нұрекеңнің жанына жиналған бір топ азаматтар президенттің ебін өте жақсы тауып алған. Ол кісіні өз жағына қалай бұру керектігін әбден үйренген. Сол себепті Мәсімовтың жаңағы сөзі – президенттің атымен басқалардың аузын жауып тұрғаны, президенттің атын сатып тұрғаны.

Көп жағдайда президентке теріс мәлімет беріледі. Елбасы соңғы үндеуінде: «Қазақстандағы жеті жарым пайыз жұмыссыздықты 5 пайызға түсіруіміз керек»,– дейді. Бұл не сұмдық?! Ал өзіміздің үкіметіміздің есебі бойынша 2 жарым миллион халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Олар не істеп отыр? Ауылдық жерлерге барсаңыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды көресіздер. Жұмыссыздық кем дегенде 25 пайыз. Бұл өте қауіпті деңгей. Міне, осыны елбасына жеткізбейді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық Радиосы «Кеден Одағы: Қазақстанда наразылық өсіп барады, ал Мәсімов Мәскеуде Путинмен қазіргі қарқынды бәсеңдетпеуге келісті» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелін осымен аяқтайды.

Баршаңызға көп рақмет.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Көреген
25.03.2010 22:34
+0 / -0
Әбенов "сенікі" дұрыс емес!
Сен "бала" қазақ мемлекетін емес, жеке басыңның ғана қамы үшін басқа пәлелерді ойлап жүрсің.

Анау сонша қорғаштаған Илинің не болды.
Қаншама долларда алып, "досвидания" болып кетті ме?

НӘН СЕНДЕРДІ БАЙЛАУЛЫ БАСПАҚ ҚЫЛЫП ҚОЙДЫ.

Оданда дұрысын айтып отырған Серіктің сөзінің төркінін түсініп алмаймысың.

Тәп-тәуір елді не күйге түсірдіңдер?
Мемлекетті басқаруға қабылеттерің жетпегеннен соң, енді Ресейге қосып жібермекшімісіңдер?
Бәсе, 91-ші жылы "тәуелсіздік алмаймыз"-деп, "табандап", Ресейдің "бауырының" астынан шыққыларың келмеп еді?
Онда неге билікке келдіңдер?
Ақша мен байлық үшін бе?
Ақша мен байлыққа баттыңдар, енді неге кетпейсіңдер?

Енді халыққа үстемдік жүргізуден айырылып қалмас үшін Ресейге қосылумақшымысыңдар?

Мурка! Сен жақсы емессің!
Сондықтан сен бізбен бірге емессің!
Оны бір емес, сенің бірнеше іс-әрекетіңді көріп-білгеннен кейін айтып отырмын.

Өзіңше "умный" болып, бізді "лоховать етіп жүрмін"-деп ойлама.

ҚАЗАҚТАР!!!

НЕГЕ ТІЛДЕРІҢ БАЙЛАНЫП ҚАЛДЫ?

НЕГЕ ПІКІРЛЕРІҢДІ ЖАЗБАЙСЫҢДАР?

ӘШЕЙІНДЕ, АУЫЗША САЙРАҒАНДА ҚАНДАЙСЫҢДАР?

ӘЛДЕ САЯСАТ СЕНДЕРГЕ ҚОЛ ЕМЕС ПЕ?

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
25.03.2010 23:47
+0 / -0
Менiн ойымша, бул кедендiк одак 3 ел де ВТО-га кiре алмагасын амалсыз жасалган сиякты. Осынын асерiнен Кытай сиякты ВТО га муше елдер зиян шегiп, 3 елдiн ВТО га муше болуына мудделi болып, колдау корсетедi деп айта алмаймын.
Пікір алмасу

Кімнен: Жандауыс Қайдан: Алматы
27.03.2010 08:43
+0 / -0
осы тақырыпта бағдарлама болды. Өкімет басшыларына таң қалатыным халықты қараңғы деп ойласа неге ғалымдармен және саясаткерлермен ақылдаспайды екен. Мұрат депутатты ішіндегі дұрыстауы ма деп жүрсем, сол кезде сөйлеген сөзінен "сенген қойым сен болсаң...", бұл да "креслосынан" айырылмайын деген біреу екен. Зиялы қауым бар, ғалымдар бар неге солардың пікірін тыңдамасқа?! "Елім" деп ер тумаған заман ба? Әркім өз пайдасын ойлаған күнде өтер, "болашаққа" не өсиет, не мұра қалады??? Осыдан келіп "жастар" неге намаз оқиды деп таң қаламыз? Бір "АЛЛАдан" басқа сүйенері де, сенеріде жоқ! "Елдің" түрі мынау тоз-тозы шыққан, шет аймақтағылардың жағдайлары тіпті нашар!!! Келіскен "депутаттар" барлығын ауылдарға жіберу керек тұрсын, көрсін "халық" тұрмысын....
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
02.04.2010 13:21
+0 / -0
Иә, елім деп ер тумаған заман бұл. Туғандарды тұншықтырған заман бұл.
Тоз тозы шыққан ауылға мойын бұрмайтын заман,
Құлқынның қамын ойлайтын заман,
Жетімді сатып, жерді сатып ,
Азаттықты тойлайтын заман.
Қытайға жалтақтайтын заман,
Орысқа қарайлайтын заман,
Биліктің бәрін "достарға" беріп,
Қазақтар қайыр тілейтін заман.
.............................................

Кімнен: Ұлан Қайдан: ауылдан
26.03.2010 08:36
+0 / -0
Мынау кісіні депутаттардың ішіндегі жарамдысы деп ойлаушы едім, мынау ұрып кеткен ала-аяқтың өзі ғой. Айтып отырғаны не сасқаны ааа бұлда Ұрысұлтанды алдап жүрген ұрылардың біреуі болды ғой. Қазақтар дайын жүріңдер әрқашан!!! Сатқындар көбейіп барады.

Кімнен: Махамбет Қайдан: Атырау
26.03.2010 09:32
+0 / -0
Баяғыда орыста қатын-патшаның кезінде де осындай болған екен!
Назарбаев ел басқара алмаса кетсін! Қазақты сатпасын!
Орысқа қосылу деген болмасын!

Кімнен: Болат Қайдан: Қазақстан
26.03.2010 11:57
+0 / -0
Шыныменде, неге халыққа осы бірлікке кіру жайлы ашық түрде пайдасы мен зияны жайлы айтылмай және реформа жүргізілмеді екен?! Бұл әділдік емес, елдің иесі болып отырған халықпен санаспаушылық. Ертен амал жоқтан Ресей мен Беларусиянын затын алуға тура келеді... Адамға сай өмір сүргіміз келсе сөссіз аламыз. Қайдан не келіп жатқанын ұмытамыз... Еркіндік пен бостандықтан қалай айрылғанмызды да білмей қаламыз. Тәуелсіздіктен тәуелділікке "заңды" жолмен өтіп бара жатқанымызды әлі ешкім түсінбей жатқан сияқты... Өкінішті ақ... Өз кезінде Мысыр шахарын билеп қайтқан Сұлтан Бейбарстын ұрпағы! Жан-жағымызға қарап, ой салайық! Ертен кеш болат...

Кімнен: тарихшы Қайдан: Бодан ЕЛ
26.03.2010 12:53
+0 / -0
Назарбаевтың арманы (голубая мечта) СССР-ге премьер министр болу екенін жұрттың көбі біледі, соны жолындағы процесстер бұның бәрі....
Түрікпен, Тәжік, Кырғыз, Өзбек бәрі азаттық алып, егемендік жариялағаннан кейін барып... Қазақстанның (Назарбаев СССР-ді құлатпаймын деп айқай салғанымен ешкім құлақ асқан жоқ..) амалсыз барғанын да білеміз....
Астананың "Меккесі" Кремль екенін де білеміз, КПСС -тің тәрбиесі деп осыны айт...

Кімнен: boztorgai Қайдан: cейхундария
28.03.2010 03:02
+0 / -0
жаман айтпай жақсы жоқ

"хотели как лучше...
а получилось... как всегда" болайын деп тұр осының ақыры

Кімнен: Берік Сары Қайдан: Астана
28.03.2010 15:44
+0 / -0
Мынау Серік Абдрахманов деген халықтың қамын жейтін кісі бола қала қалыпты ғой, кеше ғана парламентте отырды ғой. Сонда біреу тілін байлап қойып па? Бүгін де "Нұрекең, Нұрекең, Нұрекең" дей беріпті... Тағы бірдеңе беріп қала ма деп иегі қышып отыр-ау байқұстың...

Кімнен: ерте Қайдан: елсізя
28.03.2010 16:42
+0 / -0
АЛдыңғы арба қалай болса, соңғылары солай болады деген рас екен! Парламетте өңкей жарты адамдар, қызтекелер отыр! Өкіметте жүргендердің миында өспесі бар, немесе шетінен алқаш! Ал сотқа өңкей Туалет тазалаушылар жиналған!

Кімнен: антикоммунист Қайдан: антикомсомол
29.03.2010 09:25
+0 / -0
Серік Әбдірахманов, Назарбаев сияқты Комсомолдан бастаған адам!
Өмірбаянын оқыңыз:........
Бұларға ешуақытта сенім болмау керек. Егемендік алғанымызға 19 жыл болды, ештеңе өзгерген жоқ сол баяғы Коммунистермен, Комсомолдардың айтқанымен жүріп келеміз. Олардың ойы бесенеден белгілі СССР -ді қайта қалпына келтіру.
Бұл жерде товарищ Абдирахмановтин да еңбегі аз емес, өтірік көлгірсімейаққойсын, бәрі де сыбайластар.....

Кімнен: Ілекен Қайдан: қазақстан
30.03.2010 23:34
+0 / -0
НӘН орыстың к.... жалап жүр ғой!
Орыстың тауарын, орыстың автокөліктерін сапасы жоқ болса да, зорлап алғызбақ қой!
Кеден Одағынан шығу керек тез арада! Қазаққа пайдасы жоқ!

Кімнен: Хамит
02.04.2010 10:47
+0 / -0
Мүмкіндігінше Қазакстанда жасалған тауарларды ғана сатып алайық.
Сол кезде Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады. Сонда ешқандай кеден Одағы қажет болмайды.

Кімнен: Antiruss Қайдан: Turan dalasi
07.04.2010 23:59
+0 / -0
Айттың ақ қатырып,өте дұрыс Антикоммунист! мен де қосыламын,бұлар: Назарбаевтан бастап қазіргі күні қазақ тағында ойнақтап жүргендердің бәрі кеше ғана коммунист болып,партия мүшесі болып,өмірлік көзқарастарының тағанын коммунизм мен комсомолдан бастағандар.Ал біз білеміз,тарих куә коммунистер деген орыстың құлы екенін.Оларға әсте сенуге болмайды.Егер Қазақстан кеден одағына кірсе қазақ елі үшін тәуелсіздік ұғымының еш мәні қалмайды.Мәселен мынада: қазақ елінде енді ғана біртіндеп ұлттық ерекшеліктер тіріліп,қалпына келіп,ұлттық индустрия дами бастағанда оны алып барып ресеи сияқты тек монополистерден тұратын нарыққа кіріктіруге әсте болмайды.Орыстар тіпті қазақстанның кәсіпорындарын демпингтік баға ұсынып ақ жұтып қояды немесе орыстың рэкеті мен мафиясы қаптайды.Мұнда аса үлкен ақша жүреді,ал ақша жүретін жерде қалай да мафя жүретіні бәрімізге аян.Қазақстан ресеимен кеден одағына қандай мақсатпен кіруі мүмкін еді? жарайды,ресей экономикасы ғаламат бір ел деп кірді дейін десең жырғап тұрған түгі де жоқ.Мен өзім ресеиде әлденеше рет болдым.Сонда көргенім баяғы одақтан қалған зауыттар мен фабрикалары зормен жұмыс істеп тұр.Ал сол фабрикалардан шығатын,ИСО стандартын алмаған өнімдері қазақстанда емін еркін сатылуда. Немесе демократиясы үшін бе? Құдай сақтасын,Ресейде демократия тұр ғой онда жемократияның патшалығы бізден артық жүріп тұрған ел.Сонда не үшін? әлде ешкім сатып алмайтын ресей машиналарын қазақтарға өткізу үшін бе? жақында ғана АВТОбаз еуропадағы соңғы сату нүктесін жабуға мәжүбір болды.Себебі Орыс автомобилдерін ешкім алмайды,сапа төмен.енді сол өтпеген машинаны қазақтар сатып алу керек,ол үшін қазақтарды сатып алуға мәжбүр ету керек болған.Бұл кеден одағы.Кеден одағына кірсек алатын сыбағамыз: орыс тілінің одан әрі дендеп енуі мен қазақ тілі мен қазақша іс қағаз жүргізудің артта қалуы болады.Ал ең сорақысы бүгінде қазақстанда жүріп машиналарына Ресейдің туын іліп алатын орыстар өздерін тіпті емін еркін,Ресейдің төрінде жүргендей сезінетін болады.Бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп!Олар анау Грузяның Осетямен жағдайын қайталауы мүмкін.Яғни оңай ақ Ресей азаматтығын қазақстанда отырып ақ алып алады да Қазақтың нанын жеп отыра береді ,кезі келгенде Ресеиге қосылуды жақтап шыға келеді.Ал Назарбаев қанша тырысса да Нобель силығын ала алмайтын шығар,орыстар қаншама қолдаса да.Ал бұл одақтың мақсаты бұрынғы КСРО сияқты одақ құру,СССР ді қалпына келтіру,басты идеясы Путинде жатыр.Сондықтан ағайын,бұл одақтың құрылуы қазақты қасқырдың алдында жығып беру.

Азаттық - әлеуметтік желілерде

Жаңалық оқып жүрсіз бе?

Сұрақтың фотосы

Украинадағы сепаратизм, АҚШ наразылығы және жүргізушілер ереуілі