Accessibility links

Қазақстан Ресеймен бірге Freedom Now-ға қарсы дауыс берді


Freedom Now ұйымына арнайы кеңесші мәртебесін беру үшін дауыс беру нәтижесі көрсетілген монитор.
Freedom Now ұйымына арнайы кеңесші мәртебесін беру үшін дауыс беру нәтижесі көрсетілген монитор.

Қазақстан әлемде заңсыз сотталғандарды босату ісімен айналысатын Freedom Now халықаралық ұйымына БҰҰ кеңесшісі мәртебесін беруге қарсы шықты

Дүйсенбіде БҰҰ-да әлемде заңсыз сотталғандарды босату ісімен айналысатын Freedom Now халықаралық қоғамдық ұйымына БҰҰ кеңесшісі мәртебесін беруді АҚШ пен өзге 28 ел қолдап, Қазақстан, Ресей мен Қырғызстан және тағы алты ел қарсы дауыс берді. БҰҰ түрлі елдердегі заңсыз сотталғандарды босату ісімен айналысатын, штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан Freedom Now ұйымын аккредитациялады.

Freedom Now ұйымы сайтындағы хабарламада 20 шілдеде БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік кеңесі (ECOSOC) Freedom Now ұйымына арнайы кеңесші мәртебесін бергені айтылады. ECOSOC-қа мүше 54 елдің 29-ы Freddom Now-ға кеңесші мәртебесін беру қарарын қолдап, тоғызы қарсы дауыс берген, 11 мемлекет қалыс қалған. "БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі Freedom Now үкіметтік емес ұйымына арнайы кеңесші мәртебесін беруге шешім қабылдайды" делінген арасында Франция, Германия, Ұлыбритания және АҚШ сияқты бірқатар мемлекет ұсынған қарар жобасында.

Freedom Now ұйымына қарсы дауыс бергендер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Ресеймен қатар Боливия, Пәкістан, Судан және Оңтүстік Африка мемлекеті бар. Қалыс қалған 11 ел арасында Үндістан бар.

Freedom Now-дың атқарушы директоры Мэран Тернер Азаттыққа өзінің Қазақстанның ұйымға не себепті қарсы дауыс бергенін білмейтінін айтты. Оның ұйғарымынша, Қазақстанның Fredoom Now ұйымына кеңесші мәртебесін беруге қарсы шығуына ұйымның бұған дейін Қазақстанда жүргізген жұмысы себеп болуы мүмкін. Тернердің сөзінше, Freedom Now "Алма-Ата Инфо" газетінің бұрынғы бас редакторы, 2009 жылы "мемлекеттік құпиясы бар мәліметтерді заңсыз сақтап, таратты" деген айыппен үш жылға сотталған Рамазан Есіргеповтің босап шығуына септескен. Есіргепов 2012 жылы қаңтарда босап шыққан.

Тернер бұған қоса Астананың Freedom Now-ға қатысты мәселеде Мәскеу мен Пекиннің саясатына ерген болуы мүмкін дегенді де жоққа шығармайды. "Бұған қоса мен бұл мәселеде Қазақстанның ұстанымы Ресей мен Қытайдың ұстанымына байланысты қалыптасуы мүмкін екеніне сенімдімін" деді Тернер.

Бұған дейін АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэр "Freedom Now кейбір елдер үшін анафема болып көрінуі мүмкін. Себебі бұл ұйым заңгерлері саяси, діни және басқа да сенімдері үшін түрмеге жабылғандарды босатумен айналысады" деген.

Тернер Freedom Now болашақта Қазақстанмен жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.

XS
SM
MD
LG